ІРІЛІК ПЕН ІЗГІЛІК

Тұлға Әдебиет
224 Views

АБЫЗДЫҢ АМАНАТЫ

Астанада Жамбыл атамның 175 жылдығына орай шығарылған он томдығының тұсаукесері өткізілді. Осы жинақты құрастырушы ретінде арнайы шақырылып, ұлы ақын мұрасы жайлы баяндап бердім.

Бұл жиынды сол кездегі мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев өзі ашып, жүргізіп, бір топ ғалымдар мен қайраткерлер сөз сөйлеп, Жамбылдың бүгінгі таңда зерттелуі жайлы айтты.

Ұлттық академиялық кітапханада өткен бұл жиынға Астанада тұратын ақын-жазушылардың бәрі дерлік қатысты. Жиналыс басталмай тұрып көрнекті жазушы Қуаныш Жиенбаев мені іздеп тауып алып:

– Нәке, жиын соңынан жолығайықшы. Әбекеңнің бір аманаты бар еді, – деді залға кіріп бара жатқанымда қолтығымнан ұстап.

Тұсаукесер аяқталысымен теледидарға сұхбат беріп, абыр-сабыр аяқталғанша Қуаныш мені күтіп тұрды.

– Әбдіжәмил аға Шымкенттен шығатын «Әділет» атты газеттен сенің бір әңгімеңді оқып, өте дән риза болыпты.

– Әбдіжәмил Нұрпейісов ақсақал ма? – деп таңқала сұрадым.

– Иә, Иә! Сол газетте Әбекең жөнінде мақала бар екен. Сенің әңгімеңді қызыл сиямен сызып тұрып оқығанын маған көрсетті де, «Сен бұл жазушыны танисың ба?», – деп сұрады. Әрине, жақсы білетінімді айттым. «Онда саған аманаттап айтайын: Мені өзің білесің, ешбір жазушыны мақтап, мадақтамаймын. Ұлы мұхиттың дәмі бір тамшысынан білінеді демекші мына Нағашыбек Қапалбекұлының әңгімесі маған қатты ұнады, ерекше әсер берді. Сен осыны өзіне айт. Міне, нағыз жазушы! Өзін тауып алып осы аманатымды жеткіз», – деп таптап тұрып тапсырып еді. Астанада тұрамын ғой, бүгін жолыққанымыз қандай жақсы болды. Бұл Әбекеңнің аманаты! – деді Қуаныш қасымда тұрған ұлымның да қолын қысып.

Қазақ әдебиетінің абыз ақсақалы Әбдіжәмил Нұрпейісовтей тау тұлғаның бұл ісі мені қатты тебірентті.

Шыны керек, осы аңыз кісіден алыстау, тайсақтап жүретінмін. Кезінде Жамбыл атамның 150 жылдық тойына шақырып, телефон шалған едім. Әбекеңнің көңіл-күйінің жайсыз кезеңіне тап болдым ба, бірден зіркілдеп дүрсе қоя берген.

– Мен Жамбыл жайлы мақала жазғанмын, бәрінен асырып керемет жазғанмын. Білесің бе? Әне сол мақаламды музейіне іліп қоймапсыңдар, – деп біраз сөкті дерсің. Содан қайтып ешуақ сөйлескен, тілдескен жан емеспін.

Енді міне, әлем мойындаған жүзге жақындаған Әбдіжәмил Нұрпейісов менің шығармам жөнінде осындай баға бергені таңқалдырды.

Алматыға келісімен бірден үйіне телефон соқтым.

– Ол кісі ауруханада жатыр, – деді үйінен әйел дауысы. Алып-ұшып совминнің ауруханасына бардым. Әбекеңе жан адамды кіргізбейді, науқасы ауыр.

Бір күні ғасыр жасаған қазақ әдебиетінің корифей ақсақалы, ғұлама жазушы, Қазақстанның Еңбек Ері Әбдіжәмил Нұрпейісовтің қайтыс болғанын естіп, «әттеген-ай» деп қатты өкінгенім-ай!…

СОҢҒЫ ЖОЛБАРЫС

Баяғы болып барады-ау…

Мұхтар Мағауиннің «Шақан Шері» атты романын оқып шығып, таң-тамаша қалдым. Ғажап шығарма, оқиғасы қою, көркемдік әлемі өте биікте.

Бірақ бір жеріне келісе алмадым. Бұл жөнінде авторға хат жазып жібердім. Оның мазмұны, ұзын-ырғасы мынандай.

Мұхтар аға «Шақан Шері» романында елімізде соңғы жолбарыс өткен ғасырдың қырқыншы жылдардың басында жойылып бітті деп жазыпты. Мен өзім көрген, куә болған оқиғаны айттым.

Әкем Балқаш бойында Топар деген жерде тана, сиыр бағатын. Төңірегіміз жыныс тоғай, жағалауында құрақтары елбіреген жарқыраған айнамкөз көлдер, бұтақтарында сан түрлі құстары сайраған ағаштар, балығы тулаған өзендер…

Сол жылы ала жаздай бақташы біткен әбігерге түсіп, жан терлері шықты. Бір мақұлық жардай боп семірген тана бұқаларды топ-тобымен жарып тастап, ізім-қайым тоғайға сіңіп, көрінбей жасырынып жоқ болып жатып алады. Бұл бәле сиыр біткенді ақтақыр шабынан бір тартып ойлап кете беретін көрінеді. Өкірген, бақырған Зеңгі баба тұқымдары ішек-қарындары ақтарылып, теңкиіп-теңкиіп арам өле беретін болды. Күнде бір жерден шу шығады, ана жерден бес-алтыдан сиырларды жарып кетіпті – деген хабар дүңкілдеп жетеді. Мал қырылып бара жатқан сұмдықтан ел шошынды. Еркек біткен мылтықтарын алып тоғай, жыңғыл ішін сүзіп, құм ішінен із кесті. Алматыдан вертолетпен аңшылар келіп, шыр айналып ұшып іздеді. Аңшылар жиналып, бірнеше топқа бөлініп күндіз-түн төңіректі шарлап кетті.

Көпті көрген аңшы, ізшілдер төңкерілген тобақтай-табақтай арбиған іздерін ары-бері қарап бұл мақұлық аң – жолбарыс деп шешті.

Аптап жаз бітіп, қоңыр күз түсті. Жанағы жолбарыстың жаңа ізі жоқ боп кетіп еді, енді Балқаштың төменгі жағындағы елді дүрліктірді.

Мен сол жылы жеті жасқа толып, мектепке баруым керек еді. Мектеп біздің жеті үй деген ауылымыздан төрт шақырымдай жерде, ортада айбынды шалқыған өзен бар.

Жасым толғанымен өзеннен, алыс жолдан қорқып мектепке жібермей үйде отырып қалдым. Бұл 1957 жылдың күзі еді.

Ақыры дәл біздің қыстаудың маңынан әлгі жолбарысты атып алыпты. Оны атып алған аңшылар емес, қалың құмды сапырып, тесіп әлдене іздеп жүрген геологтар. Аттың екі жағына сүйретіп алып келген өлі денесінен ит біткен қаңсылай қашып жоғалды. Бұл жолбарысты вертолетке салып Алматыға алып кетті.

Мағауин Мұхтар ағаға осы оқиғаны тәпіштеп хатпен жазып жіберсем, онымды «Жұлдыз» журналына жариялапты.

Мұхтар ағаның жарық көрген барлық шығармаларын ерекше сүйсініспен оқитын оқырманы болып алдым. Алғаш рет Хамит Мәжитов деген кісінің Ұзынағаштағы үйінде таныстым. Хамит аға – білімді, парасатты мектеп директоры. Өзін Құнанбай қажының тікелей ұрпағымын дейтін қазыналы шежіре-көңіл жан. Хамит аға Мұхтар ағаға қосып мені де қонаққа шақырыпты.

Мұхтар ағаның телегей теңіздей қай тақырып болсын тереңнен айтатын білімдарлығына таңқалдым. Құнанбай қажы, Абай, Шәкәрім өскен орта жөнінде біз біле бермейтін жайттарды әңгімелеп отырды.

Өзім ала барған «Шақан Шері» романына қолтаңба жаздыртып алдым.

Кейін республикалық кітап музейінде директоры болып жүргенімде бірде телефон шалып:

– Сен өзіңде боласың ба, қазір барамын, – деді.

– Келіңіз аға, – деп есік алдынан күтіп алдым. Ағам он екі том шығармалар жинағын музейге тапсырды.

– Аға, бұл қазақ әдебиеті үшін үлкен қазына, мол олжа. Арнайы тұсаукесер өткізіп, теледидар шақырып дұрыстап өткізер едік қой, – деп едім:

– Оқырмандарым оқысын. Көзіқарақты жандар өздері тауып алады, кейінгі ұрпақ білсін Мұхтар Мағауиннің кім екенін. Дақпырт пен даңғазалықты жаным сүймейді – деді Мұхтар аға дайындап қойған шәйден бір кесе ғана ішіп, асығыс кетіп қалды.

Қайран асыл туған қазақтың маңдайына біткен бақжұлдызы Мұхтар Мағауиннің сол он екі томын айлап, жылдап қайтадан оқып шықтым. Не деген тереңдік. Ғажап биіктік! Сенбесеңіздер оқып көріңіздерші…

Ұлы Жамбылдың 40 томдық шығармалар жинағын құрастырып жарыққа шығардым. Өзіміздегі ғана емес, бүкіл әлемдегі Жәкең жөнінде жазылған мақала, зерттеулер мен шығармалардың барлығын дерлік оқып, танысып, іріктеп, таңдаулыларын осы көптомдыққа енгіздім. Ғасыр жасаған Жамбыл Жабаев жайлы ұлан-асыр, көл-көсір зерттеулер ішінен Мұхтар Мағауиннің Жәкең жайлы айтқан ойлары қандай ғажап!.. Сом-сом таза алтын, мұхит түбіндегі інжу-маржан секілді тың ойлар, ғаламат пікірлер, ерекше пайымдаулары бәрінен де биік тұр!

ХХI ғасырдың ғаламат ұлы жазушысы 25 том шығарма жазған Мұхтар Мағауинге айтар алғысымыз шексіз. Тек әттең, шетте алыста Америкада тұрады. Бірақ қолынан қайраулы қаламы түскен емес. Қаншама қыруар тың дүниелер жазды, бүкіл ғұмырын қазақ әдебиетіне арнады. Тарихты қопарып, халқымыздың өткен өмір шежіресін тәмсілдеп шығармаларына енгізді.

Ғылымға да, тарихқа да, әдебиетке де жаңаша түрен салған Мағауин – құбылыс.

Қазақ еліне таудай рухани қазына сыйлаған, жеке жалғыз жортқан жолбарыстай Мағауин Мұхтардай ағамыздың тәж-талантын өз дәуірінде бағалау – замандастарымыздың парызы емес пе!

«ТҮСІМЕ ТАУ КІРЕДІ…»

– Сен мені тауға апаршы – деп Нұрғиса ағам телефон соқты. Иә, кәдімгі атақты күйші, дирижер, композитор!

– Жарайды аға, – деп елп ете түстім.

Біздің жақта бір-бірімен жалғасқан қарлы шыңдарын Күн сүйіп, Ай аймалаған өркеш-тіркес таулар тізбегі сонау Хантәңірінен Оңтүстік қойнауына дейін жалғасып жатады.

– Сен білесің бе? Атабай деген тау бар дейді. Бірақ өзім көргем жоқ. Соған апарып көрсетші.

– Атабайды жақсы білемін, аға. Мен туып-өскен Қызыләскер ауылының үстіңгі жағында. Баяғыда бала кезімізде жуа, рауағаш теруге сол Атабайға баратынбыз. Ол жердің ақ жуасы сабаудай-сабаудай қалың қара тоғай – тікен мен тобылғының түбінде жасырынып өсіп тұратын. Ауылға алып келіп айранға турап, нанмен соғып алғанда дәмі қандай еді, шіркін! – деп бұл жер жайлы біраз әңгіме айттым.

Әншейінде әрнәрсені тәптіштеп сұрай беретін ол кісі жол бойы қалың ойға шомып үндемеді.

Қылта белден аса қалғанда дөңес үстіндегі қырық-елу үйлі үркердей ғана Қызыләскер ауылы көрінгенде ғана:

– Соңғы кездері түсіме ылғи тау кіріп жүр. Құлағыма «Атабай, Атабай!» – деп әлдекім сыбырлағандай болады. Атабай деген – менің әкем ғой. Мен титтейімде, өте кішкентай кезімде әкемнен айырылып қалдым, көкірегімде ол кісіге деген сағыныш табы ұйып кеп тұрады. Әкем Атабай дәулескер күйші болған екен, той-жиында бүкіл елді дүрілдеген, дірілдеген күйлерімен тамсандырған, таңқалдырған күй-дәуренді, шалқыма сезімді он саусағы домбыраны құбылтып, құлпыртқан жан еді деседі. Кім біледі, мына Атабай сол жарықтық өнері асқақтап, аспандаған әкемнің атына қойылды ма екен, кім біледі? Әлде сен білесің бе?

– Білмедім аға.

– Аға, міне тауға апаратын үш жол: біреуі Қақпатаспен асып ары

Көктөбе, Үлкенсазға, екіншісі – Аспанқора тауына, ал үшінші жол Атабайға апарады, – деп ортаңғы қостабан шөп басқан жол сорабымен өрге өрледік.

Машина тауды қиялай салынған иір жолды қуалай биік жота үстіне шығып, ары қарай еңіске қарай әзер жылжып келеміз, сәл қия кетсең өте қауіпті. Ақырындап сай табанына келгеннен кейін, машинадан түсіп, Нұрғиса ағам жан-жағына қарап, рахаттана керілді.

– Аға, міне мынау Атабай, әне сайында сарқырап ағып жатқан Атабай өзені. Қараңызшы, «бүлдіргені жүректей, балдырғаны білектей қасиетті Атабайға кірген малдың құлағы ғана көрінетін шөбі қалың, суы шекер жер екен» – деп Асан Қайғы бабамыз дәл осы араға түнеп, осылай деп айтып кеткен екен дейді.

Атабай өзенінен қос-қолдап көсіп алып бет-аузын жуды, тау іргесін жарып шығып жатқан бастаудың суын ішті. Ары-бері жүріп, әр түрлі шөпке тамсана қарап, искеп көріп, қалай аталатынын сұрап, ағам мәре-сәре болды да қалды.

– Асан Қайғы осы Атабайға түнеген дейсің, ә?

– Баяғыда Тәуке хан да бір жаз жайлауын осында өткізіпті. Әне мына

Атабай өзені барып Тәуке өзеніне құяды.

– Апыр-ай, ә? Қызық екен!

Атабай сайының іші мамыражай, төменде аптап ыстық күйдіріп тұрса мұнда қоңыр салқын. Қалың шалғын, шөп біткен белуардан келіп теңіздей толқып тұрған балбыраған уыз шақ. Өзен жағасында балағын суға салған жалбыз иісі бұрқырайды, суатқа түскен балапандарын ерткен кекіліктер бізден шошып пыр-пырлай ұшып қырдағы қалың тобылғының ішіне сіңіп жасырынды.

– Жәннәт бақ, нағыз ұжмақ осы емес пе! – деп Нұрағам көңілі өсіп, жадырап жайнап кетті.

– Саған бір әңгіме айтайын. Димаш ағам нағыз ұлы адам ғой, Қонаевты айтамын адамзаттың пайғамбары. Алдына қандай мәселемен барсаң да бірден шешіп береді. «Үлкен оркестр құрсам деп едім» деп ұсыныспен бардым. Ол кісі тыңдап алды да «Үлкен керемет Құрманғазы оркестрі бар емес пе?» – деді. «Ахмет Жұбанов ағам құрған Құрманғазы оркестрі бүкіл қазақ өнерін биікке көтеріп тұр. Ал, мен таза этнографиялық, баяғыда болған, кейін ұмытыла бастаған қазақтың көне неше түрлі аспаптарын тауып, зерттеп, соларды оркестіріме орындатпақпын» дедім. «Жарайды онда» деп келісіп аты қандай болатынын сұрады. «Отырар сазы» деп едім, Димаш ағам дән риза болды да «Нұрғиса тек ұятқа қалдырып жүрме. Бастамаң тамаша екен» деп ақ тілегімен шығарып салды.

Жаңа тұрғыда, этнографиялық оркестр құру оңай болған жоқ. Іздендім, зерттедім, оркестр мүшелерін мың сан сынға салып, көне аспаптардың көмейін ашып, тың тыныс беріп күмбірлетіп, дүрілдетіп әкеттік емес пе! Димаш аға кейін «Отырар сазы» оркестірінің өнеріне керемет риза болып, «Жарайсың Нұрғиса!» деп арқамнан қаққанда алты қат аспанға шарықтап ұшып шыққандай ғаламат күйде болдым емес пе? Оркестр мүшелеріне үй берді, қанаттандырды, қайраттандырды, көмегін аямады. Міне, нағыз данышпан!

Қызыләскер ауылындағы өнерлі інім Төкеұлы Ерғанымға табыстап қойғанмын. Қайтарымызда өзі қарсы алып, шаңырағына алып келді. Балбыратып қазанға пісірген сірне уылжып тұр, кепенің басын Нұрағамның алдына қойып, бата сұрадық.

Мәре-сәре болып, көңілді қайттық. Үлкен жолға шыққан соң машинаны тоқтатып, Нұрағам далаға шығып, тау жаққа сүзіле ұзақ қарады кеп.

– Аға, анау Қордай – Өтеген батырдың, Дегерес – Шапырашты

Наурызбай батырдың, Суықтөбе – Қарасай, ал Сарыжазық – Сұраншы, Саурық батырлардың, Қарақия – Сүйінбай ақынның, Майтөбе – Жамбыл атамның жаз жайлаған жайлаулары болған таулар.

– Ал сенің тауың бар ма?

– Аспанқора мен туған жер, біздің жайлау – деп Аспанқораны көрсеттім.

– Онда Атабай – Нұрғисаның жайлауы деп қой. Мен жылда киіз үй тігіп Атабайда жазда жататын боламын. Келер жылы міндетті түрде келемін Атабайға, ән-күйлер шығарамын, қасиетіңнен айналайын туған жерімде! – деп ағам толқып кетті.

Келер жылы ғалым інім Ғабит Сәбитұлы деген інім Атабайға үй тігіп мені арнайы шақырды.

Атабай өзенінің жағасында ары-бері жүріп қайран асыл текті біртуар Нұрғисадай тау талантты еске алдым. Ол кісі былтыр бой жасап келген екен ғой. Көп ұзамай мәңгілік мекеніне өзі аманаттап кеткен жерге – Жамбыл тәтесінің жанына жерледік емес пе!

Бүкіл әлемнен келген қонақтар Жамбыл бабаға және жанында жатқан Нұрғиса Атабайұлына зиярат етіп, құран оқытады.

Әне, зүмірат шыңдары күнге шағылысқан таулар тізбегі Нұрағамның ән-күйлерін, өнерін сағынғандай мұңая қарап қалыпты.

Иә, бәріміз де Сізді сағынамыз…

ӨКПЕ МЕН БАУЫР

Он ақын-жазушы Моңғолияға ұшып бардық. Баян-Өлгей деген таза қазақы аймақ, құшақ жая қарсы алды.

Басшымыз – сол кездегі Қазақтан Жазушылар Одағыныңтөрағасы Қалдарбек Найманбаев бәрімізді қонақүй бөлмелеріне екі-үштен бөліпорналастырды. Әрине, өзі жеке апартаментте, одан кейін Қадыр Мырзалиев пен Тұманбай Молдағалиев жеке люксте бізден бөлек коттеджде.

Мәдениет үйі сыңғырлап тұр, кең. Моңғолиядағы бауырларымыз сағынып қалыпты. Төрт рет кездесу өткізгенде де лық толып келіп ду-ду қол шапалақтап, қатты құрмет көрсетіп отырды.

Бір күні кешке Қадыр мен Тұманбай екі ақынмен кездесу де дүркіреп өтті. Екі дос кезек-кезек суырылып өлең оқиды, сұрақтарға жауап береді, шалқып-толқып шабыт тізгінін жіберді дерсің. Бір жарым сағатқа жоспарланған бұл екі ұлы ақынның шығармашылық кеші үш сағаттан асса да қалың ел сахнадан жібермей мәртебелерін аспандатты.

Бір ақсақал келіп Қадырға шапан кигізді. Ал бір мойылдай әдемі келіншек Тұманбайға гүл ұсынып тұрып:

– Мына тақияны өзім тігіп, зерлеп әдейі Сізге дайындаған едім. Қабыл алыңыз жан аға! – дегенде Тұман ағам абдырап-салбырап балаша елбіреп, елжіреді.

Күнде тәңертең сағат тоғызда асханада таңғы асымызды бәріміз жиналып келіп бірігіп ішеміз. Сол күннің ертеңінде таңғы асқа Тұманбай ағам келмеді. Бәріміз алаңдап ол кісі жөнінде сұрай бастап едік Қадыр аға:

– Шыбық тимес шыңқ етпе ғой ағаң – деп маған қарады. – Қалжыңды түсінбей қалай қазақ болып жүр. Түнде қайтып кеп жатар кезде әзілдеп бірдеңе айтсам, шат-шәлекей бүлініп, бұлқан-талқан ашуланып, бөлмеден есікті тарс жауып кетіп қалды.

– Менің жанымдағы диванды жазғызып сол жерде түнеп шықты – деді жайбарақат мырза мінезді Қалдарбек жымиып.

Түскі, кешкі асқа да бәріміз ауқаттанып алған соң Тұманбай ағам бөлек жеке келіп тамақтанып жүрді.

Арамыздағы арқаланып жүретін екі арда ақынымыздың аяқ астынан осылай өкпелесіп жүргені қабырғамызға аяздай батты.

Қалдарбек мәрт мінезді, майда сөйлеп, кесек турайтын білгір басшымыз ғой, мені жеке шығарып алып:

– Сен мына екі ағаңды татуластыр. Маған көнбей қойды, бәленбай жылғы өкпе-реніштерін қопарып, асқынып барады. Мына бүкіл ел-жұрттан ұят. Енді сүмендерді аралаймыз, – деп бипаздап тапсырма берді. Сүмен дегені – бізше аудан.

Алдымен Тұмаш ағама бардым. Есік алдындағы сәкіде жалғыз отыр екен.

– Аға, байқадыңыз ба, бұл жақтың қазақтары Сіздің өлеңдеріңізді төгіп-төгіп шетінен жатқа айтады.

– Ой мына Қадыр соны көре алмай кетті ғой! – деді әлі ашуы тарқамаған қалпы бұрқ-сарқ етіп. Ары қарай қара нөсердей біраз өкпе-назын ақтарды.

– Аға десе, біріншіден үш ай Сізден үлкендігі бар. Екіншіден, жаңа ғана бәріміз кешкі асқа жиналғанымызда «Тұмаш досыма адам жетпейді, ғажап ақындығы қандай, кісілігі қандай! Тек тік мінезі бар, анда-санда бұрқ ете түсетін. Ақынның өзінде де, өлеңінде де мінез болуы керек. Сол мінезімен Тұмаш досым қымбат маған» деді ғой.

– Әй, Қадыр шынымен солай деді ме? – деп тұтас денесімен бұрылып, көзілдірігін бір алып, бір киіп маған тік қарады.

– Сіздің бір-екі шапағатты істеріңіз жөнінде де айтып берді. Біз естімеген талай оған жақсылық жасапсыз ғой, – деп қосып қойдым.

Әрине, Қадыр мұның бірін де айтқан жоқ, ойдан құрастырып соғып отырмын. Құран хадисінде: екі досты татуластыруда, ажыраспақ болған ерлі-зайыптыны қайта қосарда өтірік айтуға болады деген тәмсіл бар.

Тұмаш ағам көзәйнегі шамға жарқ-жұрқ етіп, екеуінің қалай алғаш кездескені, қиын-қыстау кезінде бір-біріне дем бергенін айтып, алға түсіп кетті.

– Асыл досым, абзал құрдасымды өкпелетіп алдым-ау, – деп қатты

қапаланып жүр Қадыр аға, – деп ағамды Қалдарбектің атшаптырып бөлмесіне кіргізерде және айттым.

– О-о, түсінген екен ғой, кеш түсінеді өзі, – деп түйіліп жүрген Тұмаш ақын жадырады.

Қадыр аға таң азаңнан далаға шығып жаттығулар жасайды, ары-бері жүгірген болады. Мен де ерте тұрып, ол кісі көшеге шыға бергенде түк білмегенсіп қасына қосыла кеттім.

Аяқ-қолымды ербеңдетіп, таңғы ауада серуендеуге кіріскенде:

– Қад-аға, кеше кешке далада отырып Тұмаш досыңызбен әңгімелестім. «Әттең-ай, Қадыр досым еді, құрдасым еді, байқамай ауыр-ауыр сөздер айтып жіберіппін. Енді соған ішім күйіп, қатты өкініп жүрмін. Сенесің бе, бүкіл ақындардың бірде-бірі Қадыр құрдасыма жетпейді. Екеуміз құстың қос қанаты емес пе едік. Түйенің қос өркешіндей бірге жүріп, бірге өстік. Сұрапыл, ғұлама ақын ғой Қадыр деген» – деді Тұманбай досыңыз», – деген кезде:

– Тұмаш дәл солай деп айтты ма? – деді жұлып алғандай тоқтай қалып.

– Аға, міне таң жаңа атып келе жатыр ғой. Сізбен алғаш жолыққан кезден бастап сағына талай нәрселерді айтты. Енді қалай татуласам деп есебін таппай жүр – деп үстемелетіп қойдым.

– Ойпырым-ай, ә! Тұмашым сөйтті ме? – деп Қадыр ақын сылқ ете түсіп әбігерленіп кетті.

– Қад-аға, – Сіз одан үш ай үлкендігіңіз бар, ол сияқты шырт-пырт тез ашуланбайсыз, сары атандай салмақтысыз. Қазақ даласы секілді кеңсіз.

– Менде өкпе жоқ қой, толған бауыр, – деп Қадыр ағам жаймашуақ әдемі жымиды.

– Бүгін таңғы аста Тұмаш ағам Сізден кешірім сұрамақшы. Маған соны айт деп әдейі жіберді, – деп тағы соқтым.

– Қайран Тұмашым-ай, торығып жүр екен ғой, өкініп жүр екен ғой.

Менің де тілім қышып тұрады, екеуміз төл құрдаспыз ғой. Қалжыңдап едім… шынын айтсам оны өкпелетіп алып, өзіме-өзім жаман кейідім, ол күллі қазақтың біртуар Тұманбайы ғой – деп құрдасын көтеріп әкетті: – Әй, оны кешірмей мен жынды ғой деп пе едің? Өзім де ілә таппай әрең жүр едім… – деп Қад-аға келісе кетті.

Тұмаш ағаға барсам төсегінен тұрмапты. Бір кітапты ақтарып оқып жатыр екен.

– Таң атпай едіреңдеген ерке құлындай қайдан шауып келдің? – деді бірден.

– Аға, Қадыр ағам «Қазір таңғы ас үстінде Сізден кешірім сұраймын, тілім қатты тиіп кетті. Жан досым Тұманбай күллі қазақтың Тұманбайы» деді ғой.

– Осындай сөзді айтты ма өзі?

– Қазір сөйтіп айтқанын естіп келдім.

– Әй, ол құрдасым ғой, мен қатты айттым. Мен кешірім сұрайын, соным дұрыс шығар? – деп маған көзілдірігін шешіп қарап еді, сәбидей боп көрінген ағамның ақжарқын пейіліне риза болып, құшақтай алдым.

– Аман болыңызшы, асыл аға. Не деген кемеңгерсіз. Жақсы адамның ашуы «жібек орамал кепкенше» дейді ғой.

– Әй, інім менде өкпе жоқ қой, менде түгел бауыр, – деп бұл ағам Қадыр ағамның сөзін қайталады.

Таңғы асқа бәріміз жиналғанымызда Тұмаш аға көрінбеді. Төрдегі

Қадыр аға есік жаққа алаңдап қарай берді.

Бір кезде Тұманбай кіріп келді де:

– Қадыр! – деді дауысы тарғылданып.

– Тұмаш! – деп Қадыр жеп-жеңіл орнынан атып тұрып құрдасына қарай ұшатын құстай қос қолын кере ұмтылды.

– Қадеке! – деп Тұманбай досын құшақтай алып, бөбегін әлдилеген анадай айналып-толғанып тұрып алды да өксіп-өксіп жылап жіберді.

– Тұмашым, асыл досым, арда құрдасым қой енді, – деп Қадыр қалтасынан орамал алып ұсынды.

Тұманбай көзін сүрткіштеп Қадырдың қасындағы бос тұрған өз орнына жайғасты.

Бір-бірінің арқасынан қағып, жадырап, жайнап арқа-жарқа күліп, артық бір ауыз сөзсіз-ақ татуласып кетіп еді-ау…

Қалдарбек аға сұңғыла ғой:

– Бұл екі ұлы ақын ағаларыңның бұл өкпе-ренішін, қалай татуласқаны жөнінде ешкімге айтпай-ақ қойыңдар – деп еді.

Серік Тұрғынбеков, Әділғазы Қайырбеков, Тұрсынжан Шапай және де басқа аймаңдайлы қазақтың айбоз қаламгерлері Баян-өлгей аймағында он күн бойы рахаттана аралап, бауырларымыздың қошемет-пейіліне шомылып қайтқан едік.

Ортамызда тау тұлғалы қайталанбас біртуар ұлы ақындар Қадыр мен Тұманбай ағаларым жарқырап жүргендері, көсіліп өлең оқығандары, шешіліп аңызға бергісіз әңгіме айтқандары қандай еді шіркін! Аңыз адамдар, абыз ағаларымды қазір сағына еске аламын…

Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ,

жазушы, қоғам қайраткері, «Әділет. Рухани жаңғыру»

газеті редакциясының алқа төрағасы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *