ТЫНЫШТЫҒЫН БҰЗҒАН КӨРШІСІН СОТҚА БЕРМЕК

Заң Құқық
767 Views

Бағзы бабаларымыз «Көршіңнің ала жібін аттама», «Қонақ келсе құт», «Алыстағы ағайыннан ауылы бірге көрші артық» деген. Сондықтан Құдай қосқан көршімен қашан да тату болу керек-ақ.

Дегенмен, соңғы кезде көршінің көңіліне қаяу түсіріп жүрген жандар көп. Нарықтық заман болғандықтан болар, кішкене затын даулап, тіпті соттасып жатқандар да бар. Мәселен, Шымкент қаласындағы Мәделіқожа мен Құрманғазы көшелерінің қиылысында тұратын қос көршінің бас араздығына жер мәселесі себепкер болып отыр.

Құрманғазы №40 үйдің тұрғыны заң жүзінде қасындағы бос жатқан жерді өз меншігіне алады. Жерге мемлекеттік акті алып, барлығын заңдастырады. Ал, бұл іске алдында мән бермеген көршісі, арада 30 жыл өткенде жерді даулап, мәселе көтеріпті. Тіпті сотқа да шағымданған. Сот та әділ шешім шығарып, жерді меншік иесінің атында екенін заң жүзінде дәлелдеп берген. Алайда, көршісі 2015 жылдан бері шағымдануын қояр емес. Мәселеге, нүктені сот қойғанымен, құзырлы органдар түскен арыз бойынша қайта-қайта жер иесінің тыныштығын бұзуда. Осыған дейін 10-ға жуық арыз жазған көршісі де қысым көрсетуді тоқтатар емес. Сондай-ақ, Шымкент қаласы Полиция департаментінің қызметкерлері тарапынан бірнеше қателіктерге жол беріліп, жеке тұлғаның Конституциялық құқықтары бұзылып жатыр. Ешқандай себеп, құжатсыз Құрманғазы №40 жеке үйге басып кіріп тексеру жұмыстарын жүргізген. Сондай-ақ, заңсыз оқиға орны деп, сызба жұмыстарын жүргізген. Ал, заң жүзінде тек қылмыс орын алып адам шығыны немесе сол сияқты басқа да жайттар орын алғанда ғана, сызба сызылады.

Жазықсыз адамды қасақана тергеп, қылмыстық жауапкершілікке тартуды мақсат еткен бе деген ой келеді. Негізсіз іс әрекеттерін көріп арыз берушінің алдына түсіп, адамды қалайда қылмыскер тануға жұмыс жасап жатыр ма деп күдіктеніп қаласыз.

Осы орайда, Шымкент қаласы полиция департаменті қызметкерлерінің заңсыз іс әрекеттері бойынша тексеру жұмыстарын жүргізуі керек-ақ!

Ендігі жерде, көршісінің бұл әрекетін түсінбеген Құрманғазы №40 үйдің тұрғындары сотқа жүгінбек. Моральдық және материалдық шығын келтіргені үшін көршінің үстінен сотқа шағым түсіруді ойластырып отыр. Осылайша екі көрші ісі сотта үлкен дауға айналып барады.

(Жалғасы бар).

«Әділет-ақпарат».

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *