бас қосқан жыр фестивалі Қазақстанда жоғары деңгейде өтті
Алматыда «Түркі дүниесінің жас ақындары» атты фестиваль жоғары деңгейде өтті. Халықаралық іс-шара өтетін сахна салтанатты жағдайда безендіріліп, «Түркілер үні» жыр кеші атты жазу жиналғандардың ерекше назарын аударды. Фестивальге Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстан, Түркия елдерінен жас ақындар қатысты. Фестивальдің негізгі ұйымдастырушылары – Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымы, «Тұлға-Достық» қоры, Алматы қалалық мәдениет басқармасы, Қазақстан Жазушылар одағы, Түркі әлемі Жазушылар ұйымы.
Түркі әлемі ақындарының фестивалі шығармашылық жастардың бірігуіне үлкен әдеби алаң мен ерекше ынталандыру туғызды. Жаңа әдеби буын өкілдерінің әдеби байланысын нығайтып, әдеби интеграциялау үдерісінде фестивальдің алатын орны зор екені сөзсіз. ТҮРКСОЙ ұйымы жас шығармашылық күштермен белсенді жұмысты жалғастыруды мақсат етеді. Бұл жоба жыл сайын жүйелі түрде жүргізіліп, одан да жоғары деңгейге көтеріледі. Фестивальге қатысушылар лауреат дипломдарымен және сыйлықтармен марапатталды.
Әлемнің түркі тектес алты елінен жиналған жас ақындар өзара шығармашылық тәжірибелерімен бөлісіп, қызу қарым-қатынаста отыруға сөз байласты. Фестивальге қатысушылардың поэзия альманахы Анкарада түрік тілінде басылады.
Поэзия сүйер қауымды ерекше толқытқан ірі іс-шара тарих қойнауына кетті. Келесі үлкен форматтағы жас ақындар фестивалін Қырғызстанда өткізу туралы шешім қабылданды.
М.ТӘУКЕБАЙ.
Алматы