Тұтқабай ФАЗЫЛБЕК, Түркістан облыстық журналистер одағының басқарма төрағасы: «ӘДІЛДІКТІ ТУ ЕТКЕН БАСЫЛЫМ»

Мерей
1 521 Views

Ғаламтордың жылдамдығы күшейіп, ақпараттық порталдар мен әлеуметтік желілер жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптамай тұрғанға дейін біздің елде «Газет аштым» деп ешкімді таңғалдыра алмайтын замандар болған. Әсіресе, күнгей жұртшылығын. «Оңтүс-тікте пәленбай басылым жарық көреді» дегенді ауыз толтырып айтатынбыз. Расы керек, атынан ат үркетіні болмаса, затын ілуде бір көзіміз шалатын газеттер де бар-ды. Бірақ, бүгінде бәрін де заман талабы өзінің елегінен өткізіп боп қалды-ау.

Сондықтан осы тұрғыдан алғанда, 10 жыл дегеніңіз – тәуелсіз мемлекетімізбен бірге жасап келе жатқан тәуелсіз басылым тарихы үшін үлкен белес. Иә, газет – ұжымдық еңбек. Оның он жылдық тарихында басылымда тер төккен барлық азаматтардың өз орны бар. Әйткенмен «Қой бастаған арыстан тобынан Арыстан бастаған қой тобы артық» демекші, «Әділеттің» атына заты сай газет болып қалыптасуында, елдің көкейінде жүргенді тамыршыдай дөп басып айтып, қалың оқырманның жүрегіне жол табуында, көпшіліктің ықыласына бөленуінде, танымалдығы артуында Қуанышбек Ботабек бауырымыздың еңбегі ерен. Әрбір нөмірінің өткір шығуына, қоғамдық ойға қозғалыс, рухани санаға сілкініс әкелуіне күш салатынына талай рет көз жеткізгенбіз. «Әділет» газетін дүниеге әкелу туралы идея туындаған сәттен бүгінге дейін энтузиазммен, қарқынды жұмыс істеп келеді. Өйткені ол өзінің ісін сүйеді, газетке ғашық, ең бастысы – жаны әділдікті, адалдықты, туралықты, ақиқатты қалайды. Әйтпесе газет шығарудың «шығынды бизнес» екенін осы төңіректе жүргендер жақсы біледі. Алайда «Әділ» деген сипаты бар Алла тағалам әділетті сүйетін құлына берекесін дарытып қойғанының арқасы шығар, Қуанышбек те, «Әділет» те соқтықпалы-соқпақсыз жерлерден адаспай, небір қатаң сындарға сынбай, сүрінсе де басын көтере жығылып, қайта еңсе тіктеп, қайсарлықпен алға адымдап келеді! Шыңғырған шындық, ащы ақиқат елдің бәріне жағушы ма еді?! Бірақ, әу бастан-ақ әділдіктің туын биік ұстамаққа ниет еткен «Әділет» пен Қуанышбекті сол турашылдығы ешқашан жерге қаратқан жоқ!

Жалпы, бүгінгі қазақ газеттеріне тек ақпарат құралы деп қарау аздық етеді, оның әу бастағы, Алаш ардақтылары мұрат еткен миссиясы – руханият құралына айналу. Осыны әріден сезінген Қуанышбек бауырымыз «Әділеттің» бағытына рухани жаңғыруды да қосып алды. Дәл баяғыдай бағдар – айқын, мақсат – анық. Демек, әділет пен руханиятты темірқазық еткен басылымның ғұмыры ұзақ, сөзі өміршең болары даусыз.

Мерейтой құтты болсын, әріптестер! Біршама дүниені жоспарлап ек, бұйыртса, мына карантиндік режим аяқталғаннан кейін «Әділеттің» он жасын ел газеті – «Егеменнің» жүз жылдығынан кем етпей атап өтуге атсалысамыз деген ойдамыз.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *