ТАҢҒАЖАЙЫП ТҮРКІСТАН

Құттықтаймыз Әдебиет
1 311 Views

1984 жылы 2 қарашада дүниеге келген Дәурен АЙМАНБЕТОВ – Алматы Экономикалық институтының түлегі. Мамандығы бойынша – қаржыгер. Соған қарамастан ол жауһар жыр әлеміне өзіндік өрнек салған айтулы ақындарымыздың бірі. Облыстық, республикалық деңгейде өткен бірқатар жыр мүшәйраларында айрықша көзге түсіп, жеңімпаз және жүлдегер атанған. Өлеңдері «Тәуелсіздік тебіреністері», «Оңтүстік орамдары», «Жастық – жалын жыр», тағы басқа жыр жинақтарына енген. Өзінің «Сары жапырақ – сарғайған жүрек», «Аяулы адам» атты жыр жинақтары жарық көрген. 2015 жылы Оңтүстік Қазақстан облысындағы «Жылдың үздік ақыны», 2016 жылы республикалық «Алтын қалам» аталымы сыйлықтарының иегері атанған.

«Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан» талантты, дарынды ақын Дәурен Айманбетов биыл Түркістан облысының әкімдігі ұйымдастырған «Төріңді ұсын, Түркістан!» атты жыр мүшәйрасында да жүлдегер атанып, бәрімізді қуантып отыр. Осыған орай біз оның «Таңғажайып Түркістан» атты өлеңдер циклін оқырмандар назарына ұсынуды жөн көрдік.

САУРАН

Құм астына тарихын көме салған,

Тек қиранды-ау бұл аумақ төбесі алуан.

Сəулетіңнің дəуірі түгесіліп,

Жатырмысың дамылдап, көне Сауран?

Далаңа ұлы, қазіргі заты гүлсіз,

Келіп тұрмын арнайы шақырусыз,

Жеті қабат қоршаған дуалыңды,

Жеті қат жер жұтып ап, жатыр үнсіз.

Қадамыма əр гүл шаша иісі керім,

Қарсы алмады шайырды бишілерің.

Жар салмады «сері кеп қалды екен» деп,

Шықпады алдан күлімдеп сыйшыл елің.

Қиқу-шиқу базарлы көгіңдегі,

Əуелеген құстарың көрінбеді.

Көрінбеді қарасы малшылар мен,

Төрт түлігің мыңғырған дөңіңдегі.

Мақтан еткен дорбалы көп асығын,

Естілмеді даусы ойын баласының.

Басқа үн емес, əншейін құлағымды,

Ызыңы да шалмады қара шыбын.

Қырдан өзге жатқан паң дөңестене,

Қирандыдан басқа ешбір жоқ ештеңе.

Салтанатты бір кезгі шаһар мына,

Көзге күңгірт, бұлыңғыр, көмескі, о, не?

Мəңгі не бар, төтесін кім дауылға,

Уақыты өте шөгеді шыңдарың да.

Сақтап қалсақ, Саураным, қалпыңды осы,

Ары қарай жұтылмай тұрғаныңда.

Бүтін жетпек боп бізге арман кештің,

Типыл етер, осы өмір, жалған бес күн.

Ойып алған тарихтан орның барда,

Оқығандар ұмытпас Сауранды ешкім!

«ЙАССЫДА»

Қатпар-қатпар төбемнен бұлт ұшқанда,

Батпан-батпан кеудемді мұң қысқанда,

Йассыға қашамын, ғұсылымды ап,

Астанасы Тұранның — Түркістанға!

Қыбыр-жыбыр тіршілік мезі еткенде,

Күбір-күбір күншілдер сөзі өткенде,

Түркістанды бетке алам, кесенеде —

Табылар деп мұң шағар қажет пенде.

Төбе-төбе естумен сөзін келе,

Көре-көре тарихи көзін көне,

Жырлағаным неше рет есімде емес,

Кеудедегі рухтық сезімге ере.

Түмен-түмен сарбазы «Аруақтаған»,

Кілең күрең аттыға жау батпаған,

Батырлары келеді көз алдыма,

Сан ұрыстан оралған әр уақта аман.

Қарай-қарай соңына әскерлер мың,

Талай-талай хан өткен қастерлі ел бұл.

Есімімен ханының жауға шапқан,

Естіледі қиқуы басшы ерлердің.

Жырлап-жырлап жіберсе шайырлары,

Шыңдап-шыңдап салғанда, айылдары —

Ат үстінен табылған найзалы ердің,

Елестейді сұлбасы — дайын бәрі.

Аз болғандай қан құмар Шыңғысхандар,

Атамекенімді алмақ қырқысқандар.

Ер түріктің ұрпағы қазақ барда,

Ер Тұранда мәңгілік Түркістан бар!

ЯССЫ-КҮЛТӨБЕ

Жаза түссең сарқылмайтын дерегі,

Күлтөбе ғой — тарихшылар қорегі.

Қаза түссең жəдігерлі тереңі,

Археологқа көп əлі де берері.

Мен нешеме қала көрдім жер баса,

Жылтыраған диодымен зерлі аса.

Күлтөбеге жетпес, бірақ, Дубайың,

Гонконгың да қасында оның — далбаса!

Магнат болсам, «қолдың кірін»

мол шашып,

Кетер едім жерді шарлай Парсы асып.

Шекарасы əркімге ашық кей елдер,

Бекінісін Күлтөбенің көрсе ашып.

Жердің жұтқан шаһары аз ба сонаудан,

Соғыс деген тұрмайды ма тонаудан?

Күлтөбелік өтіп кетті-ау батырлар,

Жат қолында қазір біздің көп аудан.

Беу, батырлар, беу, ақындар, бағзылар,

Естісеңдер, менде жалғыз арзу бар.

Елін қорғар ерлерім жүр боянып,

Сырға тағып, қыз қылықты…

Жан жылар.

Тілі, діні, ділі кетіп баладан,

Мəңгүрттеніп барады ма көп адам…

Түркістанның астын қаздық сондықтан,

Өздеріңнен рух алмақ боп, жаңадан.

Көнелік сол қорғап қалған жұрты өле,

Көздеріңдей төбелерің мың көне.

Түркістанға барсам қозып кетемін,

Сендер сүрген елесі ойнай Күлтөбе.

АРЫСТАН БАБ

Пəтуасына айналған, о, Тұранның,

Тақуасына айналған сопылардың,

Ассалаумағалейкум, бабтар бабы,

Арыстаны көнекөз Отырардың!

Маңғаз кейпі алыстан мұнарланып,

Күн көзіне кесенең тұр ауланып.

Қарақұрым қараша ел айналасы,

Бағыштаған өзіңе Құран барып.

Маң-маң басқан көліктер қос өркешті,

Қаз тізіліп барады көшеңде ескі.

«Арыстанды-Қарабас» желімен жай,

Ағаштарың иіліп есендесті.

Ер Тұранның иен дүз атырабы,

Қойнына алып өзіңді жатыр əні.

Мекке басып, болып сан шаһарларда,

Бұйырыпты Отырар топырағы.

Пір тұтарлар соншалық көп болғаны,

Шəкірт болуға əр ұлдың бопты арманы.

Құл Қожа Ахмет ұстазы, ардағы елдің,

Ассалаумағалейкум, бабтар бабы!

САЙРАМ

Толып жатқан дамылсыз іші егеске,

Өмір осы жүз жылдық түс емес пе?

Əулие-əнбие аралай қалсаң алғаш

Сайрамдағы сансыз бап түседі еске.

Базар тарқай жинала жайма кеште,

Кетер хабар келгенде айлаң ешке.

Адам түгіл қираған нән шаһарлар,

Шаһар десе түседі Сайрам еске.

Керуендер қажаған үлек жонын,

Саудагерлер нан тапқан күреп жоғын.

Сайрам десе түсірер есіңе ұлы —

Аты аңызға айналған Жібек жолын.

Исламнан шынайы дін бар ма екен,

Дінсіз пенде салтанат құрған ба екен.

Сайрам десе Қарашаш ана əкелген,

Түседі еске Йассауи туған мекен.

Кейіндері семіп əз гүл-жанары,

Тиді жаудың Сайрамға мың залалы.

Сайрам десе пəтуа байласқан сан,

Түседі еске үш жүздің мырзалары.

Бастан кешіп замандар — кіл күресті,

Əзір тұман сейіліп, бұлты көшті.

Сайрам десе — көне сол қалашықтық,

Түседі еске байырғы жұртым ескі.

СОЗАҚ

Толық өтпей тарихтың мектебінен,

Бейхабармыз кей таулар шөккенінен.

Таң қалдырар сыр шерте абыздары,

Парақтаса созақтық өткенін ел.

Жайпақ таулар жайылған мекенді бұл,

Небір аңыз жайлаған екен бұрын.

Қарт Қаратау Созағына ақын біткен,

Арқаланып төкпеген бекер жырын!

Әр қазақтың төрінде күй құралы,

Қонақ болсаң кезекпен үй тұрады.

Бағзылардың иісі сіңген жұрты,

Қона қалсаң бір жеті сый қылады.

Тұнық келген халқының жан-жүйесі,

Сол мекеннің расында бар киесі.

Оған дәлел төсінде ғұмыр кешкен,

Қара бура, Шашты əзіз әулиесі.

Бірі болып таныған Құдайды ерте,

Ақбөкені мыңғырған шырайлы өлке.

Балбалтасқа соғыла үн шығарар,

Сазды, назды самалы ұнайды ерке.

Бар тұсының ізі бар шақтың өткен,

Дүбірі бар жау қуған аттың өткен.

Осы жерде Оғыздар орда тігіп,

Массагеттік бір кезгі Сақ күнелткен.

Жартасында ескіше сөйлем өрген,

Салтыменен аң-құсы бейнеленген,

Неше дəуір өткерген екен шіркін,

Таңбаланған тастары кей көнерген.

Білуі абзал тарихты əр жатқа кісі,

Өткенінен бейхабар жоқ кəрісі.

Хандығымның ең тұңғыш астанасы,

Осы, Созақ — Қаратау мақтанышы!

ОРДАБАСЫ

Орынбор, Ташкент, Үрімші, Омбы арасын,

Түгел жиған бауырына, Ордабасым,

Басын қостың үш жүздің сын шақтарда,

Елді жаудан қалам деп қорғап асыл.

Белес-белес адырлы жатқан белің,

Қойның қатпар сыр тұнған ақпар дедім.

Нешеме атты өзіңнен жауға ұмтылды,

Апайтөсті арқырай ақтангерің.

Бас қаруы — татулық не десек те ел,

Күдер үзгін бірліксіз келешектен!

Алақандар жұмыла жұдырық боп,

Осында ұлы үш жүздің кеңесі өткен.

Көздің жасын тарам да тарам қылып,

Не нəубетті көрмеді ғалам тұнық.

Қойдан момын біздер-ау осы əлемде,

Тисе егер де қасқырдай салар қырып.

Көз жасына шомыла шешелердің,

Қайғысына қанықсың кешегі елдің!

Зары жатыр көгіңде ғасырлардың,

Қаны жатыр бойыңда нешеме ердің.

Кіші жүзім найзасын батыра кеп,

Орта жүзім қандарын сапыра кеп…

«Бірлік барда — тірлік бар» деген ел ғой,

Ұлы жүзім жатты сан батыр əкеп.

Кескілессе қорғауда иен даласын,

Әруақтар қалайша қолдамасын.

Ең шешуші шайқасқа бастау болып,

Жеңді қазақ, куə өзің, Ордабасым!

Орынбор, Ташкент, Үрімші, Омбы арасын,

Түгел жиған бауырына, Ордабасым,

Басын қосып, үш жүздің шақта қиын,

Елді жаудан қалыппыз қорғап асыл.

ТАҢБАЛЫТАС

«Таста тамыр жоқ» десе, таң қалам дəл,

Шыға келсе сапарда балбал алдан.

Неше ғасыр тамыры үзілмеген,

Тас көп көргем Бетпақтан таңбаланған.

Құлазыған тастары — шежіре-аңыз,

Бетпақ маңы тарихтың көзі нағыз.

Картадағы қартайған сары анау жер,

Келеді сау көнеден созыла жүз.

Жеткеніне бүгінге тасы ырымшыл,

Қара жерге жатқандай бас ұрып шын.

Ежелгі елдің тайпалары ізі сайрап,

Жатыр мұнда жазулар жасырып сыр.

Тарихшыдай білгің кеп жұрт ұясын,

Геолог боп кей-кейде шұқшиясың.

Келешекке не жазып кетті ескі жұрт,

Таңбалытас білсем ғой құпиясын.

Сене берсем ғалым көп тартар əр жақ,

Болжамдарға нана алман, ол таман — жат.

Қай ғасырдан келеді Таңбалытас,

Жүр ғой оны біздің де орта болжап.

Білер аздау болған соң бас қатуда,

Жырлауға оны берейін басқа ақынға.

Бетпақдала сүңгімей өткеніне,

Көп жазбайын Таңбалытас хақында.

ҮКАША АТА

Қылыш шаппас, оқ өткізбес сүйегі,

Өткен екен бір мұсылман киелі.

«Аңыз адам» дейді оқыған үлкендер,

Мойындаған тек Жаратқан иені.

Қарт Қаратау әулиелерге кенде ме,

Қара екен деп қарабайыр жер деме!

Бір кездері мұнда Үкаша сахаба,

Күн кешіпті, ұқсамайтын пендеге.

Деректерге сүйенетін болсаңыз,

Ер Тұранда жатыр сансыз қанша аңыз.

Үкаша ата мазарына соғыңыз,

Түркістанға қонақ бола қалсаңыз.

Жақсы істердің боларындай дауы мол,

Жақсылардың келмейді ме жауы мол.

Ерек жандар сынға төзім келе ме,

Сүріпті өмір ауыр ол.

Жақсылық пен қу жамандық аразда,

Ұрын келіп пышақ ұрар жан аз ба?

Қылыш шаппас әулиенің бір күні,

Басын апты таңертеңгі намазда.

Білмеймін ғой, оқиға бұл болған ба,

Ертегіге ұқсап кетсе таң қалма.

Сүргендігі Үкашаның — ақиқат,

Қалған жағы аян енді Аллаға.

ЖЫЛАҒАН АТА

Тәуелсіздіктің тойынан сыбағалата,

Өзіңе барам жақында, Жылаған ата!

Ғұсылымды алып, Аллаға сиынып, сенен,

Алып кетейін оқыған дұғама бата.

Қожыр да қожыр тасты жол, бұралаң белді,

Көрсем ғой деймін көзіммен жылаған жерді.

Кереметтерін Қаратау тамсана айтып,

Өзіңнен кеше елпілдеп бір ағам келді.

Төсінде жатқан Түркістан уәлиятының,

Аңызды мекен көп екен табиғаты — гүл.

Тарихын зерттеп болмады ғалымдар әлі,

Ұңғи алсам ғой сыр толған, дариға, түбін.

Зиарат ету дұрыс па, бұрыс па, білмен,

Жете алмай жүрмін шыңыңа тырысқаныммен.

Тар жол, тайғақ кешпекпін желтоқсанда осы,

Барып қайтайын ауаңмен тынысталып мен.

Армандап тауды қоямын күнара жата,

Бетонды қалада жүре күнәға бата,

Тәуелсіздіктің тойында демалыс берер,

Мен сонда саған бет алам, Жылаған ата!

ҚАРАТАУ ТАҚСЫРЕТІ

Заманында басыңнан көш ағылған,

Қаратауым, мұңлы әлі неше әнің бар?

Таңдандырып барады бойыңдағы, —

Қорғандарға айналған бос ауылдар.

Шөккен сонша обасы, моласы көп,

Сүйектерге шашылған қарашы кеп.

Үңгірлерің үрейді туғызады,

Жасырғаны білмеймін, не қасірет.

Ақ тақияң қайда екен, тұрар қардан,

Аңың қайда, құлатар қыран жардан?

Әжімденген келбетің ойландырды,

Тұрушы еді биіктер шынарлардан.

Әзір өлмес, баба тау, сертіңдесің,

Талай дәуір көшсе де кертілмесің.

Тастарыңа қарасақ таңбаланған,

Өткеніңнен тарихың шертуде сыр.

Қиял қуып, келе ме сөз бастағым,

Құзар шыңнан етекке көз тастадым…

Елестеттім, баскесер жауларыңның,

Тастап кетіп жатқанын өз бастарын.

Елестеттім. Бейбіт ел тұрғындарын,

Батырларын, ерлікті ту қылғанын.

Алдынғы өмірде осында сүргендейін,

Есіме сап, өткеннің тұрмын бәрін.

Есіме сап, өткеннің тұрмын бәрін,

Бір шайырдың қыздарды жыр қылғанын.

Естіп тұрмын сол кезгі жыландайын,

Иреленген өзендер сыңғырларын.

Сол дәуірге кеткендей қайта айналып,

Түсім емес, өңім-ау, байқайм анық.

Желің соғып оятты, қарт Қаратау,

Шыңда тұрған тәнімді шайқай қалып.

Ұмыттырмас белгілер заманды өткен,

Қаратауым, көп еді обаң неткен.

Тастарыңның таңбасы өшпесінші,

Тарих болып бүгінге аман жеткен.

«ИБРАҺИМ АТА КЕСЕНЕСІНДЕ»

Бабтардың кім Сайрамдағы санын білсін,

Санап едім, есептен жаңылдым шын.

Ясауидің әкесі жатқан жерден,

Зиаратты бастадым, қабыл қылсын!

Өз жерінің тарихын білмей жетік,

Өтіп жатыр талайлар сүрмей де түк.

Түбін білмес қалайша бүр жарады,

Сусыз өскен мәуелі гүлдей ме түп?

Қасиетті қара жер, беу, дариға,

Бабалардан қалған жүр сенде ар-иба.

Рақым тілей Алладан өлгендерге,

Сансыз бапқа кеп қалсақ, ол — қағида!

Әке емес пе тірлікте епті қылар,

Бір ауыз сөз: тектіден текті туар!

Ясауидей келтірген ғұламаны,

ИбраҺим атаның шоқтығынан.

Сансыз бабтар жерленген көне шаһар,

Алдымда әлі көп төбе-төбе сапар.

Алыстарға барамын сапар шегіп,

Бата сұрап кеп тұрмын, бер, ақсақал!

ҚАРАШАШ АНА

Сабағына сан түйір сыймай сары,

Дәндерінің молдығы — бидай сәні.

Сондай адам мейірімді әм сауатты,

Кім білмейді Қарашаш — бибі Айшаны.

Ерек жандар қазақтың тарихында,

Кездеседі көптеген қари тұлға.

Әйелдер де кенде емес білімпаздан,

Соның бірі — бибі Айша, танитынға.

Көз тастасаң оралмас сонау жылға,

Есімі оның сол кезгі көп-ау жырда.

Деректер аз болғанмен есесіне,

Аңыздар көп ол жайлы ел аузында.

Бірегейін ішінен мың ананың,

Аша алмаспын жырменен, сірә, мәнін.

Тағзым етем жәй ғана анасына,

Құл Қожа Ахмет Яссауи ғұламаның.

ДОМАЛАҚ АНА

Ай келбетті, ақылгөй, күн дидарлы,

Ақ жаулықты ананың — нұрлы, иманды,

Түркістанның шегі жоқ даласында,

Кесенесі күмбезді мүлгиді әрлі.

Көз жүгірту өткенге бізден міндет,

Деректерге сүйеніп, іздендім көп.

Осы маңда Домалақ ана салған,

Жатқандайын әр жерден іздер гүлдеп.

Күмбезінен кесене зер төгіле,

Ғасырынан тәтті сыр шертеді ме.

Алыстарға қарай ма ұрпағына,

Мақтан еткен сыйғызбай жер-көгіне.

Жүрген жолы, мехнаты, бар өткені,

Тек жақсылық жолында мәуе еккені,

Ұқсайды екен анам да сол кісіге,

Бір Аллаға сыйынып, тәу еткені.

Пенде болып, өмірге жаралғалы,

Қалқан болар кіршіксіз адамға ары!

Сол Домалақ әулие ана сынды,

Көзі тірі әулие екен анам-дағы.

Тыныштық ед сарғайған, тоба, далам,

«Арыстанды»* оянды сабап алар.

Сәттерді еске ап ренжіткен өз анамды,

Ренжіп тұр-ау, Домалақ ана маған.

Аналардың анасы мекені бұл!

Ана сүтін барында өтеді кім?

Өлең жаздым Домалақ ана жайлы,

Анашымды тақырып ете бүгін.

*Арыстанды-Қарабас желі

«КЕМЕ ҚАЛҒАН»

Сан ғасырлық заманның кескіні енген,

Қазығұртта есепсіз ескі белдер.

Әулиелі мекенді — «Кеме қалған»,

Көзбен көрген артық, мың естігеннен.

Киелі бел бойында «Кеме қалған»,

Әлемге аңыз, тарихы терең ол маң.

Тіршіліктің бастауы — Қазығұрттан

Тарау алған екен ең көне жолдар.

Ұшар шыңға топан су жұтпай қалған,

Тоқтапты кеп кемесі Нұх (а.с.) пайғамбар.

Бүгіндері киесін Казығұрттың,

Әлі күнге жүр кейбір ұқпай жандар.

Мазалайтын бұл аңыз кімді-дағы,

Шықпаса да толықтай шындығы әлі,

Әлемдегі әзіргі пенде біткен,

Қазығұрттан тараған сынды бәрі!

Жетер ме екен ескінің уәжі жұртқа,

Бөлінсек те нәсілге, қазір ұлтқа,

Адамзаттың барлығы бауыр болар,

Аталары өнген соң Қазығұртта.

Болжам айтса ел өршиді расында дау,

Дәлелдене ол бүгінде басылған-ау.

Дүние есігі ашылған екінші рет,

«Кеме қалған» Қазығұрт басында анау!

Қасиетті келгенмен кез келген жер,

Қазығұрттай тау тапшы, өзге елдерден.

«Кеме қалған» жайында әркімнен бір

Естігеннен мың артық көзбен көрген.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *