«НЫСАНДАРДЫҢ БӘРІ КЕСТЕГЕ САЙ УАҚТЫЛЫ БЕРІЛУІ ТИІС»

Қоғам
201 Views

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды облыс орталығындағы бірқатар нысанның құрылыс алаңында болып, жұмыс қарқыны мен сапасын тексерді. Мердігер мекеме басшыларымен кездесіп, нақты тапсырмалар жүктеді.

– Бұл нысандардың бәрі құрылыс кестесіне сай уақтылы берілуі тиіс. Жұмыс барысында мәселелер болса, қолдау көрсетуге дайынбыз, – деді Дархан Сатыбалды.

Бүгінде «Отырар» тұрғын үй кешенінде 6 тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Мұнда 4021 шаршы метрлі 432 пәтер бар. Қазіргі таңда ішкі әрлеу жұмыстары, есік орнату, ішкі инженерлік желілерді және сыртқы қасбетін әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Инженерлік желілерін жүргізуге және абаттандыруға толық қаржы қарастырылған. Құрылыс жұмыстары 2021 жылдың қыркүйек айында басталған, биыл тамыз айында пайдалануға беру жоспарлануда. Сонымен қатар 7 қабатты тұрғын үйді инженерлік жүйелермен қамту және абаттандыру жұмыстарына тиісті қаржы қаралған. 2023 жылдың қараша айында ел игілігіне беру жоспарланған.

Одан бөлек, Түркістан қаласында 500 орындық жатақханасы бар 700 балаға арналған БИЛ мектебінің құрылысы аяқталуға жақын. Құрылысы 2021 жылдың сәуір айында басталған нысанды биыл қыркүйек айында тапсыру көзделуде. Қазіргі таңда ғимаратта ішкі әрлеу, сыртқы фасад, есік және сантехника орнату, керамогранит төсеу және абаттандыру жұмыстары аяқталуға жақын.

Облыс орталығында медицина нысандарының да саны артып келеді. Қалада перзентхана құрылысына 3,3 га жер телімі бөлініп, мемлекеттік акт алынды. Перзентхана салу үшін Біріккен Араб Әмірлігі, Абу-Даби қорымен келіссөздер жүргізілді. Қазіргі таңда 80 төсек-орынға арналған перзентхананың жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. Бүгінде жер жұмыстары басталып қазаншұңқыр қазылып, аумағын қоршалған.

Түркістан қаласында 1,56 га аумаққа мүмкіндігі шектеулі балалар мен жасөспірімдерге арналған оңалту орталығы салынады. Өңір басшысы бұл жұмыстың кешігіп жатқанын сынға алып, жауаптыларға тапсырмалар берді.

Орталық стадионда болған облыс басшысы кемшіліктерді қалпына келтіру жұмыстарын тездетуді жүктеді. «Түркістан-Арена» стадионының мәселесін реттеу бойынша мамандар ұсынысы мен пікірі тыңдалды. Әрбір құрылыс қатаң бақылауға алынған.

СУ НЫСАНДАРЫ ЖӨНДЕЛІП, ЖАҢАРТЫЛУДА

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев су нысандарын реттеу, жүйелеу, жөндеу жөнінде тапсырма берген болатын. Түркістан облысында бұл бағытта ауқымды жұмыс атқарылуда. Бұл жөнінде ҚР Президенті жанындағы орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында өңір басшысы Дархан Сатыбалды баяндап берді.

Әкімнің айтуынша, Түркістан өңіріндегі аймақтарда су тапшылығын шешу үшін бірнеше су нысанының құрылысы басталып, өткен жылы 2 нысан пайдалануға берілді. Олар:

1. «Кеңсай-Қосқорған-2» су қоймасы (Сыйымдылығы 18 млн.м3). Нәтижесінде, жылына қосымша 34 млн. текше метр ағын суды жеткізуге мүмкіндік берді.

2. Түркістан магистралды каналын 59 км бетондау арқылы 60 млн. текше метр су үнемделді.

Бұдан бөлек, «Бәйдібек ата» және «Боралдай» су қоймалары салынады. Өңірде каналдарды тазалау, жөндеу жұмыстары тұрақты жалғасуда.

МӘДЕНИ НЫСАНДАРДЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ҚЫЗУ ЖҮРГІЗІЛІП ЖАТЫР

Мақтаарал ауданы, Еңбекші ауылдық округі Т.Жайлыбаев елдімекенінде мәдениет үйі мен кітапхананың құрылысы жүргізіліп жатыр. Құрылыс өткен жылы басталып, биыл аяқталады деп жоспарланған. Жаңа нысандардың құрылысын жүргізіп жатқан «Умирзак» ЖШС.

Аудан әкімі Бақыт Асанов аталған округке барып, нысанның құрылыс жұмыстарымен танысты. Жауапты сала басшысына нысанның өз мерзімінде пайдалануға берілуі керектігін атап өтті. Сонымен қатар, аудан басшысы Иіржар ауылдық округі Алаш ауылында да болып, жаңадан салынған мектепке барып, жол тарту мәселесі бойынша арнайы тапсырма берді. Әкім өз сөзінде шұғыл түрде жол салу үшін тиісті шараларды атқару керектігін айтты.

Айта кетейік, ауданда Еңбекші ауылдық округі Т.Жайлыбаев елдімекенінен бөлек, Жамбыл ауылдық округі Жалын елдімекенінде де мәдениет үйі мен кітапхана нысанының құрылысы жүргізіліп жатыр.

«ЖҰМЫСТАР МЕРЗІМІНДЕ ЖӘНЕ ЖОБАҒА СӘЙКЕС ЖАСАЛУЫ ҚАЖЕТ»

Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев Құркелес ауылдық округ тұрғындарымен кездесуде тұрғындар тарапынан Ақниет, Еңкес, Жаңарық елді мекендерінде 27 көшеге асфальт төсеу мәселесін көтерген болатын.

Қазіргі таңда, Құркелес ауылдық округіне қарасты Ақниет, Еңкес, Жаңарық елді мекендерінде 27 көшеге орташа жөндеу және асфальт төсеу жұмыстары қарқынды жүруде.

— Көшелерді асфальттау бойынша құрылыс жұмыстарының сапасы менің қатаң бақылауымда болады. Жұмыстар мерзімінде және жобаға сәйкес жасалуы қажет, — деді аудан басшысы Арман Абдуллаев.

АПАТТЫҚ ЖАҒДАЙДАҒЫ МЕКТЕПТІҢ ОРНЫНА ЖАҢАСЫ САЛЫНАДЫ

Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев Сарыағаш қаласындағы апаттық жағдайдағы №2 А.Сүлейменов атындағы жалпы орта мектебінің ғимаратын бұзу жұмыстарының барысымен танысты.

Айта кетсек, аталған мектептің ғимараты апаттық жағдайда болуына байланысты бүгінгі таңда апатты ғимаратты бұзу жұмыстары жүргізілуде. Алдағы уақытта мердігер мекеме анықталған соң, «Жайлы мектеп» жобасы аясында 300 орындық мектеп ғимараты салынатын болады.

Содан соң, аудан әкімі Арман Абдуллаев Дарбаза ауылдық округі, Сарысу елді мекенінде салынып жатқан 200 орындық мектептің құрылыс жұмыстарымен танысты.

Аталған елді мекендегі қолданыстағы №40 Н.Әбдіров атындағы мектептің негізгі ғимаратының сыйымдылығы төмен болуына байланысты жаңа мектептің құрылыс жұмыстары мердігер мекеменің құрылысшылары тарапынан жүргізілуде.

Құрылыс жұмыстары ағымдағы жылдың соңына дейін аяқтап, елді мекен тұрғындары үшін пайдалануға беру жоспарлануда.

Құрылыс жұмыстарын аралап көрген аудан басшысы мердігер мекемеге жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарын кестеге сай жүргізіп, сапаға аса мән беру қажеттігін ескертті. Мердігер мекеме басшысы құрылыс монтаж жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатқанын және құрылысты қаржыландыру бойынша кедергілер жоқ екендігін жеткізді.

ҚҰРЫЛЫСТЫҢ ҚАРҚЫНЫ КӨЗ ҚУАНТАДЫ

Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев Құркелес ауылдық округінде салынып жатқан білім ордаларына арнайы барып, құрылыс жұмыстарының сапасын бақылады. Алдымен аталған ауылдық округке қарасты Нұрлы жол елді мекенінде бой көтеріп жатқан 300 орындық жаңа мектептің құрылысымен танысты.

— Мемлекет қаржысына салынып жатқандықтан құрылыс жабдықтарына барынша сапалы өнімдерді пайдаланған абзал. Құрылыс кестеге сай жүргізіліп жатқаны көз қуантады. Аудан тарапынан қандай көмек қажет болса біз қолұшын беруге әзірміз, – деді аудан әкімі Арман Абдуллаев.

Айта кетсек, қазіргі таңда нысанның үшінші қабатының қабырғалары қалануда. Білім нысанының құрылыс жұмыстарын ағымдағы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарлануда.

Құрылыс қарқынына куә болған аудан басшысы құрылыс жұмыстарына қол күшін көбейтіп, нысанды уақытылы әрі сапалы орындауды тапсырды.

Одан әрі, аудан басшысы Құлтума елді мекеніне де ат басын бұрып, жеке инвестор есебінен салынып жатқан 300 орындық мектептің құрылысымен танысты.

Аталған нысан «Талант» зияткерлік жалпы білім беру мектебі және Сарыағаш ауданының адами әлеуетті дамыту бөлімі мен Сарыағаш ауданы әкімдігімен үш жақты меморандумға сәйкес құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі таңда нысанның іргетасы қаланып, қабырғаларын көтеру жұмыстары жүргізілуде.

300 ОРЫНДЫҚ БІЛІМ ОШАҒЫ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛЕДІ

Келес ауданының Қошқарата ауылдық округінде биыл 300 орындық білім ошағы пайдалануға беріледі. Бесқұбыр елді мекеніндегі С.Сейфуллин орта мектебіне қосымша салынып жатқан асхана, спорт зал және оқу корпусының құрылысы өткен жылы бастау алған. Құрылыс жұмыстары «Қаратау ЛТД» ЖШС тарапынан жүргізілуде. Сонымен қатар, Бесқұбыр елді мекеніндегі өзекті мәселелерді шешу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда Спорт алаңшасының құрылысын кестеге сәйкес аяқтау бойынша келісілген схемалары сызылып, ауданның тиісті бөлімі эскиздерін сызуда. Спорт алаңшасына баратын жолға асфальт салу, маңын абаттандыру бойынша ауданның тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне ұсыныс беріліп, жұмыстар жүргізілуде. Бесқұбыр елді мекеніндегі емхана құрылысы бойынша қазіргі таңда 1 Мамыр жалпы орта мектебінің ескі ғимараты күрделі жөндеуден өткізіліп, емхана қызметкерлері сол ғимаратқа көшірілді. Әкімшілік ғимаратының құрылысының келісілген схемасы сызылып, ауданның тиісті бөліміне ұсыныс берілді. Қазіргі таңда сәулет-жоспарлау әзірлеу мақсатында эскиздері сызылуда. Үлкен стадион құрылысына эскизды жоба жасау бойынша келісілген схемасы сызылып, ауданның құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөліміне ұсыныс берілді. Бұл туралы Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев Қошқарата ауылдық округінің тұрғындарымен өткен кездесуінде мәлімдеді.

– Қошқарата ауылдық округі ауданымыздағы даму перспективасы жақсы қалыптасқан ірі өңірлердің бірі болып табылады. Өткен кездесуде өздеріңіз тараптан көтерілген мәселелер жөнінде іс-шара жоспары бекітіліп, жүйелі жұмыстар атқарылуда. Бәйтерек елді мекеніндегі Жеңіс және М.Алтыбаев көшелерінің орта жөндеу жұмыстары қатаң бақылауға алынып (5,5 км) «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында жұмыстар жүргізіліп, ағымдағы жылы іске асырылатын болады. Бәйтерек елді мекеніндегі медициналық пункт құрылысы бойынша жері анықталып, ауыл әкімінің шешімі шығарылды. Газ, жарық, су мекемелерінен техникалық шарт алу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Жамбыл-2 елді мекенінде медициналық пункт құрылысы бойынша жері анықталып, ауыл әкімінің шешімі шығарылды. Газ, свет, су мекемелерінен техникалық шарт алу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Мәдениет үйінің құрылысын мердігер «Векстрой» ЖШС жүргізуде. Ағымдағы жылдың шілде айында пайдалануға беріледі. Сонымен қатар, ауылдық округінің 9 ауылы биыл толық табиғи газбен қамтылады, — деді аудан әкімі.

Кездесу барысында тұрғындар инфрақұрылым жүйелері, жайылым жер, несиелендіру жөнінде өздерін толғандырған сауалдарын жолдап, тиісті жауаптарын алды. Жеке мәселелер бойынша келген тұрғындарды қабылдап, олардың түйткілдерін шешу бағытында тапсырмалар берді.

АУЫЛ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЖОЛДАРЫ ТОЛЫҚТАЙ АСФАЛЬТТАЛАДЫ

Келес ауданының Алпамыс батыр ауылдық округі аумағына жалпы — 33,85 шақырым автомобиль жолдары бар. Облыстық маңызы бар – 5,9 шақырым, ішкі көшелер – 27,95 шақырымды құрайды. Биыл Қауыншы елді мекеніндегі Т.Тәжібаев көшесіне – 1200 метр асфальт төсеу үшін мемлекеттік сатып алу порталында конкурсқа қойылған. Қажымұқан, Мұсабек батыр, Мұғалімдер көшелеріне шағал тас төсеу жоспарлануда. Ал Ақжол елді мекенінің ішкі көшелерін орта жөндеуден өткізу үшін мемлекеттік сараптама қорытындысы алынып, облыстық тиісті басқармаға қаржы қарастыру үшін ұсыныс берілді. Жоспарлы жұмыстар биыл жүзеге аспақ. Бұл туралы Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев Алпамыс батыр ауылдық округінің тұрғындарымен кездесуінде атап өтті.

— Бүгін, Алпамыс батыр ауылдық округіне өздеріңізбен жүздесіп, маңызды мәселелерді бірге талқылау үшін арнайы келіп отырмыз. Ағымдағы жылдың 2 наурыз күні Сіздермен есептік кездесу өткізген болатынмын. Сол кездесуде маңызды 6 мәселесі көтерілген. Сол мәселелерді шешу бойынша арнайы іс-шара жоспары жасалып, жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Атап өтсем, жергілікті тұрғындардың сұранысы негізінде Ақжол елді мекені М.Әуезов көшесінің бойынан спорт алаңшасының құрылысы жүргізілді, ағымдағы жылдың маусым айында пайдалануға берілу жоспарлануда. Сонымен қатар, Ақжол елді мекені Абай көшесіне ағымдағы жылдың мамыр айында жалпы ұзындығы 1,4 шақырым асфальт төсеу жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға берілді. Ал аталған көшедегі гүлзарға қосымша орындықтар орнатылды және гүлзарларға қосымша қоршау орнатылатын болады, — деді Жәнібек Есенұлы.

Кездесу барысында ауылдық амбулатория, инфрақұрылым, ауылшаруашылығы саласындағы несиелендіру, заңсыз салынған нысандар, ағын су сынды мәселелер көтерілді. Тұрғындар сұрағына жауап берген аудан басшысы келесі жылы ауылда дәрігерлік амбулатория құрылысы жүргізілетінін, ондағы коммуникация жүйелері толығымен жаңартылатынын атап өтті. Сонымен бірге салынатын инфрақұрылым жүйелерінің сапасы қатаң бақылауда болатынын жеткізді.

ЖЕРГІЛІКТІ ЖЕРДЕ ЕМДЕЛУГЕ ЖАҒДАЙ ЖАСАЛУЫ ТИІС

Сауран ауданының әкімі Ғалымжан Үсенбаев қоғамдық қабылдау өткізді. Қабылдауға келген барлық азаматтардың сұрақтары мен ұсыныстарын, талап-тілектерін мұқият тыңдап шықты. Кейбір мәселелерді құқықтық тұрғыда түсіндіріп берсе, кейбірін жауапты мамандарға нақты тапсырмалар берді.

 Қоғамдық қабылдауға келген аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілхан Ахметов ардагерлерінің бірнеше уәжін аудан басшысына жеткізді. Мәселен, ауылдағы тыл ардагерлеріне көрсетілетін медициналық көмек көңіл көншітпейді. Басы ауырып, балтыры сыздаған ардагерлер басқа қалаға барып ақылы медициналық көмекке жүгінетін көрінеді. Жергілікті жерде емделуге жағдай жасалуы тиіс. Бұл тыл ардагерлерінің талабы. Сонымен қатар, әлеуметтік қызметкерлерге де мүгедектігі бар ардагерлердің айтар уәжі көп. Әлеуметтік қызметкерлердің жұмысы жанданса және тыл ардагерлеріне мемлекет тарапынан тегін қоларба берілсе деген талап тілектерін жеткізді. Ардагерлердің талап-өтінішін тыңдаған аудан әкімі олқылықтарды дер кезінде шешуді жауапты сала мамандарына тапсырды. Сондай-ақ, жеке қабылдауға келген тұрғындар тұрғын үйді заңдастыру, жайылымды жердің көлемін ұлғайтуды, көше атауын беру сынды бірқатар ұсыныстарын ортаға салды.

 Аудан әкімі қабылдауда көтерілген мәселе заң талабына сай шешілетінін жеткізді. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының талаптарына сәйкес халықпен тығыз байланыста бірлесіп жұмыс жасауды сала мамандарына тапсырды.

АУЫЛДЫҢ БАРЛЫҚ КӨШЕСІНЕ АСФАЛЬТ ТӨСЕЛГЕН

Сайрам ауданының әкімі Арман Сәбитовтің ауыл округі әкімдігі тарапынан атқарылып жатқан жұмыстары мен шешімін қажет ететін маңызды мәселелермен танысуы жалғасын табуда. Кезекті қабылдауда болған – Құтарыс ауыл округі. Округ әкімдігі тарапынан атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесі ретінде бірқатар маңызды мәселелер шешімін тапқан. Алдағы уақытта 4 көшеге асфальт төсеу жұмыстары жүзеге асса, көрсеткіш 100 пайыз болады. Бұл округтегі барлық көшесіне асфальт төселген үшінші ауыл округ.

Ал Ақарыс ауылына 5,5 шақырым қашықтықта болса да елді мекеннің бір көшесі ретінде бекітілген «Авангард» аумағы орналасқан. Ордабасы ауданы, Аққойлы елді мекені шекарасында орналасқан бұл учаскеде 21 үй бар. Аудан әкімі А.Сәбитов осы учаскені елді мекен шегіне кіргізу жұмыстарын заң аясында жүргізу қажеттігін тапсырды.

Одан бөлек, аудан басшысы ауыл округі тарапынан атқарылуы қажет маңызды мәселелерге тоқталып, нақты тапсырмалар берді.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *