МЮНХАУЗЕН ӨТІРІКТЕРІ ЖОЛДА ҚАЛАДЫ немесе күні кеше шатқалдарға қатысты желдей ескен екпінді сөздің аяғы күбір-сыбырға айналып барады

Қоғам
1 066 Views

МЮНХАУЗЕН ӨТІРІКТЕРІ ЖОЛДА ҚАЛАДЫ

немесе күні кеше шатқалдарға қатысты желдей ескен екпінді сөздің аяғы күбір-сыбырға айналып барады

 

Оңтүстіктің оныншы әкімі Жансейіт Түймебаевтың алғаш қолға алған шаруаларының бірі Шымкентті атына сай жасыл желегі жайқалған қалаға айналдыру болды. Құптарлық қадам. Көпшілік бір ауыздан қолдады. Ұзамай арнайы «Шатқал» бағдарламасы қабылданып, қызу іс басталып та кетті. Қала әкімінің орынбасары Б.Жанбосыновтың есебі бойынша Шымкент аумағында 47 шатқал бар екен. Олардың жиынтық көлемі ҚазАқпарат таратқан хабарда 16 мың гектар деп көрсетілді. Бұл дегеніңіз қыруар байлық қой. Бұрын қалай көрмегенбіз, қалай байқамағанбыз? «Ештен де кеш жақсы». Сонымен бағдарлама бойынша алғашқы жылы 13 шатқалды игеру жоспарланыпты. Сайды шатқалға, төбені тауға оп-оңай айналдырып жіберетін шенеуніктеріміз бен басқа да белсенділеріміз үшін 13 шатқалды игеру неге тұрады?

Екі мың он жетінші жылдың көктемінде «Шатқал» бағдарламасы күндей күркіреді. Газет, радио, телеарналар осы бір сиқырлы сөзді жарыса айтып, тамсанумен болды. Қарап отырсақ, әне-міне дегенше шатқалдарға, яғни 124 гектарға 17478 түп жеміс, саялы және сәндік ағаш көшеттері отырғызылыпты! 4 тік суғару ұңғымасы қазылған! Бұдан бөлек 7 бөшке апарылған! 28780 метр тамшылатып суғару құбыры тартылыпты! Барлық көшеттердің түбіне көң тасталып, органикалық тыңайтқыш ендірілген! 7 шатқалда 35 адам тұрақты жұмыс істеп жатыр екен!

Әбүйір болғанда жазға қарай «Шатқал» жырын халықаралық мамандандырылған ЭКСПО-2017 көрмесі шетке ығыстырды.

Күз келді. Бұл жиын-терім маусымы. Ауыл шаруашылығының түрлі салаларындағы толағай табыстарымызды термелеп, айтып тауыса алмай жүргенімізде қылышын сүйретіп қыс та жақындап қалыпты. Зымырап бара жатқан уақыт. Әңгіме ауаны тағы да өзгерді. Көктемнің шуақты күндерінде «Шатқал» бағдарламасын жарыса мақтап, тамақтары қарлыққанша жар салғандардың айқайы бәсеңсіп, аяғы тіпті күбір-сыбырға айналып бара жатқаны қалай? Оны айтасыз, көп ұзамай «Шатқалға» қатысты үлкен дау туындайтын сыңайлы. Жақында «Замана» газетінде (№44, 2017 жыл) «Текке кеткен теңгелер» деген шағын хабар жарияланды.

«Бірде-бір көшет көгермепті мұндағы, – деп жазады автор. – Қайтіп көктесін, жақын маңда су да жоқ. Отырғызылған жеміс ағаштары екен. Бастапқыда «водовозбен» суғарғансып жүрген де болар. Шымкенттің аптабына шыдасын ба, түгелдей қураған… Әу баста неге дұрыс жоспарламаған? … Бюджеттің мыңдаған қаржысы желге ұшқан. Кім жауапты бұған?».

Кімнің жауапты екенін тиісті орындар анықтайтын шығар? Біз әңгімені әуелі «шатқал» сөзінің мағынасын түсініп алудан бастасақ дейміз.

«Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде» (Алматы, 2008 жыл) шатқалға мынадай түсінік берілген: «Жіңішке, жартасты терең сай».

Шатқал туралы Уикипедия былай дейді: «Шатқал – терең, түбі тар, құлама немесе тік, кейде ойыс беткейлі және көпшілік бөлігі жартас болып келетін аңғар. Шатқал көбінше таулы аймақтарда кездеседі, мұнда оның тереңдігі 1500-1800 метрге дейін барады».

«Шатқал» сөзі орысшаға «ущелье» деп аударылатыны белгілі. Енді орысша түсініктемесіне назар салайық: «Ущелье – узкая и глубокая обрывистими склонами долина, расселина в горах» (С. Ожегов, «Словарь русского языка», Москва, 1989 год).

Шатқалдың тауда кездесетін, құлама жартасты, өте терең, түбі тар, бір сөзбен айтқанда түсіп-шығуға қауіпті жер бедері екені түсінікті болды ғой деп ойлаймыз. Шымкент қаласының аумағында тау жоқ, ендеше шатқал қайдан болсын! Шымкент негізінде ойлы-қырлы, сай-салалы жерге, ойпаңға орналасқан қала ғой. Бұл әсіресе Бәйдібек ауданы жақтан шетелдік жүйрік көлікпен желдей есіп келе жатқанда айдан анық көрінеді. Қазіргі халықаралық жол тармағынан өткен соң бір құлдилайсыз, Бәйдібек баба ескерткішінен өте бере тағы да кілт төмендейсіз… Бір жақсы жері жолыңызды кес-кестеп, өткел бермей жатып алар шатқал жоқ. Сайдан сайға, ойдан ойға сырғи өтіп, ара-арасында жайпақ жоталарға өрлей отырып, бүкіл қала аумағын аралап шығасыз. Шатқал дегенің атымен жоқ.

Сонда дейміз-ау, бағдарламаны жасаған және оны талқылауға қатысқан, іске асыруға белсене кіріскен қаншама ересек адамдар, ғалымдар, жазушы-журналистер, депутаттар, ақсақалдар, мамандар, лауазымды шенеуніктер, тағысын тағылар сай мен шатқалды ажырата алмағаны ғой (Бәрінің аты-жөндерін тізіп шығып, ұл-қыздары мен немере, шөберелерінің алдында ұятты жағдайға түсірсек пе екен?!). Әлде «Әкімнің ақ дегені – алғыс, қара дегені – қарғыс» қағидасы мүлтіксіз жұмыс істей ме? Демократиямыз қайда қалды? Шындық ше. Шындық мүлде басқаша. Сайды игеру, абаттандыру, пайдалану, кәдеге жарату дегеніңіз біз үшін жаңалық емес. Оған мысалдар көп. Қазір қаланың ортасында қалған Албастысайдың тарихын шымкенттіктер жақсы біледі. Сонау қуғын-сүргін жылдары осы сайда жазықсыз «халық жауы» атанған жүздеген азаматтар атылған. Тәуелсіздік алған соң онда «Қасірет» мемориалы бой көтеріп, ағаштар отырғызылып, сай тарихи орынға айналды. Боздақтарды еске алу жиындары өткізіліп тұрады. Бізде қараусыз жатқан сайларды игерудің бұдан басқа да мысалдары көп. Солардың бірнешеуі 1978 жылы облысты басқаруды қолға алған Асанбай Асқаровтың есімімен байланысты. Сол кезеңде қала шетіндегі күл-қоқыс үйіліп жататын сай, жоталар қысқа мерзімде аз қаржымен-ақ игеріліп, дендросаябақ, зообақ, көл, ипподром, тағы басқа ерекше құрылыс нысандары салынғанын көпшілік ұмыта қоймаса керек. А. Асқаров өзінің «Тағдыр» атты кітабында бұл туралы да айтып өтеді. «Ипподром бұрыннан пайдаланылып келе жатқан карьердің орнына жайғасты. Осы заманның барлық талап-тілектеріне жауап беретін зоопарк те сондай ешкімге қажетсіз болып қалған жерге ірге тепті… Осының бәрін қоғамдық ұйымдарды, құрылыс мекемелерін, партия, кеңес, кәсіподақ, комсомол ұйымдарын қатыстыра отырып, халық өз қолымен жасады» – деп жазады автор. «Мен жасадым» демейді, «Мен бастадым» деп те айтпайды. «Жұрт құлшына кірісті» деп, ризашылық танытады.

Ұзын сөздің қысқасы, Шымқалада өзен арнасын, яғни сай мен ойпаңды, сондай-ақ төбе мен жоталарды игерудің үлгісі жетерлік. Асқар Мырзахметов облыс әкімі болып тұрған жылдары да қала аумағындағы талай сай, қыр, жоталар абаттандырылды, әсіресе Тәуелсіздік саябағы қаладағы ең көрікті орындардың біріне айналды. Қошқарата өзенінің жағалауы да жаңаша түрленді. Сол тұста қала сәулетшілері төбелер мен жоталарды игерудің озық үлгісін танытты. Біз айтып өткен жаңа саябақ үшін бір топ азаматтар Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығына лайықты деп танылды. Сол сияқты Шымкент – Ташкент халықаралық күре жолы, Шарапхана елді-мекені тұсындағы белгісіз биік жотаның саябаққа, тарихи киелі орынға айналғаны, ары өткен, бері өткен мыңдаған жолаушыларға өлке тарихынан өнегелі сыр шертіп, асқақтап тұрғаны кім-кімді де сүйсіндіреді. Сондықтан бұл орайда түріктердің тәжірибесін, іскерлігін, көрегендігін алға тарта берудің қажеті жоқ та еді. Үйренудің, үлгі алудың жөні осы деп, өзімізде бар нәрсені жоққа шығарудан ұтарымыз қайсы? Аллаға шүкір, бар-жоғы ширек ғасырда талай-талай елге үлгі-өнеге ретінде ұсынардай іргелі мемлекетке айналдық.

Жарайды. Сөздің реті келген соң айтып жатырмыз, «сай» деп, «шатқал» деп, таласпай-ақ қояйық. Бірақ ерте көктемде улап-шулап, жарнамалатып, жалаулатып, ұрандатып, уралатып бастаған ісіміздің нәтижесі қандай болғаны енді ешкімді қызықтырмай ма? Қаншама жұмыс жасалды, қаржы жұмсалды, сенбілік өткізілді… Асатпай жатып «құлдық» дедік… Енді солардың қайтарымы қайда? Арқаға аяздай бататыны: тапқан-таянғанымызды Шымкенттің айналасындағы сансыз сай-салаларға шаша берсек, неміз қалады? Оны да қойшы, тәйірі! Шашылмай жатқан қаржы ма еді? Біреу келіп шашып тастаса, тағы біреу келіп жинап берер. Бәрінен бұрын ботаны алғаш көрген бір әпенденің «Кішілігі болмаса, құдды түйе екен» деп, таңданғаны сияқты бүкіл жыл бойы сай мен шатқалды қоймай-қоймай шатастырғанымыз бала-шағадан ұят болды, тіпті.

РЕДАКЦИЯДАН: Жылға жуық уақыт шатқалдардың халыққа шаттық сыйлайтынын жарыса жариялаған басылымдардың айқайы қарашаның ортасына қарай сап тыйылды. «Бұлары несі?» деген оймен жақында шатқаларды аралап көруге біз де шыққанбыз. Атқарылған азын-аулақ шаруалар болғанмен, ауыз толтырып айтарлықтай нәтижелерді көре алмадық. Бір-екі жерде су жүргізуге әрекеттенген қимыл байқалады. Бір сайда 50-60 түп ағаш көшеті көгеріп тұр. Басқаларында сол баяғы көрініс, сол қоқыс… «Шатқалдарды» игеруге жауапты төменгі басшылардың жоғары тұрған бастықтарды жалған мәліметпен алдаусыратып келгені мәлім болды.

З. ЖАНСЕЙІТ.

А. ЖАЙЫМБЕТОВ (фото).

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *