ТҮРКІСТАННЫҢ ҚОС ЖҰЛДЫЗЫ ҚАТАР ЖАНҒАЛЫ ТҰР

Сұхбат
1 440 Views

Әліпбек ӨСЕРБАЕВ, Түркістан қаласының әкімі:

ТҮРКІСТАННЫҢ ҚОС ЖҰЛДЫЗЫ ҚАТАР ЖАНҒАЛЫ ТҰР

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың осыдан бір жыл бұрын жарық көрген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы қалың көпшілікке ерекше әсер еткені есімізде. Бұл мақаланы қазақстандықтар ғана емес, шетелдіктер де ден қоя оқып, тәуелсіз жас Қазақ елінің болашағы жарқын болатынына сеніммен қарай бастағаны да таза шындық.

Назарбаев кезекті рет әлемді аузына қаратты.

Иә, бір мақаланың өзі үлкен бір кітап-эпопеяның жүгін арқалап тұрғаны талассыз еді. Оны идеялар жинағы десе де жарасады. Тәуелсіздік жолына түскен жас ұлттық мемлекетте күнделікті әрі тиянақты, жан-жақты әрі терең жүргізілуі тиіс идеологияның оқулығы десе де артық емес. Түйіндеп айтқанда, Мәңгілік ел болуға ұмтылып отырған мемлекеттің ұзақ мерзімге арналған стратегиялық жоспары деген дұрыс болар.

Қалың көпшілік арасында кеңінен талқыланған мақала он-сан бастамалардың қайнарына айналды. Кең-байтақ қазақ даласында қайта жаңғыру қызу жүріп жатты. Тағы да ерекше атап айтарлығы – сол бүкілхалықтық жаңғырудың алдыңғы сапында әдеттегідей Елбасы жүрді. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы сырт көзге көріне бермейтін терең ойлар нақты іске айналып жатты. Соның бірі әрі бірегейі – Түркістан облысының құрылуы, әрине. Қазіргі, яғни бүгінгі күн биігінен қарасақ, Нұрсұлтан Әбішұлы бұл идеяны сабырмен, ыждағатпен көптен бері іске асырып келеді екен. Қазақстан тәуелсіздік алған тұста Бүкіл дүние жүзі қазақтарының тұңғыш құрылтайының Түркістанда өткізілуі осының бір мысалы дер едік. Халықаралық Қазақ-Түрік университетінің ашылуы ше! Көне шаһардың 1500 жылдығын атап өтер тұста оның дүр сілкініп, жасара, жаңара, жақсара түскені де тереңдегі идеяның бірте-бірте жүзеге аса бастауының куәсі ғой. Осылар сынды былайғы жұрт байқаған, бәлкім, байқамаған да талай-талай нақты істер атқарылыпты. ҚР Президенті Шымкент қаласын мегаполиске айналдыру туралы мәселені қашан көтеріп еді? Кеше ғана емес. Демек, бұл да ұлы, тарихи идеяны жүзеге асыру жолындағы дайындық болып шықпай ма.

Түркістан облысын құру идеясы түркі халықтарының әлемін қозғалысқа, серпіліске келтіріп отыр ма? Бұл идеяның шарапаты Азия мен Еуропаға ғана емес, Африка құрлығына да тиері талассыз. Кезінде «Түркі бірлігі» идеясын қызу қолдаған ақын Мағжан Жұмабаев «Түркістан – екі дүние есігі ғой, Түркістан – ер түріктің бесігі ғой» деп жырлаған еді. Сол шындыққа айналды. Тағы бір шындықтың жалпақ жұртқа жария болар күні де жақын сияқты. Ол – Түркістанның «Екінші Мекке» деген қасиетті, құрметті атқа лайық екенін дәлелдеу, яғни сол идеяны іске асыру. Сонда Түркі әлемінің де, әлем мұсылмандарының да назары Түркістанға ауады.

Жаңғырудың теориясына қатысты осындай-осындай жайларды еске алуға тура келеді. Ал практикасы қандай болмақ? Біз бүгін Түркістан қаласының әкімі Әліпбек Шәріпбекұлы Өсербаевпен осы туралы сұхбат құрғанды жөн көрдік.

– Құрметті Әліпбек Шәріпбекұлы! Сіз үшінші рет Түркістан қаласының әкімі қызметіне тағайындалдыңыз. Бұл заңды әрі табиғи шешім деп ойлаймыз. Себебі, бұл қаланың кешегісін де бүгінгісін де жақсы білесіз. Халқы таныс. Әлеуеті мен мүмкіндіктері де белгілі. Дегенмен, бұл бұрынғы Түркістан емес, басқа. Бағыт-бағдары да өзгеше емес пе. Көптен бері аудан орталығы дәрежесінен аспаған көне қала бірден облыс орталығына айналып шыға келді. Ендігі жерде мүлде жаңа, өзіндік бет-бейнесі бар, сонымен бірге көне шаһармен үндес, үйлесімді, жан-жақтан ағылып келетін туристерге жайлы әрі оларды таңдандыратындай заманауи қала салынуы қажет.

– Дұрыс айтасыз. Бұл жолы маған артылған міндеттің жүгі тым ауыр. Өйткені ендігі жерде, менің түсінігімше, Түркістанның қос жұлдызы қатар жануы керек. Біріншіден, ол Түркі әлемінің тарихи орталығы, сондай-ақ, рухани астана деген құрметті атауларын одан әрі бекіте түсуі тиіс. Екіншіден, жұрт бұл қаланы көптен бері «Екінші Мекке» деп атайды. Түркістанның осы атына да сай дамығаны жөн.

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қаланы дамыту мәселесіне көптен бері тұрақты және жан-жақты қолдау көрсетіп келеді. Түркістан қаласының облыс орталығына айналуы соның жарқын бір мысалы. Осы тарихи оқиғаға байланысты Н. Назарбаев халқының саны бір миллионға жеткен Шымкенттің Қазақстандағы ең ірі үш мегаполистің қатарына қосылғанын атап өтті. «Ал қазақ хандығы мен түркі әлемінің жүрегіне айналған Түркістан қаласы облыс орталығы болып бекітілді», – деді. Осы жақында ғана түркі тілдес мемлекеттер басшыларының кездесуінде де ол Түркістанның болашағы туралы ойларын ортаға салды. Ұлы Жібек жолының бойындағы көне қаланың үлкен өркениет орталығы екеніне тоқталды. Сондай-ақ, бұл тарихи оқиғаның Қазақстан аумағынан шығып, басқа бірқатар елдерге де әсері, тиімділігі болатынын ортаға салды:

«Жиырмасыншы ғасырдың басында қазақтың біртуар азаматтарының ел мүддесі үшін жүргізген саяси күресі де Түркістан атауымен тығыз байланысты болғанын білеміз. Шежірелі өлке мұсылмандар үшін де қасиетті болып саналады… Бұл қала Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан үлкен өркениет орталығы. Ол тек қазақ елінің ғана емес, бүкіл түркі жұртының зиярат жасайтын қастерлі орны. Оның рухани өмірінде Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің үлкен орны бар екенін білеміз. Тарихы терең Түркістанның туризм үшін де маңыздылығы ерекше. Қаланың тоғыз жолдың торабында орналасуы сыртқы және ішкі туристер мен жергілікті тұрғындар үшін өте қолайлы. Сондықтан Түркістан қай жағынан алсақ та, облыс орталығы болуға әбден лайық».

Елбасының тағы бір сөзі әрдайым есімізде тұрады. Ол: «Әрбір халық, әрбір тәуелсіз мемлекет өзінің рухани орталығын нақтылап алуы керек. Қазақстанның рухани орталығы Түркістан», – деген болатын.

– Жалпы, қай кезеңде де Түркістан ел назарынан тыс қалған емес. Әсіресе қазақ елі тәуелсіздік алғаннан кейін ол туристерді бұрынғыдан да көп тарта бастады. Жалпы бұл бағытта қалада біраз тәжірибе жинақталғаны белгілі.

– Шығыс пен батысты жалғастырып жатқан теміржол туристердің көптеп келуіне өте қолайлы. Бұның үстіне Батыс Қытай-Батыс Еуропа күре жолының пайдалануға берілуі көрші елдермен арадағы қарым-қатынасты бұрынғыдан да жақсартып, туристердің, әсіресе Әзірет Сұлтан кесенесіне зиярат етіп келуші мұсылмандардың саны еселене түсті.

Қожа Ахмет Яссауи кесенесі ЮНЕСКО мұраларының кесенесіне енген ерекше ескерткіш. Бұл ғимарат – өз заманындағы сәулет өнерінің жетістіктерін бойына молынан жинаған құрылыстардың бірі. Кесене және оның айналасындағы бірқатар тарихи орындар қайта қалпына келтіріліп, жұрт таңдана тамашалайтын әрі зиярат ететін үлкен кешен қатарға қосылған. Алда осы бағыттағы жұмыстар жалғаса береді. Жалпы, шетелдіктерге де, өз тұрғындарымызға да мақтанышпен көрсетуге тұратын тарихи мұраларымыз Түркістан мен оның айналасында көп-ақ. Бұл да келушілер үшін ыңғайлы. Көп жол жүрмей-ақ, талай-талай ғажайыптарды тамашалауға болады.

Түркістанның аты бұрыннан әлемге белгілі ғой. Ендігі міндеттердің бірі – сол атына сай затын қалыптастыру керек болып тұр. Бір сөзбен айтқанда, Түркістан туризмнің орталығына айналуы тиіс.

– Қазір бүкіл дүние жүзі қызыға қарап отырған Астананың қысқа мерзімде салынуы көз алдымызда өтті. Үлгі боларлық тәжірибе бар. Дегенмен, проблемалар да жоқ емес шығар. Жаңа істі бастау әрқашан да қиын ғой. Құрылысты бастау, оны ұзақ мерзімге лайықтап жоспарлау, жұмыс қарқынын бәсеңдететін облыстың барлық мекемелерді көшіріп әкелу, орналастыру оңай емес екені белгілі. Салмақтың Түркістан қаласы әкімдігіне түсетіні белгілі.

– Астана бізге, қазақстандықтарға ғана емес, көп мәселеде дүние жүзі елдеріне үлгі-өнеге көрсетіп келеді. Одан үйренеріміз көп. Жұмыс өте ауқымды, соған орай Елбасымыздан бастап Үкімет те, мемлекеттік органдар да, «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» да көмек қолдарын созып отыр. ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев жақында Түркістанға арнайы келіп, көші-қон мәселесіне орай арнайы кеңес өткізді. Сонда ол өңірді дамыту бойынша Президент қойған міндеттерді іске асыру үшін қажетті қаражатты толыққанды бөлетінін айтты. Премьер-министрдің бірінші орынбасары Асқар Маминнің төрағалығымен облысты дамыту перспективалары жөніндегі комиссия құрылған. Бір сөзбен айтқанда, бұл іске бүкіл Қазақстан атсалысып отыр десе де болады. Алайда, Сіз дұрыс айтып отырсыз, қала басшылығына үлкен жауапкершілік жүктеген. Әсіресе, құрылыс саласы өте қарқынды жүргізіліп отыр. Қаланың бұрын бекіткен Бас жоспары түбегейлі өзгереді. Сәулетшілер қаланы инфрақұрылымдық және инновациялық дамудың жобаларын әзірледі. Көп ұзамай Бас жоспардың тұжырымдамасы бекітілуі тиіс. Сондай-ақ Бас жоспардың өзін дайындауға байқау жарияланады. Басқаша айтқанда, бұл маңызды іске әлемге аты белгілі сәулетшілер тартылатын болады.

Енді сұрағыңыздың бір тармағы көші-қон мәселесіне қысқаша тоқталып өтейін. Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Республикасының әкімшілік аумақтық құрылысының кейбір мәселелері туралы» Жарлығына сәйкес Оңтүстік Қазақстан облысының әкімшілік орталығы Шымкенттен Түркістан қаласына көшіру бойынша тиісті жұмыстар тиянақты түрде, жоспарға сай жүргізілуде. Барлық мемлекеттік органдарды көшіру арнайы бекітілген жоспарға сәйкес жүзеге асырылып келеді. Алдымен Түркістан қаласына 27 жергілікті атқарушы орган көшіріледі. Бірінші кезеңде 842 адам немесе мемлекеттік қызметкерлердің 70 пайызы көшетін болады. Бүгінде 27 жергілікті атқарушы органның 22-сі қоныс аударды. Олардың қатарында ішкі саясат, сәулет, сәулет және қала құрылысы, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жер қатынастары, туризм және сыртқы байланыстар, кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму, тағы басқа басқармалар бар. Түркістанда олар үшін қажетті ғимараттар нақтыланған. Штат бірлігі 2569 адамды құрайтын 27 аумақтық орган 10103 шаршы метрлік ғимаратқа жайғасатын болады. 14 аумақтық органның өкілдері де Түркістанда қызмет көрсетуде. Олардың бәрінің толыққанды жұмыс істеуі үшін тиісті коммуникациялық және байланыс жүйелерімен қамтамасыз ету бойынша да жұмыс жүргізілуде. Тұрғын үйді қажет ететін мемлекеттік қызметкерлер тиісті мөлшерде жатақханалармен қамтылған. Көршілес Кентау қаласынан да жайлы жатақханалар берілген. Қысқасы, жаңа облыс орталығына көшіп келушілер үшін барлық қолайлы жағдай жасалып отыр. Енді олар алаңсыз жұмыс істей беретін болады.

– Қала басшылығы бүгінгі таңда тек көші-қон проблемасымен ғана айналысып отырмағаны анық. Халық шаруашылығының барлық саласында жоспарлы жұмыстар жүргізіліп жатыр, әрине. Күнделікті атқарылар жұмыстар да шаш-етектен.

– Үстіміздегі жылдың 6 айында қаланың жалпы өңірлік өнімі 47 937,2 млн. теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 3,4 пайызға артты. Оның ішінде өнеркәсіп саласына 15,2 пайыз, ауыл шаруашылық саласына 23 пайыз, орындалған құрылыс жұмыстарына 10,7 пайыз тауар айналымы және қызметтерді өткізу көлеміне 51,1 пайызы тиесілі. Халықтың жан басына шаққандағы ЖӨӨ 181,2 мың теңгені құрайды.

Үстіміздегі жылдың 6 айында өнеркәсiп өнiмінің көлемi 7306,2 млн. теңгенi құрап, өткен жылдың есептік мерзімімен салыстырғанда нақты көлем индексi 107,2 пайызға артты.

Өнеркәсіп саласын жетілдіру мақсатында шаһарымыздың батыс бөлігінен 40 гектар. жерге индустриалды аймақ құрылып, 847 млн. теңгеге инфрақұрылым жүйелері жүргізілген. Осы аймақта жалпы құны 11028,1 млн. теңгеге 14 жоба орналасып, 720 жұмыс орнын ашу көзделген болса, бүгінгі таңға мұнда 6 кәсіпорын мемлекеттік қабылдаудан өтіп, 238 жұмыс орны ашылды. Нәтижесінде 1,3 млрд. теңге инвестиция тартылды. Қазір бұл аймақта құрылысқа қажетті түрлі өнімдер мен жиһаз өнімдері шығарылуда.

Ауыл шаруашылығын өркендету, инновациялық технологияларды ендіру, соның бір басым бағыты ретінде жылыжай салып, бақша, көкөніс өнімдерін еселеп арттыру, жерді тиімді игеру, осы арқылы көрші елдердің көкөніс импортынан арылу мәселелері жолға қойылуда.

Жылыжай кешені – отандық ауыл шаруашылық өндірісінің бір саласы болып саналады. Жеміс-көкөніс өнімдерінің өндіріс көлемін арттыру мақсатында жылыжай шаруашылықтарының қатарын көбейтіп, осы бағыттардағы жобаларды қаржыландыру жүзеге асырылуда. Жылыжай кешенін дамыту күнгейде жақсы жолға қойылған. Соның ішінде ауа райы жазды күндері ыстық, қысы аса қатты бола бермейтін Түркістан қаласы мен оның елді мекендерінде жыл он екі ай көкөніске қолжетімділікті қалыптастыру үшін жылыжайлар жұмысын жандандыру жүйелі жүргізіліп келеді.

Қала аумағында бүгінгі таңда жалпы көлемі 73,43 гектарды құрайтын 570 жылыжай бар. Ағымдығы жылдың 6 айында 8,06 гектар жылыжай салынды. Жылыжайдан І айналымда 2107,5 тонна өнім алынды, оның ішінде қызанақ 1016,9 тонна, қияр 969,3 тонна, тәтті бұрыш 121,3 тонна. Қазіргі таңда барлық жылыжайлардың өнімі толығымен алынып, жылдың екінші жартысындағы өнімділікке дайындық жұмыстары жасалуда.

«Гранд микс» мекемесі еліміздегі ең таңдаулы жиһаз өнімдерін шығарып жатыр. Бұл цех жылына 4 түрлі (асхана, жатын бөлме жиһаздары, бұрыштама, шифонер) жиһаздың 24 мың данасын шығаруға мүмкіндігі бар. 1,5-2 млрд. қаржының өнімін шығарады Қазірдің өзінде еліміздің 14 облысына өнімдерін жіберуде. Сұраныс уақыт талабына сай өсу үстінде. Бұл жобаның бірінші кезеңінің құны 200 млн. теңге. Мұнда 150-ден астам жұмысшы жұмыс жасайды. 2019 жылы екінші кезеңі іске қосылғанда жұмысшылардың қатары арта түсетін болады.

Жұмыртқа өндіру бағытында жұмысын жүргізіп жатқан «Яссы» құс фермасында күніне 16 мың дана жұмыртқа өндірілсе, жылына 3-3,5 млн жұмыртқаны нарыққа шығаруда. Үстіміздегі жылы құс фермасының 2 кезеңіне құрылысына 30 млн. теңге қаржы жұмсалып, 76 млн. теңгеге шетелдік құрал-жабдықтар орнатылды. Бүгінде құс фермасының 2-кезеңі толығымен іске қосылды.

Түркістан қаласында 2016 жылы құрылысы қолға алынған түйе және бие сүтінен құрғақ сүт өнімдерін шығаратын «Golden Сamel group LTD» ЖШС жуырда іске қосылмақ.

Жылына 2500 тонна құрғақ сүт өндіретін жобаның құны 7 млрд. 450 млн. теңгені құрайды.

Аталған кәсіпорын іске қосылғанда 100-ге жуық жұмысшылар жергілікті тұрғындардан алынатын болады. Сонымен қатар Түркістан облысына қарасты барлық аудан, қалалардың түйе шаруашылықтарынан шикізат алу көзделіп отыр. Бұл кәсіпорын өнімдері негізінен Қытай мен Еуропа елдеріне экспортталады.

Кәсіпорын басшысы Янг Джи мырзаның айтуына қарағанда кәсіпорында сүттің құрғақ таблеткалы түрлері мен косметикалық құралдар және алдағы уақытта түйе етінен консервілер шығаруды жоспарлап отыр. Янг Джи мырза Түркістандағы түйе кластерін дамытуға, келешекте 5 кәсіпорын салуға шешім қабылдағанын мәлім етті.

– Жаңа облыс орталығының келешектегі келбеті, яғни абаттандыру мен коммуналдық жүйесі жөніндегі жұмыстарға тоқталып өтсеңіз?

– Түркістан қаласын абаттандыру жұмыстары бір сәтке де толастамайтын болады. Себебі қала тұрғындары және келетін қонақтар бірінші кезекте жайлылықты сезінулері қажет. Осы бағытта барлық мүмкіндіктерді қарастырып, жұмыс жүргізіп келеміз. Қаламызда демалыс орындары мен көпшілік тамашалайтын көрікті нысандардың қатарын көбейту мақсатында өткен жылдың өзінде «Түркі бағы», «Рәміздер алаңы» халық игілігіне пайдалануға берілсе, ал 1-ші және 2-ші шағын аудандардағы көпқабатты үйлердегі 12 аулаға балалар алаңшасы, 6 аулаға аула тренажерлары мен воркаут орналастырылды. Қазіргі таңда «Парасат» бауы абаттандырылуда, оны соңғы үлгіге сай демалыс орнына айналдырып, жақында пайдалануға берілетін болады.

Сонымен қатар биылғы жылдың 6 айында бес көше абаттандырылып, «Жеңіс» саябағы күрделі жөндеуден өткізілді. Шаһар ішіндегі бірқатар орталық көшелерде жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында көше қиылыстарына бағдаршамдар орнатылды. Түркістан қаласы және елді мекендер бойынша ауыз сумен қамтылған адамдар саны 236209 жетіп, тұрғындардың орталықтандырылған ауыз сумен жабдықтауға қол жетімділігінің деңгейі 90 пайызды құрады. Биылғы жылы Шойтөбе, Ескі Сауран, Қаражон, Шаға елді мекендерінің тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілді.

Өңірдегі өзекті мәселені шешудегі игі істің бірі – тұрғындарды табиғи газбен қамту жұмыстары да күн тәртібінен түскен жоқ. Бұған дейін 7 мың 500 абонентке тартылған газ жүйелерін жекелеген үйлерге қосу шаралары атқарылған болатын. Жалпы қаланы «көгілдір отынмен» толық қамтамасыз ету 3 кезеңмен жүзеге асырылады. Бүгінгі таңда бірінші кезең іске асырылды.

Сұхбаттасқан Қуанышбек БОТАБЕК.

Бүгінде Түркістанда тіршілік қайнап жатыр. Премьер-министрден бастап министрлерді де, депутаттарды да күнде дерлік көру үйреншікті жайға айналған. «Күлтөбенің басында күнде жиын» деген сөз де қайта жанданған. Қалалық, облыстық жиындар, іс-шаралар бірінен соң бірі өтіп жатады. Негізінен Әзірет Сұлтан кесенесінің айналасына шоғырланған шағын қала қанатын кеңге сермей бастапты. Көне Түркістанмен бірге кешегі социализм туындысы саналатын жас Кентау да қайта дәуірлей түсуде. Ол да серіктес қала ретінде жанданып келеді. Бұрын да демографиялық өсімі жақсы көне қаланың тұрғындары ендігі жерде жаңа, жоғары қарқынмен тез өсетіні көрініп тұр. Кеше көрген көшеңді бүгін танымай, таңданып қаласың…

Осынау қазандай бұрқ-сарқ қайнаған, қарбалас, тарихи он-сан тірліктің ортасында біздің сұхбаттасымыз Әліпбек Шәріпбекұлы да жүр. Жай, қызықтап, тамашалап жүрген жоқ, жаңарып, түлеп, жарқын болашаққа сеніммен қадам басқан Түркістанның заманға сай дәуірлеуіне өзіндік үлес қосып жүр…     

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *