ТҮРКІСТАНДА ЖЫР ЖАЗЫП ТҰР ҰЛЫ АҚЫН

Қоғам
1 582 Views

ТҮРКІСТАНДА ЖЫР ЖАЗЫП ТҰР ҰЛЫ АҚЫН

 

Түркістан! Баяғы-бағзы Яссы қаласының елесі ғана қалған. Бертінде үш жүз жыл Қазақ хандығының астанасы болған шаһар да өткен тарихқа айналған. Тіпті күні кешегі, осыдан ширек ғасыр бұрынғы қаланың бейнесі де бұлдырап, кейінде қалып барады. Көне кент əсіресе тəуелсіздік алғаннан кейін жаңарып, жасара бастады. Қазір ол білім орталығына, туризм нысанына айналған. Республикалық жəне халықаралық деңгейдегі сан түрлі іс-шаралар өткізіліп тұрады. 2017 жылы Түркі əлемінің мəдени астанасы аталуы да тегіннен тегін емес. Кезінде оны Мағжан ақын көрегендікпен жырлаған екен:

Түркістан екі дүние есігі ғой,

Түркістан ер түріктің бесігі ғой.

Тамаша Түркістандай жерде туған

Түріктің Тəңірі берген несібі ғой…

Сонау отызыншы жылдардың зұлматына тап болып, арманда кеткен Мағжан ақын өзі сүйген Түркістанға мəңгілікке оралды, алдымен оның жырлары жеткен, көп ұзамай аты да келді – осындағы № 15 мектеп-лицейге есімі берілді. Осы орайда айта кетейік, бұл Түркістандағы материалдық-техникалық базасы мен ғимараты өскелең заманға сай, үш мың бала оқитын іргелі əрі білім-тəрбие көрсеткіштері бойынша алдыңғы қатарда тұрған мекеме (директоры – Тамара Дадашқызы Примжанова). Ал жақында, қазан айының шуақты бір күнінде білім ордасының ауласына тірі Мағжан ақынның өзі келгендей болды, Жұмабаевтың ескерткіші салтанатты жағдайда ашылды.

Осы орайда мына бір ғибратты жайды еске ала кеткен жөн болар. Айтулы тарихи оқиғаға жан-жақтан қонақтар шақырылатыны белгілі. Сондай шақыру Шымкентте тұратын руханият жанашыры, белгілі меценат Бекет Тұрғараұлына келіп жетеді. Қай нəрсенің де байыбына барып, зерделеп отыратын Бекеңнің есіне сонау Солтүстік Қазақстан облысының сотында төраға болған жылдар түскен. Сол кезеңде ол сот саласының жұмысын заманға сай жаңартумен бірге руханияты, ұлттық мəдениеті мен тарихы кенжелеп қалған өлкенің тəуелсіздік талабына орай қайта жаңғыруына белсене араласты. Сол тұста Мағжан ақынның өмірі мен шығармашылығына қанықты. Сонда жүріп ұмытылып, аңызға айналып бара жатқан Қожаберген жырауды қайта тірілту бағытында көп жұмыс атқарды. Мағжан ақынның елеусіз, жермен-жексен болып қалған ата-анасының қабірлерін тауып, белгітас орнатты…

Осындайда бірге қызмет еткен, ақынның өмірі мен шығармашылығын зерттеп, насихаттап жүрген қызылжарлық азаматтарды Түркістандағы іс-шараға неге шақырмасқа? Сөйтіп, Бекеңнің хабарласуымен Солтүстік Қазақстаннан екі өкіл келді. Олар Солтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы Құдайберген Қалиев жəне облыстық «Қызылжар» газетінің бас редакторы Жарасбай Сүлейменов еді. Хабар тиісімен қос азамат Оңтүстікке ұшып жетті.

Ескерткіштің ашылу салтанатында қала əкімі Əліпбек Өсербаев сөз сөйлеп, рухани жаңғыру жолындағы осынау айтулы іске үлес қосқан азаматтарға алғыс айтып, ақынды ұлықтау ісі мұнымен шектелмейтінін тілге тиек етті. Бұдан соң қаламгер, мағжантанушы Жарасбай Сүлейменов сөз алды. Ол Қызылжар елінің, Солтүстік Қазақстан облысы əкімі Құмар Ақсақаловтың Түркістан жұртына деген ыстық сəлемін жəне алғысын жеткізді. Сондай-ақ аймақ басшысының аталмыш білім ордасына компьютерлік сыныпты сыйға тартқанын хабарлады. Алматыдан арнайы келген ақын, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары Маралтай Райымбекұлы шабыттана өлең оқыды. Сыншы-ғалым, профессор Құлбек Ергөбек Түркістанның болашағы мен Мағжан ақынның сол алдағы күндерден алар еншісі туралы ойларын ортаға салды.

Кезек Бекет Тұрғараұлына келгенде жұрт бір серпіліп қалды. Ол өз сөзінде Мағжан ескерткішінің осында орнатылуының бар қыр-сырын тереңнен қозғады. Осыдан көп жылдар бұрын Түркістан педагогикалық училищесінен басталған жол Шымкент, Алматы, Астана, Қызылжар, Ақтауға жалғасып, бүгін осында қайта алып келіпті. Күні кеше Бекең Солтүстік Қазақстанда талай игі істердің бастамашысы болса, міне, енді өз кезегінде Солтүстік жақтың азаматтары Оңтүстіктің өркендеп, дамуына атсалысып жүр екен. Сондай жастардың бірі Сұңғат Қуатұлы, екіншісі Нəби Еркінұлы. Бұл екеуі де кезінде Бекет пен Қуат Есімханов бастаған руханиятқа деген қамқорлықты ары қарай жалғастырып отыр. Дəстүр жалғастығы, ұрпақ сабақтастығы деген осы емес пе. Сұңғат пен Нəби де қазір бір-бірінен алыста жатқан екі өлкені жалғастырған алтын көпір сияқты көрінеді. Ескерткіш салу идеясы да осындай кейінгі толқын – жастар арасындағы бір əңгімеде туындап, оны іскер азамат, «Оңтүстік-Жарық» мекемесінің президенті Нəби Айтжанов өз мойнына алыпты. Содан былай бастамашы жастар мен мектеп-лицей, қалалық əкімдік арасында тұрақты байланыс орнаған. Осы орайда айта кетер бір жай, Түркістан қаласы əкімінің орынбасары Ғани Рысбеков те бұл іске белсенді араласып, əкімдік тарапынан жан-жақты көмек болуына мүмкіндік жасапты.

Ескерткіш жобасын жасау белгілі мүсінші, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, профессор Азат Баярлинге тапсырылыпты. Бұған дейін де Сəкен, Қаныш сынды тұлғалардың ескерткішін жасаған Азат Қанбетұлы бұл іске ерекше ынтамен кірісіп, мүсінді Мəскеуде жасап əкеліпті. Осылай əңгімені бір қайырып тастаған Бекең өздерінің мектеп, училище қабырғасында жүргенде Абайды қалай оқып, жаттағандарын еске алды. Бүгінгі мектеп-лицей оқушыларының қай-қайсысы да Мағжан жырларын жатқа білуі тиіс деді. Алда келе жатқан ақынның 125 жылдық мерейтойына орай Жұмабаев шығармалары бойынша дəстүрлі байқау өткізу қажеттігі туралы ұсыныс айтып, ондай іс-шараға демеуші болуға дайын екенін, ал бүгін мектеп-лицейге арнайы компьютер əкелгенін жеткізді. Шəкірттерді кітаппен достасуға шақырды.

Ескерткіш-мүсіннің жамылғышы сыпырылғанда жұрт демдерін ішке тартып, тынып қалды. Қолына қалам, қағаз ұстаған жап-жас ақын бейнесі тас тұғырдан түсіп кетердей болып көрінді. Мүсіншінің шеберлігі, өнердің құдіреті деген осы ғой.

Жергілікті əнші-сазгер Сауранбек Елеуов

Мағжан ақынның «Түркістан» өлеңіне жазған əнін өзі орындап, оны тыңдаушылар жылы қабылдады. Мағжан атындағы мектеп-лицейдің бір топ шəкірттері ақын өлеңдерін жарыса оқыды. Бұрын да аты облысқа, республикаға танымал оқу ордасының осы оқиғадан соң төрт құбыласы түгелденгендей болып, абырой-беделі арта түсті.

Захардин ҚЫСТАУБАЙҰЛЫ.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *