Сарыағаш қаласында заманауи үлгідегі автокөлік бөлшектерін саудалауға арналған «TOLEGEN ATA AVTOMARKETI» ашылды.
Сауда орталығының ашылу салтанатына аудан әкімі Мұхит Отаршиев арнайы қатысып, лентасын қиды.
— Бүгін ауданымызда заманауи үлгідегі автобөлшек сауда орталығы ашылып отыр. Жыл сайын аудан кәсіпкерлері өз кәсібін ашып, көптеген жұмыстар атқаруда. Сондықтан біз осындай азаматтарды қолдауымыз керек. Алдағы уақытта аталған нысан 400-ге жуық аудан тұрғынын тұрақты жұмыспен қамтып, жұмыссыздық мәселесін шешуге өз септігін тигізері сөзсіз, – деді аудан әкімі.
Сауда орталығы ғимаратының жалпы алаңы — 5200 шаршы метр. Мұнда 156 сауда дүңгіршегі орналасып, тұрғындарға ыңғайлы жағдайлар жасау мақсатында жеделсаты (лифт) және эскалатормен қамтамасыз етілген.
Айта кетсек, аудан көлемінде кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруға тұрақты негізде жұмыстар жүргізіліп, жаңа жұмыс орындарын ашуға, кәсіпкерлік субъектілерінің жұмыс істеуіне жағдай жасалуда. Бүгінгі таңда аудан бойынша 17410 кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істеуде. Осы субъектілерде жұмыс істейтін адамдар саны 38 500-ге жетіп, өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 3,5 %-ға өскен. Өндірілген өнім көлемі және көрсетілген қызмет пен жұмыс көлемдері 75 млрд. теңге болып, өткен жылмен салыстырғанда 3,6 %-ға артқан.