Университетке оқуға түсіп, студент атанған аты-жөнімізді атап жатқан кезде ұзынша бойлы, мойылдай бұйра шашты әдеміше келген жігіт жаныма келіп:
– Құтты болсын! – деп қолымды алды. – Сені сыртыңнан жақсы білемін. «Лениншіл жасқа» бұрқыратып шығып жатқан мақалаларың арқылы танимын. Мен Доқтырхан Тұрлыбеков деген енді курстасың боламын, – деп өзін таныстыра бастады. Аузын ашса жүрегі көрінетін ауылдың аңқылдаған бозбаласы. Алғашқы күндерден-ақ ақмолалық Бәдуан Имашев үшеуміздің жұбымыз жазылмайды. Сынақ, емтихандарды да алдымен тапсырып шығамыз. Доқтырхан өте көңілді жүреді, адамды үйіріп әкететін әңгімешіл, тәтті қызықтырып әкететін әзілдері таусылмайды.
Оның ауылы алыста Жуалыда, ал біздің үй Алматыға тиіп тұрған Ұзынағашта. Сенбі-жексенбі сайын менімен бірге селкілдек автобуспен біздің шаңыраққа барып қайтамыз. Үйімде соғыста мүгедек болған әкем, төрт қарындасым қуана қарсы алады. Шешем ертеректе қайтыс болған. Қоңторғай тірлік, біріне тартсаң біріне жетпейтін дүние, қалт-құлт етіп күн көріп отырған жай бар. Қысыла жағдайымды айтамын, осыдан оқуымды бітірсем шіркін деп арманымды айтамын. Ол бірде өзінің де ішінде жүрген сырын ақтарды.
– Несін айтасың. Жыртық көрпе, жамаулы өмір деген жоқшылық бізді тым ерте есейтті ғой. Қарашы екеуміздің тағдырымыз да қалай ұқсас… Менің де әкем соғыс ардагері, бәленбай шүпірлеген бала өсіріп отырған жаралы жан. Қатал. Сыныптастарыммен ойнап күліп, болашағымда журналист боламын деп армандап жүрген қайран оттай қызу шағымда қапа болдым да қалдым. «Маған қолғанат бол, қиналып кеттім… Біржағыма шықпасаң болмайды. Оқуды таста» деп оқудан шығарып алды. Тәтті қиялдарымның быт-шыты шықты. Аудандық газетке мақалалар жаза бастаған кезім. Ішім удай ашып, мектепке кетіп бара жатқан оқушыларды көргенде көңілім алай-дүлей бұзылып, жүрегім қанжылайтыны-ай… Нартәуекел деп «Лениншіл жас» газетінің бас редакторы Шерхан Мұртазаға «Менің оқығым келеді» деп дәптердің шақпақ жол 5 бетін толтырып хат жаздым да жібердім. Бұл хатым республикалық сол газетке жарқ етіп шықты да кетті. Аты дүркіреген «Лениншіл жас» газетінің таралымы 300 мың санға жетіп дүркіреп тұрған шағы. Өзің білесің, баспасөз сөзі құдіретті. Хаттар жауып кетті. Облыстан, ауданнан арнайы адамдар келіп, әкемді сөгіп, мені мектепке жетектеп әкеп отырғызып кетті. Сөйтіп, мектеп бітірісімнің өзі бір хикая болды емес пе? – деп балалық шағын мұңая еске алды.
– Сосын не болды?
– Студент атанған соң Шерхан Мұртаза ағамен арнайы барып, кабинетіне кіріп, сәлем беріп шықтым. Шер-ағаң өте ірі сұңғыла адам ғой. «Ә, Доқтырхан деген сенбісің? Жуалының Павлик Морозовы кім деп жүрсем? – деп көзілдірігін алып сүзіле қарады. Павлик Морозов деген әкесіне қарсы шыққан бала ғой. Жазған бір мақаламды алып қалып, бір аптаға жеткізбей газетке жариялап жіберді».
– Әкең саған қатты ренжіген шығар? – деймін тура осы оқиға менің де басымнан өткенін айтып.
– Жо-жоқ. Әкем нартұлға ғой. Соғыс өртінен келген мүгедек жауынгер емес пе, басымнан сипап: «Балам бәрі жоқшылықтан ғой. Қайтемін енді таудай талабыңнан қайтпа! Біз бірдеңе етіп күн көрерміз» – деген еді. Әкем сөйтіп батасын беріп, арқамнан қаққанда қара түннен кейін жарқырап күн шыққандай болды ғой, – деп әсерлене әңгімелейді.
Доқтырхан тағдырлы қаламгер. Қилы-қыстау өмір соқпақтарынан табандылығының, қайтпас жігерлігінің арқасында армандаған мамандығының биік баспалдақтарымен өрлей берді. Мектеп бітірген соң құрылысшы болды, одан әскерге алынды. Екі жыл бойы борышын өтеп, шымырланып нағыз жігіт болып оралған соң қайта құрылысшы болып кетті. Қайда жүрсе де қолынан қаламы түспеді. Алтыншы сыныптан бастап жазған мақалалары аудандық, облыстық, тіпті республикалық газеттерде жарияланып жатты. Оның жазуға бейімділігіне риза болған Жуалы аудандық «Жаңа өмір» газеті жұмысқа шақырды.
Сол 1972 жылы редакция есігін аттап кіріп, журналистік қызметтің қым-қуыт қызық та қиын ісіне белсене араласты да кетті. Міне, содан бері елу жылдан астам уақыт осы өзі сүйіп, жүрегі қалаған кәсіппен тікелей айналысып келеді. Қаламы жүрдек, ойы ұшқыр жас маманды аудандық газетте Жамбыл облыстық «Еңбек туы» газетіне қызметке шақырады. Осы газетте жеті жыл табан аудармай істеп, әбден пісіп ысылады.
Ал 1984 жылы Алматыға келіп, телевидениеге жұмысқа орналасады. Міне, содан бері қырық жыл бойы тележурналист болып, «Рахат», «Алатау», «Қазақстан» сияқты теледидар арналарында қызмет істеген уақытында республикамыздың түкпір-түкпірін шарлап, сан түрлі хабарлар түсірді. Телевидениенің қыр-сырын жалықпай үйренді, тәжірибе жинақтады. Бірге қызметтес болған тележурналистерден тәлім-тәрбие алып, мол тәжірибе жинақтады.
«Рахат» теледидарында істеп жүрген кезінде екеуіміз «Айкүмбез» атты хабар аштық. Онда халық ақындары, ел-жер тарихы, тарихи-танымдық мәселелер жайында екі жылдан астам көптеген хабарлар түсірдік.
Кейін Доқтырхан «Алатау» атты арнаның басшысы болып тұрғанда да талай сапарларында бірге болдық. Ал мен он күн Моңғолияға іссапармен барғанымда Доқаңның тапсырмасы бойынша сол жақтан жазушы, депутат секілді тұлғаларды сөйлетіп, өзім сұхбат алып, екі кассета толы хабар алып келіп тапсырдым. Доқтырхан осыларды өзі қарап, талдап, іріктеп, монтаждап өткізіп алты хабар жасап, теледидардан бергізді.
Одан «Қазақфильмге» бас директор болып өсіп кетті. Бұл жылдары да шығармашылық байланысымыз үзілмеді. Ол халық ақыны, Жамбылдың немересі Әлімқұл Жамбылов жайлы әсерлі де мазмұнды телефильм түсірді. Басқа да игі жұмыстары үшін Халықаралық Жамбыл сыйлығының лауреаты атағына ие болды.
Әсіресе оның есімін мәшһүр еткен «Бойтұмар» атты этнографиялық танымдық хабарлары болды. Салт-дәстүр, әдет-ғұрып, құсбегі, атбегі, шеберлер жайлы әр апта сайын теледидардан ел ұмыта бастаған ұлттық брендтерімізді жарқырата көрсете бастады. Көптеген бұл саланың майталмандарын шарқ ұрып іздеп жүріп тауып, қыр-сырын айқындап, зерттеп, зерделеп құнды жәдігерлерді жариялап отырды.
Ал соңғы жылдары «Түркі әлемі» атты телестудия ашып, бүкіл түркі тілдес халықаралық тарихы мен мәдениеті, өнері, әдебиеті, ірі тұлғалары жайлы отыздан астам телефильмдер түсірді. Осы саладағы табысы жоғары бағаланып Түркияда өткен Бүкілдүниежүзілік фестивальде кинодокументалистер байқауында «Алтын сапран» атты бас жүлдеге ие болды.
Машақаты көп, жауапкершілігі мол тележурналистикада жүріп, оның бітпейтін қыруар шаруаларына белсене араласып, еліміздің тәуелсіздік алған жылдардан бері ел-жұрт жайлы қаншама хабарлар дайындады десеңізші! Шеберлер, қолөнершілер, зергерлер, бүркітші, ат бапкерлері, тазы өсірушілер әлі күнге дейін Доқтырхан Тұрлыбекті іздеп, сұрап хабарласып тұрады.
Доқтырхан – кемеліне келген сатирик жазушы. Оның жазып, шығарған сын-сықақ кітаптары тез сатылып кетеді. Шақпа тілді ол өткір де өзекті тақырыптарды әдемі тауып алады да, езу жидырмас әзіл-сықақ әңгімелерін ұсынады. Бұл саладағы табысы үшін Қазақстан Жазушылар Одағының халықаралық Алаш әдеби сыйлығына ие болды.
Д.Тұрлыбек – өте өнімді еңбек ететін еңбекқор жазушы. Қазірге дейін жиырма кітабы жарық көрсе, оның жартысы повестер мен әңгімелер, эссе-естеліктер. Өмірде көрген оқиғаларды екшеп, тағдырлас болған замандастарының сан түрлі тағдырлары туралы мөлдіретіп жазған шығармаларын сүйсіне оқисыз. Міне, соңғы жылдары мемлекеттік тапсырыспен шыққан «О дүниеден келген өкіл», «Өмірдің сегіз қыры» атты жинақтарын оқып, Доқаңның жазу шеберлігіне тәнті болдым.
Курстас, замандас көрнекті қаламгер Доқтырханның 50, 60, 70 жасқа толған мерейтойларында бірге болғанмын. Оның еңбекқорлығына, қай саланы қолға алса тиянақтап оны асқан жауапкершілікпен мұқият сапалы әрі мазмұнды етіп аяқтайтынын көріп те, біліп те жүрміз. Міне, ол жетпіс бес деген белеске осындай толымды, жемісті, келісті табыстармен келіпті.
Ол өзі туып өскен Жуалы өңірі жайлы айтудан жалықпайды. Сол өңірден шыққан Тұрар Рысқұлов, Бауыржан Момышұлы, Шерхан Мұртаза сынды тұлғаларды пір тұтады, әсерлене әңгімелейді.
Байқап қарасам Доқаңда да осы асыл ағаларына тартып қойған әдемі мұрты бар. Кейде шарт ашуланып кеткенде көзілдірігі жалтырап, мұрты едірейіп шыға келетін айбар-қаһарынан қаймығып қаламыз. Бұл да сол ата-бабадан келе жатқан тектіліктің нышаны шығар.
Жақында жаңа фильмнің тұсаукесеріне шақырды. Жүзден астам жиналған қауымға «Қаңлылар» атты тарихи-зерттеу екі сериялық фильмін көрсетті. Екі сағатқа жуық қыбыр етпей, бұл көрсетілімді ерекше ықыласпен көріп Доқтырханның ұшан-теңіз біліміне, зерттеуіне және оларды іріктеп көрерменге ұсынудағы ерекше талантына керемет риза болдым. Тарихшы, жазушы, журналист және басқа да зиялы қауым өкілдері фильмнен кейін өте жоғары баға берді.
– Бұл фильм – бір ғылыми-зерттеу институтының ұжымы атқаратын өте ауқымды тақырыпты көтеріп тұр. Доқтырхан Тұрлыбек шағын «Түркі әлемі» студиясы қызметкерлерімен тарихқа терең бойлап, құжат, нақты фактілермен дәлелдермен дәлелдеп, тарихшыларды сөйлете отырып – тамаша құнды фильм жасап шығарыпты! – дейді жиналған жұрт алғыстарын жаудырып.
Қазақстан Журналистер Одағы сыйлығының лауреаты, Жуалы ауданының құрметті азаматы, кинодокументалист, тележурналист, жазушы Доқтырхан Тұрлыбек жетпіс беске де осындай іргелі берекелі істерімен ел-жұрттың ықыласына бөленіп келіп отыр.
Өзі туған жерінің әсем табиғаты, керемет жандары жайлы сағына тебірене әңгімелейтіні бар. Сен де еліңнің киелі де қасиетті топырағына тартып туған кісілік пен кішілікті тең ұстаған текті ұл екеніңді ғұмыр бойы танытып келесің. Биіктерден көріне бер, досым!
Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ,
жазушы