ТҮРКІСТАНДА АЗЫҚ-ТҮЛІК ТАУАРЫНЫҢ ҚОРЫ ЖЕТКІЛІКТІ
Түркістан облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы тұрақты зерделеніп, бақылауға алынған. Соңғы статистикалықмәліметке сәйкес Түркістан қаласында тауық еті, қырыққабат, сәбіз және құмшекербағасының өсуі байқалған. Ал қалған 13 тауар (нан, рожки, қарақұмық, картоп, күнбағысмайы, сары май, пияз, күріш, жұмыртқа, айран, сүзбе, сиыр еті, тұз) бойыншажағдай тұрақты. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіхабарлады.
Өңірге құмшекер толығымен импортталады. Қазіргі таңда «Айналым схемасы» бойынша кәсіпкерлік субъектілеріне берілген, 138 тонна қоры бар. Әлеуметтік дүкендер мен сауда орындарындағы әлеуметтік бұрыштарда килосы 315 теңгеден сатылуда. Қырыққабаттың «Айналым схемасы» бойынша кәсіпкерлік субъектілеріне берілген қарыздар есебінен 246 тонна қоры бар. Әлеуметтік дүкендер мен сауда орындарындағы әлеуметтік бұрыштарда килограммы – 110 теңге. Сәбіздің тұрақтандыру қорында 875 тонна қоры бар, әлеуметтік дүкендер мен сауда орындарындағы әлеуметтік бұрыштарда килограммы 100 теңгеден саудаланып жатыр. Тауық етінің «Айналым схемасы» бойынша кәсіпкерлік субъектілеріне берілген қарыздар есебінен 196,8 тонна қоры бар, әлеуметтік дүкендер мен сауда орындарындағы әлеуметтік бұрыштарда килограммы 870 теңгеден сатылуда.
Монополияға қарсы реттеу шеңберінде монополияға қарсы комплаенстің 13 сыртқы актісі түзілді. Оның ішінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары өндірушілермен түзілгені – 6. Сонымен қатар «Алтын бұлақ» және барлық базар иелерімен жалға беру орындарының ақысын көтермеу бойынша комплаенс түзілді. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сатуды жүзеге асыратын сауда нүктелерімен түзілгені – 7. Сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының негізсіз өсуінің алдын алу мақсатында ірі сауда орындары мен дүкендер және әмбебап базарлармен облыс көлемінде 1 098 меморандум жасалған.
ЖАҢА ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ СТАНЦИЯСЫ САЛЫНДЫ
Түркістан қаласында жақында 25 бригадаға арналған облыстық жедел көмек станциясы пайдалануға беріледі.
Мұнда кардиологиялық, педиатриялық, реанимациялық-хирургиялық, неврологиялық, психиатриялық, токсикологиялық бригадалар болады. Жақында ашылатын орталықта ересектер мен балаларға тәулік бойы тегін жедел және шұғыл медициналық көмек көрсетіледі. Жедел жәрдем станциясы жылына 70 мың шақыруға шыға алады.
Түркістан облысының әкімдігі мен «Қазақстандық-Француздық «КАТКО» бірлескен кәсіпорны» ЖШС салып жатқан жедел көмек станциясында әкімшілік-тұрмыстық корпус, орталық зарарсыздандыру бөлімшесі ғимараты мен кір жуатын орын, 25 арнайы медициналық көлікке арналған гараж бен бақылау-өткізу пункті болады.
Жедел жәрдем станциясының жалпы жер аумағы 2,2 гектарды құрайды. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Түркістанда сондай-ақ кәсіпкерлер мен жалпы халықтың қаржылай қолдауымен «Қылует» рухани орталығының құрылысы жүріп жатыр. Рухани орталықтың көлемі – 2300 шаршы метр. Ал жерасты мешітінің қасынан бой көтеретін медресенің аумағы – 1282,8 шаршы метрді құрайды. Орталықта медресе, қарилар дайындайтын мекеме, қызметтік үй болмақ. Оның құрылыс жұмыстары былтыр қазан айында басталды. «Қылует» рухани орталығы биыл ел игілігіне берілмек.
100 МЫҢ ТҰРҒЫНҒА АРНАЛҒАН ҮЙЛЕР БОЙ КӨТЕРДІ
Түркістан қаласының әкімшілік-іскерлік орталығында 100 мың адамға арналған көпқабатты тұрғын үйлер бой көтеруде.
2020 жылдан бастап 89 тұрғын үй мемлекеттік бюджет есебінен жүргізіліп жатыр. Олар 7, 9 және 12 қабатты. Сонымен бірге жеке инвесторлар есебінен жүздеген көпқабатты үйлер салынып жатыр. Түркістан тұрғындары аталған үйлерді «Отбасы банк» және екінші деңгейлі банктер арқылы ипотека негізінде сатып ала алады.
Түркі төрінің тұмарына айналған киелі қаланы көгалдандыру, жасыл желек егу мәселесі де назардан тыс қалған емес. Бүгінгі күні қала аумағында 225 га аумақта 30 саябақ, 13,6 га аумақта 15 гүлзар мен аллея, 130 гектарға жуық аумақта 9 алаң, 64 га болатын 20 көше және 63 гектарды құрайтын 173 дана сектор нысандары бар. Қазіргі уақытта 500 гектарға жуық ауданда 300-ден астам адам, 67 техника және 65 шақырым гидранттық жүйе жұмыс істейді. 725 мың дана ағаш өсіп тұр.
Түркістан қаласында саябақтар мен гүлбақтар және көгалдандырылатын аймақтардың санын арттыру бойынша 2022 жылға арналған жұмыстар жүзеге асырылып келеді. Қаладағы нысандарды күтіп ұстау жұмыстары үшін 25 түрлі модельден – 200 бірлік техника алынды. Жоспар бойынша биыл қала аумағында 250 мың ағаш көшеті және 127 гектарға көгал егілетін болады. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Қаладағы №1 мөлтек аудандағы көпқабатты тұрғын үйлердің ауласын абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Көлемі 40 гектарды құрайтын аулалар жөнделуде. Асфальт төселіп, 40 ойын алаңшасы мен спорт алаңшалары орнатылуда. 200 орындық мен қоқыс жәшігі және 350 жарықтандыру бағанасы орнатылады. Сонымен қатар аталған 1-2 мөлтек аудандарда 54 тұрғын үйді (2705 абонент) үздіксіз электр қуатымен қамтамасыз ету үшін подстанция трансформаторларына жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
Қалада 845 шақырымды құрайтын 875 көше бар. Бекітілген жоспарға сәйкес жолдар жөнделіп, коммуникациялық жүйелері (ауыз су, сарқынды су, газ) толығымен аяқталған көшелерде жүзеге асқан. 2021-2022 жылдар аралығында Түркістан қаласында 270 шақырымды құрайтын 200-ден астам көшеге жарықтандыру жүйесін жүргізу жоспарланып, қазіргі таңда 155 көше жарықтандырылды. Жарықтандыру жұмысы жалғасады. Биыл қосымша 276 шақырымды құрайтын 272 көшеде жарықтандыру жүйесін жүргізу жоспарлануда. Халыққа қолайлы болу үшін қоғамдық көлік жүйесі реттеліп, былтыр 40 жаңа автобус сатып алынып, жолға шықты. Қоғамдық көлік 18%-ға жаңарды. Жалпы Түркістан қаласында жалпы 24 қоғамдық көлік бағыты жүреді. Биыл тағы 50 жаңа автобус алу жоспарда бар.
Қорытындылай айтқанда, екі мың жылдық тарихы бар қаланың екінші тынысы ашылды, Түркістан түлеп келеді.
ҚОҒАМДЫҚ ҚАБЫЛДАУ ҚАЗЫҒҰРТТАН БАСТАЛДЫ
«Amanat» партиясы шалғайдағы елді мекендерде мобильді қоғамдық қабылдау жобасын бастады. Бұл бастаманың мақсаты – ауыл тұрғындарын ауданға сабылтпай, керісінше, басшыларды ауылдарға жіберіп, елдің мұң-мұқтажын тыңдату. Көмектесу.
Алғаш рет осы жоба Түркістан облысы, Қазығұрт ауданының 3 ауылдық округінде өтті. Облыстық басқарма өкілдері, облыстық және аудандық мәслихат депутаттары, құрылымдық сала мамандары аталған 3 ауылдық округке барып, жергілікті 125 азаматтың талап-тілектерін тыңдады.
С.Рақымов ауылдық округінде өткен мобильді қоғамдық қабылдауда 67 азаматтың арыз-өтініштері қаралды. Онда көтерілген мәселелердің басым бөлігі жайылым жер, ағын су, каналдарды тазалау мен күрделі жөндеуден өткізуге қатысты болды. Мәселен Көкібел елді мекенінің тұрғыны Б.Абдиров бірден 4 мәселеге шағымданды. Айтуынша, 80 тұрғын үй каналдағы ағын суды пайдаланады және оған механикалық тазалау жұмыстарын жүргізу қажет. Сонымен қатар күл-қоқыс тазалайтын полигонның қараусыз қалуы, өзіне тиесілі жерге қатысты заңсыздықтың орын алуы және елді мекенге жаңа стадион салу жайы алаңдататынын жеткізді.
Ал Жаңабазар елді мекеніндегі 10 азаматтың талап-тілектері әр түрлі. Атап айтқанда, А.Жаналиев «Бейнеткеш» мөлтек ауданына елді мекен статусы қайта берілсе деген өтінішін білдірді. Бұдан бөлек Ә.Қуатбай облыстық маңызы бар КХ-29 жолын қайта күрделі жөндеуден өткізу керектігін назарға алуды сұрады. Қабылдауда сонымен қатар елді мекеннің инфрақұрылымы, жайылым жер, жастарды қолдау үшін үйірмелер ашу мен әлеуметтік мәселелер де көтерілді.
Мобильді қоғамдық қабылдау өкілдері мұнан соң Жігерген ауылдық округінде болды. Онда 15 азамат мәдениет, асфальт жол салу, электр бағаналарын жаңарту, жайылым жер, көпір салып беру, ауыз сумен қамтамасыз ету, жол кедергілерін орнатуға ықпал көрсетуді сұрады.
Атап өтерлігі, аталған жоба 15 наурыздан бастап 1 маусымға дейін жалғасады. Яғни мобильді қоғамдық қабылдау арқылы өңірдің барлық шалғай елді мекенін қамту жоспарланған. Тұрғындар көтерген әрбір мәселе жіті бақылауға алынып, тиісті органдар арқылы оңтайлы шешілуіне дейін партия филиалының назарында болады.
ҚАЙТАРЫМСЫЗ ГРАНТ АЛЫП, КӘСІП БАСТАДЫ
Түркістан облысы, Арыс қаласында мемлекеттік қолдаудың арқасында қайтарымсыз несие алып, өз кәсібін ашқандар қатары жыл сайын көбейіпкеледі.
Мәселен, қала тұрғыны Азамат Әбіл өткен жылы «Бизнес-бастау» курсынан өтіп, сертификат иесі ретінде өзі ұсынған бизнес-жоспарын ойдағыдай қорғап шыққан. Тиянақты жасалған бизнес жобасына жас кәсіпкер 583 400 теңге қайтарымсыз грант алып, жұмсақ жиһаздар мен кілемдерді тазалауға арналған роторлы машина, арнайы шаңсорғыш сияқты құрал-жабдықтар сатып алған.
Ұқыптылық пен асқан төзімділік, сыр алдырмас сабырды қажет ететін көлік және үй жиһаздарын тазалау ісіне бүгінде сұраныс көп. Ол тапсырыс берушілердің үйіне барып, жиһаз, кілемдерін химиялық тазалаумен айналысады. Жас кәсіпкердің айтуынша, тапсырыс берушілердің дені – қала тұрғындары мен мейрамхана, дәмхана иелері.
«Мемлекет тарапынан қолдау тауып, жаңаша кәсіп бастадым. Біз ұсынатын қызмет өте қолайлы. Себебі үй жиһаздарын тұрған жерінде химиялық тазалықтан өткізіп, арнайы аппаратпен кептіріп береміз. Бүгінгі таңда тапсырыстар күн сайын артып келеді. Осының барлығы адал еңбек пен үздіксіз ізденістің нәтижесіндегі жетістіктер. Сондықтан өзім секілді жастарға қай істе болсын табандылық таныту қажет дер едім»,– дейді жас кәсіпкер Азамат Рақымжанұлы.
Жас кәсіпкердің алға қойған жоспарлары көп. Алдағы уақытта ол өз кәсібін кеңейтіп, осы бағыттағы жұмыстарын әлі де дамытқысы келетін айтады.
ӘЗІРБАЙЖАН АҒАЙЫНДАРДЫҢ «ДОСТЫҚ ДАСТАРХАНЫ»
Түркістан облысындағы этнос өкілдері Наурыз мейрамын тойлауды бастап кетті. Өңірдегі «Гарабах» әзірбайжан этномәдени бірлестігі мейрам қарсаңында «Достық дастарханын» жайып, ұлттық тағамдар көрмесін ұйымдастырды.
Сайрам ауданында өткен мерекелік шараға Түркістан облыстық ҚХА жанындағы құрылымдардың жетекшілері, этномәдени бірлестіктің мүшелері және жергілікті тұрғындар қатысты.
Салтанатты жиында сөз алған Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшысы Эльмира Жанғазиева жиылған қауымды Наурыз мерекесімен құттықтады.
«Наурыз мерекесі – елімізде тұратын барлық этнос өкілдерін ұйыстыратын, Қазақстан халқын одан әрі біріктіретін ерекше мейрам. «Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын!» деген баталы сөзден басталатын мейрамның игілігі мен қуанышы ерекше. Бүгінгі өткізіліп отырған мереке өңіріміздегі этностар бірлігін нығайтуға өз септігін тигізері сөзсіз. Ұлыстың ұлы күні – әз Наурыз баршамызға құтты болсын!» – деді Эльмира Ұласбекқызы.
Сонымен бірге көктемнің жарқын мерекесімен Сайрам аудандық Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Амангелді Қабылбеков, Сайрам аудандық аналар кеңесінің төрайымы Үміткүл Мұратбекова да құттықтап, халқымызды ынтымаққа, бір-бірімізге қамқор болуға үндеді.
Іс-шара барысында этномәдени бірлестіктердің өкілдері патриоттық әндер шырқап, би билеп, мерекенің ажарын аша түсті. Мерекелік кештің соңында Түркістан облыстық «Гарабах» әзірбайжан этномәдени бірлестігінің төрайымы Рамиля Мустафаева «Бір шаңырақтың астындағы халқымыздың достығы мен бірлігі мәңгі жасай берсін! Әз Наурыз берекелі болсын!» — деп жылы лебізін білдіріп, көпшілікке алғысын жеткізді.
САУРАНДА ҚҰРЫЛЫС ҚАРҚЫНДЫ
Түркістан облысы, Сауран ауданында құрылыс жұмыстары басталды. Құрылғанына 1 жыл толған ауданда әлеуметтік маңыздағы нысандардың құрылысы жүргізілуде.
Мәселен, келер жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланған Оранғай ауылында 150 орындық, Жаңа Иқан ауылында 200 орындық мектеп бой көтеруде. Ал, Қосмезгіл елдімекенінде салынып жатқан 300 орындық білім ұясы биыл пайдалануға берілмек.
Аудан орталығы Шорнақта «Әкімшілік-іскерлік орталығының» құрылысын жүргізу үшін 38 гектар жер телімі бөлінген. Қазіргі таңда аудан әкімдігінің құрылысы басталып кетті. Сондай-ақ, 1 өрт сөндіру депосы, 200 орынға шақталған орталық аурухана, 500 орындық мәдениет үйінің салынуы жоспарлануда. Бұл туралы Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
Айта кетейік, ауданның топографиялық түсірілімімен бірлескен бас жоспарын егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы әзірленуде. Бас жоспар аясында аудан орталығына Аша және Қосмезгіл ауылдары біріктіріліп, Шорнақ елдімекені болып аталатын болады.
2400 ТОННА ӨНІМ БЕРЕТІН ЖЫЛЫЖАЙ
Түркістан облысы, Сайрам ауданында жылыжайлар саны артып келеді. Жуырда Әйтеке би елді мекенінде аумағы 3 гектар болатын жылыжай жылыжай құрылысы басталады. Нысанның инфрақұрылым жүйелері шешімін тапқан.
Жоба «Агро кредиттік корпорация» АҚ-ның несиелік қаржысы есебінен 1,3 млрд. теңге көлемінде қаржы алынған. Агроөнеркәсіптік кешеннің басшысы Н.Шәріпбектің айтуынша, жылыжайда 500 тоннаға жуық қызанақ өсірілмек. Серіктестікте 30 адамды жұмыспен қамту жоспарланған.
Сайрам ауданының әкімі Ұласбек Сәдібековтің айтуынша, ауданда ауыл шаруашылығы саласында ауқымды жобалар іске асады. Жылыжай шаруашылығы қарқын алуда. Бүгінгі таңда аудан бойынша 52,9 гектар көлемінде 110-ға жуық жылыжай бар. Жаңа жылыжайлардың бірі Қарамұрт ауылдық округінде салынып жатыр. Құрылыс жұмыстарын бастаған «Зәуре» шаруа қожалығының басшысы Жәния Ашықбаеваның мәлімдеуінше, жобаның құны 2 млрд. теңгені құрайды. Агроөнеркәсіптік кешенді іске қосу үшін жеке кәсіпкердің қаржысы есебінен 80 млн. теңге жұмсалған. Сонымен қатар «Агро кредиттік корпорация» АҚ тарапынан 2,1 млрд. теңгеге қаржыландырылған.
Кәсіпкер жылыжайдың әр гектарынан 400 тонна өнім алуды көздеп отыр. Жалпы жылына 2400 тоннаға дейін көкөніс алу мүмкіндігі бар. Жылыжайға көкөніс өнімдерінен қызанақ және қияр егіледі. Тамшылатып суғару әдісі қолданылады.
Аталған жылыжайдың құрылыс жұмыстары бүгінгі таңда 60%-ға аяқталған. Түркиядан қажетті құрал-жабдықтар жеткізілген. Инфрақұрылым жүйелерімен қамтылған. Биыл күзде іске қосылатын жылыжайда 90 адам жұмыспен қамтылады деген жоспар бар.