Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалаларында өткен тарихтан сабақ ала отырып, жарқын келешеккеұмтылудың алғышарттары белгіленіп берілгені баршаға аян. Бұл бағытта тәуелсізде егемен елімізде ұланғайыр тірліктер атқарылуда. «Туған жер», «Қазақстанныңкиелі жерлері», «100 жаңа есім», «100 жаңа оқулық», тағы басқа да бағдарламаларжүйелі түрде жүзеге асырылып келеді.
Республикалық деңгейдегі қала мәртебесін иеленген Шымкентте де бұл бағытта ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар жүргізілуде. Шырайлы шаһардағы киелі орындар саны сегізді құрайды. Олардың тарихы мен маңызын қаланың әрбір тұрғыны мен осында саяхаттап келген туристер жете сезіне білулері керек. Өскелең жас ұрпақ та хабардар болғаны жөн. Сол себепті газетіміздің бүгінгі санында Шымкенттегі киелі орындар жайлы материал ұсынып отырмыз. Алдағы кезде олардың әрбірі жайлы толыққанды материал жариялау ниетіндеміз.
ШЫМКЕНТ ҚАЛАШЫҒЫ — (ҮІІ – ХІХ ғасырлар)
Шымкент қаласының оңтүстік бөлігінде, автовокзал маңында, Бадам және Қошқарата өзендерінің арасында орналасқан.
Жоспарда қалашық-қамал болған. Биік жерде орналасқан. Төрбұрышты болып келген қалашықта мұнара мен дуалдары сақталған. 1960-1961 жылдары жүргізілген қазба жұмыстарының нәтижесінде тұрғын үйлер мен шаруашылық орындар ашылған. «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында «Археологиялық ізденістер» ЖШС ғылыми-өндірістік кәсіпорны тарапынан (Б.А.Байтанаев) консервация жұмыстары жүргізілді.
ОБА (патшалық) — І-ІҮ ғасырлар
Қаланың солтүстік бөлігінде Д. Қонаев және Т.Рысқұлов көшелерінің қиылысында орналасқан.
Жоспарда «Алаңқайлы төбе» тәрізді. Батыстан шығысқа қарай аздап созылған, көлемі – 70х45 метр, биіктігі – 1,5-2 метр. Алаңның ортасындағы төбенің көлемі – 15х13 метр, биіктігі – 5 метр. Айналасына және жоғары жағына қазіргі заманғы құрылыс жұмыстары түскен.
ОБА ҚОРЫМЫ (4) – (Біздің заманымызға дейінгі І мың жылдық)
Бадам өзенінің сол жағасы, Шымкент қаласынан Ташкентке шығар жолда орналасқан.
Топырақтан үйілген обалар жоспарда дөңгелекше-жайпақтау болып келген. Арасындағы үлкен обаның диаметрі – 18-22 метр. Қалған үш обаның көлемі әлдеқайда кішірек. Қазба жұмыстарының орны білінбейді.
ЖЕКЕ ОБА – (Біздің заманымызға дейінгі І мың жылдық)
Бадам өзенінің сол жағасы, май комбинатына қарсы бетте орналасқан.
Жоспарда дөңгелекше болып келген оба солтүстіктен оңтүстікке қарай созылған. Солтүстік жағы тік болып келген. Топырақтан үйілген обаның биіктігі – 12 метр (Қарауылтөбе болуы мүмкін).
МЕКТЕП, 1950 жылдың ортасы
Жоспарда тікбұрышты «П» әрпі тәріздес, екі қабатты мектеп, қабырғалары күйген қыштан қаланып, сыланған. Екінші қабатында жиналыс өткізетін кең акт залы орналасқан. Шатыры шифермен жабылған. Мектеп аумағында спорт алаңы, екі шеберханасы қоса салынған.
МЕТАЛЛУРГШЫЛАР САРАЙЫ, 1950 жылдың ортасы
Металлургшылар сарайы металлургшылар саябағында орналасқан сәулеттік ансамбльдың ең үлкені болып табылады. Жоспарда «Т» әрпі тәріздес, үш қабаттан тұрады. Қабырғалары күйген қыштан қаланып, сыланған. Бірінші қабатында әкімшілігі, екінші қабатында клуб бөлмелері, кіші зал орналасқан.
НИКОЛЬСКИЙ ШІРКЕУІ, ХХ ғасырдың басы
Кең-баба балалар саябағының ішінде орналасқан. Жоспарда тік бұрышты болып келген, үш қабаттан тұрады. Қабырғасы сапасы биік қыштан қаланған. Шатыры темір қаңылтырмен жабылған. Терезелері арка тәрізді порталдан тұрады. Сыртынан қарағанда сәндік типте жабдықталған ғимарат Шымкент қаласының тарихи көрікті жерлерінің біріне айналған.
ТҰРҒЫН ҮЙ, ХХ ғасырдың басы
Тұрғын үй Анаров көшесі, 22 үйде орналасқан. Темір жол бекеті аумағында бой көтерген құрылыстардың бірі. Бір қабатты, көлемі – 14х6 метр. Сырты ағашпен жабдықталған. Шатыры темір қаңылтырмен жабылған. Қазіргі уақытта ғимарат жеке меншікке өткен, «Әскерлендірілген темір жол күзеті» Шымкент қаласындағы филиалы пайдалануда.