ХАЛЫҚТЫҢ ҚАМЫН ОЙЛАҒАН НҰР-АҒА

Мерей
1 045 Views

Тұңғыш Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көпбалалы аналарға қамқорлығы жайлы бір үзік сыр

Алланың берген сыйы – жеті бала сүйген аналардың бірімін. Туған жерім Қазығұрт болса да, білім іздеп Алматыдағы Қыздар педагогикалық университетін үздік аяқтап, сонда қызметке қалған едім. Әуелі Академияда жаңадан ашылған «Қазақ Кеңес энциклопедиясында» қызмет істеп жүргенімде тұрмыс құрып, бес перзент сүйіп, Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев ағаның қамқорлығы арқасында үш бөлме үйге ие болған едік.

Алла одан соң екі перзент сыйлап, қызметім «Жалын» баспасына ауысқан еді. Еліміз егемендік алмай тұрып, жеті перзентті болған соң үйдің кезегіне тұрған едім. «Жалын» баспасынан тағы да кезекке тұрып, сәті келіп алты бөлме үй бөлінген болатын. Сол үй үлкен дауға айналып, алты бөлме орнына екі және үш бөлмелі үй ұсынды. Оған келіспеген соң ол үйді өзгелерге таратып, мен үйсіз қалатын болдым.

Сол кезде Қазақстан Жазушылар одағында (бұл 1987 жыл еді) Министрлер Кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 19-конференцияға делегат болып сайланып, кездесу болды. Сол жиынға көппен бірге қатысып, үй ала алмай қалатын жайымды жазған арызымды ала бардым. Нұрекең сол кезде қағазға қарамай үш сағаттай елмен сұхбат жүргізді. Кейбіреулер шағымдарын айтып, жауап алып жатты. Мен де арызымды мінбеге жібердім.

Ертеңіне сол арыз берген кісілерді қабылдап жатқан жерге кездейсоқ барып қалдым. Кеше өтініш білдірген ақын-жазушы, тағы басқа кісілермен бірге қабылдау бөлмесінде болдым. Аға адамдардың тілектерін кезегімен тыңдап, қанағаттандырып жатты. Ең соңына дейін әдеп сақтап отырдым. Кезегім келгенде:

– Қалқам, Сіздің қандай бұйымтайыңыз бар? – деді. Госкомиздат үй бергенін, бірақ аумағы аз болған соң келіспегенімді, сол кездегі қала әкімі Заманбек Нұрқаділов алты бөлме үй ұсынған еді. Баспадағылар бір бөлмені кемітіп, бес бөлме үй бергенін, оны өзгелерге беріп қойғанын, сөйтіп үйсіз қалайын деп тұрғанымды айттым.

Сөзімді тыңдаған аға көзімше телефонның тұтқасын алды да З.Нұрқаділовпен хабарласып, мән-жайды түсіндірді де маған: – Қарындасым, ертең Зәкеңе бар, жұмысың реттеледі. Егер ісің тынбаса, маған қайта кел, – деді де көмекшісі Нидің телефонын жазып алуды өтінді. Ертеңіне Зәкеңе келсем, «Алмагүл» шағынауданындағы жаңадан салынып біткен үйлердің бірінен екі-үш бөлмелі алты бөлме баяғы өзі айтқан үйдің құжатын алуым үшін Үй басқармасының бастығы Раевқа жұмсады.

Үйлі болып, ісім тынған соң ағаның қамқорлығы шабыт беріп, Нұрекеңе деген риза пейілімді өлең жолдарына түсіріп, оның біріне өз замандасым Дариға Тілендікелініне ән жазғыздым. Ол оны оркестрге қосып, «Отырар сазы» ансамблінде Қазақстан өнеріне еңбек сіңірген қайраткер әнші Ермек Әбілтаев сахнаға алып шықты.

Отыз жылға жуық елінің қамын ойлап, көркейткен, Астананы жаңалап, болашаққа жол салған, ер Елбасына деген мен секілді көптеген аналардың атынан өлеңге ойын түсіріп, оны әнге айналдырғандағы мақсатым «Елім» деген ер, азамат тұңғыш Елбасымыз Нұрекеңе деген игі ниет еді. Елімен мәңгі жасай берсін деген тілек қосамын. Еліміздің Егемендігі Мәңгілік болғай.

Сол өлеңнің сөзін қоса-қабат ұсынғанды жөн көрдім. Ол менің 1997 жылы шыққан «Қазығұрт қызғалдағы» деген жыр жинағымның 36-бетінде жарық көрген еді.

КӨК БАЙРАҚТЫ ЕЛ КӨСЕМІ

Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа арналады

Елімнің тұңғыш Елбасы,

Парасат, ақыл жолдасы.

Халқына қамқор Нұрекең

Ел қамын ойлап жүр кілең,

Елбасымыз Нұрекең.

Әлемге елін танытқан

Алғыс алып ел-жұрттан,

Болашаққа жол салған.

Сөзге шешен майталман,

Ақылшымыз Нұрекең.

Ұлт белгісі –Елтаңба,

Асқақтаған Әнұран,

Желбіресе көк байрақ,

Енді теңгем ен жайлап,

Тұсауын кескен Нұрекең.

Ата Заңым елдігім,

Азат елміз біз бүгін.

Босып кеткен бауыр да

Қайтып жатыр ауылға,

Көш бастаған Нұрекең.

Тарихы терең елдерден

Тәлім алып меңгерген.

Қажетін алып еліне,

Шығарды жайлап төріме

Мәмілегер Нұрекең.

Халқы бәрі қолдаса,

Еш жамандық болмас-та.

Кері тартпай кейбірі

Жылжыса түгел ілгері,

Жол бастаған Нұрекең.

Халық қадірі ханымен,

Жалғаушы ол Тәңірімен.

Ырыс, байлық – бірлікте,

Сыйласқан жөн тірлікте,

Тірегіміз Нұрекең.

Ел ырысы еңбекте,

Еңбек түбі жеңбекте.

Мақсатына ел жетпек,

Барлығымыз тер төксек,

Бағдар берген Нұрекең.

Жарқырап ақ маңдайы,

Жұртты өзіне баурайды.

Пейілімен шын жүректен

Әр жүрекке гүл еккен,

Жанашыр болған Нұрекең.

Сал-сері, батыр Нұрекең,

Тәңірі сүйген ұл екен.

Өзіңмен ырыс-берекем,

Жарқырай бер, ер көкем,

Ер көкем, ер көкем!

Осы өлеңнің ішінен теріп алып, «Елбасы — Нұрсұлтан» деген әнге айналдырдық.

Әнін жазған Дариға ТІЛЕНДІКЕЛІНІ.

Сөзін жазған Бекемкүл БАТЫРБЕКҚЫЗЫ.

Елдің тұңғыш Елбасы,

Ақыл, қайрат жолдасы.

Жайын ойлар халқының,

Қуаты күшті батырым.

Қайырмасы

Нұрсұлтан, Нұрсұлтан,

Қазақтың даңқын асырған.

Алғыс алған ел-жұрттан,

Елорданы жаңалап, беу,

Болашаққа жол салған.

Нұрсұлтан, Нұрсұлтан,

Қиялы сұңқар самғаған.

Сөзге шешен майталман, беу,

Қаһарман, Ер — Нұрсұлтан!

Ұлт белгісі – Елтаңба,

Асқақтаған Әнұран,

Желбіресе көк байрақ,

Енді теңгем ен жайлап.

Қайырмасы

Ақ маңдайын жарқырап,

Жан жүректі баурайсың.

Болсын ұзақ ғұмырың,

Халқың үшін таудайсың.

Бекемкүл БАТЫРБЕКҚЫЗЫ,

Алтын алқалы ана, Әлем халықтары, Халықаралық Жазушылар, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, «Генерал Сабыр Рахимов», «Абылайхан», Халық қаһарманы

Бауыржан Момышұлы медалдарының иегері.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *