ТҮРКІ ӘЛЕМІ ТАРИХЫ КОНФЕРЕНЦИЯСЫ

Тарих Қоғам
20 Views

Ақпан айының 10-шы жұлдызында Ыстанбұл қаласында Кадыкей ауданы «Козятагы» мәдени орталығында хирург, тарихшы доцент Туғрул Кигтир мырзаның «Түріктің аталары» атты кітабының тұсаукесері және алғашқы «Түркі әлемі тарихы» конференциясы өтті.

Конференция «Қазақ қоғамы», «Қазақ білім және зерттеу ассоциациясы», «Туран елдері ұйымы», «Әзірбайжан мәдениет үйі», «Шығыстан Батысқа Түркі әлемі платформасы», Дүниежүзі Қазақтар қауымдастығының Түркиядағы өкілі секілді Ыстанбұл қаласы ұйымдарының қолдауымен ұйымдастырылды. Сонымен қатар, конференцияны қолдауға «Қазақ түрік қоғамының» басшысымен бірге Қазақ-Түрік мәдениетінің байланысы бағытында еңбек етіп жүрген Қазақ қызы Анар Байжан келді.
Аталған шараға алғашқы Қазақ консулы, Дүниежүзі қазақтар қауымдастығының Түркиядағы өкілі, Қазақстан мәдениет және сауда орталығы басшысы Ержан Уәйіс мырза қатысып, сөз сөйледі. Е.Уәйіс Түркі әлемінің тарихы конференциясының алғашқы күнімен құттықтады. Осындай шараның Түркі мемлекеттерін бір киелі шаңырақ астында жинап, тарихымызды, мәдениетімізді, салт-дәстүрімізді еске алып, жастарға үйрету жағынан маңыздылығын тілге тиек етті. «Сонау Алтайдан, киелі Өтукеннен бүкіл Еуразияны ат дүбірімен үркіткен Ер Түріктің ұрпақтары сол Аталардың тұрмыс-тіршілігін, мүддесін, сенімі мен мақсатын білу арқылы тарихымызды үйрену, мемлекеттеріміздің келешегі үшін еңбек ету біздің борышымыз. Сондықтан осы Тарих конференциясы ат үстінен түспей, алдына шектеу қоймаған, Алтайдың ну орманын, Моңғол мен Қазақтың шексіз даласын, Қырғыз бен Кавказдың тау-тасын, Өзбектің өзен бойларын, Анадолының шұрайлы жерлерін мекен еткен Ер Түріктің тарихы мен салт-дәстүрін, мәдениеті мен өркениетін толықтай ашып, жеткізеді деп сенемін», — деді Е.Уәйіс.
Алғашқы спикер болып профессор Семих Гюнер «Атамекен Енисей – Ленадан жайылған Ұлы көш» атты тақырыпта сөз алды. Өз кезегінде профессор С.Гюнер Алтай өңіріндегі ежелгі көшпенділердің тұрмыс-тіршілігі, үй шаруасы туралы құнды ақпараттармен бөлісіп, түрлі тарихи маңызы бар қорған мен обаларға тоқталды. Ал, екінші спикер доцент Туғрул Кигтир «Еуразиядағы 24 мың жыл бұрынғы Түріктің аталары» атты тақырыпта сөз алып, осы бағытта дайындалған «Түріктің аталары» кітабының қысқаша мазмұнын баяндады. Тарихшы Түріктердің генетикасы арқылы ескі Еуразия халықтарының арасында байланыс жүргізіп, Алтайдан шыққан көш туралы құнды деректермен бөлісті.
Сонымен қатар, конференция барысында Қазақ, Әзірбайжан, Түрік әндері орындалып, Қазақ әншісі, халықаралық конкурстар лауреаты Гүлжан Қорғанбекова және Әзірбайжан әншісі Фидан Хусеинова өз өнерлерімен тамсандырды. Қазақ білім және «Қазақ елі» журналының Бас редакторы Ертолқын Гайреттулаһ домбырада ойнап, Қазақ әндерін елге тарту етті.
Тарихымызды оқып-үйрену тек білімімізді жетілдірумен шектелмейді, тарихымызды білу өзімізді тану, ұлтымызды тану, бойда тасыған қуат, жігердің қайдан келгенін, оның қайда жұмсау керектігін түсінуге шақырады. Осындай тарих конференциялары бүкіл Түрік жастарының кеудесінде күдік тудырып жүрген сұрақтарының жауабын беріп, ертеңгі ұрпақты кешегі даңқты Аталар жолына түсіруде деп сенемін.

Ержан УӘЙІС,
«ТҮРКСОЙ» Халықаралық ұйымының Бас кеңесшісі
Қорқыт Ата университетінің құрметті профессоры
Ыстанбұл.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *