«ҰЛТҚА ҚЫЗМЕТ ЕТУ –МІНЕЗДЕН»

Тұлға
786 Views

«Ұлтына қызмет ету – білімнен емес, мінезден» депті Әлихан Бөкейханов. Хақ сөз! Еліміз Тәуелсіздік алған отыз жылда басқасын былай қойғанда қазақ тілі үшін әлі күнге шырылдап келе жатқанымыз және кейбір жер-су аттарын әлі де қазақшалай алмай жүргеніміз де бәлкім мінезсіздігімізден болар. Әйтпесе, билік басында отырғандар білімсіз емес.

Осы ретте еске еріксіз егемендіктің алғашқы жылдары түседі екен. Бүгінге қарағанда сол Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары тіл үшін күрескендер көп болған. Егемендігімізді әлі ешкім де мойындай қоймаған кездің өзінде біздің кейбір ұлтжанды азаматтарымыз жанын жеп қызмет еткен екен-ау деген ойға қаласың.

Рас, қай күрес оңай болсын. Жеңіл жолмен келген жеңістің құны бар ма? Тіпті, қазағы көп шоғырланған Чимкенттің өзін қазақшалау оңайға соқпағанын кешегі көзкөрген ағалардың бәрі жыр қып айтады. Соның бірі – Шымкент қалалық сотының Ақпараттық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы, «Тіл жанашыры» құрмет белгісінің иегері Қабыл Дүйсенби.

Ол кезде Қабекең Шымкенттегі «Электроаппарат» зауытында цех бастығы болып жұмыс істейтін. 1990 жылдың басы. Әлі елдің Тәуелсіздігі жарияланбаса да, Қабыл аға секілді ұлттық рухы асқақ азаматтардың ел мен жердің және тілдің болашағы үшін өз жұмыстарын бастап кеткен кезі.

Сол жылы Қабыл аға зауыт жанынан құрылған «Қазақ тілі» қоғамының төрағалығына сайланады. Ол өз жерінде өгейлік көріп жүрген ана тілін асқақтату жолында аянып қалған жоқ. Ең алдымен зауыттың атауын кәсіпорынның маңдайшасына қазақ тілінде жаздыртып, ілдірткен күні көз алдында. Сол күнгі қуанышын айтсаң!.. Бұл ана тіліне іс жүзінде қосқан үлестерінің бірі болатын.

Одан кейін зауыттағы іс-қағаздарды қазақшалауды қолға алады. Барлық құжаттар тек орыс тілінде жазылатындықтан, бұл шаруа өте қиын әрі күрделі болды. Алғашында сөздіктер мен термин тапшылығы қатты сезілді. Қазақша аудармаларда қателіктер мен кемшіліктер көп болды. Бірақ, талпыныс та күшті еді. Қазақ тіліндегі әдістемелік құралдар тапшы тұғын. Қолындағы «Тілашар» мен «Қазақ тілінен қырық сабақ» оқулығын пайдаланып, цех бастықтары мен бөлім басшыларына, бас инженер мен механик, энергетиктерге қазақ тілін үйретуді қолға алып, сабақ өтті. Арнайы бөлме болмағандықтан, өзінің жұмыс орнын қазақ тілі кабинеті етіп жабдықтап, сабақты кабинетінде жалғастырды. Оған ақы да сұрамады. Өзге ұлт өкілдері басым зауыт қызметкерлері мен жұмысшыларының арасында қазақ тіліне танауын көтеріп қарайтындар көп еді. Бірақ, Қабыл аға да оңай берілетіндерден емес, дегеніне жетпей тынбайтын.

Ол енді әр бөлім мен цехта қазақ тілін дамытудың нақты іс-шаралар жоспарын жасап, оны зауыттың директоры А.Суворовқа бекіттіріп алды.

«Зауытқа қарасты жұмысшылардың балаларына арналған балабақша болатын, – дейді Қабекең бүгінде сол күрескерлікке толы жылдарын еске алып. – Оны да қазақшалауды қолға алдық. Зауыттағы жеті жүзден астам жұмысшыға мемлекеттік тілдегі басылымдарға жазылуды үгіттедік. Ұлттық киім сатып алып, оны Наурыз мерекесінде киіп шықтық. Бұл кейбіреулерге ұнамады, қарсылық танытушылар да болды. Біз де бетімізден қайтпадық.

Әлі есімде, Наурыз мерекесін өткізетін алғашқы жылы оған қатыспақ түгілі, қарсы шыққандар да болды. Не істеу керек? Жұмысшылар арасында алауыздық тудыруға тағы болмайды. «Өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай» бір амалын табу керек. Сонда цех бастығы ретінде жұмысшыларға сыйақы беруді жөн көрдім. Осы шешім дұрыс болып, жұмысшылар Наурыз мерекесіне түгел қатысты. Тіпті, директор А.Суворовтың өзі осы мерекеде қазақтың шапанын киіп жүргені қазақтың мерейінің өскендігінің белгісі еді!» дейді Қабыл аға.

Бүгінде айтуға оңай болғанмен, сол кезде мұны жүзеге асыру өте қиын болды. Зауытта жұмысшы қазақтардың саны арта бастағаны да әлдекімдерге жақпай, сыртынан «домалақ арыз» да жазылды. Олармен де күресуге тура келген жылдар бүгін жәй естелік қана…

90-жылдары Тәуелсіздік үшін күрескен нағыз жанкешті жылдар болатын. Азаттық таңына тәубе еткен көп азаматтың азат елдің абат болуы үшін әр салада тер төгіп жүрген ұлтжандылар көп еді.

Еңбекқорлығымен көзге түскен Қабыл Дүйсенбиевті көп ұзамай Шымкент қаласындағы Абай ауданының тұңғыш әкімі Пернебай Әубәкіров әкімшілікте жаңадан ашылған Тіл бөлімінің меңгерушісі қызметіне шақырады. Жалақысы зауыттағыдан он үш есе аз болса да, қазақ тілінің көсегесін көгерту үшін, яғни идея үшін көнуге тура келді.

Бұл жерде де тумысынан қағылез Қабекең Шымкент қалалық «Қазақ тілі» қоғамының бюро мүшесі ретінде қалалық Кеңестің сессиясына қатысып, атауларды қазақшалауға байланысты мәселе көтереді. Облыс орталығы болған Чимкент қаласының Шымкент деп аталуына үлес қосады. Бұл ұсынысты Шымкент қалалық Атқару комитетінің төрағасы, халық депутаттары қалалық Кеңесінің төрағасы, ұлтжанды азамат Қуаныш Төлеметов те қолдайды. Дегенмен, сол тұста ұлт араздығын тұтатып алмау керектігі басты мәселе еді. «Қамырдан қыл суырғандай» ептілік міне осы шақта керек болды. Қазағы көп аймақ делінсе де, өзге ұлт өкілдерінің азуы айға жетіп тұрған заманда мұны шешу оңайға түспеді.

«1991 жылы 22 қарашада халық депутаттары Шымкент қалалық Кеңесінің сессиясы өтуінен екі күн бұрын қоғам белсенділерін Қ.Төлеметов қалалық Кеңестің кіші мәжіліс залына шақырып, жиналыс өткізді. «Қалалық сессияда облыс орталығының атауын өзгертуге байланысты мәселе көтеремін, бірақ, бұған қарсылық білдірушілер көп болады. Сондықтан, сессия барысында шулап, даурығып кетпеулеріңізді сұраймын» деп алдын ала ескертті.

Сөйтіп, сессияда бұл ұсынысты талқылау 2-3 сағатқа созылды. Ол кезде депутаттардың сексен пайызы өзге ұлт өкілдері болатын. Сол себепті Чимкентті Шымкент деп өзгерту өте қиын болды.

Шымкент атауының екі әрпін өзгерту үшін екі жыл арпалыстық. Қайраткер төраға Қуаныш ағаның парасаттылығы мен табандылығы және қазақ тіліне деген жанашырлығының арқасында бұл мәселе оң шешімін тапты. Оңтүстіктің зиялы қауымы мен тиісті орындардың қолдауымен ҚР Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1992 жылғы 8 қыркүйектегі Қаулысымен Чимкент атауының транскрипциясы Шымкент болып нақтыланды» дейді, тіл жанашыры, әлі күнге ұлтқа қызмет етуден танбай келе жатқан Қабыл аға өткен күндерге көз жіберіп.

Қазағы қалың ортаның өзін орыстандырып жіберген идеологияның қасаң құрсауын бұзып-жару оңайға соқпады. Десек те, сол кездегі билік басында жүрген, патриот азаматтардың ерен еңбегінің арқасында бүгінгі Шымкент қазақы ортаға айналды.

Ұлтымызға қызмет еткен игі жақсылар мен жайсаңдарымызға көше, мектеп атаулары беріліп, қайраткерлеріміз қайта тіріліп келгендей күй кешкеніміз әлі есте.

Шымқаладағы көше, алаң атаулары мен мектеп, спорт және мәдениет мекемелерін қазақыландыру жұмыстары да ерен еңбекті талап ететіні белгілі. Ленин атындағы орталық алаңды – әл-Фараби алаңы, Титов көшесін – Жұмабек Тәшенов, Карл Маркс көшесін – М.Дулати, Попов көшесін – Ақназар хан, Шербаков көшесін – С.Қожанов, Ильич көшесін – Ш.Қалдаяқов көшесі, Энгельс көшесін – Тәкен Әлімқұлов көшесі, Клоков көшесін – Ақпан батыр көшесі, Некрасов көшесін – Нәзір Төреқұлов көшесі деп өзгертуге мұрындық болып, соның ыстық-суығына күйіп-піскендердің бірі осы Қабыл Дүйсенби екені рас.

«Әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» ҚР Заңына сәйкес алаңның атын өзгерту үшін алдымен сол аумақтағы тұрғындардың келісімі керек. Ал орталықта қазақтардан өзге ұлт өкілдерінің көп тұратыны баршаға мәлім.

Оның үстіне ол кездің өзі ала-топалаң, қиын-қыстау жылдар еді ғой. Қалада жарық болмай, халық әбден абыржулы, ашынған кез тұғын. Ал, біздің мақсатымыз ана тіліміздің мерейін үстем етіп, қаланы қазақыландыру болды. Бұл кейбір тұрғындардың ашуына тиетін. Мұны ақылға сиымсыз дейтіндер де табылды. Тұрғындардың есігін қақсам «Ленин бізге Ильич шамын берген, ал әл-Фараби не берді?» деп өзіммен керілдесе кетеді. Бабамыздың ғұлама ғалымдығын, адамзат руханиятына өлшеусіз еңбек сіңіргенін тәптіштеп түсіндіремін. Бірақ, түсінгісі келмейді. Кеңестік идеология әбден қанына сіңіп кеткендер ғұлама бабамызды қайдан білсін?! Бұдан хабардар болған қала әкімінің сол кездегі орынбасары Сұлтанбек Сүгірбаев мырза басқа тәсілге көшті. Алаң аумағында тұратын көпқабатты үйлерде бірнеше күн электр жарығын сөндірмеуді диспетчерге тапсырды. Ал, біз түсіндіру жұмыстарын жүргізе бердік. Сөйтіп, алаң тұрғындарының 52 пайызы ұсынысымызды қолдап, 48 пайызы қарсы болды. Қалалық мәслихаттың сессиясында да небәрі екі ғана депутаттың дауыс басымдығымен ұсынысымыз қабылданды. Осылай тыным таппай жүріп, төрт том құжат әзірлеп, Ленин атауын әл-Фарабиге әрең өзгерттік» дейді Қабекең.

Ұлтқа деген ұлы сезімнің және тынымсыз тірліктің арқасында Шымкент қаласы 90-жылдан бастап, біртіндеп қазақшалана бастады. Джерзинский ауданы – әл-Фараби, Рубинштейн көшесі – А.Байтұрсынұлы, 30 лет ВЛКСМ көшесі – Бекет батыр, 50 лет Октября көшесі – Қабанбай батыр, Манкент шоссесі – Жібек жолы тасжолы, Орджоникидзе даңғылы – Абай даңғылы, Коммунистік көшесі – Тәуке хан даңғылы, Куйбышев алаңы – Ордабасы және одан үш бағытқа бастайтын Комсомол, Совет, Базар көшелеріне – Төле, Қазыбек, Әйтеке билердің есімдері берілді.

Отан деп соққан отжүрек азамат Қабыл Дүйсенби Шымкент қалалық әкімшілігі Тіл басқармасының бастығы, Ұлт саясаты жөніндегі комитеттің төрағасы болып аянбай еңбек етті.

1997 жылы Шымкент қалалық Тіл басқармасының жанынан республикадағы тұңғыш «Мемлекеттік тілді оқыту орталығын» ашқан. Саналы ғұмырын мемлекеттік тілдің көсегесін көгертуге арнаған Қабыл Тұрарұлының еңбегі ерен! Ол ана тілінің мүддесі үшін күресе жүріп, тілдің киесі бар екенін ұққанын айтады.

«Әлі есімде, 1994 жылы Шымкент Қорғасын зауытына тіл мәселесінің жайымен танысуға бардық. Бірақ, зауыт директоры бізге құлақ аспады. Тіпті, «біз, бүкіл қаланы асырап отырмыз, сендер кімсіңдер?!» деп күзетпен қуып шықты. Тексеруге бірге барған облыстық Тіл басқармасының бас маманы Жібек Мұсаева бұған шыдай алмай жылап жіберді. Арада жылдар өтті. Қорғасын зауыт тіпті өзін-өзі асырай алмайтын күйге жетті. Мұны ұмытып та кеткен едім. Бірде әлгі директорды бір тойда көргенімде, ол менен 1994 жылғы өрескел қылығы үшін кешірім сұрады. Міне, тілдің киесі деген осы!» дейді қазақ тілінің жанашыры Қабыл аға.

2001 жылдан ОҚО Ақпарат және қоғамдық келісім басқармасында, ҚР Мәдениет министрлігінде жұмыс істеп, облыстық Тілдерді дамыту басқармасында бөлім бастығы, басқарма бастығының орынбасары қызметтерін абыроймен атқарды. Ия, сырт қараған кісіге қарапайым ғана болып көрінетін Қабыл Дүйсенбидің қазақ мүддесі үшін еткен еңбегі ерен.

Бірақ, даурықтырмайды, «мен сондай жасағанмын» деп те айтпайды. Жәй ғана, елім үшін деп еңбек етіп жүр. Кешегі күні «Жүз жаңа есім» жобасына үміткер ретінде ұсынайық дегенде қарсы болғаны да осы қарапайымдылығынан болса керек.

Тәуелсіздік алғанымызға отыз жыл толды. Қазақ тілінің жыры сол баяғы Қабыл ағалар бастаған кездей қарқынды емес. Әйтпесе, қолында билігі бар сонау жоғарғы жақта, Парламентте қаншама азамат отыр билік орындарында. Соған қарағанда Әлихан Бөкейханов айтқандай «Ұлтты сүю білімнен емес, мінезден» болғаны ғой.

Ұлттық мүддені қорғау жолында аянбаған «Қазақ тілі» қоғамының төрағалары мен белсенді мүшелерін және Н.Сүлейменов, Т.Байтас, Ш.Пірмат, К.Сыздықов, Х.Есеқарақызы, Т.Қуанышева, Ә.Сұлтанбеков, И.Жолаев, Ж.Тұяқбаев, Ш.Орынбай, М.Рүстемов, Қ.Омаров, Қ.Төретай, Қ.Рысбеков, Ж.Күздеубаев, Ш.Орынбеков, Б.Қонысбек, Ү.Қарасаев, Н.Жүзбаева, Ұ.Өтегенова, Ырысбала апай, Бибінұр, Е.Боранбаев, Қ.Маджанов, Дархан аға, Сырым, Серіпхан, З.Сералиева, М.Тілеуқабылова, Е.Көшербай, М.Құдияров тағы басқа жүздеген зиялы қауым өкілдерін біз бүгін сырттай білсек те, олардың ерен еңбектерінен хабарсызбыз. Сонымен қатар, Абай, әл-Фараби, Еңбекші аудандық «Қазақ тілі» қоғамының төрағалары болған Н.Әуесбаев, Ө.Сүйіндіков, Қ.Ілиясов, тағы басқа көптеген азаматтардың ұлт үшін соққан жүректерінің дүрсілі бүгінгі қаймана қазақ ортасы атанған Шымкентпен бірге соғып тұр. Сонау 90-шы жылдары Шымкентті қазақыландыру ісінде «Оңтүстік Қазақстан», «Шымкент келбеті», «Замана», «Айғақ» тағы басқа да басылымдардың басшылары мен осы ұжымдардағы журналистердің және «Қазақстан – Шымкент» телерадиосы қызметкерлерінің үлесі мол болды. Олар Мемлекеттік тілдің мәртебесін үстем етуде үнемі қолдау көрсетіп отырды.

Бақытгүл АУДАНОВА,

жазушы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *