ХАНША ДАРИЯ ХИКАЯСЫ

Әдебиет
1 713 Views

(Жалғасы. Басы өткен сандарда).

IV

1. Тақсыр, ойбай әлгі маңғұлдар Қара-Қаланы басып алыпты.

2. Тақсыр, Сучжоудан жұрнақ қалмапты. Халқын түп-түгел қырып тастапты.

3. Тақсыр, Лянчжоу жауға ұрыссыз беріліпті. Төсек тартып жатқан Дэ-Ванның үш күн бойы естігені тек осы. Жан-жақтан ат сабылтып жексұрын хабар жеткізген шабармандардың ешқайсысына ләм-мим тіл қатқан жоқ. Төртінші күні таңертең Ордостан екі өкпесін қолына алып, ентігіп кірген шабарман төр алдында өліп жатқан әміршісін көріп, аңырайып тұрып қалды.

V

Сағым шалып, көз ұшынан алдап-арбап тұратын сайқал Сэнің, таңғұттардың ақырғы астанасының жермен-жексені шықты. Біреуге үміт, біреуге үрей боп көрінген таңғұт елінің бақ-талайы өлік кеудесінен ұшқан жалпылдақ қарғадай бетімен лағып кетті.

Енді мынау ойран боп жатқан құл-қобыр ертеңдері қызыл төмпешікке айналады. Арғы күні жабағыдай ұйысып шөп басады. Саршұнақтардың інінен басқа тіршілік белгісі түгел құриды. Сосын не ел емес, не мола емес бұл қу төмпекке кімнің көзі түсе берер дейсің. Алыс жолдан шаршап-шалдығып келе жатқан жолаушы бағдар айырып алайын деп, басына шығып, атын отқа жіберіп, өзі таң атқалғы изең-изең жүрістен құрыстап қалған аяқ-қолын созып, қау шөптің үстіне құлай кетіп, бір сәт көз іліндіріп алар. Сонда тусырап жатқан тың топырақтың астындағы бір кездегі дуылдаған күлкі, сауық-сайран, қызыл кеңірдек айтыс, қыран-топан ұрыстар оның қаперіне де кіріп-шықпас. Ұйқысынан тұрып, керіліп-созылып, беймағұлым обаның, оның астындағы беймағұлым тарихтың тас төбесіне бір отырып, белін босатып, атына мініп, желе-жортып жүре берер.

Ал дәл қазір мұнда кешегі тірліктің ізі әлі өше қойған жоқ. Анау бір жығылған нардай болып, жеке-дара сұлап жатқан – таңғұт ордасының орны. Сарбаздардың қоржынындағы салдыр-күлдір – таңғұттардың күні кеше өлсе көрге өзімен бірге алып кетердей болып, қорғаштап жүрген дүниелері. Сонау қиыр далаға бет-бетімен безіп бара жатқан ит екеш иттер де олардың бөтен екенін біліп, анадайдан тұра қашады; көзді ала беріп, қираған үйінділерге қайта келіп, кешегі жылы үйшігін, ас жалаған итаяғын, күнде құйрығын бұлғаңдатып алдынан шығатын қожасын іздейді. Жер түбінде сыбыс болса шабалаңдап үріп, шыр айналып шапқылап, жаны қалмай торитын дуалын сағынады. Күні кеше соның бәрі оған осы орындарынан табжылмай мәңгі-бақи тұратындай көрінуші еді. Енді солардың бәрі быт-шыт. Әрқайсысы бір-бір қақпаны күзетіп, бастары қосыла, сирақ шайнасып, құлақ қыршысып таласатын күн де көзден бір-бір ұшты.

Анау қираған қамалдың іргесіндегі будақ-будақ түтіндерге, жалп-жалп етіп аспанды жалаған алау жалындарға жолай алмайды. Әзәзіл жел сол жақтан қара қазанның әбден ыс сіңген қақпағының, жылқы етінің тәтті иістерін айдап әкеледі. Мұрындары құрт жегендей жыбыршып бара жатса да, сол бір жүздері суық, бейтаныс адамдардың аяғына жығылып, етігін жалап, құйрығын бұлғаңдатып, сүйек-пүйек олжалауға жүректері дауаламайды. Шығанға шығынып кетіп, шөкелеп жатып алады да, көп сырына қаныға қоймаса да, сондай сүйкімді, сондай үйреншікті кешегі бір дәурендерін жоқтап, мынау әлі ештеңесіне түсініп болмаған атымен бейтаныс соны өмірді жатырқап, іштері дуылдап, жел жаққа тұмсықтарын түріп, баяғыдай сап-салқын ауаны сораптап жұтып, қаз қатар бірінен-бірі қалыспай, әбден дауыстары қарлыққанша, ішін тартып ұлиды келіп.

Бейтаныс оттағы қазанның мүңкіген бу иісі, ығы-жығы қызыл төмпектің қан иісі ию-қию араласып, бастарын шауып, көздері қарауытады. Бірақ оған да қарамайды, ішегі үзіліп кеткенше ұли береді. Босаға баққан ит шіркін ірге тыншыта үргеннен басқа, жамандық күні ұлығаннан басқа не бітіреді.

Сол ұлитындары жақпай ма, әлде бұл өлкеде енді осыдан басқа істейтін шаруалары қалмаған ба, әйтеуір, тері тонды, тапал атты бейтаныс адамдар соңдарынан атпен қуып жүріп атып, қырып барады. Талайының қарынына садақтың оғы тиіп, ішегін шашып кетті. Қызыл төмпектің маңы ығы-жығы. Қираған дуалдардың түбінде жеңілген елдің құлы мен бекзадасы, иті мен адамы айқұшақ қауып жатыр.

…Жыл бойы алысқан астана ақыры құлады. Сэ шаһары берілгенше маңғұлдар таңғұт өлкесінің басқа жерін түгелдей бағындырып болды. Мынау қызыл төмпек өліскенше беріспеген өлкенің ақырғы аяқ серіпкен жері.

Былтыр анау ақ тақыр жонда алғаш айқасқанда таңғұттар тас қамалдан қалай-қалай паңданып шығып еді. Әуелі өне бойы жарқылдаған қалың атты қаптап кетті. Құдды бір ұрысқа емес, ұрын келе жатқандай қатар түзеп, кердең-кердең, бұлғаң-бұлғаң, сәнмен басады. Көлденеңі көшқұлаш сала мойын тұлпарларға тізесін соқтыра жабу жабылыпты. Ер-тұрманының өзі жылқыға емес, нар түйеге жүк болғандай. Ақ болат үзеңгілері аспандағы күннің өзімен қабақ қағысып, жалт та жұлт. Осынау жерді ойып жіберетіндей алапат тұлпарларға құдды бір құрыштан соққандай, өне бойында темірден сау-тамтық жері жоқ, көк сауытты адамдар мініпті. Олардың қолындағы көк сүңгі тек маңғұлдарға ғана емес, барша жарық жалғанға түгел айбат шеккендей. Самсаған қол тапал атты маңғұлдарды тапап өтетіндей салдырап-күлдіреп салып келеді. Түсінің өзі көкпеңбек, сылдырмақ-шылдырмағы әлдебір тажал тіс қайрап жатқандай, төбе құйқаңды шымырлатады. Қытай мен тибет әскерін бөрі тиген қотандай бөрліктіріп, бет-бетіне қашырып жүрген «темір қаршығалар» осы. Енді міне, өңшең өріске шыққан буыршындай маң-маң басып бұған қарсы қаптап келеді. Жер тітіренткен тұяқтарынан күллі дүние шайқал-ғандай.

Шыңғыс хан қанша елді алып, қанша қолды қырып жүрсе де, тап мынадай сән мен мынадай сұсты өмірі көрген емес. Өлімнің өзіне шекелей қараған мынау маңғаз дулығалылардың алдында бұның әскері жас тайға жайдақ шауып жүрген жалаңаш балалар тәрізді.

Көк дулығалылардың салдыр-күлдірі жақындай түсті. Қақ алдындағы қаз қатар тізілген қан күрең сауыттылар – қолбасшылары. Бастарындағы алтын айдар дулығалары жер түбінен күлімдеп, көзіңді ұялтады. Қан күрең сауыттың белінен буынған алтын кіселерінің зер шашағы тізелерін көміп, атан түйенің сан жүніндей желк-желк етеді. Олардан қозы-көш кейінгі күміс дулығалылар – мың басылары да, анау жып-жылтыр қара дулығалылар – жүз басылар. Қазір жеме-жемге жақындағанда осы алтын, күміс дулығалылар екі жарылып, қос қанатқа шығып бірте-бірте ауыр қолдың артына қарай аунап кетеді, мұздай темір құрсанған «темір қаршығалар» қасқайып ілгері шығады.

Ол түменбасыларына белгі берді. Бұның шетінен атқа жеңіл, құбашап жеңіл қолы артынып-тартынған ауыр қолдың сол қанатына тосыннан лап қойды. Ауыр қол талтайып-талтайып тұра қалды. Құйғытып келіп киліге кеткен талай маңғұл сарбазы қармаққа іліккен шабақтай, таңғұттардың көк сүңгісінің ұшында тулап жүр. Тақымның астынан суырып алып сілтенген айбалталар да талайдың түбіне жетті, маңғұл сарбаздары шауып жеткен бойы ер үстінен қаңғалақ асып, ию-қию аттардың аяғының арасынан бір-ақ шығады. Бірақ сәнмен жылжып, сап түзеген ауыр әскер бұның бет алды, бей-берекет шабатын, ұрымталдан ұрынып, жалт бермесі көп тәсілқой сарбаздарының айла-шарғысына қапелімде түсіне алмай қалып, тазымен алысқан барақ иттей бет алды арам тер боп, көп күші босқа кетті. Бұның бұлтармасы көп жылмаң төс жауынгерлері тістене соғысқан «темір қаршығалардың» оңтайына ілікпей, қырық құбылып, ақыры бастарын шауып әкетіп жүр. Темір дулығалы бас күлдіреп-шылдырап жерге дүңк ете қалғанда, ерге байлап тастаған мұздай темір құрсанған ауыр дене сылқ құламай, ат үстінде тікесінен-тік отырып, алға өңмеңдеп барады. Ақ тақырдың үсті ию-қию. Сәскеге дейін «темір қаршығалар» атанған ауыр қолдың аламан-асыры шықты. Өңшең бастан айрылған құр денені арқалаған тоқпақ жалды тұлпарлар ештеңе көрмегендей тобын бұзбастан, қаз қатар тізіліп айдалаға маңып барады.

Қаланың қақпасы тағы ашылды. Енді екі өркеші баладай, шудалары желк-желк еткен қара буралар қаптап шыға келді. Сол-ақ екен аспаннан арсы-гүрсі тас жауып кетті. Қара бураларға ауыттап артқан тас атқыштар маңғұлдардың жалаңдап тұрған әскерін төмпештің астына алды. Жер түбінен ысқырынып, зулап жеткен қара тас ат үстінен бір-ақ қағып әкетеді. Әскер тырағайлап кері шегінді. Түйеден әлдеқайда жылдам атты әскер тас астынан бас сауғалап безіп шыққанда, қос қанаттан таңғұттардың жеңіл атты әскер қоршалаған жаяу әскері лап берді. Бұның ауыр қолмен айқасып, әбден ит сілікпесі шыққан атты әскері енді мына төмпешке беттей алмай бет-бетіне тырым-тырағай қаша жөнелді. Олардың қашқанына елігіп, соңдарынан салып беріп, таңғұт әскері де қырық бөлініп кетті. Соны күтіп тұрған маңғұлдың тосқауыл әскері аяқ астынан қаптағайлап ұрысқа шықты.

Шыңғыс хан таңғұттардың сілесін солай қатырды. Аты жер жарған таңғұт әскері екі күннің ішінде сүйегі жиюсыз жайрап қалды. Дэ-Ван өлген соң таққа отырған Шидүрге аман қалған аз ғана қолымен кері шегініп, қамалға кіріп бекінді.

Шидүргенің қанша қолдың қарасымен кері шегінгенін жақсы білетін Шыңғыс хан онша күш шашпай, шаһарды шыр айнала қоршап жатып алды. Таңғұттардың тас қамалының сыртынан қатар-қатар шатырлар, киіз үйлер тігілді. Тас шаһардың тап іргесіне улаған-шулаған көп ауыл кеп қонды. Шыңғыс хан таңғұттарды әбден арам қатырғанша, тап осы арада тапжылмай отыра беруге бел буды. Шаһарға ұрыс салмады. Қанша күтсе де, шаһар ішінен ақ ту ұстап шауып шыққан бітімші елшілер бәрібір көрінбеді.

Осы бір мылқау егес жылға ұласты. Қала үсті құзғын қарғаға толды. Қанаттарын сабалап, адамдардың мына ісіне ішек-сілелері қатып күлгендей үсті-үстіне қарқылдап, құлақты ығыр қылды. Шыңғыс хан қарғалардың сол қағанағы қарқ, сағанағы сарқ тоқ үнінен шаһарды аштық жайлағанын айтпай-ақ біліп отырды.

Шидүрге сонда да тұяқ серіппеді. Қыс өтті. Жаз шықты. Қала жұртының қамбасының ақи-тақи таусылатын уақыты болды. Қақпа бәрібір ашылмады. Шыңғыс хан да ерегісіп, қимыл көрсетпеді. Шаһар үстіндегі түтін күннен-күнге селдірей түсті. Қорғаннан еміс-еміс көрінетін бастар да сиреді. Жыл бойы қолы қышып, зорға тағат етіп келген қалың әскер бұдан арғыға шыдай алмай, қамалға лап қойды.

Шаһардың іші теңкиіп-теңкиіп жатқан өліктерден аяқ алып жүргісіз. Олар қорғанның ішіне сау етіп кіріп келгенде, қарқ-қарқ аспанға көтерілген қарғалардан көктің жүзі көрінбей кетті, бір сәт шаһардың іші аспанды бұлт торлағандай бұлыңғыр тартты.

Әбіш КЕКІЛБАЕВ.

(Жалғасы бар).

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *