Испанияның Барселона қаласында Еуропа кардиологтарының конгресі өтті. Оған әлемнің 50-ден аса мемлекетінен 30 мыңға жуық кардиологтар қатысты. Онда кардиология саласының өзекті проблемалары, жүрек ауруларының алдын алу және одан болатын өлім-жітімді азайту мәселелері талқыланды. Әлемнің ең мықты, үздік, танымал ғалымдары мен дәрігерлері бас қосқан Еуропалық конгреске Алматы қаласы Кардиология орталығының мамандары да барып, тәжірибелерімен бөлісіп қайтты.
– Бұл іссапардан мол тәжірибе жинадық. Біз өз орталығымыз туралы мақтанышпен айттық. Басқа елдерден келген дәрігерлермен тәжірибе алмастық. Қазіргі таңда әлемде көптеген зерттеу орталықтары бар. Мәселен, емнің жаңа түрлері немесе дәрілік заттар енгізілетін болса, онда бірінші сол мыңдаған зерттеу орталықтарының қорытындысы бір-біріне сәйкес болуы керек. Бұл ретте біз де клиникалық сынақтарға қатысты өз қорытындымызды айтып, ұсыныс білдіре алатын деңгейге жеттік. Өйткені, біз де жыл сайын бес мыңнан аса жүрекке ота жасаймыз. Мұның үстіне, 15-16 мың адамға тексеріс жүргіземіз. Сондықтан Еуропалық кардиологтар конгресі біздің ұсынысымызды тыңдап, ескеретін жағдайға жетті.
Қазір әлемде медицина ғылымы биік белестерді бағындырып, алға қарай тез қарқынмен ұмтылуда. Неше түрлі ғылыми жаңалықтар енгізіліп жатыр. Енді оның бәрін өзімізде игеру үшін білікті мамандар қажет. Испанияға барғанда алған әсерім өте жоғары болды. Олардың науқасқа деген көзқарасы бөлек. Тіпті, аурудың анализдеріне дейін жік-жікке бөліп қарастырады. Олар науқастың қан құрамы мен қасиетін анықтап, әрбір бөлшегін, тетігін сараптап, көрсеткіштерінің түр-түріне қарай ем қолданудың жолын көрсетеді. Барлығын жүйе-жүйесімен бөліп, түсіндіріп айтады. Біз Еуропаның біраз орталықтарымен сөйлесіп, пікір алмастық. Германияның жүрек клиникасы дәрігерлерімен, Польшаның ірі кардиолог ғалымдарымен кездестік. Науқасты дәрі-дәрмекпен емдеудің түрлі тәсілдерін меңгердік, – дейді Алмат Тұрысбекұлы Қодасбаев.
Серік ЖҰМАБАЕВ.