Шымкентте полиция қызметкерлері ұрланған автокөлікті жедел анықтап, заңды иесіне қайтарды.
Түнгі уақытта белгісіз ер адам бөтеннің автотұрақта тұрған көлігін ұрлап, қозғалыс ережелерін өрескел бұзып, жолда нағыз «Токио-дрифт» жасаған.
Кешірек көлігінің жоғалғанын байқаған иесі полицияға хабарлаған. Жедел-іздестіру шаралары барысында тәртіп сақшылары бейнебақылау камераларының жазбаларын тексеріп, қозғалыс бағытын зерттеп, күдіктіні анықтады. Ол Түркістан облысының тұрғыны болып шықты. Ұрланған автокөлік күдіктінің үй ауласында табылып, полиция қызметкерлерімен тәркіленді.
Аталған жайт бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті қамауға алынды. Қазіргі таңда тергеу әрекеттері жүргізілуде.
Полиция ескертеді: көлік ұрлығының құрбаны болмас үшін әрқашан темір тұлпарыңыздың қозғалтқышын өшіріп, есік пен терезелерін жауып, тіпті қысқа аялдамада да кілтін қалдырмаңыз. Қосымша қауіпсіздік құралдарын қолданыңыз және сенімді әрі күзетілетін автотұрақтарды пайдаланыңыз.
