ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ ХАЛЫҚ АЛДЫНДА ЕСЕП БЕРДІ

Билік
1 074 Views

Түркістан облысының әкімі Ж.Қ Түймебаев 2018 жылы атқарылған жұмыстар бойынша халық алдында қорытынды есеп берді.Түркістан қаласындағы халықаралық Қ.А.Ясауи атындағы қазақ-түрік университетінің мәжіліс залында өткен жиынға ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, облыстық мәслихат депутаттары мен зиялы қауым өкілдері және көкейдегі сауалдарын қоюға келген облыс тұрғындары қатысты. Бұдан бөлек әкімнің жылдық есебін бес мыңнан астам адам селекторлық режимде және әлеуметтік желілерде тікелей эфирде тыңдады.

Жансейіт Қансейітұлы өз баяндамасында «Түркістан облысы халқының әл-ауқатын арттыратын экономикалық жүйеміздің даму бағыты қандай болмақ? Әл-ауқатты арттыру мақсатында тұрғындарға қызмет көрсететін инфрақұрылымды қалай дамытамыз? Өркениет заманында Түркістан облысында адам капиталын заманауи үлгіде қалай қалыптастырамыз?» деген сұрақтар төңірегінде ой қозғады. Өткен жылы тарихи шешім қабылданып, жаңадан Түркістан облысы құрылғанын, бұл басқосудың облыстың жаңа орталығы – Түркістан қаласында тұңғыш рет өтіп отырғанын атап өтті. Сонымен бірге, Сарыағаш және Мақтаарал аудандарының бөлініп, Келес пен Жетісай аудандарының құрылуы ел әлеуетін көтеру үшін маңызды болғанын жеткізді. Өңір басшысы Түркістан облысы экономикасының негізгі сүйреуші салалары өнеркәсіп, кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы және туризм екеніне тоқталып, осы бағытта ауқымды жұмыстар жүргізілетінін мәлімдеді.

Баяндамадан кейінгі жарыссөзге шыққан азаматтар Түркістанда мектептерді көбейту, жас мамандарға пәтер беру, Түркістанның жасыл белдеуін молайту жөніндегі ұсыныстарын айта келе әкім есебін оң бағалады. Мәжіліс барысында залдан сұрақ қоюшы азаматтарға да кезек берілді. Тұрғындардың дені коммуналдық шаруашылық, транспорт, тұрғын үй алу, жұмыспен қамту, жол салу және өзге де мәселелер төңірегінде сұрақтарын қойды. Әрбір сұрақты мұқият тыңдап, жауап берген Ж.Қ.Түймебаев тұрғындардың ұсыныстары мен шағымдары назарға алынатынын айтты.

«Елбасымыздың Түркістан өңіріне деген қолдауын жақсы білесіздер. Қазір ауқымды жұмыстар жүргізілуде. «Не шықса да Оңтүстіктен шығады» деген тәмсілге ұқсас сөз бар. Өңіріміздің шынайы өмірімен етене таныс адам ол сөзді облыс халқының еңбекқорлығы мен тапқырлығына деген ризашылықпен, сүйіспеншілікпен айтады. Осы жасампаздық қуатты дұрыс арнаға бұра білсек, Түркістан облысын бірге түлететін боламыз», – деді әкім.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *