АРХИВТІК АҚИҚАТ

Мәселе
578 Views

ҚР Президенті Қ.К.Тоқаевтың,

ҚР Бас прокуроры Ғ.Д.Нұрдәулетовтің,

ҚР Мәжілісінің төрағасы Н.З.Нығматуллиннің назарына!

АРХИВТІК АҚИҚАТ

Мен бұрынғы Төлеби ауданы, Қазығұрт кеңшары, Елтай (бұрынғы Қаратас) ауылының тумасымын. 8 перзентін тәрбиелеп өсірген, жоғары білім алуларына қолында, бойында және ойында бар құндылықтарын сарқа жұмсаған әке және 30-ға (отыз) жуық немере-шөберелі атамын. Білімім жоғары – техникалық. Бұрынғы КСРО мен Қазақ КСР-ында орын алған және тәуелсіз Қазақстанда толық шешілмеген, төмендегі мән-жайларды Сіздерге жеткізуді азаматтық парызым, міндетім және заңды құқығым деп есептеймін.

КСРО-ның ішкі және сыртқы саясаттарының «кейбіреулеріне» келіспеушілігім және қарсылығым ретінде, оның үкіметі қатысушысы болған БҰҰ «Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясының» 13-бабы мен «Азаматтық және саяси құқықтар туралы» халықаралық Пактының 12-бабының 2-тармағында көрсетілген құқықтарымды пайдаланып, тұрақты қоныстануға Бразилияға кетуге рұқсат сұрап, 1969 және 1972 жылдары арыздар жазғанмын.

Тек сол заңды әрекетім үшін КОКП басшылық еткен (КСРО Конституциясының 6-бабы) Кеңес үкіметі, оның құрамында болған Қазақ КСР-ындағы құрылымдық және күш қолдану органдары өзара келісіп, топтасып, сыбайласып, Конституциялық құқықтарымды шектеу мақсатында, бірінші кезекте шет елге кету туралы арызымды қарамау және жауап бермеу үшін медицинаның психатриялық қызметін маған қарсы қолданған.

Оған қатыстары болған Ленгір аудандық, Шымкент қалалық және облыстық ІІББ (А.Н.Петров, Қозыкеев), әскери комисариаттар (Гурин, Р.С.Ғабурахманова), МҚК (Л.С.Казанков, Е.Б.Исақұлов, М.М.Атенов, А.Н.Беридзе), ПНД (Г.П.Богданова, Б.Е.Жұмалиева, Л.П.Жаворонко, Е.К.Жаманбаев, И.С.Чупахина, В.А.Матяжев және басқалар), компартияның бастауыш ұйымдары мен аудандық, облыстық бақылау комиссиялары (В.Тультаев, О.А.Горященко, Ж.Зортаев, А.П.Чернявский, Бекназаров, С.Бутукова, Б.А.Рузанов, Нұғманов, З.Досымбеков, У.Утемисов) мен республикалық (Е.Бакеев, В.Колпаков) одақтық (Н.Фокин, В.Гулаев) партиялық бақылау комитеттерінің және кәсіподақ (Ш.Сафиуллин, Ж.Н.Рсымбетов) қызметкерлері кезек-кезегімен өзара келісіп және ұйымдасып 1972-1991 жылдары негізсіз және сырттай 5-6 түрлі психикалық диагноздар қойдырып, заңсыз ПНД есебіне алдырып, шығарып, қайтадан алдырып әлеуметтік-қоғамдық қауіпті адам ретінде динамикалық бақылау жүргізуге, партия қатарынан («Фосфор» ӨБ) және жұмыстан («Шымкентшина» ӨБ) шығарылуыма қол жеткізген. Олардың психиатрия қызметіне қатыстылары менің өзімнен, отбасы мүшелерінен, туыстарымнан 1987 жылға дейін жасырын жүргізілген және құпияда ұсталған…

Ондай жағдай мені амалсыздан жұмыстан қол үзіп қалуға мәжбүр етіп, отбасымды моральдық-психологиялық ауыр ахуалға душар етіп, материалдық-қаржылық тапшылыққа, әлеуметтік-тұрмыстық төзгісіз жағдайға қалдырған. Сүйтіп, олар бізді қоғамның ең төменгі тобына итермелеп түсіріп, түбінде «тамырымызға балта шауып, қуратып, құлатуды» жоспарлаған.

Шымкент қаласының және облыстық партия комитеттерінің қызметкерлері әйелім мен перзенттерімді өздеріне шақырып, мені жазылмайтын және емделуге жатпайтын психикалық ауруға шалдыққан деп, құлақ аспауға үгіттеп (С.Х.Хегай, Г.Сегізова), қолдаусыз, қараусыз, жалғыз қалдырып, отбасын ойрандауды көздеген…

Мектепте және жоғарғы оқу орындарында оқитын төрт қыздарымның (жас ретімен Гулиана, Динара, Гүлмира, Айсана) білімдерін шын мәніндегісінен төмен бағалаған, экзамендерде «құлатқан». Алтын медаль алуға мүмкіндіктері болған қыздарымның алғашқы үшеуін «шеттетіп», кенже қызыма ғана беруге мәжбүр болған. Басқа да жолдармен қудалаған. Қалай да қысым жасау мақсатында, қыздарым үшін мені әңгімелесуге шақырған, кейде оларды өзімнің барып қорғауыма тура келген (№24 мектеп, КазХТИ, ШПИ). Сонда олар маған «қыздарыңа дұрыс тәрбие бермегенсің», барлық «перзенттеріңді сахаровшылар етіп тәрбиелеудесің», Р.Рейганның саясатын қолдайсың, қоспартиялық мемлекеттік жүйе құруды, оны реформалауды, … ұсынасың деген «айыптар» таққан.

Оларынан ештеңе шықпаған соң, мені күштеп әкетіп, психиатриялық ауруханаға жатқызу немесе абақтыға жабу мақсатында ІІББ қызметкерлері (А.Петров, Қозыкеев) күндіз пәтеріме және түнде жұмыс орныма келген. Өзін МҚК өкілімін деп таныстырып, аты-жөнін айтпаған бір адам: «Күмісбеков қоғамдық қауіпті кісі. Алдағы мереке – 1988 жылы 7 қараша айының қарсаңында өз күшімен саботаж ұйымдастыруы мүмкін», – деп, көршілеріме менің үстімнен «бұзақы» деген арыз жазып беруді ұсынған. Бірақ ол әрекеттері қарсылыққа тап болғандықтан, тез кері кетіп бара жатып: «Менімен келіссеңдер хабарласыңдар», – деп қызметтік телефонының нөмірін айтқан. Шымкент қаласының Дзержинский аудандық соты менің психиатриялық ауруханаға ар-намысты қорғау талап арызым бойынша біржақтама – жауапкерлерге тиімді шешімдер қабылдады. Облыстық сот оларды бұзғаннан кейін, соттың кейбір судьялары істі қараудан бас тартты. ПНД анықтамасын алғандықтан прокуратура дәрменсіздік танытты.

Себебі, 1970 – 1980 жылдары КОКП-ның Бас хатшысы Л.И.Брежнев, КСРО министрлер Кеңесінің төрағасы А.Н.Косыгин, Д.А.Қонаев сияқты Жоғарғы дәрежелі адамдардың өздері Ю.В.Андроповтың кейбір адамдарды жер аударуы, психиатриялық ауруханалардағы жағдай, халық арасына ылаң түсіріп, дүрліктіргеніне шарасыздық танытып, үнсіз қалғандары белгілі (Д.А.Қонаев «Өтті дәурен осылай»).

Сондай жағдайда, біз жоғарыда аталған мемлекеттік органдар, мекемелер, қоғамдық ұйымдар мен олардың қызметкерлерінің саясаттандырылған зымияндық, қастандық әрекеттері менің Конституциялық құқықтарымды шектеп, ар-намысымды қорлайтынына қарсы отбасымызбен күрестік. Ол туралы партия мен үкіметтің жергілікті органдары мен ұйымдарынан бастап, Қазақ КСР-і мен КСРО деңгейіндегі дерлік басшы органдарына жазған арыз-шағымдарымыздың көпшілігі қараусыз қалды. Қаралғандары оң нәтиже бермеді. Кейбіреулерінің адресаттарға жеткізілмегендері де болды («Правда» газеті), өзі есепте тұрады деген анықтама берілгендіктен қаралмады немесе осында ұсталып қалды. Ал жеткізілгендерінің жауаптары бізге табысталмады (республикалық Д.А.Қонаев, Г.В.Колбин, Н.Ә.Назарбаев, Г.Е.Елемесов, Т.К.Айтмухамбетов және т.б. мен одақтық М.С.Горбачев, А.Сухарев, Е.Чазов, А.А.Чуркин, А.Карпов, В.И.Теребиловтың аттарына).

Осы жерде сондай әрекеттеріміздің қатарындағы КОКП ОК Бас хатшысы М.С.Горбачевтың атына: «Современные квалифицированные бюрократы разбушевались. Подделали материалы персонального дела. Кое-какие из личного дела сожгли. Прошу вмешательства. Разыгранная драма может превратиться в трагедию», – деген ескерту жеделхат жібергенімді келтіруді жөн көрдім (13 мая 1986 года).

Менің (мен сияқты жүздеген, мыңдаған адамдардың) ар-намысын таптап, тағдырымды талқандап, отбасымды ойрандау «драмасының» Алматыдағы 1986 жылы 17-18 желтоқсандағы және КСРО-ғы 1991.08.19 күнгі «трагедияларға» ұласқанын Сіздер, мен, Одақ пен әлем халқы жақсы білеміз, ащы сабақ алғанбыз!? Бірақ, кейбіреулер сол дәуірде де және қазіргі тәуелсіз Қазақстанда да «өзі отырған бұтағының түбіне балта шапқанының және оның неге соқтыратынын ұқпайтын немесе біле тұра суға … қоймайтын «дәңкестігінен» арыла алмай жүрген сияқты!?

Оған мысал ретінде Шымкент қаласы прокуратурасының менің шағымымды қарау барысында: «… Жаза бересің, жаза бересің. Нақты дәлелің жоқ. Сот шешімінде сені саяси негіздер бойынша есепке алғаны көрсетілген ба? Оған дәлелді сот шешімдерін әкел»,– деп, «телефондық тергеу жүргізген Н.Тоқтаровты (?) келтіре аламын. Бұл туралы қапалығымды сол 2021.01.11 күні онымен істес басқа қызметкерге мәлімдедім:

«Сондай жағдайда, өзімнің «құқықсыздық», отбасымның ауыр ахуалы мен материалдық-қаржылық жетіспеушілік, перзенттерімнің мектеп пен жоғарғы оқу орындарында қудаланып, білім, өнер, спорт, денсаулығы мен өзін-өзі күту және дамытумен айналысу мүмкіндіктерінен айырылған (болмаған), қорғансыздық, азап пен қорлықта, кейде қатерлі жағдайларға толы күндер, айлар, жылдар кештік. Бірақ мойымадық, бәріне шыдадық, төздік, тас түйін болып қатайдық және түбінде қарсыластарымызды жеңіп, әділеттіліктің орнығатынына сендік…

Сол 1985-1991 жылдары Қазақ КСР-нің компартиясы мен Үкіметі бұл істі дәрменсіздіктен шеше алмағандықтан немесе немқұрайдылықтан шешкілері келмегендіктен, мен Мәскеу және Ленинград қалаларының қоғам қайраткерлерімен, тәуелсіз және ведомостволық психиатрларымен, психологтарымен, КСРО ЖК депутаттарымен, прокурорлармен кездесіп, пікірлесіп, көмектеріне жүгінуіме тура келді…

Ленинградтың «Әлеуметтік психиатрия және реабилитациялау» Қорының/ Орталығының амбулаторлық жағдайдағы комиссия тексеруінен өтіп, оның сот-психиатриялық сараптама қорытындысын алдым. Сөйтіп, кінәлі деп есептеген, Шымкент қаласының жүйке аурулар ауруханасының лауазымды қызметкерлеріне ар-намысты қорғау талап-арызын қойдым. Оны қараған Шымкент қаласы, Дзержинский ауданының халық соты 1991.08.19 күнгі шешімімен толығымен қанағаттандырды. Ол 1991 жылы тамыз айының 19-ында, КСРО-да Путч-төңкеріс орын алған күн еді!!??

Ол шешім облыстың адам құқығын қорғау жөніндегі демократиялық комитеті «президентінің» шағымдарымен бұзылды. Оны қайтадан қараған. Әл-Фараби аудандық соты 1993.09.23 күнгі шешімінде, жауапкерлердің маған 1972 және 1986 жылдан бастап, алғашында коллегиалды тексерусіз, жасырын және сырттай қойған, кейінгі комиссиялардың басқа түрлеріне ауыстырған психикалық диагноздары негізсіз, ПНД есебіне алынуым заңсыз және әлеуметтік-қоғамдық қауіпті адам ретінде белсенді динамикалық бақылау жүргізілуінің орынсыздығы, құқықтарымның дәлелсіз шектелгені әрі бұзылғаны туралы шешім шығарды. Кінәлі жауапкер-дәрігерлерді кешірім сұрауға міндеттеді. Содан кейін, бұрын қараусыз қалдырылған, негіз жоқ немесе өз дәлелін таппады деген сұрақтар қайтадан қаралып, компартия қатарынан шығарылғаным қателік деп есептеліп, мүшелігім қалпына келтірілді. «Шымкентшина» ӨБ-нен лажсыздан жұмыссыз жүрген уақытыма жалақым сот шешімімен өндірілді. Басқа да уәждеріміз дәлелденіп, оң шешімдер қабылдана бастады!!!

Соттың жоғарыдағы шешімдеріне байланысты жауапкерлер менен жазбаша кешірім сұрады, жұмсалған қаржылық шығындарымды төледі, шеккен моральдық зиянымды өтеді. Маған арналған амбулаторлық карточкалар әл-Фараби аудандық сотының 2001.11.02 күнгі шешіміне сай өртеу жолымен жойылды…

1988-1989 жылдағы КСРО басшылығының ресми ақпараттарына,мемлекеттік статистикалық және тәуелсіз зерттеу орталықтарының мәліметтерібойынша, жалпы психиатриялық ауруханаларда емделуде болған, солардың қатарындасаяси мақсатта психикалық диагноз(дар) қойылған, ПНД есебіне алынған,кабинеттерде және сырттай, мүмкін жасырын түрде белсенді бақыланғаны қатаңсынға ұшырағаны белгілі. Екі жақтамалық келісіммен, ондай жағдайды тексеругеАҚШ делегациясы келер алдында, 1988 жылдың соңында шұғыл түрде есептеншығарылған, жаламен «құрбан» болған деген адамдардың сандық және пайыздық (%)көрсеткіштері, қарапайым есептеуде, жуықша төмендегі кестедегідей болуы мүмкін:

Бұлар сол 1988 – 1989 жылдары КСРО мен Қазақ КСР-і халқының әрбір 51-ші адамы ПНД есебіне алынғанын, әрбір 390 ÷ 1434 аралығындағы адамның біреуі негізсіз саяси-психиатриялық қудалаудың құрбаны болғанын көрсетеді.

АҚШ делегациясы келерден бұрын, КСРО бойынша шұғыл түрде ПНД есебінен шығарылған 736.000 (тек бір Мәскеуде 70.000) адамдардың біраз бөлігі (мүмкін көпшілігі немесе барлығы болар?) өздерінің есепке қашан, не үшін, қандай диагнозбен алынғандарын және шығарылғандарын білмеулері де мүмкін.

Менің арыздарыма орай Онтүстік Қазахстан облысының ҰҚК, ІІД, прокуратурасы, ДСБ және ҚР ДСМ өздерінің менің ісіме қаншалықты қатыстарының болғандары және ПНД-ға сұрау салып, оған жауап алғандары туралы анықтамалық ақпараттар берді. Бірақ, мені және отбасы мүшелерін саяси қуғын-сүргін құрбандары ретінде ақтау туралы арыз-шағымдарымызға олар, облыстық сот және бұлардың республикалық органдары жиынтығында: «… Сізге психикалық диагноз(дар) қойылғаны, ПНД есебіне алынғаныңыз, динамикалық бақылау жүргізілгені жала жабу, отбасылық ар-намысыңызды қорлау, құқықтарыңызды шектегені немесе бұзғаны бола алмайды. Арызыңызда көрсетілген психиатриялық ауруханалардың лауазымды қызметкерлерінің сізге қатысты іс-әрекеттерінде қылмыс құрамының болмауына байланысты, қылмыстық іс қозғаудан бас тартылды (1992.09.26 және 1993.06.10 күндері тиісінше Шымкент қ. Дзержинский / әл-Фараби аудандық прокуратурасы) деп, оларды қорғаштап, уақытты созды. Біздің дәлелді уәждерімізден кейін, орташа ауырлықта жасалған қылмыс үшін жауапкершілік мерзімі 5 (бес) жыл өтіп кеткендіктен, іс сот өндірісіне қабылдаудан бас тартылады (1999.07.28. әл-Фараби аудандық соты). Сіз ПНД есебіне сырттай алынғансыз, психиатриялық ауруханаға күштеп жатқызылмағансыз және мәжбүрлеп емделмегенсіз. Жауапкерлер сізден кешірім сұраған, ұшыраған материалдық шығыныңызды төлеген және шеккен моралдық зияныңызды өтеген. Сондықтан сіздер ақталған адамдар қатарына жатпайсыздар…»,- деген жауаптар берді.

Біздің ондай жауаптармен келіспей, өзімізді ҚР «Жаппай саяси қуған-сүргіннің құрбаны ретінде ақтау туралы» Заңына (әрі қарай мәтін бойынша «Заң») толықтыру енгізу туралы арыз-шағымдарымыз, кезіндегі Қазақ КСР-і мен қазіргі тәуелсіз Қазақстанның Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың, Жоғарғы Кеңестің осындай «Заң» қабылданатын сессиясына, оның депутаттары А.Тшанов пен И.Байдаулетовтың, Парламенттің және мұның депутаты Е.Бөлегеновтың аттарына, «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі комиссияға» арыздар, ұсыныстар жазғанбыз. БАҚ-ның мерзімдік басылымдарында мақалалар жарияланып, телеарналардан хабарлар берілген. Оларды билік басындағылардың барлығы назардан тыс немесе қараусыз қалдырды, ал берілген жауаптарда «қызыл жебені басқаға бұрып жіберумен» шектелді.

Құқық қорғау саласындағы әлемдік тәжірибеде орын алған, осы ретте біздің жағдайдағыдай сот тергеуімен анықталған құқық бұзушылықтың бір ғана «жаңа түрі» үшін жауапкершілік жүктелетін, оның алдын алатын жаңа акт қабылдануы тиістілігі немесе ондайдың бар немесе ұқсас түріне толықтыру енгізілетіндігі белгілі. Бірақ, біздің тәуелсіз Қазақстанда қазірше олай болмай тұр.

Жоғарыдағыларды баяндай келе, «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтауды толық аяқтау туралы» Президент Қ.К.Тоқаевтың Жарлығы жүзеге асырылуына қажетті фактордың бірі деп есептеп,

Сіздерден сұранарым(ыз):

ҚР «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Заңының 1,3 және басқа тиісті баптарына «… Сонымен қатар, нақты бір жеке немесе заңды тұлғаның(лардың) ауызша немесе жазбаша талап-тілегімен (МКК, ІІД, партия комитеттері мен бастауыш ұйымдары, әскери комиссариаттар, кәсіподақ, қоғамдық ұйымдар және т.б) психиатриялық тексеруден амбулаторлық жағдайда өтуге мәжбүрленген/ тартылған, негізсіз психикалық диагноз(дар) қойылған (кейде тексерусіз, сырттай), заңсыз ПНД есебіне алынған және орынсыз әлеуметтік-қоғамдық қауіпті адам ретінде динамикалық бақылау жүргізілген адамдардың/азаматтардың (көп жағдайда бұл туралы олардың өздерін немесе етжақын туысқандарын хабардар етпей) барлығы ақталған адамдар/азаматтар деп жарияланады…»,-деп толықтыру.

Бұл «толықтыру» мәтіні заңнамалық-тәжірибелік және халықаралық ықпалдастық тұрғысынан ықшамдалып, тұжырымдалуы мүмкін.

Менің арызды қарап, шешім қабылдаған Шымкент қаласының прокуратурасынан, ҚР Мәжілісінің депутаты Б.Т.Кесебаевадан, Шымкент қаласының әкімдігінен, ҚР Әділет министрлігінен және оның Сот сараптамалы орталығынан жауап хаттар алдым.

Енді солардың мәтіндерін, үзінділерін және кейбіреулерінің мазмұндарын, оларға деген өз пікірімді назарларыңызға ұсынамын:

1. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Б.Т.Кесебаева – «ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының атына «Ұлт тағдыры» ҚБ-гі Түркістан облысындағы филиалының төрағасы А.К.Күмісбектің өз конституциялық құқықтарын қорғауға және қалпына келтіруге қатысты жазбаша арызы келіп түсті. Осы арызда жазылған барлық дәлелдерді тексеріп қарауды, сондай-ақ нәтижелері туралы хат иесіне және ҚР Парламенті Мәжілісіне жауап беруді сұраймын».

2. ҚР Әділет министрлігі департаментінің директоры Т.Исабеков менің ұсыныс жасаған арызымды, осы министрліктің Сот сараптамалары орталығына жолдаған. Оны қарау нәтижелері туралы ақпаратты өтініш иесіне, Департаментке және ҚР Парламенті Мәжілісінің депутатына 2020.12.21 күнге дейін жіберуді сұранған.

ҚР Әділет министрлігінің Сот сараптамалы орталығы, өз республикамызда 1972-1991 жылдары маған қатысты орын алған, бірақ шеше алмаған немесе шешкілері келмеген құқық пен заңбұзушылықтарды қозғап, олардың 1985-1991 жылдары Мәскеу мен Ленинград (Санкт-Петербург) кәсіби мамандарының қатысуларымен қалай шешкенімізді, мен білмейтіндей есіме салған.

Сонымен қатар, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен Әділет министрлігінің құқықтық-міндеттемелік арақатынастарының 2016 жылы қалай шешілгенін және тағайындалуы мүмкін Сот сараптамасын мемлекеттік қандай мекеменің қалай жүргізетінін түсіндірген (И.Исмайлов, Р.Нугманов).

3.Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Ш.Мұқан – «Психикалық денсаулық орталығының (әрі қарай — Орталық)» мәліметіне сәйкес, Сіз орталықта диспансерлік есепте тіркелмегенсіз және мұрағатта Сізге қатысты құжаттардың жоқ екендігін хабарлаймын».

4.Шымкент қаласының прокуратурасы 1993.04.14 күнгі ҚР «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Заңының 1-3 баптарына түсініктеме бере келіп:

«…Әкімшілік тәртіпте немесе сот емес органдар шешімдері бойынша психиатриялық мекемелерде емделуге күштеп жатқызылған адамдардың бәрі ақталған адамдар деп жарияланады»,- деп, осыдан 25 жылдай бұрын берілгенге ұқсас жауап жолдаған. Оған келіспеген шағымыма прокуратурасынан: «…Сізді сот актісіне сәйкес психиатриялық мекеменің есебіне саяси негіздер бойынша қойылғандығы туралы көрсетілмеген және ол туралы нақты мәлімет жоқ», – деген жауап алдым (2021.01.11 күні).

Осылардың барлығын логикалық, мазмұндық, құқықтық және заңнамалық тұрғысынан талдап, зерттеп, зерделей келе:

1.1.Б.Т.Кесебаева «ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының атына «Ұлт тағдыры» ҚБ-гі Түркістан облысындағы филиалының төрағасы А.К.Күмісбектің (1991.08.19, 1993.09.23 және 2001.11.02 күні сот тәртібімен шешіліп қойғаны «арызда» көрсетілгеніне қарамай) өз конституциялық құқықтарын қорғауға және қалпына келтіруге қатысты жазбаша арызы келіп түсті,– дегені қалай?

– Берілген жауаптар арыздағы «ұсыныстың» мәні мен мағынасына дәлме-дәл сәйкес келеді ма?

– Аталған арыз қандай себептермен және қандай мақсат үшін Әділет министрлігінің Сот сараптамалары орталығына жіберілген?

2.1. Әділет министрлігі мен оның Сот сараптамалы орталығы, менің аталған «арызымның» мағынасына Сот-сараптамалық қорытынды жасаған ба? Жоқ, әлде олар «арыз» мазмұнынан білуге міндетті бола тұра, маған тағы да сот сараптамасы тағайындалуы мүмкін, – дегенін қысастық ретінде қабылдауым керек пе?

Әлде депутат Б.Т.Кесебаева Әділет министрлігіне салған сұрауындағы талап-тілегін керенаулықпен қойды ма екен? Мүмкін Әділет министрлігі мен оның Сот сараптамалы орталығының қызметкерлері мен Мәжіліс депутаты бір-бірін түсінбей қалды ма екен!?

3.1.Менің Шымкент қалалық психикалық денсаулық орталығының диспансерлік есебінде тұратын-тұрмайтыным және мұрағатында мен туралы құжаттың бар-жоқтығын не үшін тексерген? Ондай тапсырманы қандай мемлекеттік орган және қандай мақсатта берген?

Мүмкін мен өз арызымды және ондағы жалғыз ұсынысымды мемлекеттік тіл – қазақ тілінде анық әрі дұрыс жаза алмағанмын ба? Жоқ әлде, олар тексерушілермен басқаша қабылданды ма? Олар өз жауаптарында көрсеткендей, алдағы уақытта тағы да қайталанып жазылуы мүмкін шағымдарымды, оларда қойылатын сұрақтарға сәйкес жауап алуым үшін, мен ресми тіл – орыс тілінде жазуыма тура келеді ме?

4.1. Шымкент қалалық прокуратурасы 2021.01.11 күні жеткізілген соттың үш рет шығарған шешімдерінің анықтау, уәждеу бөліктерінде мені ПНД есебіне мемлекеттік қандай қауіпсіздік, құқық қорғау, қорғаныс, партия ұйымдарының талап-тілектерімен қойғанын, одан прокуратураның хабардар екендігін, халықтың «көрмес, түйені де көрмес» деген мақалындағыдай есепке алмаған. Не болмаса 1965 – 1991 жылдардағы Ю.Андроповтың МҚК мен «арнайы» басқармалары «бүлдіріп» кеткен құпиясы, қылмыстық құрамдары болуы мүмкін істердің ашылуын қаламағаны немесе ҚР Президенті Қ.К.Тоқаевтың «Жарлығына» қолдау көрсеткісі келмегені ма?

Бұлар қалай болғанда да Сіздер тарапынан тексеріліп, анықталып, жіберілген кемшіліктер, қателіктер болса түзетіліп, арыздағы «ұсыныстың» қаралуы мен қабылданатын шешім, оның мән-мағынасына дәлме-дәл болуының қадағалануы саяси-құқықтық тұрғысынан маңыздылығы түсінікті (әрине, қазірше тек менің отбасым үшін сияқты көрінуі мүмкін). Себебі, менің арызымда жасалған «ұсыныстың» аталған Заңға толықтыру ретінде енгізілуі, түптеп келгенде жоғарыда келтірілген кестедегідей болуы мүмкін адамдардың ар-намыстарының қорғалып, ақталып, бұзылған құқықтарының қалпына келтіріліп, тарихи әділеттіліктің орнығуына негіз қалауы, ҚР беделінің артуына оң ықпал етуі мүмкін. Жоғарыдағыларды ескеріп, жасаған «ұсынысыма» қосымша, арнайы құрылған «Мемлекеттік комиссия» құрамына ҚР ҰҚК мен ДСМ жауапты өкілдерін ендіру қажет деп есептеймін. Себебі, олар тек 50-жылдарға дейінгі емес, 1960 – 1991 жылдары орын алған саяси-психиатриялық қудалаудан зардап шегіп, құрбан болған адамдардың анықталып, ақталуларына қажетті «құпияларды» ашып, ақпараттық-құқықтық кеңестер беруі мүмкін.

А.КҮМІСБЕК,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,

Республикалық «Ұлт тағдыры» ҚБ

ОҚО (қазіргі Түркістан) филиалының төрағасы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *