Сәкен МАЙҒАЗИЕВ: «ЕҢ БАСТЫ МАҚСАТ – ЕЛДІҢ РУХЫН КӨТЕРУ»

мәдениет Сұхбат
982 Views

Өз алдына егемендігін алып өтпелі кезеңді басынан өткізген Тәуелсіз Қазақстан бүгіндеэкономикасы өркендеп, болашаққа нық қадам басып келеді. Қазақстан РеспубликасыТұңғыш Президенті — Елбасымыз «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» аттымақаласында рухани жаңғырудың мақсаты мен маңызын айқындап берді. Осыбағдарламалық мақаласында ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса ешқандайжаңғыру болмайтынын және туған жерге оның мәдениеті мен салт-дәстүрлерінеайрықша атсалысу, шынайы патриотизмнің көрінісі екенін айтты. Шынымен демәдениет – қоғам келбетінің айнасы. Өнер мен мәдениет егіз ұғым. Бір-бірінсізжетімсіреп тұратындай. Мәдениеттің мәйегі өнер арқылы дәріптеліп, халықтыңқұлағына жетіп жатады. Қай кезеңде де қай елде болмасын мәдениет пен өнер –халықтың рухани болмысының айнасы, бағдарлы болашағының бастауы. Мәдениеттіңөсуі – елдің өсуі, ұлттың өсуі. Тәуелсіздігіне тәубе етіп, Мәңгілік Ел болуды мұрат тұтқан халқымыздың рухани бай дүниесінің өлшемі мен өресі де осы мәдениетпен өнер шоқтығында жатыр.

Өркениетке қол созған еліміз үшін экономикалық өсіммен қатар елдің рухани бай құндылықтарын да дамыту мәселесі қолға алынды. Заманауи жабдықталған мәдениет ошақтары салынып, ел игілігіне берілді, түрлі бағдарлама негізінде елдің мәдени білімін тереңдету, ең бастысы ел дамуы үшін мәдениеттің де озық деңгейде дамуы қарастырылды. Осы орайда, төскейінде берекенің қазаны қайнаған, босағасына бақ пен береке ұялаған, ақындық пен жыраулықтың ақ бесігі саналған қасиетті Шымкент шаһарында да мәдениет пен өнерді дамыту саласында атқарылып жатқан игі істер – ұлттық дәстүрді дамыту, өнер мен мәдениеттің өмірмен өзектестігін бағамдау, өнерді өнеге тұтқан елдің рухани дүниесін байыту мақсаттарын көздейді. Рухани құндылық, яғни адами асқақ рух бар жерде кез келген тығырықтан шығуға болады. Өнері өркендеп, мәдениеті гүлденген рухы мықты елдің қашан да келешегі жарқын.

Өздеріңізге белгілі, 2020 жылғы 23 желтоқсан күні Шымкент қаласы мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы басшысының міндетін атқарушы Есенова Ханзада Әзімханқызының өкімімен «Шымкент қалалық мәдениет үйі» концерттік ұйымы» МКҚК директорының міндетін атқарушысы болып Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы марапаттарының иегері – Майғазиев Сәкен Қордабайұлы тағайындалған болатын. Олай болса, халықтың рухани айнасы мәдениет пен өнер саласында қандай жаңалықтар бар? Ұлыстың ұлы күні мерекесі қарсаңында «Шымкент қалалық мәдениет үйі» концерттік ұйымы» МКҚК басшысы Майғазиев Сәкен Қордабайұлымен арнайы сұх­бат­тасып, ой бөлісуді жөн көрдік.

– Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов: “Шымкентті шын мәнінде республикалық қалаға айналдыру үшін шаһарымызда республика деңгейінде еңбек етіп жүрген азаматтар жұмыс істеуі керек”, – деген еді. Сіздің туған жерге келудегі негізгі мақсатыңыз қандайболды?

– Ең біріншіден елге келіп, қуанып жатырмыз. «Туған жерге туың тік» дегендей, мұнда келген негізгі мақсатым – ынтамен, жан-тәніммен жұмыс жасау, елге адал қызмет ету. Әйтсе де, ешкім жылы орынын суытқысы келмейді. Менің студенттік кезеңім, яғни 1992 жылдан бастап, мектепті бітірген сәттен бері арайлы Алматы қаласында өсіп-өніп, қанатымды кеңге жайғанмын. Тау-тасына, әрбір қабырғасына дейін білетін азаматтардың бірімін. Маған Нұр-Сұлтан, Шымкент қаласынан гөрі Алматы қаласы етене таныс. Қай бұрышында қалып кетсем де адаспайтыным анық. Мұнымен айтпағым, үйреніп қалған жерден орын ауыстыру маған да оңай болған жоқ. Десек те, елге қызмет жасайық деп келіп қалған жайымыз бар. «Шымкент қалалық Мәдениет тілдерді дамыту және архивтер» басқармасының басшысы Ханзада Әзімханқызы ұсыныс жасаған кезде алғашқыда мен де таң қалдым. Бірақ ол кісі: «Мен де елге келдім, егер елге жаныңыз ашыса, Елбасымыздың ат қойып, айдар тағып миллиондық мегаполис атаған Шымкент қаласына, қасиетті Түркістанды облыс орталығы етіп түлетіп жатқанына тамшыдай болса да үлесімді қосамын десеңіз, онда келіңіз», — деп кереметтей етіп түсіндіріп айтқан сәтте шынымды айтайын тебіреніп кеттім. Санамда неге келмеске деген ой туындады. Америка, Корея, Жапония, Қытай сынды алып елдерде, тіпті барлық Еуропа, Азия елдерінің әрбірінде ірі қалалары бар. Неге бізде Нұр-Сұлтан мен Алматы ғана ірі қала болуы қажет? Шынында миллиондық қала деген атымызға затымыз сай болсын деген ниет болды. Мен дүниені қопарып жіберемін деп айта алмаймын, әйтсе де шамамның келгенінше үлесімді қосайын деген ізгі ниетте болдым. Жалпы айтқанда, «Кіндік қаның тамған жерге, Ащы терің тамсын» дейді ғой дана халқымыз. Сол ұстаныммен келдім. Ұсыныс түскен кезде алдымен анама хабарластым. Анам әрине, «Маған бір қадам болса да жақындадың», — деп қуанышын жеткізді. Ол кісі Созақ жерінен, яғни шаңырақтан кеткісі келмейді. Сонымен, анамның ақ батасын алғаннан кейін, қабырғаммен кеңесіп, ақылшылармен ақылдасып осындай маңызды шешімге тоқталдым. Ең басты мақсаттардың бірі – елдің рухын көтеру. Аллаға шүкір, еліміз тыныш. Осы тұрғыда, елдің атқа мінер азаматтары мен халық қалаулыларына алғысымды айтамын. Осынша халықты басқару оңай емес. Тіпті осы біздің «Шымкент қалалық Мәдениет үйі» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнының өзінде 225-ке жуық азамат жұмыс жасайды. Соның барлығының бабын табу, қас-қабағына қарау, бір жүйеге қою оңай іс емес. Ал енді мемлекет басқарудың, басқа да үлкен ірі қаланы немесе облысты басқарудың қаншалықты қиын екенін мен түсінемін. «Өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай» жұмыс жасау екінің бірінің қолынан келе бермейтін дүние. Ең бастысы өзіміздің «Ата Заңымызда» жазылғандай ең басты құндылығымыз – халық, яғни адам құқығы болғандықтан, адамдардың рухын көтергіміз келеді. Мәдениет саласында қызмет атқарып жүргендіктен, өзім түсінбейтін салаға аяқ басқан жоқпын. Маған қатысы жоқ іске мұрнымды тыққан емеспін. Құрылыс, сот немесе басқа да қызмет саласына емес, өзім етене таныс мәдениет сферасында қызмет атқарып жүргендіктен халықтың рухын асқақтатып, көңіл-күйін көтерсек деген ізгі ой. Алда Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз келе жатыр. «Көкке аузымыздың жетіп, ары қарай бәрі жақсы болғаны, қиындықтардың артта қалып, рухымыз көтеріліп, дәстүрлі қалыпқа түссек деген мақсат, арман көкейде сайрап тұр. Сол бағытта жұмыстар жасайтын боламыз.

– Алдағы Ұлыстың Ұлы күні мерекесіне байланысты жоспарларыңызбен бөліссеңіз.

– Ұлыстың ұлы күніне орай, «МузАрт» тобының 20 жылдық мерейтойы тұспа-тұс келе жатыр. Алдағы уақытта Мейрамбек Беспаевпен біріккен түрде бір үлкен телевизиялық жоба жасағалы жатырмыз. Бұл бастама Ақпарат, Мәдениет министрлігінен де қолдау тауып отыр. Аида Ғалымқызы Балаева, Ақтоты Рахматуллақызы Райымқұлова ханым да хабарласып не көмек, 20 жылдыққа не істесек болады? «МузАрт» секілді топ жиі кезіге бермейді, — деп өздерінің жанашырлығын, тыңдарман, талғамы биік көрермен ретінде, тек қана мемлекеттік қызметкер ретінде емес, шығармашылықтың, халықтың жанашыры ретінде бізге ерекше ықыласын білдіріп жатқаны қатты қуантады. Біздің 10 жылдық мерейтойымызда Елбасымыз өз қолымен құттықтау жазып берген болатын. Ал Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың да бізге деген оң ықыласын жақсы білеміз. Үлкен шаралардың бірі – «МузАрт» тобының 20 жылдығы Шымкент шаһарынан басталуының өзі қала тарихында да, «МузАрт» тобының тарихында да есте қаларлық дүние болғалы тұр. Шымкент қаласында Наурызда пандемияны артқа тастап, қиындықты еңсергеннен кейін осындай керемет күндер басталып еді деп айтып жүрсек нұр үстіне нұр болар еді деген ниеттеміз. Енді әрине, барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып, халықтың санын белгіленген тәртіпке сәйкес етіп, 30 пайыз халық ара қашықтықты сақтап отыратын болады. Санитарлық талаптарды сақтай отырып, кешті жоғары деңгейде өткізсек деген ниет бар. Әлемді жайлаған дерттің әсерінен еліміз де шаршады. 6 наурыз күні әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға, көп балалы аналарға, әжелерімізге арнап біздің ұйым тегін концерт берген болатын. Бұл ұсынысты Ханзада Әзімханқызына тастаған едік. Мәдениет басқармасының бастығы қала әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан мырзаға хабарласып, ұсыныс оң қолдауын тапты. Сол аналардың көңіл-күйі көтерілсе, бәрі жақсы болады, яғни «Әйел бақытты болса, Әлем бақытты» дейді ғой. Аналарымызды қуанту мақсатында тегін концерттер өткіздік. Оны ішкі саясат басқармасымен ақылдаса отырып, әрине әкімдікте мұндай жағдайдағы азаматшалардың барлығының тізімі бар. Сол тізімге сүйене отырып, мерекеге шақырып жақсы, жылулыққа толы керемет кеш сыйладық. Оның өзі халықтың рухын бір көтеріп тастағаны анық. «Жығылғанға жұдырық» болмай, «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен аладының» кебін кимей елге серпін берейік, қуаныш сыйлайық деген ізгі ниеттің арқасы. Осы орайда, ең алдымен Елбасымызға алғыс айтқым келеді. Түркістанды түлетуінің өзі үлкен тарих. Соның қабырғасының бір кірпішін қалауға, ең құрығанда мәдениет саласына септігіміз тиіп еді деп айтып жүрсек керемет. Алда Саммит өткелі жатыр. Қаншама елдің Президенттері келетін болады. Соның барлығына біздің өнерпаздарымыз қазақылығын, салтын, дәстүрін, ұлттық нақыштағы киім үлгісін көрсетіп жатса құба-құп. Шынында елдің елдігін айқындап тұратын оның салты, дәстүрі, тілі, ділі, діні және мәдениеті ғой. Осы тұрғыда өзімізге жүктелген міндет те жеңіл емес. Соның бәрін өте жоғары дәрежеде еңсеріп шығамыз деген ойдамыз. Жуырда бір үлкен көрсетілім, қаралым, тыңдалым өтті. Аттестацияға дейін бізде әлі уақыт бар. Сонда да болса, мен қызметке жаңадан тағайындалғаннан кейін ұжыммен танысу мақсатында, олардың кәсіби деңгейі қаншалықты екенін білу ниетінде Алтынбек Қоразбаевты этно-фольклорлы ансамбль жасақтауға дәстүрлі музыканы дәріптеп жүрген азамат ретінде ұжымның қандай мүмкіндіктері бар, қандай мамандықты бітіріп, құжаты жағынан барлығы заңды жұмыс атқарып жатыр ма деген сынды тексеруден өткіздім. Сонымен қатар, би жанры бойынша Нұр-Сұлтан қаласындағы үлкен балет академиясының көркемдік жетекшісі бидің қыр-сырын анық білетін А.Тұрсынбайқызын арнайы шақырттым. Ол кісі ұжымдағы барша бишілерді зерттеп шықты. Біздің «Қазына» және «Шаттық» би тобын қатты ұнатты. Оның ішінде Зәуре Бекембайқызы «Қазына» би тобын басқаратын керемет азаматша. Сол көркемдік жетекшімізге де сырттай қанық екенін білдірді. Шымкентте тұрса да, республикалық деңгейде есімі таныс азаматшалар екен. Надежда Антонқызы «Шаттық» би тобын басқарады. Алила Алишева сынды үлкен академия маманының біздің қызметкерлерімізді тануы мені өте қуантты. Неге десеңіздер республикалық деңгейде бой көрсетіп, жүлделі орындарды иемденіп жүрген би тобымен осы ұжымда бірге жұмыс жасап жатырмыз. Соның барлығын алыс-жақын шет елдерге таныту мақсатында ЮНЕСКО-ның үлкен жобаларында бой көрсетсек деген ниет бар. Мен өз өнерпаздарымызбен мақтанамын. Кереметтей үздік жезтаңдай әншілеріміз де бар. Соның баршасы халыққа қызмет атқарса, қуантуға сеп болса, пайдамыз тисе деген арман, мақсатпен келеміз.

– Алдағы мерекелі күнге орай халыққа, газет оқырмандарына айтар тілегіңіз де бар шығар…

– Алла Наурыз айының 22-23 жұлдызы күндері «МузАрт» тобының 20 жылдық мерейтойында амандықта жүздесуді жазсын. Не шықса да ең алдымен Шымкенттен шығады дейді ғой, тек жақсылық шықсын. Осы орайда, «Мақтаншақ болып барамын» деген ән еске түсіп отырғаны. Неге мақтанбасқа? «Өзін өзі мақтаған өгіз ақымақ» дейді, әйтсе де мен өзімнің 20 жылдық тарихы бар «МузАрттай» топтың мүшесі екенімді мақтан тұтамын. Сол себепті, аталған мерейтойдың Шымкент қаласы «Түркістан сарайы» мәдениет үйінен басталуының өзі мені қуантып отыр. Алла сол күнге жеткізсін. Санитарлық талаптар қатаң түрде сақталатын болады. Билеттерді шектеп сатқанның өзінде қазіргі уақытта халық жапа тармағай алып кетіп жатыр. Сақтық шаралары түгел ескеріледі. Міндетті түрде бетперде тағылып, ара қашықтық сақталады, дене қызуы өлшенеді, дезинфекциялық құралдар болады. Келіп, көріп, тамашалаңыздар! Осы ретте мәдениет саласының дамуына, жан-жақты қызмет жасауына қолдау көрсетіп келе жатқан қала әкімдігіне, өнер сүйер ағайынға барша мәдениет саласы қызметкерлері атынан зор алғысымды білдіремін! Қала әкімі Мұрат Әйтенов, орынбасары Шыңғыс Мұқан мырзаларға және Ханзада Есенова ханымға рақмет айтамын. Мерекелі, берекелі күндеріміз көп болсын, бейбіт елде баянды ғұмыр кешейік!

Көпшілік газет-журнал оқымайтын заманда қолға алғаннан кейін ары қарай өзің сүйреп алып кететін шығармалар болады. Бірінші азат жолдан бастап оқысаң оқиғаның қай жерде, қай жыл мезгілінде болып жатқанын, үйдің ішінде қанша адам, қандай көңіл-күйде, қандай атмосферада отырғанын бірден ұғына кететін кітаптар болады. «Әділет» газетін мен өз басым сондай газеттердің бірі деп есептеймін. Әділеттіліктің жолында талмай, тынбай дамып, өрлей беріңіздер. Ғаламтор белең алған заманда да оқырмандарыңыз көбейіп жатыр. Соның барлығы жақсылықтың, игіліктің бастауы болсын. Әділетті өмір сүрейік!

– Сізге, Сіз басқарып отырған мәдениет ұжымына табыс тілейміз. Мазмұнды әңгімеңізге көп рақмет!

Сұхбаттасқан,

Аягөз ДҮЙСЕНБАЕВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *