«БІЛІМ ЖӘНЕ РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ»

Туған жер
1 267 Views

«БІЛІМ ЖӘНЕ РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ» шарасы жаңа оқу жылының басталуына арналды Жақында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде жаңа оқу жылының басталуына орай «Білім және рухани жаңғыру» атты мерекелік шара болып өтті.

Шараны ЕҰУ ректоры, ҚР ҰҒА академигі Ерлан Сыдықов ашып, жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады.

Ерлан Бәтташұлы өз сөзінде Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын негізге ала отырып, табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін, себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жететінін еске салды. Тұңғыш Президентіміз негізін қалаған білім ордамыздың басты мақсаты – білім саласындағы жаһандық бәсекеге неғұрлым бейімделген мамандарды даярлау болса, ректор бүгінгі таңда ол мақсаттардың орындалып, нәтижелері айқындалып отырғанын жеткізді.

Биылғы оқу жылына білім ордамызға бакалавриат, магистратура, докторантура бойынша жеті жарым мыңға жуық білім алушы қабылданды. Бұл дегеніміз еліміздегі білім қуған жастардың 50 пайызы ЕҰУ-ды таңдады деген сөз.

Сондай-ақ ректор Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев білім мен ғылым саласына қашанда жан-жақты қолдау көрсетіп келе жатқанын, биыл мемлекет тарпынан қосымша 20 мың грант бөлінгенін, ЕҰУ-ға тиесілі мемлекеттік білім беру грант санының көбісі еліміздің ертеңі мен келешегі үшін қызмет ететін мамандықтарға бағытталғанын және республика көлемінде салыстырмалы түрде алғанда бұл ең жоғары нәтиже екенін баса айтты.

Ерлан Бәтташұлы Елбасының бес әлеуметтік бастамасы негізінде жүзеге асып жатқан жұмыстарға тоқтала келіп, алдағы басты мақсаттарды сөз етті. Содан кейін жаңа оқу жылы баршамыз үшін үлкен мереке, жауапкершілігі мол, ізденістерге толы жұмыс күндеріне ұласатынын жеткізе келіп, университетіміздің оқытушы-профессорлары мен магистранттарына, студенттері мен сала қызметкерлеріне шығармашылық ізденіс, толағай табыстар тіледі.

Мерекелік жиында еліміздегі білім-ғылым саласының дамуына қомақты үлес қосып, қазақ ғылымын әлемге танытқан академик-ғалымдар атынан ҚР Білім саласының ардагері, академик, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, көрнекті әдебиеттанушы, сыншы, “Қазақ әдебиеті” оқулығының 50-ші жылдардан бергі тұрақты авторы, ұстаздардың ұстазы, абыз жасындағы Серік Қирабаев (суретте) сөз алып, жиналған қауымға жүрекжарды ыстық лебізін білдірді. Бірінші курс студенттері атынан үздіктердің қатарындағы білім грантын жеңіп алған, республикалық, халықаралық ғылыми жобалардың жеңімпазы, «Алтын белгі» иегері Аружан Бисалиева құттықтау сөз сөйледі.

Сондай-ақ шара барысында өздерінің кәсіптік білімдерін табысты іске асырып, мемлекеттік құрылымдарда, ұлттық холдингтерде және еліміздің ірі компанияларында экономика және мемлекеттік басқару, білім және ғылым, мәдениет пен спорт салаларын дамытуға айтарлықтай үлес қосып келе жатқан бірқатар университет түлектерінің есімдері аталды. Олардың ішінде Асқар Мамин, Бақыт Сыздықова, Қабибулла Жақыпов, Нұрбек Саясат, Ғани Нығметов, Айдын Рахымбаев, Олимпиада чемпионы Александр Винокуров, «Қазақстан барысы» Айбек Нұғымаров, үш дүркін Азиада жеңімпаздары Александра, Екатерина Немичтер, эстрада жұлдыздары Қайрат Нұртас пен Мейрамбек Бесбаев сынды азаматтар бар.

Мерекелі шараға жиналған бірінші курс студенттері мен шақырылған қонақтар университетімізде жастардың жан-жақты дамып, шығармашылық қабілеттерін арттыру мақсатында атқарылып жатқан студенттік ұйымдар мен өнер ұжымдарының барына қанықты. Жастар саясаты орталығы мен «Жас Отан» жастар қанаты», Дипломатиялық альянс пен пікірсайыс клубтары, Студенттік кеңес пен ЕҰУ студенттер ассамблеясы белсенді жастардың шоғырланған жері болса, «Топжарған», «Алқа» сынды ақындар клубтары жас ақындардың дамуына үлес қосуда. Ал, «Шаңырақ» студенттік театры, «Е-студио» әншілер тобы, «Сарыарқа», «Евразиат», «Жайдарман» топтары сахна саңлақтарын дайындайтын өнер ордасына айналды.

«Білім және рухани жаңғыру» мерекелік шарасына жиналған жұртшылық «Самұрық» би мектебі, «Дала сазы» халық аспаптар оркестрі, «Еуразия» вокальды-аспаптар ансамблі мен әнші Досымжан Таңатаров және күйші Айбек Бекбосынның өнерлерін тамашалады.

Еуразия ұлттық университетінің баспасөз қызметі.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *