ТҮЙМЕДЕЙДІ ТҮЙЕДЕЙ ЕТУ ТӘСІЛІ доктор Түймебаевтың тұсында тіпті дәуірлеп тұр
Атамқұлов малайзиялық құдасына қатысты әңгімелерімен жұртты жалықтырып еді. Абырой болғанда көп ұзамай Астанаға ауысып кетті. Қазіргі әкіміміз Жансейіт Түймебаев та ауызекі әңгімеге жүйрік екен. Келе сала Түркияны, Анкараны, ондағы достарын, әсіресе шатқалдарды қоймай-қоймай жырлап, тыңдаушыларын мезі ете бастады.
Жаңа әкімнің ә дегеннен қолға алған жұмысының бірі – «Шатқалдар» бағдарламасы болды. Шымкентте белгілі ғой, төрелердің айтқанын екі ету деген жоқ. Дұрысы да – дұрыс, бұрысы да – дұрыс… Сонымен Шымқаланың «Шатқалдары» тізімге түсіп, оларды абаттандыру басталып кетті. Саржағал БАҚ-тардың тіпті құдайы берді. «Шатқалдардың» болашағын, шымкенттіктерге мол-мол шаттық сыйлайтынын құйқылжыта, жарыса жазды келіп. «Балапанды күзде санайды». Күздің аяғына қарай тиісті мамандардың «Шатқал» бағдарламасы жемісті жүзеге асырылып жатыр» деген ақпарат, мәлімет, есептерінде өтірік көп болып шықты. Бұл туралы біз «Мюнхаузен өтіріктері жолда қалады» атты сын мақала жаздық. Онда:
Біріншіден, Шымкент қаласы аумағында «шатқал» деуге болатындай жер бедері жоқ екенін дәлелдедік.
Екіншіден, тиісті мекемелердің ағаш көшеттерін отырғызу, суландыру бойынша айтып жүрген мәліметтерінің жалған екенін фактілермен дәлелдедік.
Үшіншіден, сай-сала, төбе-төбешікті игеру тәжірибесі Шымкентте баяғыдан бар екенін, бұл араға Анкараны кірістірудің мүлде қажетсіздігін баяндадық.
Төртіншіден…
Бірақ не қалалық, не облыстық әкімдіктерден тыңдар құлақ табылмады. Жақында санаулы ағаш көгеріп тұрған сайға мақұлбай атқамінерлер мен тілшілерді жинап алған әкім тағы да шатқал туралы жырлап берді…
Біз түсінбедік. Шымкенттің өзінде, орталықтағы аудан, көшелерінде он-сан проблема үйіліп жатқанда айдаладағы сайларда несі бар? Түймебаев сол сай-салалардың ойпаңдағы облыс орталығын су басудан, тасқыннан сақтап тұрғанын біле ме? Түймебаев теміржол бойындағы сай-салаларда жүздеген үйлердің жолсыз, газсыз, ауызсусыз, мектеп, балабақша, емдеу мекемелерінсіз жабайы күй кешіп отырғандарынан хабарсыз ба?
Т. Рысқұлов даңғылының бойындағы мынадай тырнағынан әрең ілініп, қисайып-мисайып, құлауға мойынсұна бастаған қаптаған бағаналар Шымкенттің бүгінгі болмысы мен ертеңіне қатысты талай жайды айқайлап айтып тұр емес пе? Әкім неге құлақ салмайды?