ТОҚСАННЫҢ ТӨРІНДЕГІ ТҰРЫСОВ
… Ел деп соқты жүрегің,
Елге арналды тілегің.
Қарсы аққан ағысқа
Қазағымның ұлы едің.
Қашап жаздың тарихты
Қаратаудың төсіне.
Таусылмасын ылайым
Алла берген несібе.
Мың жасаңыз тірлікте,
Қартаймайтын сезімдей.
Сол биікте тұра бер,
Қаратаудың өзіндей.
(Əбілда Аймақ).
Белгілі жазушы-драматург, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген қайраткер, Халықаралық «Алаш» əдеби сыйлығының иегері, Оңтүстік Қазақстан облысының жəне Бəйдібек ауданының Құрметті азаматы Еркінбек Тұрысов тоқсанға толып отыр. Бүгінде өзі негізін қалаған «Бəйдібек-Сыланды» қоғамдық қорына жетекшілік жасайды. Жалпақ жұртшылық, ойлы оқырман Ерекеңді «Шаянның Шолоховы», «Шымкенттің Шолоховы» деседі. Қарт Қаратаудың бөктеріндегі қазіргі Бəйдібек ауданының Талдыбұлақ ауылында дүние есігін ашып, бүгінде миллионға тарта тұрғыны бар ірі мегаполисте тұратын қасиетті қаламгердің айтулы мерейтойы облысымызда кеңінен атап өтілді. Оған кең-байтақ республикамыздың түкпір-түкпірінен келген қадірменді қонақтар қатысты. Ұлы Отан соғысы жылдарында 14 жасынан еңбек ете бастады. Қатардағы колхозшы, ауылдық кеңестің хатшысы, он жылдай облыстық ішкі істер басқармасында саяси қызмет атқарды. Шымкент педагогика институтын бітірген. Облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінде əдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, меншікті тілші, аудандық «Алғабас» газетінің редакторы болды.
Қазақтың кемеңгер классик жазушысы Мұхтар Əуезовтің шəкірті ретінде төл əдебиетімізге өзіндік үлес қосты. Оның «Келіншектау», «Ақбақай», «Қыран тауы», «Құралай жолы», «Түндер сазы», «Темірлан» романы, «Бəйдібек», «Шығыстың шың ұлдары», «Қош, көгілдір керуен», «Қайран, Сəкен», «Кемеңгерлердің керуені», «Нұржаудың нұрлы түндері», «Алыста қалған», «Досовтың соңғы күндері», «Замана перзенттері», «Тұлпардың ізі», «Мəңгілік сарын» тəрізді əңгіме, эссе, хикаят, романдары қалың оқырманның сүйікті кітаптарына айналды. Таяуда Алматыдағы «Қазығұрт» баспасынан автордың қостомдық шығармалар жинағы жарық көрді. «Ұлы көш», тағы басқа да бірқатар драмалық дүниелерін көрермен қауым жылы қабылдады. Ерекең «Құрмет» орденімен жəне бірқатар медальдармен марапатталған.
Облыс əкімі Жансейіт Түймебаев жазушы Еркінбек Тұрысовты арнайы қабылдап, айтулы мерейтойымен құттықтады. Ол қаламгердің құрметіне Бəйдібек ауданында көптеген əдеби-мəдени іс-шаралар өткізілгенін тілге тиек
етті. «Бір өлке — бір кітап» атты облыстық акциясының аясында жазушының «Темірлан» романын оқу таңдалды.
Шымкенттегі «Түркістан» салтанат сарайында Еркінбек Тұрысовтың тоқсан жасқа жəне əдеби-шығармашылық қызметіне алпыс жыл толуына арналған «Дəуір дастангері» атты мерекелік кездесу кеші өтті. Салтанатты іс-шараны қысқаша құттықтау сөзбен ашқан жазушы Мархабат Байғұт оны одан əрі жүргізіп отырды. Облыс əкімі Жансейіт Түймебаевтың қаламгер тойына арналған құттықтауы оқылды. Онымен таныстырған облыс басшысының орынбасары Ербол Садыр Ерекеңнің иығына шапан жауып, естелік сыйлық табыс етті. Облыстық мəслихаттың хатшысы Қайрат Балабиев қазыналы қаламгерді құттықтап, сый-сияпат жасады. Қазақстан Республикасы Парламентінің бір топ депутаттары өздерінің ізгі ниетін білдірді. Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Маралтай Райымбекұлы, мемлекет жəне қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазы жүрекжарды тілегін жеткізді. Қазақстанның халық ақыны Əселхан Қалыбекова арнау өлеңін оқыды. «Аталар сөзі» газетінің бас редакторы Ерназар Пернеев қаламгерге Д.Қонаев атындағы қоғамдық қордың медалін табыстады. Ағайын-туыстары ақбозат мінгізді.
Басқосу барысында жер-жерден келген құттықтаулардың мəтіні де оқылды. Мерейтой иесінің құрметіне əн-күйден шашу шашылды. «Оңтүстік» қабылдау үйінде мерейтой дастарқаны жайылды. Онда да ізгі тілек айтушылардың қатары көп болды. Нұрмағанбет қажы Əжіметов, Жеңіс Сұлтанов, Бекет Тұрғараев секілді еңбек ардагерлері, Кентау қаласының əкімі Əбдібақыт Мақұлбаев, тағы басқалар сөз сөйлеп, тоқсандағы тарланбоз қаламгерді мерейтойымен құттықтады.
Ə. ҚАҢТАРБЕК.
Шымкент қаласы.