ТӘУЕЛСІЗ ЕЛДІҢ НЕГІЗГІ ТІРЕГІ – БІЛІМДІ ҰРПАҚ

Білім
1 209 Views

Қазіргі таңда білімдінің алға түсіп, бəйгеден озып келетін заманы енді туды. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру»атты бағдарламалық мақаласында «Біздің тəрбие жұмыстарының негізгі мақсаты:рухани дүниесі бай, денсаулығы мықты, азаматтылығы гуманизммен ұштасқан,инновациялық, əлеуметтік-мəдени өзгерістерге қабілетті XXI ғасырға лайықты, тұлғаның патриоттық сана-сезімін қалыптастыру мен дамытуға жағдайлар жасау.

Тәуелсіздік жылдарында еліміз екі процесті – саяси реформа мен экономикалық жаңғыруды қатар жүргізіп, белгілі бір нәтижеге жетті. Қазіргі уақытта жаңа тарихи – Рухани жаңғыру кезеңіне аяқ басты. Рухани жаңғыру бізден ұлттық санамызды қалыптап, бәсекеге қабілетті болып, кез-келген мәселеге прагматистік тұрғыдан келуді, жалпы алғанда ұлттық бірегейлігімізді сақтай отырып дамуымызды талап етеді. Рухани жаңғырудың ең басты шарты – «білімді, көзі ашық, көкірегі ояу болуға ұмтылу». Өйткені, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында атап көрсеткендей, «табысты болудың ең іргелі басты факторы білім екенін әрқайсымыз терең түсінуіміз керек… Себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді». Бұл жерде әңгіме еліміздің болашағы туралы. Оның ертеңі – жас ұрпақтың қолында. Бүгінгі жас ұрпақ, болашақ маман Қазақстан Республикасы «Білім туралы» Заңының 8-бабында көрсетілген міндеттер бойынша: «Ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарды игеріп, ғылым мен практика жетістіктеріне негізделген білім алулары керек». Ендеше, біздің ұстаздарымыз оқытудың жаңа технологияларын енгізіп, білім беруді ақпараттандырып, халықаралық ғаламдық коммуникациялық желілерге шығу арқылы оқытуды сауатты, сапалы жүзеге асырып, мамандардың кәсіби құзіреттілігін қалыптастырғанда ғана қоғамымыздың дамуына елеулі үлес қоса алады. Бұл істердің барлығын жүзеге асыратын еліміздің ұстаздар қауымы. Ендеше, бүгінгі ұстаздар қауымына қойылатын талап та жоғары болмақ. Олар жан-жақты, әлемдегі жаңалықтардан мағлұматы бар, үнемі шығармашылық ізденістегі, кәсіби біліктілігін шыңдайтын жеке көзқарасы бар, соны қорғай білетін жігерлі тұлға, зерттеушілік қабілеті бар, білімді де білікті, көп оқитын, көп тоқитын, білімін күнделікті ісіне шебер қолдана білетін, өзінің шәкіртін өз бетінше білім алуға баулитын кәсіби маман иесі болуы керек. Бұл өмір талабы. Ұстазда ұйымдастырушылық, құрылымдылық, бейімділік, сараптамалық қабілеттердің де болуы шарт.

Жаңартылған білім берудің маңыздылығы – оқушы тұлғасының үйлесімді қолайлы білім беру ортасын құра отырып сын тұрғысынан ойлау, зерттеу жұмыстарын жүргізу, тәжірибе жасау, АКТ-ны қолдану, коммуникативті қарым-қатынасқа түсу, жеке, жұппен, топта жұмыс жасай білу, функционалды сауаттылықты, шығармашылықты қолдана білуді және оны жүзеге асыру үшін қажетті тиімді оқыту әдіс-тәсілдерді курс барысында ұғындық. Бағалау жүйесі де түбегейлі өзгеріске ұшырап, критериалды бағалау жүйесіне өтеді. Критериалды бағалау кезінде оқушылардың үлгерімі алдын ала белгіленген критерийлердің нақты жиынтығымен өлшенеді. Оқушылардың пән бойынша үлгерімі екі тәсілмен бағаланады: қалыптастырушы бағалау және жиынтық бағалау. Баланың жан-жақты ізденуіне ынталандырады. Бұл бағалау жүйесінің артықшылығы, баланың ойлау қабілетін дамытып, ғылыммен айналысуға ықыласын туғызады. Кеңестік заманнан қалған бес балдық бағалау жүйесі жойылды. Қалыптастырушы бағалау күнделікті оқыту мен оқу үрдісінің ажырамас бөлігі болып табылады және тоқсан бойы жүйелі түрде өткізіледі. Қалыптастырушы бағалау үздіксіз жүргізіле отырып, оқушылар мен мұғалім арасындағы кері байланысты қамтамасыз етеді және бал немесе баға қоймастан оқу үрдісін түзетіп отыруға мүмкіндік береді. Жиынтық бағалау оқу бағдарламасының бөлімдерін, ортақ тақырыптарын және белгілі бір оқу кезеңін (тоқсан, оқу жылы, орта білім деңгейі) аяқтаған оқушының үлгерім туралы ақпарат алу мақсатында бал және баға қою арқылы өткізіледі. Кіріктірілген білім беру бағдарламасында қазақ тілі пәнінің берілу жайы да өзгеше. Бағдарлама оқушының төрт тілдік дағдысын: тыңдалым, айтылым, оқылым, жазылымды жетілдіруге бағытталған. Бұл төрт дағды оқу жоспарында «Шиыршық әдісімен» орналастырылған және бір-бірімен тығыз байланысты. Айталық, қарапайымнан күрделіге қарай шиыршық бойымен дамып, өрлей түскені жай ауызекі тілде ғана ойын жеткізуден, күрделі мәтіндер құра білу дағдылары шыңдалып, тілдік құзыреттіліктері шыңдала түседі. Сондай-ақ, тілдік мақсаттар мұғалімдер мен оқушылардың оқуға деген ынтасын арттырып, қолдауына көмектеседі. Пəн мұғалімдері оқушылардың пəн мазмұнын меңгеріп, академиялық тілді дамытуына қолдау көрсетеді. Оқушы жетістігін нақты бағалау – білім беру жүйесіндегі өзекті мəселелердің бірі. «Мұғалім көп әдісті білуге тырысуы қажет. Оны өзіне сүйеніш, қолғабыс нәрсе есебінде қолдануы керек», – деп Ахмет Байтұрсынов айтқандай, қазіргі заман талабына сай білім беру мәселесі сол қоғам мүддесіне сай болған жөн. Өз ісінің шебері ғана жоғары жетістіктерге жетеді.

Қорытындылай келе, жоғарыда келтірілген тұжырым Қазақстанда білім беру саласына өзгеріс қажет екенін анық көрсетеді. Технология, коммуникация мен ғылым салаларындағы мұндай елеулі өзгерістер əлемдік экономикаға айтарлықтай ықпал ете отырып, XXI ғасырда табысты болу үшін əрбір азаматқа қажетті білім мен дағдыларды алға тартады. Білім беру бағдарламасының мазмұны, педагогикалық тəсілдер жəне бағалау тəсілдері бір мақсатқа жұмылдырылуы тиіс. Бұл жаңартылған білім беру бағдарламасы бойынша менің көкейге түйгенім: алдымызға мақсат қоя отырып, сол мақсатқа жету жолында шəкірттердің жүрегіне жол тауып, əрекеттендіре білу шеберлігіне жетсек, егемен елдің ұл-қыздары білімді де білікті болып шықпақ. Соның арқасында біз бəсекеге қабілетті, іргесі мықты ел боламыз. Қазіргі білім беру жүйесінің мақсаты – бəсекеге қабілетті маман дайындау. Мектеп – үйрететін орта, оның жүрегі – мұғалім. Ізденімпаз ұстаздың шығармашылығындағы ерекше тұс – оның сабақты түрлендіріп, тұлғаның жүрегіне жол таба білуі. Ұстаз атана білу, оны қадір тұту, қастерлеу, арындай таза ұстау – əр мұғалімнің борышы. Ол өз кəсібін, өз пəнін, барлық шəкіртін, мектебін шексіз сүйетін адам. Ұстаздықтың ұлы жолында өзімнің бар күш-жігерімді салып, еліме пайдамды тигізіп жатсам, бұл ғаламда одан артық бақыт жоқ деп ойлаймын.

Т.М.ЕДИГЕЕВА,

Түркістан облысы, Кентау қаласы

әл-Фараби атындағы №14

мектеп-гимназиясы мектеп директорының

бастауыш сыныптар бойынша

оқу ісі жөніндегі орынбасары.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *