Ыстанбұл қаласында 15-16 желтоқсан күндерінде Қазақстан Республикасының тәуелсіздік күні мерекесіне орай Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры ұжымының дайындаған «Хан Сұлтан» атты операсының қойылымы Ататүрік мәдени орталығында көрермен назарына ұсынылды.
Ұлы Жошы ұлысының 800 жылдығына, Түркі әлемінің мәдениет және өнер бағытында маңызды ықпал тудырған үлкен шараға «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Раев, Қазақстан мәдениет және ақпарат министрінің орынбасары Айзада Құрманова, Ыстанбұл вице-губернаторы Мехмет Сулюн, Зейтинбурни ауданының әкімі Адем Услу, Түркі мемлекеттері халықаралық ұйымы Бас хатшысының орынбасары Мерей Мұқажан, «ТҮРКСОЙ» Бас хатшысының орынбасары Саид Юсуф, Қазақстанның Бас консулы Нұриддин Аманқұл, «Әділет және даму партиясы» ОК алқа мүшесі, Қазақ қызы Решида Юксел, «ТҮРКСОЙ» Бас кеңесшісі, Дүниежүзі қазақтар қауымдастығының өкілі Ержан Уәйіс, Қазақ диаспорасының көрнекті өкілдері Фазыл Топлы, әйгілі ғұлама Халифа Алтайдың қыздары Шакира, Шекүре мен Мешкүре, Ыстанбұлдағы Қазақ профессорі Әбдуоқап Қара, Қырғыз мәдени орталығының жетекшісі Абдулметин Кескін, «ÇEPNİ» федерация басшысы Мұхаммед Ариф, Түркиядағы мәдениет қоғамдары, түркі тілдес мемлекеттердің Өзбек, Түркімен, Әзірбайжан, Қырым татарлары, Башқұрстан, Дағыстан, Гагауз түріктерінің және т.б.қоғамдық мәдени ұйымдарының өкілдері, зиялы қауым, ақын-жазушы, өнер қайраткерлері қатысты. Яғни, Ататүрік мәдениет орталығындағы концертке көрермендер лық толды. Бірде бір бос орын болмады (орталықта 2040 орын бар).
300-ге жуық өнерпаз, 173 шебер әзірленген түрлі ұлттық сахналық киімдер мен XIII ғасырдың эстетикасын жеткізу мақсатында сан алуан декорациялармен безендірілген операның басты кейіпкері Хан Сұлтан әйгілі Хорезм шахы II Ала-ад-дин Мұхаммедтің үлкен қызы, Алтын Орда құрушысы Жошы ханның жары, Еуразияның геосаяси тарихында өз атын алтын әріптермен жазған, ислам дінін алғаш қабылдаған Алтын Орда ханы Берке ханның анасы. Шыңғысханның дәуірінде ақыл-парасаты, кемеңгерлігі, сөзсіз сұлулығы, хан қызына лайық тектілігімен көзге түскен Хан Сұлтан Ұлы даламыздың қайсар қыздарының арасынан орын алмақта. Алайда опера қойылымында Хан Сұлтанның саяси арпалыстарымен қатар өнегелі келін, сүйікті жар, аяулы ана бейнесі де шебер көрсетілген. Түркі әлемінің ұмытылмас кейіпкері «Хан Сұлтан» көрсетілімі екі күн қатарынан Ыстанбұлдың өнер сүйер халқының және қала қонақтарының көңілін аулап, 2000-нан астам көрерменнің іркілмей соққан овациясына ие болды.
Еліміздің тәуелсіздік күніне орай дайындалған «Хан Сұлтан» операсының Қазақстанның тарих сахнасында өз орнын табуына тікелей байланыстығын еске сала кету қажет. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстан – Ұлы даладағы көшпенділер өркениетінің тікелей мұрагері. Жер жүзіне Алтын Орда деген атпен танылған әйгілі Жошы Ұлысы Орталық Еуразияның байтақ даласындағы ең қуатты мемлекет ретінде мойындалған. Осы ортағасырлық державаның геосаяси мұрасы бірқатар Еуразия мемлекетінің, соның ішінде Қазақ хандығының құрылуына негіз болды» деген сөздері осының дәлелі.
Көңілден шыққан қойылымда Хан Сұлтанның рөлін сомдаған Зарина Алтынбаева, Венера Алпысбаева және Әйгерім Шәріпбек сынды сопрано дауысты таланттарымыз, Шыңғысханды ойнаған Талғат Күзембаев пен Евгений Шагаров, Бөртені — Гүлзат Дәуірбаева мен Жәмилә Баспақова, Жошының рөліндегі Дулат Тоқанов пен Мақсат Саматов сияқты сахна саңлақтары көрермендердің көз айымы бола білді. Тарихи драманың композиторы Хамит Шаңғалиев, дирижер-қоюшысы Нұржан Байбосынов және либретто авторы Қазақстан Республикасының өнеріне еңбек сіңірген қайраткері Маралтай Ыбыраев, хореограф Әсем Әлдібекова және костюм жөніндегі бас суретші Айнұр Ерімбетованы арнайы атап өткен де абзал.
Іс-шара «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымы мен Қазақстан мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен, Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрымен бірлесіп Ыстанбұл сахнасында қойылды. «ТҮРКСОЙ» Бас хатшысы С.Раев және Қазақстан мәдениет министрінің орынбасары А.Құрманова өнер шеберлерінің халықаралық еңбегіне жоғары баға беріп, үлкен жетістіктермен құттықтады. «ТҮРКСОЙ»-дың ескерткіш сыйлығын театрдың Бас директоры Айнұр Көпбасароваға табыстады.
Ататүрік мәдениет орталығында қойылымның екінші күні тағы да көп адам жиналды. 16 желтоқсан күні Қазақстанның тәуелсіздік күніне орай «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Раев және Бас кеңесші, қоғам қайраткері Ержан Уәйіс жиналғандарды айтулы мерекемен құттықтап, Абай атындағы опера және балет театрының Бас директоры және идея авторы Айнұр Көпбасароваға және театр қайраткерлеріне гүл шоқтарын берді және «ТҮРКСОЙ»-дың арнайы естелік сыйлықтарын табыстады.
Осылайша, Атажұрт Қазақстаннан келген әйгілі театрдың өнер шеберлерінің концерті Анадолы жерінде, Түркия елінде үлкен табыспен өтті. Түбіміз Түрік дегендей, тіліміз, әдет-ғұрып, салт-дәстүріміз ортақ, өнеріміз бен мәдениетіміз бір Қазақ пен Түрік арасындағы достығымыз және Түрік бірлігі мәңгі жасайды!
«Хан Сұлтан» қойылымын Түркия және Қазақстан бұқаралық ақпарат құралдары, «Қазақстан» телеарнасының тілшісі Айдос Әшім, «Хабар24» арнасының тілшісі Меруерт Қанағат бейнетаспаға түсірді.
Ержан Уәйіс,
Қазақстан еңбек сіңірген қайраткері
«ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымының Бас кеңесшісі
Ыстанбұл. 17.12.2024 ж.