«Шаң басқан архив талай сырды шертеді». Ауызекі тілде осылай дегенімізбен, тап осы теңеудің қалың-қалың папкілерді қораптармен қаптап, үстіне тозаң қондырмай, көздің қарашығындай сақтап отырған бұл архивке еш қатысы жоқ. Осы кезеңге дейін еліміз туралы өте ауқымды әлеуметтік-экономикалық, саяси, ғылыми, мәдени ақпараттарды жинап, демократиялық қоғам қалыптастырудағы идеологиялық мәні жоғары деректердің алтын қорын жасақтап отырған бұл архив барлық мемлекеттік архивтердің қазіргі заман тарихы саласындағы ғылыми-әдістемелік орталығы болып отыр десек, артық айтқанымыз емес.
Түркістан облысындағы архив ісін ұйымдастыру жөніндегі алғашқы іс-шара 1926 жылдың қазан айында Шымкент қаласында губерния аумағында орналасқан барлық мекемелердің, ұйымдардың, кәсіпорындардың архивтік қорларын жинап, қабылдаумен айналысатын Сырдария архив бюросын құрудан басталды. Кейіннен 1934 жылы наурыз айында Оңтүстік Қазақстан облыстық мемлекеттік архиві құрылды.
Ал, Түркістан облысының архив ғимараты 1988 жылы салынған, ауданы 1623 шаршы метрді құрайтын жеті қоймасы бар. Қоймалар 800 мыңнан аса сақтау бірлігіне есептелінген. Қоймалар темір сөрелермен, өрт қауіпсіздігі сигнализацияларымен, өрт сөндіру құралдарымен жабдықталған. 2018 жылдың тоғыз айлық есебі бойынша облыстық мемлекеттік архивте 1316 қор, жалпы саны 477491 іс жинақталған.
Еркіндікке қолымыз жетіп, теріскейі мен күнгейін таразы басына қойып, енді-енді оң-солымызды тани бастаған 1992 жылында Оңтүстік Қазақстан облысының мұрағаттар және құжаттама басқармасы құрылды. Бүгінде осы басқарма көптеген өзгерістерге ұшырап, халықтың асыл қазынасына айналып, құнды құжаттардың мекені – Түркістан облысы ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасы атанып, оны Бастар Әуелханұлы Есқараев басқарып отыр.
Қазіргі таңда Түркістан облысы ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының құрамына қалалық және аудандық 18 архив мекемелері кіреді. Түркістан облысының мемлекеттік архивін 2016 жылдан бері Айдын Кеңесбайқызы Исатаева басқарып келеді.
Биыл Түркістан облыстық мемлекеттік архивіне 92 жыл толып отыр. Инемен құдық қазғандай күрделі, бірақ көзге көріне бермейтін архив ісін бір сөзбен айтып, тобықтай түйініне келер болсақ, Қазақстан Республикасында архив ісін реттейтін заң актілері шеңберінде мынадай үш бағытта жүзеге асырылады: мекемелердегі құжаттардың толықтығын, сақталуын қамтамасыз ету, оларды іріктеп мемлекеттік сақтауға қабылдау және мемлекет игілігіне пайдалану.
Қазіргі таңда мемлекеттік архив қорларында Мырзашөлді бағындыру, Шардара аймағын, Бөген су қоймасын игеру, құрылыс, ғылымының дамуы, денсаулық сақтау, кооперация, қала, аудан орталықтары мен ауылды көріктендіру, еңбеккерлердің мәдени өмірімен материалды жағдайын көтеру, тағы басқа тарихи деректермен таныса аласыздар. Қайта құру, тарихи ақтаңдақтарды қалпына келтіру және 1930-1940 жылдар мен 1950 жылдардың бастапқы кезеңдерінде орын алған қуғын-сүргін құрбандарын мәңгілік есте қалдыру, жер аудару саясаты мен халықтарды депортациялау, елді мекендердің тарихи-географиялық атауларын қалпына келтіру, көшелерді қайта атау, білім саласындағы өзгерістер және бұқаралық ақпарат құралдары баспаларының жасақталуы, экономикадағы және ауылшаруашылығындағы құрылымдық өзгерістер, алғашқы жеке, біріккен, кіші және басқа да мекеме, кәсіпорын, өндіріс орындарының қызметі, қоғамдық саяси бірлесулер мен партиялар, қоғам өмірі мен қызметінің жан-жақты жаңаруы туралы әңгімелейді. Сонымен қатар архивистер – архив қорын жеке адамдардың құжаттарымен толықтыруда. Бұл мәселеде Түркістан облыстық мемлекеттік архиві үлкен істер атқарылып келеді. Қазіргі таңда жеке текті құжаттардың 5 қоры және 10 топтамасы, 281 қор иелері бар және 465 мекеме мен кәсіпорындардың ғылыми, тарихи, шаруашылық, мәдени, әлеуметтік маңызы бар құжаттары енгізіліп отыр.
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев биылғы 17 сәуірде Қазақстанның үшінші жаңғыруы жөнінде бастама көтере отырып, қоғамдық сананы жаңғыртудың ауқымы мен бағыт-бағдарын айқын көрсетіп берді. Баршаға белгілі, біз бұған дейін еліміздің, Түркістан өңірінің тарихына арналған «Мәдени мұра» және «Туған жер» бағдарламаларын Түркістан облысы мемлекеттік архивінің басшысы А.Исатаеваның бастауымен жүзеге асырып, дүние жүзінің архивтерінен өз тарихымызға қатысты құжаттарды елге әкелген болатынбыз. Қазақ АКСР алғашқы астанасы – Орынбор, Омбы қалаларының, Алаш ардақтыларының негіздері білім алған, қызмет еткен орталықтары – Мәскеу және Ташкент қалаларының архивтері мен кітапханаларында қазақ халқының тарихына қатысты материалдары жинақталған.
«Мәдени мұра» Мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысында Ресей Федерациясы Орынбор облыстық мемлекеттік архиві мен Н.К.Крупская атындағы облыстық кітапханасы, Мәскеу қаласындағы Ресей мемлекеттік әлеуметтік-саяси тарих архиві, Ресей мемлекеттік экономикалық архиві, Өзбекстан Республикасы Әлішер Науаи атындағы Ұлттық кітапханасы, Гәнжауи Низами атындағы Ташкент мемлекеттік педагогикалық университеттің фундаменталдық кітапханасы, Ташкент мемлекеттік Шығыстану институтының Абу Райхан Беруни атындағы Шығыс қолжазбалар орталығында және Ресей Федерациясы Омбы облысының тарихи архиві мен А.С.Пушкин атындағы Омбы мемлекеттік облыстық ғылыми кітапханаларында болып, «Қазақ хандығының тарихы мен құрылуы, Қазақстанның оңтүстік аймағы мен Түркістан өңірінің құрылуы»,»Шет ел мемлекеттері құжаттары негізінде ХІХ-ХХ ғасырлардағы Оңтүстік Қазақстан тарихы», көші-қон саясаты, қорғаныс, құрылыс өнеркәсібі, ауыл, су шаруашылықтары туралы құжаттармен ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілді.
Осыған орай Шет ел мемлекеттері құжаттары негізінде 4 топтама құрылды. Атап айтар болсақ, Қор 1129 (төңкеріске дейінгі), Қор 1169 (кеңестік кезең), Қор 1446 (төңкеріске дейінгі), Қор 1445 (кеңестік кезең) және Қор 1170 «Түркістандағы қазақ ұлттық зиялыларының өмірі мен қызметі» топтамасы бойынша.
Әкелген құжаттар негізінде облыстық архив «Из истории завоевания Туркестанского края», «Түркістан өлкесіндегі оқу-ағарту ісі», «Исторический обзор и указатель документов по Южному Казахстану из архивов городе Ташкента» атты кітаптар және Астана қаласындағы Археография және деректану ұлттық орталығында шығарылған 8 томдық «Қазақстан тарихы шетел мұрағаттары мен кітапханаларында» атты ақпараттық анықтамалыққа кіргізілді. 2017 жылдан бастап шетел архивтерінен әкелінген құжаттар «Электронды мұрағат» жүйесіне енгізілді.
Қордаланған түйткілдерге қарамастан архив ісінде ілгерілеушіліктер де бар. Мәселен, бұл мекемеде электрондық бірыңғай ақпараттық жүйе қызмет етеді, электрондық архив үшін 4578 іс цифрландырылған. Уақытты үнемдеу мен тиімді жұмыс істеуге көп көмегі бар бұл қызметке сұраныс жоғары болып отыр. Өйткені, архив құжаттарын сол күйінде сақтап қалу барған сайын күрделене түсуде.
«Кім ақпаратқа ие болса, сол әлемді билейді» демекші, ақпараттық дәуірде сол ақпаратты басқару, пайдалану ісінің мән-маңызы айрықша. Саланың нақты жай-күйі архив деген не екенін шынайы ұғынуға, оның қоғам мен мемлекет үшін мән-маңызына тереңірек үңілуге алып келді. Өткен кезеңнің бай қазынасы мен бүгінгі күннің құнды деректерін келер ұрпаққа жеткізу, ғылыми айналымға қосу ісі жаңа шешімдерді талап етеді. Бүгінгі күні архивтер – халық жадының сақтаушысы ғана емес, тарихи сананы қалыптастырудың, патриоттық, рухани тәрбие берудің маңызды бір құралы болуы тиіс. Түркістан облыстық мемлекеттік архиві ауқымды конференциялар, «дөңгелек үстел» мәжілістерін, құжаттық көрмелер мен жоғары оқу орындарының студенттеріне лекция-экскурсиялар өткізуде. Сонымен қатар облыстық архивте халыққа қолжетімді, тарихқа, шежіреге қызығушылар үшін әрдайым оқу залының есігі ашық.
Архив қызметкерлері – мемлекеттің кешегі және бүгінгі тарихының сақтаушысы. Ұлтымыздың кешегісі мен бүгінін құрайтын құнды құжаттарды болашақ ұрпаққа аманат ету міндеті сеніп тапсырылған. Отанымыздың игілігіне айналдыруға архив қызметкерлерінің аянбай қызмет ететіні сөзсіз.
Майра КУРБАНБАЕВА,
Түркістан облыстық мемлекеттік архивінің қызметкері.