ТОҒЫЗҚҰМАЛАҚ

Рухани жаңғыру
2 160 Views

Қазақ халқының ұлттық ойындарының бірі – тоғызқұмалақ. Көненің көзіндей болған бұл ойынның төрт мың жылдық тарихы бар дейді зерттеушілер. Тоғызқұмалақ қазақтың ерте заманнан келе жатқан ұлттық спорт ойыны болғанымен, оны қырғыздар да, қарақалпақтар да, алтайлықтар да ойнайды. Алайда қазақтың тоғызқұмалақ ойыны тіпті кемелденген және барынша дамыған.

Тоғызқұмалақ ойыны қазақ даласында кең таралған. Өйткені Қазақстанның бірнеше облыстарынан табылған археологиялық қазбалар осы ойға жетелейді. Тым әріге бармай, ХІХ ғасырдан бері қарай айтар болсақ, бұл ойынды қазақтың ұлы ақыны, кемеңгер ойшылы, хакім Абай Құнанбаев сүйіп ойнаған. Қазір Шығыс Қазақстан облысындағы ақынның мұражайында бір кездері оның өзі ойнаған тоғызқұмалақ тақтасы сақтаулы тұр. Кезінде бұл ойынға Шоқан Уәлиханов, Қалибек Қуанышбаев, С.Аманжолов, Мұхтар Әуезов және Бауыржан Момышұлы сынды Алаштың ардақты азаматтары қызығушылық танытып, қолдау білдірген.

Ұлттық ойынымыздың атауы тоғызқұмалақ – біріккен сөз. Алғашқы сыңары – сан есім, кейінгісі зат есім. Құмалақ неге жеті, сегіз, он бір, он үш емес? Рас, тоғыз саны ежелгі түркілерде көптік мағынаға ие әрі қасиетті сан. «Тоғыз жолдың торабы», «Тоғыз қабат торқадан тоқтышақтың терісі артық», «Тоғыз інген боталап, тоғыз інген құлындап» деген сөз тіркестерінің бәрінде тоғыз саны көптік мағынаны білдіріп тұр. Тоғыз – шексіздікті бейнелейтін сан.

Тоғызқұмалақ арнайы тақта арқылы ойналады. Бұл – ақыл-ойды дамытатын, адамның қабілетін арттырып ми қызметін жетілдіретін зияткерлік ойын. Алғашқы кезде үш, бес отаулық шағын үлгілері болған болса, бүгінде жетілген тоғыз отаулық классикалық ережелі спорттық ойын қатарына енгізілді. Тек ойын ғана емес, оның танымдық әрі тағылымдық тұрғыда да, сондай-ақ спорт, өнер, ғылым ретінде де маңызы зор.

Гүлжан БЕРКІНБАЕВА,

Шымкенттегі Хакім Абай музейінің аға ғылыми қызметкері.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *