ШЕШЕНДЕКТІҢ ҒҰМЫРЫ ШЕКТЕЛМЕСІН

Уақыт
894 Views

Кешегі оқиғалар тарихтың жадында жатталып, бүгінгі жаңалықтар өз орнын тауып қатталып жатқаны айдан анық. Адамзат ойшылдылығының шынайы шыңы деп танылған – шешендік өнер бүгінгі күні өз дәрежесінен төмен түсіп, ақсауда. Көкіректе сақталып, жүректе ақтарылып жатқан сезімді тіл арқылы көркем де бейнелі жеткізе білген кешегі біздің от ауызды, орақ тілді шешендеріміздің өнері белгілі бір ортада ғана шектеліп қоятыны өкінішті. Қаз дауысты Қазыбек би, Төле би мен Әйтекенің, Бұқар мен Мөңкенің, Майқы мен Жиреншенің сол дәуірдегі шешіле сөйлеген сөздеріне патша да, қарапайым қара халық та тәнті бола білді. Құлақ құрышын қандырып, жан азығын ала алды. Қызыл сөзді қырмандай иіріп, қыр басындағы қиындықты да тіл арқылы бейбіт жолмен шешті. Шешендік өнер – біздің маңдайға да, таңдайға да біткен бағымыз.

Алайда, қасымдағы жора-жолдастарыма, құрбы-құрдастарыма, айналамдағы өзім секілді жас буынды – болашақтың негізін қалаушыларға қарап отырып, сөйлеу мәнерін тыңдап жүріп қынжыламын. Кейбір қалам ұстар жазушылардың да болмашы нәрседен өрескел қателік жіберіп жататындығына күйінемін. Нені айтса да қарабайыр айтатын, таусылып жеріне жеткізе, тыңдаушыны иландыра алмайтын жастардың шешен сөзден бейхабар екені аңғарылып жатады. Сөздік қорға бай тіліміздің өнерін өшіріп бара жатқандаймыз. Бірақ, өшпей, өлмей тұрып бұл өнерге жаңаша өң беріп өңдеуіміз керек, өрбітіп, өсіруіміз керек.

Әлі де кеш емес! Әр адам өзінен бастап кем дегенде бір шешендік сөз жаттап алып, соны қисынын тауып керек кезде қолдана алса екен деймін. Сөзіміздің дәмін кіргізіп,сәнін беріп тұратын мақал-мәтел жаттап алып,әр қарабайыр сөздің орнына соны қолданып тұрсақ қандай керемет болар еді. Қанша айтармыз, жазармыз, бірақ сонда да әйтеуір сенім бүршігі бүр жарып шығатынына сенеміз. Сол тек алдамшы үміт болып қалмаса екен.

Ендеше, қара қылды қақ жарған дара болайық, топты аузына қаратқан дана болайық, сөз саптауы сегіз өріп серт болып, айтқан сөзіміз алаулаған өрт болып, тыңдағанды жылатып, жылағанды жұбатып, керек кезде еттен өткізіп, сүйекке жеткізіп айтатын, астарлы сөзбен ақылдылығын, көсемді сөзбен кемел білімін таныта алатын, барған жерді, тізе бүккен төрді тәнті ете алатын, ойында от, сөзінде шоқ бар мемлекетіміздің мен деген жастары болайық.

Аяулым БИТАЙ,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенті.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *