Түркі елдері сауда және инвестиция бағытында жаңа қадамдарға келісті

Экономика Қоғам
9 Views

Түркістан қаласында Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің экономика және сауда министрлерінің кезекті отырысы өтті. Кездесу аясында мемлекеттер арасындағы экономикалық ынтымақтастықты одан әрі кеңейту мәселелері талқыланды.

Күн тәртібіндегі негізгі бағыттар — өзара сауда көлемін арттыру, инвестициялық белсенділікті ынталандыру, сондай-ақ әкімшілік және инфрақұрылымдық кедергілерді жою. Министрлер көлік-логистикалық байланыстарды дамытуға ерекше назар аударып, Орта дәліз бағытын нығайту мәселесін де қарастырды. Бұл бағыт Еуразия кеңістігіндегі маңызды транзиттік маршруттардың бірі ретінде бағаланып отыр.

2025 жылдың қорытындысы бойынша ұйымға мүше елдер арасындағы өзара сауда көлемі 11,9 млрд доллардан асты. Бұл көрсеткіштер елдер арасындағы экономикалық байланыстардың тұрақты өсімін айғақтайды.

Қазақстанда қазіргі уақытта ұйымға мүше мемлекеттердің капиталы қатысатын 12 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істейді. Бұл іскерлік интеграция деңгейінің жоғары екенін көрсетеді.

Кездесу нәтижесінде тараптар ынтымақтастықты одан әрі дамытуға арналған Жол картасын бекітіп, Қорытынды коммюнике мен бірқатар меморандумдарға қол қойды. Құжаттар бірлескен жобаларды қолдауға, өндірістік кооперацияны дамытуға және түркі елдері арасындағы экономикалық ықпалдастықты тереңдетуге бағытталған.