БАҚЫТЖАН – БҮГІНГІНІҢ БАТЫРЫ!

Қоғам
996 Views

Бақытжан Құдайқұлұлының бүгінгі ерлігі – ертеңгі өскелең ұрпаққа өнеге. Он үшінде көзсіз батырлыққа бойұсынған бала батырымыз ерлік жасады. Шымкент қаласындағы «Құрсай» шағын ауданындағы Жаңақұрылыс көшесінде күндізгі сағат 10.40 шамасында «времянка» жанып кеткен. Оқиға орнында өртке оранған үйдің қызы жүгіріп шығып, көршісі Бақытжаннан көмек сұраған. Жаттығу барысында қолы сынған жас өреннің ойлануға уақыты болмаған. Жарақаттың ауырсынғаны қарамастан Бақытжан Құдайқұлұлы тілсіз жауға қарсы жүгіре үйге кіріп кетіп, үш және бес жастағы қос бүлдіршінді сол қолымен алып шығады. Өрт кезінде өзге нәрсені ойлауға шамасы болмаған батырымыз екі періштенің өмірін аман алып қалды.

Төтенше жағдайлар департаменті өртті дер кезінде ауыздықтаған соң Бақытжан баламызды арнайы шақырып, Алғыс хатпен марапаттады. Он үштегі ұлымыз осы тұста қайсарлығы мен ерлігін елге танытқаны – қуантарлық жайт. Жалпы, кеудесін соғыс кезінде оққа тосқан қаншама ерлеріміз іспеттес өшпес із қалдырғаны көз қуантады. Көздерінен ұшқын атқан бозбаланың бірбеткейлігі мен қайсарлығы екі жанның, екі бүлдіршіннің өмірінің жалғасына сеп болды. Ақпан айында Астанада орын алған қайғылы қаза күні бүгінге дейін көз алдымызда. Абырой болғанда жалындаған жас жүрегі от-жалынға қарай жүгірген жас батыр – Бақытжанның ерлігінің арқасында от құрсауынан жас құлыншақтарымыз дін аман қалды.

Құрсайдағы №49 жалпы орта мектеп директоры мен ондағы оқушылардың қуанышында шек жоқ. Аталмыш мектептің сегізінші сыныбында оқитын Бақытжанға Шымкент қаласының білім басқармасы басшысы Ақерке Абылайхан арнайы барып, ілтипат білдірді. Мектеп басшысы мен БАҚ өкілдері жиналған білім ордасында Бақытжан Құдайқұлұлы Беркінбайға басқарма атынан Алғыс хат табысталды. Сонымен қатар ержүрек балаға ноутбук те сыйға тартылды. Бұған қоса, Ақмола облысына қарасты Бурабайда орын тепкен «Балдәурен» демалыс орнына жолдама табысталды. Әрине, өмірін қиюға дайын болған бозбалаға бұл аз ғана құрмет екені анық. Бұдан да зор марапаттарға лайық екені ақиқат. Алдағы уақытта біз Бақытжандай батырымыздың батылдығы үшін алатын төсбелгіні биліктегі шенеуніктердің еншісіне қалдырайық. Ал, біз өз тарапымыздан жас батырға тезірек сауығып кетуіне ниеттестік білдіріп, жарқын болашағына сәттілік тілеп қала береміз.

«Әділет — ақпарат».

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *