ХАНША ДАРИЯ ХИКАЯСЫ

Әдебиет
1 545 Views

Бұл өзі әлде шындық, әлде өтірік,

Ақиқатын білетін адамдарды

Жіберген уақыт өзі көрге тығып.

Еркін ІБІТАНОВ.

… Шығыс Азиядағы бір өзенді қытайлар Хуанхэ – Сары өзен, тибеттіктер Мачу – Қызыл өзен, маңғұлдар Хара-Мұрэн – Қара өзен деп атайды. Ал енді оны Хатын-Гол – Ханша-дария десеңіз бәрі де түсіне қояды.

Неге олай?

I

Күз таңының сұйқылт суық нұры шатырдың ішіне енді-енді жайыла бастағанда ол ұйқыдан оянды. Бүгінде таңертең төсектен тұрғанда таңдайынан дәмі кетпей тамсанып отыратын баяғы балқаймақ ұйқы жоғалған. Жан-жағындағы сатыр-сұтыр ат дүсірін де естімей, ердің басына қамшыңды тіреп, маңдайыңды соған қойып, сәл мызғысаң, қыз қойнынан өргендей көңілің бүрлеп сала беретін қунақылық та ұмыт болыпты.

Күнде жатарда жеті кісіге қаратып, жеті әйелге қайта салдыратын құс мамық төсекке алғаш жатқанда, әлгі ауыздарының суы құрып, айта беретін пейіштерінің де тап осыдан артықтығы шамалы шығар деп ойлайтын. Қазір суық тиеді. Сол қомағай жібектің мұз боп қарығанынан құдды бір суық жердің қойнына кіріп жатқандай тұла бойы түршігіп, біразға дейін көз іліндіре алмайды. Онсыз да ерғашты көңілі бетімен лағып, әр нәрсені бір ойлап, зорға ұйықтайды.

Кәрі жүрек көп қуана бермейді. Бірақ әр күн сайын таңертең төсегінен тағы да тірі өргенін көргенде қалай да көңілденеді. Қызметшілерін шақырмай тұрып, ешкім жоқта тамыр-тамырының бәрі андап-андап тұрған тарамыс қолын бүгін көріп отырғандай тесіле қарап шығады; асыл жүзік салынған он саусағын түнде ұйықтап жатқанда біреу қырқып әкеткен жоқ па деген кісіше, әрқайсысын жеке-жеке салалап көреді.

Бұл асыл жүзіктің әрбіреуінің өз тарихы бар. Мынау ақ маралдың қарға тамған қанындай нарт лағыл Бұқараны шапқанда түсті. Ол кезде қазіргісінен әлдеқайда жас еді. Сардиған сар даланың төсінде көң қотырдай қоңырайып көрінетін қара құрым шаһарлар көзіне шалынса болды, қалың тұмендер суға шапқан киіктей жөңкіліп, лап қоятын.

Аппақ шаң аспанды лайлап, жерді ойып жіберетіндей қалың дүсір құлағына шалынғанда, делебесі қозып, тыпыршып, ауыздығымен алысып кететін шағыр атының дікектеген басын еркіне жібере жаздап, зорға шыдап отыратын. Бір жағы – Жейхунның жойқын лайы, бір жағы – білем-білем құм шағылдың ортасында алапес тигендей оқшау көзге ұрып тұрған әлеміш шаһардың қамалын бұзып, ішіне кірген соң, көк күмбез мешіттің табалдырығына қарғып шығып, соңындағы қолына айқай салған-ды.

– Шалғынды шауып алдық, енді аттарды еркіне жіберіңдер!

Сол-ақ екен манадан бері жау жағаласпен жүрген көк найзалар үй-үйдің сығырайған шайтан көз әйнектерін түртіп, гүрзілер есік бұзды; қайқы қылыштар бала-шағаның, қатын-қалаштың, кәрі-құртаңның желкесіне төнді. Қынаптан суырғанында оқ жыландай ысқырынатын жылмаң қылыштың зәрлі ысылын сыбызғының сазынан бетер құныға тыңдайтын сарқаптал, қанды балақ, құзғын көз, қырғи жүрек сарбазға жаутаңдаған жанарлар мен кемсеңдеген иектерді, дірілдеген қолдар мен дірдектеген сирақтарды көргеннен артық ләззат болушы ма еді? Қан жұқпаған қанжардан не пәтуа, қан жұтпаған еркектен не пәтуа, қаймықтырмаған қаһардан не пәтуа!

Әлгі, әншейін, жердің бетін көл-жоса қып көміп кеткен қара қан – жеңістің айғағы емес; жеңістің айғағы – жылты қашқан көздер мен сұрқы қашқан сөздер. Дұшпанның һарам қанына белшеден жүзсең де ол мүсәпір болған жауыңның жаутаңдаған көзінен ытқып шыққан бір тамшы ыстық жасты өз көзіңмен көргеніңдей болмайды.

Бұның қай соғыстың соңынан да, қолға түскен тұтқындарды өзі жүріп, тінтіп шығатыны да сондықтан. Қашан жоса-жоса боп аққан көз жасын көргенше, екі қолы артына байланған тұтқындарды әкелдіре береді, әкелдіре береді. Көз жасын көргенде барып, мынау үнсіз тергеуін оқыс тыяды. Алда-жалда ешкімнің көзінен жас көрмесе, шаһардан да сау тамдық жұрнақ қалмайды. Шабылған елге шабынған ер емес, мөлтеңдеген көз жасы ғана араша болмақ.

Бұқараны шапқан күні кешке қарай, қол басылар бұның шатырына талауға түскен шаһардың талай қызын саудагердің керуеніндей көзінен тізіп алып келді. Шаһар әкімінің қатыны бұл отырған сары ала шатырдың босағасынан басын имей аттады. Екі босағада тұрған екі жасауыл тәкаппар қатынның аспандай қараған асқақ басына қылыш апара бергенде, бұл ымдады. Екі жасауыл әйелді қақ алдына әкеліп, жер тізерлетті. Зиялы қауымның ортасында жарық жұлдыздай жарқырап қалған асқақ әйел бұны қорашсынды ма, әлде ерінің намысы мен елінің аруағын сыйлағаны ма, – әйтеуір басын имей мелшиіп отырып алды. Екі жасауылдың күштеп жер тізерлеткенін, бұл оның бас игені емес екенін көрсеткісі келген болу керек, көкке қарап, қолын жайып, ернін жыбырлатып дұға оқиды; сонда әлгі тізе бүккені аллаға ақырғы мінажат қылғаны болып шықты. Қайсар әйелдің амалсыз жерде айла тауып кеткеніне бұл іштей сүйсініп отыр, әйел аппақ қолын жүзіне апара бергенде, сүйріктей саусағынан қызыл шоқтай лағыл жүзік жарқ етті; ол біраз уақыт көзін жұмып, ернін күбірлетіп, екі қолын бетінен енді ала бергенде, жасауылдарға ишара қылды.

Көк желкеден төнген қайқы қылыш сүйріктей-сүйріктей он саусақты қу жүзгеннің шырпысындай қыршып түсті. Тәкаппар әйелдің қайқы еріндері оқыс жымқырылып, мәрмәрдай аппақ жүзі ду ете қалды. Тостағандай-тостағандай екі көзінен секіріп шыққан екі тамшы етегіне домалады. Әйел қайтадан қу шүберектей боп өңі қуарып, сазарып алды.

Жарты әлемді қау шөптей жапырған бұның алдында да айылын жимаған қайсар қатынның лағыл жүзігі содан бері бұның қолында. Жеңіс бермеген әйел өрлігінің ескерткішіндей ескі көз.

Ал енді мына біреу – Отырарды алғанда, ойда жоқ жерде көк желкесінен тап беріп, басын балтамен шауып түсіре жаздаған кәрі ұстаның өңін от алып күңгірт тартқан сіркелі күміс сақинасы. Анау – Самарқанның аспанмен арбасқан сайқал мешітін шапқанда, михрабта мінажат қылған қалпын бұзбай отыра берген діндар мұсылманның меруерт сақинасы. Сұқ қолындағы Қап тауында бұның көзі түскенін байқап қап, сұр мойнақ арғымақ атының кеңірдегін бір-ақ орған ерегіспе ер жігіттің шынашағынан алынған үр тас. Бұл өз алдына келгенде қаймықпаған адамның қай-қайсысының да жүзік-сақинасын кесіп алып тағып жүр. Адамдар неткен көзсіз, неткен өжет. Тап бұдан айбынбайтын адам шанда-шанда бір жолығар деп ойлап еді, ондайлардың тек сақина-жүзіктерінің өзі бірнеше керуенге жүк болды. Бұл өрлік пен ерлік түгілі мешкейлікті де, дүние қоңыздықты да жеңе алмады. Термездің базарында бір саудагердің бұны көргенде жалма-жан саусағынан жүзігін шешіп алып, жұтып жібергені бар. Бұл қасындағы сарбазға тап сол бойда мұнша дүниеқоңыз саудагердің ішін жарғызып, жүзікті таптыртып алды. Мына біреу күлгін жақұт сол.

Бұның әскері өткен жерде неше мың адамның саусағы қырқылды! Сол бір топар қолдардың ұзын-ырғасы қанша болғанын жүзік артқан түйелердің санына қарап санайды. Осынша жанықас топар қолдардың дәл қазір бұған жеңгізбегені рас. Бірақ бұл артынан әскеріне қолы топар кісі көрсеңдер, әйел болса – қарынын жарып, жатырын алып тастаңдар, еркек болса – ұстап алып, ақта қылып жіберіңдер деп жарлық шашты. Бас имеген топар қолдардың тұқымы өздерімен құриды.

Бұл салған ойран-бүліктердің тұсында тек басын баққандардың ғана қол-аяғы сау қалады. Басын баққандар тек басын бағатындарды туады. Сөйтіп, бұдан былай дүниеде тек басын бағатындар ғана өмір сүреді. Басын бағатындардың мойын-омыртқа сүйегі осал болады. Сосын бұл, бұның анау Шағатай, Үгедей, Жошылары, олардың жер бетінің түкпір-түкпірінде өсіп-өрбитін шашыранды тұқымдары өңшең құрттаған шыбыштың құйрығындай шыбындаған бастарды ғана көреді. Шыбындаған бастар маңайында не болып, не қойып жатқанын жөнді көре алмайды. Олар сөйтіп тек бастан ғана емес, көзден де айрылады. Бұның тұқымына бас пен көздің қажеті шамалы, жабырлайтын аяқ пен қимылдайтын қол табылса болғаны.

Ол он саусағындағы сақиналардың аман-есен орындарында тұрғанын көрген сайын көңілденіп сала береді.

Бүгін бір түс көрді. Түсінде енеден туғандай тыр жалаңаш, қардай аппақ еті бар, ай десе аузы, күн десе көзі бар бір сұлу мойнына оратылып, құшып жүр. Түсінде көңілденгендіктен бе ұйқыдан да жадырап оянды. Мынау шаршы дүниенің төрт бұрышының сұлулары түгел бас қосқан гаремінің есігіне бас сұқпағанына да біраз болып барады. Қартаяйын дегені ме, солардың көбінің аты-жөнін ұмытып та қалыпты. Соңғы кезде алыс жорықтан жүріс өтіп кетіп, сыр алдырып алмайын деп, ешқайсысын қасына шақыртпаған-ды; түсінде жалаңаш сұлу көріп жүргеніне қарағанда, шамасы, әлі де бір түндік қауқары болғаны ғой.

Ол Касар мергенді шақыртып түсін жорытып алайын деп бір оңтайланды да, сосын өмір шіркіннің өзі де көрген түстей емес пе, қай түсіңе нанарсың деп тағы ойлады. Баяғыда қуғын көріп, ел асып, жер асып жүргенде бір қуыста ұйықтап жатып, түсінде айдалада қурап қалған өз қаңқасына құзғын қонып отырғанын көріп, шошып оянғаны бар. Бірақ арада ай өтпей жатып, ақ киізге көтеріп, хан сайланды.

Қоңырауын шылдыратып, есік алдындағы жасауылды шақырды. Оның әкелген киімі мұп-мұздай екен.

Бұнысы қалай? – деп сұрады.

Бүгін түнде қар жауды, – деді жасауыл.

Ойына жыл сайын қан сонарда қасына Касар мергенді ертіп, аңға шығатын әдеті түсті.

II

Аңға шыққанда қашан да Касар мергенді бір елі жырақ жібермей, қасында ұстайды. Мергендердің жақын жүргенінен алыс жүргені қауіпті, мерген еместердің алыс жүргенінен жақын жүргені қауіпті.

Жатаған болса да, жауырыны қалақтай шағыр атының осы көлдария көшелілігін ұнатады, Көшелі аттың үсті өз үйіңнің төріндей; тұрқы келте ат мінсең, құрдым құздың ернегінде тұрғандайсың.

Бүгін күн тіпті тамаша екен. Алыс қырандар ала балақтау, ойға қар тегіс түсіпті. Көзіңді көлегейлегенімен дүниенің бәрін жұмсартып, балбыратып жіберетін іркілдек сүт тұман төңіректі түгел перделеп, кілкіп түр. Қос ат сол енді ұйып келе жатқан сүт кілегейді кеуделеп жыртып, жымысқы жықпылы көп жермешел таудың қойнауына енді. Қасындағы нөкерін аңды үркітпеске, тынышын бұзбасқа, тек алыстан бас-көз боп жүруге, кейінірекке тастап кеткен.

Қасар мерген бұның ел-жұрттан безіп, тау мен тасты паналап жүргенде қасына ерткен жолдасы еді. Онда мерген бұдан қаймықпайтын. Елсіз тауда екеуінен басқа жан жоқ болған соң, бір-бірімен емін-еркін сөйлесе беретін. Әккі аңшы ұлы билеушіге талай-талай атып алған киігін тасытып, тезегін қалатып, тамағын пісірткен-ді. Артынан өзі хан болып сайланған соң, ол алыс тауда жападан-жалғыз жүретін аңшы досын қасына алдырды.

Касар мерген сары ала шатырдың ішіне кіріп келгенде, қақ төрде шалжиып отырған бұны көріп, екі қолын бірдей созып, ентелей ұмтылды; кірген беттен сампылдап сөйлеп, саңқылдап күлді. Шатыр ішіндегілер: «Апырау, мына неменің есі дұрыс па?» – дегендей, көздерінің аласымен қарап, айран-асыр болды.

Арада екі-үш күн өтпей жатып, аңшы досы шатырға тағы келді.

– Сый-сыяпатыңа тәңірі разы болсын, тауыма қайтам, – деді.

Тауыңда нең қалып еді? – деп сұрады бұл.

Әй, билеушім-ай, сен нені білейін деп едің. Жақпар тастың арасынан шалқи соққан желде қу тезектің түтінін иіскеп отырып, терлеп-тепшіп ішетін арқардың күйік дәм сорпасын сағындым, жамбасымды қыз-қыз қайнатып, қыдықтап жататын аю терісі бөстегімді сағындым, екі аяқты отқа қалап, емін-еркін қақырынып-түкірініп отыратын қара лашығымды сағындым, – деді.

Сонда бұл қарқылдап күлген-ді. Касар мерген бұртиып, ләм-мим деместен сырт айналып шығып кетті. Бұл сары ала шатырдың есігін жұлқып ашып шығып бара жатқан досының артынан көзінен жас аққанша, ішін басып күле берді, күле берді. Сонда шатырында отырған өңшең игі жақсылардың бұлардың қайсысының есі ауысқан дегендей, екеуіне алма-кезек жалтаң-жалтаң қарасқаны әлі есінде.

Бір күндері сусылдаған сары жібек шатырдың ішінде қараптан-қарап отырып өзі пұшайман болды. Қаншама үлде мен бүлдеге оранса да, омырауына төскейдің қоңыр салқыны тимеген соң, үсті-басы ду-ду қышитынды шығарды. Ондайда жалма-жан саусақтарын көкірегіне көсіп-көсіп жібергелі қолын көтеріп алған бойы, көздері бір өзіне қадалған шонжарлар есіне түсіп, көсе иегіне үрке біткен екі-үш жирен түкті қышыр-қышыр үйкелеп, қолын кері тартып әкететін-ді. Күні бойы бұл шатыр толы шонжарларды аңдиды, олар бәрі жабылып бұны аңдиды. Тақтың тауқыметін сонда аңғарды. Касар мергеннің тауға неге қайтқысы келгенін де сонда түсінді. Қасындағы мызылып-сызылғандар әбден мезі қып бітті. Қажет десе қалжыңдасып ішек-сілесі қатқанша күле де алмайды. Бұл әншейін езу жиырса, олар шетінен күлімдеп қоя береді, ал енді жазатайым қарқылдап күле қалса, көздері тас төбелеріне шығып кетеді. О жазғандар езулері желімделіп қалғандай тек жымиғанды ғана біледі.

Ондай ерігіп кеткен сәттерінде бұл атын алдырып, түмендерді аралауға шығады. Әскерін аралап жүргенде, түмен басыларының шатырына түспей, шолғыншылар қосы тұратын қарауыл төбенің басына барып ұйықтайды.

Әбіш КЕКІЛБАЕВ.

(Жалғасы бар).

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *