Бізді, бірнеше буынды «Шерханның шекпенінен шыққан» деп жатады. Бір ағамыз «осы қит етсе, Шерхансыз сөйлемейсің» деп кейіс білдіреді. Тағы да айтайын, шенді кім тақпайды, шекпенді кім кимейді? Соның бәрінен де қадірлісі Шерағаңның шекпені. Шенеуніктің емес, Шерағаңның шекпенінен шыққанымызға шүкір. Бұл ешқашан кір шалмайтын, шаң баспайтын, шірімейтін, шедевр шекпен.
* * *
Театрға не үшін барасыз? Адам болғанның үстіне бола түсу үшін.
* * *
Ел басына кеше де, бүгін де, келешекте де төнбек қауіп-қатердің себеп-салдары неге сараланбайды?
* * *
Ақиқатты айқайламай-ақ, шындықты шырылдамай-ақ жеткізуге болады. Кеудесін соғып «оны мен істедім, мен сөйттім, бүйттім», — дей берген адамның шындығын халық қабылдамайды, керісінше, күдікті күшейтеді.
* * *
Білім орта болғанмен, тәрбие жоғары болуы керек.
* * *
Кедейліктен қорықпау керек, ол уақытша нәрсе, жаныңның кедейлігінен қорықсаң болады.
* * *
Өнер — арың, барың, жаның, қаның. Адам тәрбиесінде әр саланың маңызы бар. Бірақ өнер арқылы тәрбиелеу соның ішіндегі ең озығы.
* * *
Жұмысы жоқ адам сұхбат бергіш келеді.
* * *
Қарғаның қарқ-қарқ еткені, жақсы дегені екен.
* * *
Кісіні қуантатын да, қуартатын да қу бала екен ғой.
* * *
Өмір сүргің келсе, өзіңді жоғалтпа. Ақылыңнан адаспай, сезіміңді суытпай өмір кеш. Алысқа қарайсың, ұзаққа шабасың.
* * *
Әйелсіз үй — түндігі ашылмаған үй тәрізді.
* * *
Шерағаның 90 жылдығына жақсы оймен, қуанып барып едім. «Халық қаһарманы» атағын беретініне соншалықты сенімді едім. Бірақ әуелдегі ойымнан ажыраған жоқпын. Сол баяғы тірі күніндегідей халықтың құрметін көрдік. Бұдан жоғары атақ, марапат болмайды. Сөнген жұлдыздың жарығы миллион жылдарға жетеді деген осы.
* * *
Бір жаманшылық сезсе, мәселен үйіңді су алып кетсе, біреу сыртыңнан сөз тасып, арыз жазды дегенді естісе көңілі көтеріліп, жұмысы жүріп кететін адамдар болады.
* * *
Біреулердің тірлігіне қарасаң, өмірге біреуден есе қайтару үшін келген тәрізді. Өне бойы жанығып, жанұшырып жүреді.
* * *
Айтар сөзі, көрсетер өнегесі сарқылғандар өсекпен күн көріп жүр.
* * *
Дүниені сұмдық көңілсіздік басқан кезде көңілденіп кететін адамдар болады.
* * *
Адамды алжастырайын десе, Құдаймен құрдасындай ойнайды екен.
* * *
Қызып қалған бір әнші «Тірі даусымды сағындым» деп жылапты.
* * *
Әйелдің еркекпен алысуын түсінуге болады, ал еркектің әйелмен алысуы қасірет қой.
* * *
Тіліңді білмесең, өмірбақи тіліңді тістеп өтесің.
* * *
Не көрмей келе жатырмыз. Еңіреп отырып ет жегенді де, сыраға сүт қосып ішкен-ді де көрдік.
* * *
«Біздің тұқымнан да бір айтулы алқаш шықпады-ау деп алаңдаулы едім, әйтеуір сен шықтың ғой» деді бірде бір ағамыз інісіне.
Сол інішек көп ұзамай арақты тастады. Жанына тигізіп айтса, түзелмейтін кісі жоқ.
* * *
Халқымыздың тұңғыш кәсіби мүсіншісі Хакімжан Наурызбаевтың «Сәтбаевтың биіктігі 4 метр ескерткішін жасадым. Осыны ешкім керек қылмайды» деп қамыққан әңгімесін өз аузынан естіп едім.
Қазаққа қыруар байлық тауып берген адам керексіз.
* * *
Бізге ағып бара жатқандар емес, жүзіп бара жатқандар керек.
* * *
Қазір кейбір басшылар орташа деңгейдегі, орташа таланттарды қабылдауға құмар. Үлкен мінберлерден орташа таланттардың сөйлеуіне жол ашып қойған. Сірә, өзімнен зор шықпасын деу.
* * *
Көңіл айту, ілтипат білдіру біреулердің өмір салтында жоқ па деймін.
* * *
Өмірінде біреуді жақсы көрмеген, жақсы көру сезімі дамымай қалған адамдар бар.
* * *
Құдіретті өнер таңқалдырмайтын, селт еткізбейтін болып бара жатыр. Бұл енді жақсылық емес.
* * *
«Талантты жазушы». Кейде осылай дейміз. Сонда жазушының талантты, талантсызы бола ма? Дарынсыз адамның көркемөнерде несі бар?
* * *
Бір азамат «дерттімін» деді. Ойдың дерті болса жақсы әрине.
* * *
Елге барса алдымен әкесіне емес, әкімге сәлем беретіндер бар.
* * *
Еліміз тәуелсіздік алған күннен басталған саяси кеңістіктегі тартыстарды он шақты вагонға тиесеңіз, оны бір тепловоз тарта алмай, қара жер қайысар еді. Соның бәрін жүрегіне жиған бір кісі есімнен шықпайды. Бұл кісіде атақ та, байлық та болмағанмен өзгеде жоқ ұлы намыс бар еді. Қалақтай ғана қара шал қара нардың жұмысын атқарды. Әуелде ұлтшыл болғысы келіп, кейін келе шата бастаған шалдарымызға осы кісі үлгі болды. Жастарды жазғырғыш шалдар өз қатарынан да үлгі алса керек еді. Бұл кісіні шал деуге аузың бармайды. Денсаулығы да, тұрмыс-тіршілігі де алағай-бұлағай азаматқа ақиқат жолындағы айқас дегеннің қандай болатынын санаңызға сыйдырып, көз алдыңызға елестете аласыз ба? Кейбіреулер газет шығарсып, ұлт намысын жыртқан болып, ірі сөйлей алмай, өсектің өртін қаулатып, тек біреулерден өш алу үшін ғана кіжініп, күшеніп сөйлеп жатқанда бұл кісі де «Казахская правда» газетін шығарды. Өз қаржысына. Денсаулығына қимаған ақшаны газетке қиды. Газет болғанда қандай газет! Қанша рет от пен сотқа түсті. Адам таңқалатын жағдай. Қаптаған қызметкері бар басылымдар айта алмаған сөзді осы кісі айтты және қалай айтты!?
Ұлт намысы үшін өз кеңістігінде жалғыз күрескен, жетпістің қыр желкесіне шыққан ақиқаттың Алданына қайсыбір жылы Тәуелсіздік мерекесінде 10 мың адамға шүлен таратқандай еткен медальдің бұйырмағаны да есте.
Ол көрге түспеді, басқаның бәрін көрді, көрсеттік. Соңғы мәрте газетін шығаруға қаражат таппай қиналғанда кәрі көкірегі сырылдап отырған анасы:» құлыным-ай, сенің тілегің орындалса, немді аяйын» деп қолындағы шалынан қалған көз алтын жүзігін шешіп бергенін де мына шұнтиған құлағымыз естіген. Бір өкініштісі, біз сол профессор Алдан Айымбетовті, жалғыз өзі газет шығарып, жауға жалғыз шапқан үлкен интеллект иесін ұмыттық. Соңғы мәрте шамасы осыдан 30 жыл бұрын «Жас алашқа» келіп, екі иінінен демалып, тоқтаусыз сөйлегені есімде. Сонда ардақты ақсақалды есік алдына дейін шығарып салып, соңынан ұзақ уақыт қарап тұрғаным да есімде.
Көше бойымен шынашақтай ғана бір шал, шындық кетіп бара жатты. Ондай тұлғалар ол тұста өте сирек еді.
… Шалдар кетеді, шындық қалады, бірақ оны шаң баспайтыны, күндердің күнінде шідері шешілері де хақ.
Қали СӘРСЕНБАЙ,
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.