Жасы алпысты алқымдағалы тұрған қаламы жүйрік жазушы, тарихшы, шежіреші Момбек Әбдәкімұлы – Түркістан облысына қарасты Қазығұрт ауданындағы Атбұлақ ауылының тумасы. Көкшетау университетінің қазақ тілі мен әдебиеті факультетінің түлегі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі. Профессор. «Зобалаң», «Сүлеймен қарақшы», «Дүрбелең», «Күн тұтылған мезгіл», «Қараман қарақшы», «Естемес би», «Разборщиктің» жан сыры», «Түркістан өлкесіндегі ойран», «Құбыжықтармн алысқан адам», «Самұрық» – қазақ мафиясының көсемі», «Қазақстандық наркобаронның ақыры» сияқты романдар мен детективті хикаялардың, сондай-ақ ондаған шежіре кітаптардың және жүзге жуық ғылыми-публицистикалық мақалалардың авторы.
Жақында ол Шымкент қаласында5ы ақын-жазушылардың «Қаламгер» деп аталатын жаңа қоғамдық бірлестігін құрды. Миллионнан астам тұрғыны бар мегаполистегі жазу-сызуға икемді жандардың басын қосатын бұл ұйым республикамыздағы шығармашылық ұйымдармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуге ниеттеніп отыр. Тіпті, олар өздерінің алғашқы ізгілікті де игілікті іс-шарасын өткізіп те үлгерді. Бірқатар түркітілдес елдерден келген ақын, жазушы, журналистермен бірлесіп Түркістан мен Шымкентте көпке ой саларлық басқосулар ұйымдастыруға ұйытқы болды.
Ең бастысы – қарымды қаламгер, қажырлы қайраткер Елбасының «Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласына орай талай тындырымды тірлікті жүзеге асырып отыр. Басқаны айтпағанда, өзі туып-өскен ауданның 90 жылдық торқалы тойына тамаша тарту жасады. «Қазығұрт ауданының тарихы» атты тарихи-танымдық кітап шығарды. Онда ауданның сонау көне замандардан қазіргі күнге дейінгі шежіресі архив материалдарымен сабақтастырыла отырып әсерлі баяндалған. Шымкенттегі «Жебе» баспа үйінен 1000 данамен жарық көрген бұл туынды туған жерінің тарихын танып-білуге талпынған әрбір жанның іздеп жүріп оқитын кітабы болуға тиіс деген ойдамыз.
Қаламгердің тағы бір кітабы – «Түркістан облысының ХХ ғасырға дейінгі тарихына қысқаша шолу» деп аталады. Бұл хронологиялық жазбада әрбір тарихи оқиға публицистикалық сарынмен өрілген. Түркістан облыстық ішкі саясат басқармасының тапсырылысымен жарық көрген бұл туынды әдеби көркем тілмен кестеленген. «Жалын» жастар ұйымы» қоғамдық бірлестігі 4000 данамен шығарған тың туынды оқырмандарға өңір жайында мол мағлұмат береді.
Ә. ДОСЫБЕК.