«ЖҮРЕК АУРУЫНА ЖҮРЕ ҚАРАУҒА БОЛМАЙДЫ»

Денсаулық
1 082 Views

Жүрек – адам бойындағы ең маңызды бөлшек. Ол дене бөлігі қызметін атқарады. Сонымен қатар адам баласының барлық жақсы, жаман көңіл-күйлері жүрекке тікелей әсер етіп, сол арқылы сыртқа шығады. Дана Абай: «Тіл жүректің айтқанына көнсе жалған шықпайды» – деген. Ия, адамның ең аяулы жері – жүрек. Ең тазасы да сол. Жүрек бәрін басқаратын мүше. Адам баласының денесіндегі қан айналымы жүрек арқылы жүзеге асады. Ең нәзік, ең сезімтал да – жүрек. Осы жүректі емдеу мен сақтауда Медицина саласының Кардиология орталықтарының алатын орны ерек. Республикамызға танымал, адам өмірін ұзартуда үлкен үлес қосып келе жатқан осындай ең ірі орталықтардың бірі саналатын Шымкент қалалық Кардиология орталығының ашылғанына биыл 20 жыл толып отыр. Аталған орталықтың алғашқы басшысы, мықты кәсіби кадрларды дайындап, үлкен үлесін қосқан еселі еңбек иесі – жоғары санатты кардиолог-дәрігер, медицина ғылымдарының докторы Сәуле Райымбекқызы Абсеитова болатын. Мұнда өз істерінің кәсіби шеберлері, білікті мамандар қызмет атқарып келеді. Солардың бірі – жоғары санатты ұйымдастырушы кардиолог – дәрігер Гүлмира Шекербекқызы Алипова. Адам жүрегін емдеуге арналған маңызы зор орталықты қазіргі таңда Медицина ғылымдарының кандидаты, бірінші санатты дәрігер-кардиохирург, еуропалық кардиоторакалды хирургтар қауымдастығының мүшесі – Ермағамбет Мұханұлы Қуатбаев басқарып отыр. Медицина ғылымдарының кандидаты Ермағамбет Қуатбаев жақын және алыс шетелдердің, яғни Түркия, Германия, Израиль, Италия, Ресей сынды елдердің жетекші клиникаларында кардиохирургия бойынша мамандандырудан өткен. Туа біткен, жүре пайда болған жүрек ақауларын түзету, миокардты реваскуляризациялау, біріктірілген операциялар бойынша ашық жүрекке ота жасайды. Кардиохирургия мәселелері бойынша жиырмадан астам ғылыми мақалалардың авторы. 2013 жылы «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» атағымен марапатталған өз ісінің нағыз маманы. «Ақиқаттың мекені – жүрек. Оған мына кеңістіктің бетінде бардың бәрі сияды», – деп Әбіш Кекілбаев айтқандай, иә, жүрек – адам бойында қалыптасқан барша сезімнің ұясы. Жүректі қалай сақтап жүрміз? Жүрек ауруы дертіне шалдыққан науқастар легі қандай? Кардиология орталығының бөлісер жаңалықтары бар ма? Осындай реттегі сауалдарға жауап алу мақсатында Шымкент қаласының Кардиология орталығының басқарма басшысы Ермағамбет Мұханұлы Қуатбаевпен қызмет төңірегінде сұхбат өрбітіп көрген едік.

– Елордада бірталай жыл жұмыс істеп, осы мамандық төңірегінде абыройлы қызмет атқарған мамансыз. Кардиолог маман ретінде Оңтүстік өңірінің ірі нысаны саналатын – Кардиохирургиялық орталықтың басшысы болып тағайындалып келдіңіз. Жалпы, мекеменің бүгінгі таңдағы атқарылып жатқан нақты жұмыстарымен таныстырып өтсеңіз. Халықтың денсаулығын нығайту мақсатындағы жоспарларыңыз және еліміздегі медицина жаңалықтарымен бөліссеңіз.

– Сәлеметсіздер ме? Жалпы Оңтүстік өңіріндегі Кардиохирургиялық орталық – ең үлкен медициналық мекемелердің бірінен саналады. Неге десеңіздер, кезінде мемлекеттің жалпы көзқарасы өзгеріп, жүректің ақауы бар науқастарға басын бұрып, ең бір күрделі деген науқастардың арасында емдеу мүмкіншіліктерін қолдануға жол ашылған. Осы мекеме, яғни Кардиохирургиялық орталықтың ашылғанына келер жылы 20 жыл толады. Бұл мекеменің ең үлкен жетістіктерінің бірі – Кардиохирургиялық орталықтың ашылуы. Диагностиканың арқасында нақты диагноз қойылып, соған сай емдік шаралар қолданылуына мол мүмкіндіктер қарастырылған. Мекеменің ашылып, ары қарай дамуына жол ашқан жергілікті әкімдіктің қолдауымен 2019 жылы қосымша ғимарат салынып, халыққа пайдалануға берілді. Бұл орталықта жыл сайын 500-ге жуық науқасқа жүрекке ашық ота жасалады. Жүректің ырғақ өзгерістері пайда болған науқастарға ішкі құрылыстар, тамыр, катетерлі түрдегі диагностикалық ем қолдануға болады. Жүректің тума ақауы бар науқастар саны бізде жиі кездесіп жатады. Республика бойынша ең бірінші осы орталықта балаларға арналған жеке кардиохирургия бөлімшесі ашылып, қазіргі таңда балалар ауруханасына ауыстырылып, жеке қызмет атқарып отыр. Жүрек қантамырларының тарылуына арналған ангиографиялық аппараттар орнатылды. Қазіргі уақытта үшеуі қолданыста. Жүректің ишемиялық ауруы бар науқастарға тамырының тарылғанын диагностикалық және жабық түрдегі катетерлі ем қолданылады.Тағы бір жетістіктеріміздің бірі – жүректің ашық түрде ғана емес, жабық түрде жасалып жатқан оталардың сәтті, оң нәтижесін көрсетуі. Бұл енді дүниежүзілік тенденция. Неғұрлым кіші жаралар, кішкентай тесік, кіші кесім арқылы жүрек ақауын емдеуді түрлі-түрлі медициналық аппараттарды, дивайстарды пайдалана отырып емдесек, соғұрлым науқастың отасы жеңіл өтетін болады. Жүректің ырғағы өзгерген науқастарға біз жаңа тәсілмен оталар жасап келеміз. Бұрын радиочастоттық құрал-жабдықтармен күйдіріп, жүрегінің ырғағын қалыпқа келтірсек, енді соңғы бір-екі айдың арасындағы енгізілген емдеу тәсілі төменгі температура арқылы криоабляция тәсілімен жүректің ырғағын өзгерту. Оны жасау үшін біз Нұр-Сұлтан қаласынан белгілі аритмолог маман шақыртылып, жаңа аритмология бөлімшесі ашылды. Сол бөлімшеге меңгеруші етіп арнайы шақыртылған маман Азат Біржанұлы Тұрсынбеков тағайындалды. Қабырғаның арасынан үш-төрт сантиметр кесім арқылы кеуде құбырына эндоскопиялық камераны қойып, сол бейнекамера арқылы жүрегін бақылап, жүрегінің ішіндегі болып жатқан өзгерістерді белгіленген құрал-жабдықтарды пайдаланып, жүрегінің ішіндегі клапандарды емдеуге мүмкіншіліктер бар. Клапандарды жасанды темір клапандарға, биологиялық клапандарға ауыстыруға да ыңғайлы. Оған арналған аппараттар да жетерлік. Қазір ең үлкен бағдарламамыз – жүректің созылмалы жетіспеушілігі бар науқастарға арналған. Соның бірінші кезеңін бастағалы отырмыз. Бұл – бастапқы бағдарлама. Соған біз 24-25 маусым күндері бір топ дәрігерлерді Нұр-Сұлтан қаласынан, Германиядан шақыртып, үлкен шеберлік сыныбы мен экобағдарламасы, экстракорпоралдық мембраналы оксигенантты бағдарламасы жасалып, жоспарлар түзілді. Оған біз өте белгілі, мықты маман Нұр-Сұлтан қаласынан біздің мекемеге жұмыс атқару мақсатында келетін болады.

Біздің келесі үлкен бағдарламамыз осы мекемеде, осы орталықта немесе аумақта қызмет жасап жүрген дәрігерлердің кәсіби деңгейін көтеру үшін бірнеше шеберлік сыныптары мен семинарлар өткізу ойда бар. Арасында дәрігерлердің, кардиологтардың шеберлік сыныптарын, соның ішінде жүректің УЗИ-інен бірнеше кезеңге бөлінген шеберлік сыныптың біріншісін өткіздік. Оған Самара қаласынан белгілі кардиолог, эхографист маман қатысты. Екінші кезеңін жазда, үшінші кезеңін күзде өткізетін боламыз. Ерекше жоспарымыз – дәрігер мамандардың конференциясын өткізу. Қыркүйек айының соңында аритмологтар мектебін ашу ойымызда бар. Оған Қазақстан бойынша кардиолог мамандардың барлығын шақыратын боламыз. Шетелден бірнеше спикер келеді. Сол мамандармен қосылып, тікелей Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларынан ота жасап трансляция арқылы сол залдан тікелей көрсетілетін болады.Тағы үлкен бағдарламамыз –біздің медбикелерімізге арналады. Медбикелердің білімін арттыру, кәсіби мүмкіншіліктерін жоғарылату үшін біз қазіргі күнде «International Medical Center» атты америкалық компаниямен байланысып, өз медбикелеріміздің біліктілігін жоғарылатамыз. Бұл үшін менторлық бағдарлама арқылы мамандарға осы орталықта құрал-жабдықтармен, науқастармен қалай жұмыс істеу керек екенін шетелден маман алдырту арқылы үйретіп, таныстырамыз деген ойымыз бар. Олар бір күнге емес, бірнеше аптаға келіп, біздің осы жергілікті орталықта жұмыс істеп, медбикелеріміздің деңгейін көтереді деген ниеттеміз. Қазіргі уақытта бірнеше меморандумға қол қойылды. Сол қол қойылған меморандум арқасында біз өзіміздің дәрігерлердің, медбикелердің, тағы да басқа мамандардың біліктілігін арттырамыз әрі соның арқасында науқастардың сапалы медициналық көмек алуына жағдай жасалады. Негізгі ең маңызды меморандумға біздің Шымкент қаласы әкімінің өзі қол қойған болатын. Ғабидолла Әбдірахымов пен Юрий Владимирович Пя екеуінің арасында түзілген меморандумның арқасында Шымкент қаласы мен Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталықтың мамандары бірігіп, көптеген жетістіктерге жетеді деген сенімдеміз. Тек қана білімімізді емес, ғылыми жұмыстарды да ары қарай жоспарлап, жетілдіреміз. Конференция, симпозиум, ғылыми жұмыстарды бірге жалғастырамыз.

– Бүгінде орталықта кәсіби дәрігерлер де өзіңізбен қатар аянбай еңбек етіп келеді. Олар туралы айтып өтсеңіз. Елдің көбісі үлкен үміт артып, айығып кетем деген ниетте, Сіздердің алтын қолдарыңызға сеніп келеді. Елдің ықыласы қалай болып жатыр бүгінде?

– Сауалыңыз орынды, әрине. Шымкент қаласы Кардиохирургиялық орталығының мамандарына ерекше тоқталып өтуге болады. Неге десеңіз, ұзақ уақыттан бері, яғни 20 жылдың ішінде бұл орталық өзіндік дәстүрі қалыптасып, мамандар жылдан-жылға өз біліктіліктерін шыңдап келеді. Ең күшті, ең мықты дәрігер-кардиологтар, зерттеушілер осы мекемеде қызмет етеді деп мақтанып та, қуанып та айтуымызға әбден болады. Себебі, мен Нұр-Сұлтан қаласында жұмыс атқарып жүріп, жалпы Қазақстан бойынша қалалардың барлығына барып, Кардиохирургиялық орталықтарына, кардио бөлімшелеріне барып, араласып көріп шеберлік сыныптар, симпозиумдар өткізіп жүрдік. Сонда байқағаным, Шымкентте орналасқан Кардиоорталықтың мамандары Қазақстан бойынша өзінің білімділігімен, жан-жақты көзқарасымен, адамгершілігімен, науқастарға берер мол мүмкіншілігімен бір саты жоғары. Орталықта дәрігерлік кеңестен бастап, диагностикалық зерттеуі, жабық, ашық түрдегі ота жасауға арналған құрал-жабдықтарға дейін қамтамасыз етілген. Сондықтан науқастар жан-жақты толық қамтылған. Ем алуға барлық мүмкіндіктер қарастырылған. Жалпы, емнің түрлерін Қазақстанның азаматтары толықтай тегін алады. Емнің барлығын 100 пайыз Үкімет қамтамасыз етеді. Қазіргі күнде біздің шет елден келіп, ем алып жатқан науқастарымыз бар. Мысалыға Өзбекстаннан, Қырғызстаннан емделіп, келіп кетті. Дәл қазіргі уақытта Грекиядан арнайы келіп емделіп жатқан науқасымыз да бар. Ресей елінен де бірнеше рет келген емделушілер де болған. Қазақстанның басқа да облыстарының тұрғындары да арнайы келіп ем алып жатады. Жалпы, осы орталықты естіп, біліп, келіп, тек қана диагностика емес, консервативті түрдегі емді сонымен қатар катетерлі түрде, ашық және жабық түрдегі оталар жасатып, қажетті емдерін, шипаларын алып, алғыстарын жаудырып жүрген науқастар саны да аз емес.

– Бұл өте қуантарлық жағдай екен. Бізде саяси науқан аяқталды. Президентімізді сайлап алдық. Осы төңірегінде ойыңызды білсек.

– Менің өзіндік көзқарасым медицинада тек бір ғана саяси жоба бар. Бұл – өзіміздің кәсіби түрде ем көрсетуіміз. Сол біздің ең негізгі ұстанымымыз болып саналады. Өмірде, елімізде, қоғамда болып жатқан саяси науқандарға араласа алатын, өзіндік пікірі бар, жан-жақты көзқарасымыз қалыптасқан, көзіміз ашық халықпыз. Сондықтан саяси науқанға толық атсалысқанымыз жөн. Әрбіріміздің азаматтық ұстаным мен көзқарасымыз, мүмкіншілігіміз бар. Кеше ғана өткен сайлау кезеңіне мекеменің 90 пайызы дауыс берді десем, қателеспейтінім анық. Бұл қуанатын жағдай. Себебі, әріптестеріміз Қазақстанда, яғни елімізде болып жатқан саяси өзгерістерден шет қалып жүрген жоқ. Өздерінің тікелей үлестерін қосып, таңдауын жасап отыр. Осы мекемеде сайлау бөлімшесі болды. Сайлау күні бізде емделіп жатқан науқастардың барлығы ешқандай кедергісіз дауыс бере алды.

– Кәсіби мерекелеріңіз қалай өтті? Медицина саласындағы еңбектеріңіз орасан, абыройларыңыз биік. Елге айтар тілегіңіз. Болашақ туралы айтып өтсеңіз.

– Кәсіби төл мерекеміз – біз үшін ерекше. Себебі, дәрігердің жасап жүрген қызметі тек қана жақсы нәтижемен көрінеді. Егер де жақсы нәтиже болмай қалса, науқастың туыстарымен бірге біз де қобалжып, көңіліміз түсіп, қайғырамыз. Әртүрлі жағдай болады. Біздің мамандығымыз адамның денсаулығымен, өмірімен тікелей байланысты болғаннан кейін мойнымызда үлкен жауапкершілік жүгі бар. Біз бұл мерекеде өзіміздің өткен уақытымызда қызмет бабында қандай жетістіктер мен кемшіліктер болғанын сараптап, салыстырамыз. Қандай сабақ алдық, нендей дәріс алдық, соның нәтижесінде шешім қабылдап, өзгерістерге тап болдық па, жаңалық аштық па, жаңа дәрежеге көтерілдік пе деген ойменен артта қалған жылдарға шолу жасаймыз.

Қандай да бір мереке болсын, біздің ең басты мақсат – адам өмірін, денсаулығын сақтау. Елімізге тілерім – аспанымыз ашық болсын! Біздің жасап жатқан емімізден науқастарымыз шипасын көре берсін! Алла бәрімізге зор денсаулық, мағыналы ғұмыр берсін. Ауырмаңыздар! Аман болыңыздар! Ал, дәрігер әріптестеріме біріншіден – сабырлық тілеймін. Дендеріңіз сау болсын! Медицина саласында жүргеннен кейін ең алдымен өздеріңіздің денсаулықтарыңызды жоғалтпай, біліктіліктеріңізді арттырып, қызметтеріңізді жемісті жалғастыра беріңіздер.

– Алтын уақытыңызды бөліп, бізге берген сырлы сұхбатыңыз үшін рақмет! Еңселі ерен еңбектеріңізге табыс тілейміз!

Сұхбаттасқан Әділ ҚЫРАН.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *