Қайрат ДӘЛБЕКОВ, Түркістаноблысы полиция департаментінің басшысы, полиция полковнигі: «АДАМНЫҢ ЖАҚСЫБОЛУЫ – ТЕГІНДЕ ЕМЕС, ТӘРБИЕСІНДЕ…»

Қоғам Құқық
1 451 Views

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жаңадан құрылған Түркістан облысы мен оның орталығын түлету мәселесіне айрықша мән беріп отыр. Күншуақты өңірдің экономикалық, әлеуметтік, мәдени, тұрмыстық жағдаяттарын өркендетумен қатар құқық қорғау саласы қызметкерлерінің алдына да үлкен міндеттер қойғаны белгілі. Соңғы кездері кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс деңгейі өзекті мәселеге айналып келеді. Бұл жайында күншуақты өңірдің жаңа басшысы Өмірзақ Естайұлы Шөкеевтің қатысуымен өткен алқалы жиында да кеңінен сөз болған. Онда Түркістан облысы полиция департаментінің басшысы, полиция полковнигі Қайрат Дәлбеков кәмелетке толмағандармен жасалған қылмыстар бойынша есеп беру жөнінде арнайы баяндама жасаған. Онда жас ұрпақ тәрбиесіне байланысты бірқатар өзекті мәселелер, құнды бастамалар көтерілген.

Өскелең заман талабына үндескен Түркістан облысы бас полицейінің әлеуметтік желі белсенділерінің бірі екенін де бөле-жара айтуымыз керек. Жеке парақшасын ашқан оның қарапайым халықпен тығыз байланыс орнатқаны көпшілікті сүйсінтеді. Осылайша жер-жердегі сан түрлі оқиғалар, хабарлар, мағлұматтар жөнінде тұрғындармен ашық түрде пікір алмасады. Жариялылықты өрістеткен басшының өзгелерге өнеге боларлық бұл ізгілікті де игілікті бастамасы аса құптарлық. Енді кез келген азамат ол кісімен тікелей сөйлесіп, өздерінің мұң-мұқтажын айта алады.

Осыған орай біз жаңашыл, талапшыл басшыға жолығып, онымен өзара сұхбат құрған болатынбыз. Енді соны оқырмандар назарына ұсынуды жөн көрдік.

– Қайрат Сұлтанбайұлы, бүгінгі әңгімемізді жас ұрпақ тәрбиесіне арнасақ дейміз. Соған қалай қарайсыз?

– Тәуелсіз де егемен елімізде жас ұрпақ тәрбиесіне жете мән берілуде. Биылғы жылдың Жастар жылы болып жариялануы да соның бір айғағы. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Жастар жылының салтанатты ашылуында сөйлеген сөзінде: «Жастар – еліміздің қазіргі әлемдегі бәсекеге қабілеттілігінің негізгі факторы. Қазақстанның болашағы Сіздерге – Сіздердің білімдеріңізге, энергияларыңыз бен патриотизмдеріңізге байланысты. Біз қазір жасап жатқанның бәрі Сіздердің бақытты өмірлеріңіз үшін, Сіздер өз әлеуеттеріңіз бен мүмкіндіктеріңізді толық мәнде жүзеге асыра алуларыңыз үшін жасалып жатыр», – деген болатын.

Жастарға деген қамқорлықтың жарқын өнегесін мектептер мен балабақшалар санының едәуір өсуінен де айқын аңғаруымызға болады. Жалпы білім беретін мекемелердің сапалық деңгейін Назарбаев зияткерлік мектептерінің деңгейіне дейін көтеру көзделген. Бұдан бөлек ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын «Дарын» мектептерінің саны да көбейіп келеді. Колледждер мен жоғары оқу орындарындағы сапалық көрсеткіштер де көңіл қуантады.

Осы орайда өткен жылы құрылған Түркістан облысында да оң өзгерістерді байқауға болады. Елімізде дүние есігін ашатын әрбір бесінші-алтыншы сәбидің күншуақты өңірден екені белгілі. Жастар мен жасөспірімдер жайын сөз еткенде жан жадырататын жағымды жаңалықтар өте көп. Республикалық және халықаралық деңгейдегі сан түрлі білім, өнер, спорт сайыстарында топ жарып, облысымыздың ғана емес, күллі еліміздің абыройын асқақтатып, беделін биіктетуде.

– Бүгінде жастар мен жасөспірімдер арасындағы қылмыс өзекті мәселеге айналып отыр емес пе?

– Өкінішке орай, жас ұрпақ тәрбиесінде көңілді күпті етіп, жалпақ жұртты алаңдатып отырған жайттар да аз болмай тұр. Кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс – бұрынғысынша өткір күйінде қалуда. Мұндай қылмыстар бұрынғыдай жайсыз отбасылардан немесе тағы басқа әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан шығып отырған жоқ. Тұрмысы толыққанды, материалдық жағдайы жоғары отбасындағы балалардың шалыс қадамға барғандарын қалай түсінуге болады? Әрине, бұлардың бәрі құқық қорғаушыларды қатты ойлантуда. Мәселен, былтырғы және биылғы екі ай көлемінде полиция органдары есебінде тұрған, құқықбұзушылық жасауға бейім жасөспірімдер тарапынан бірде-бір қылмыс тіркелмеген. Керісінше, бай-қуатты отбасылардан шыққан балалар қылмыс жасауға жиі бой алдырған.

Әртүрлі деңгейдегі әкімдіктер, мектептер мен полиция қызметкерлері тарапынан жас ұрпақты тәрбиелеу, олардың сабақтан тыс уақыттағы жүріс-тұрысын бақылау мен қадағалау, құқықбұзушылыққа қарсы іс-әрекеттерге бармау бойынша профилактикалық іс-шаралар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Білім ошақтарында кәмелетке толмаған балалар мәселесімен айналысатын инспекторлар жұмыс істейді. Мектептерге бейнекамералар орнатылған. Жұмыс бар.

– Соған қарамастан, қылмыстық оқиғалардың тыйылатын түрі жоқ емес пе? Оны жоюды барынша қысқарта түсудің жолы бар ма?

– Алайда, баланың қоршаған ортамен қарым-қатынасына, өмірге деген көзқарасына, мінез-құлқы мен санасының қалыптасуына ең алдымен олардың ата-анасының, яғни отбасындағы тәрбиенің рөлі үлкен екені белгілі. Кез келген ата-ана өз перзентінің білімді, тәрбиелі, ұқыпты болуына мүдделі екені айтпаса да түсінікті. Сонымен қатар олардың сабақтан тыс уақытта кімдермен араласатыны, немен шұғылданатыны қатаң қадағалануы қажет. Еліміздің қолданыстағы заңдарында ата-ананың балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндетін тиісті талап деңгейінде орындамағаны үшін әкімшілік, тіпті қылмыстық жауапкершілікке тарту мәселелері қарастырылған. Бірақ, бұл шара жасөспірімдер шалыс қадам жасап болғаннан кейін ғана қолданылады.

Сол себепті кез келген ата-ананың бала тәрбиесіне бейжай қарамауын өтінген болар едік. Осы орайда ата-аналарды мектептің қоғамдық өміріне тарту мәселесін жандандырғанымыз жөн. Сонымен қатар жалпы жұртшылықты отбасындағы бала тәрбиесіне қатысты құндылықтарды белсене насихаттауға шақырамыз. Мұндай аса жауапты жұмыстан бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желі белсенділері де шет қалмауы қажет. Бұл үшін арнайы медиа-жоспар жасап, оны жүзеге асыра білгендері мақұл болмақ. Мәселен, ұрпақтар сабақтастығын жалғастыру мақсатында аға, орта, жас буын өкілдерінің қатысуымен «дөңгелек үстел» мәжілістерін өткізу, баспасөз беттерінде арнайы беттер мен сұхбаттар ұйымдастыру секілді жұмыстар жүргізу керек.

Екіншіден, жасөспірімдердің бос уақытын ұтымды ұйымдастыруға тиісті түнгі клубтар, компьютер клубтары мен ойынханалар балалардың тәлім-тәрбиесіне оң ықпал жасап отыр деп айта алмаймыз. Керісінше, қатыгездік пен қыңыр-қисық, теріс қылыққа баулитыны жасырын емес. Бұған қоса-қабат мұндай мекемелердің жұмыс уақыты шектелмеген сыңайлы. Заң бойынша бұларда кәмелет жасқа толмағандар түнгі сағат 22.00-ге дейін ғана болуы тиіс. Осы уақыттан кейін де сан түрлі ойын ойнап, көңіл көтеріп жүрген жасөспірімдер жолығып қалады. Сол себепті олардың ата-аналарына ескерту жасалып, кейбіріне әкімшілік жолмен айыппұл да салынуда. Соған қарамастан, бұған тосқауыл қойылмай тұр. Мұндай мекемелердің ақылы қызмет істейтінін ескерсек, бәрі де қаржыға келіп тірелетіні айтпаса да түсінікті шығар. Жасөспірімдер арасында бір-біріне күш көрсету, ақшасын, телефонын тартып алу тәрізді тәртіпсіздіктердің де тыйылмай отырғанын мойындауға тиіспіз. Ауыл-аймақтар мен елдімекендердегі осындай ойынханалардың жұмысын қатаң қадағалау мақсатында ауыл билері, ата-аналар тарапынан құрылған арнайы комиссиялардың жұмысын барынша жетілдіргеніміз жөн болар дер едік.

Үшіншіден, кәмелетке толмағандарға қатысты жасалатын, соның ішінде зорлау сипатындағы қылмыстар болып отырғаны өкінішті. Өткен 2018 жылы кәмелетке толмағандарға қатысты 204 (2017 жылы – 164) оқиға тіркелген. Соның ішінде зорлау 13 (2017 жылы – 7), сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық 25 (2017 жылы – 7), он алты жасқа толмағандармен жыныстық қатынас немесе сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттер жасау 30 (2017 жылы –17), жас балаларды азғындық жолға түсіру 18 (2017 жылы – 14) оқиғасы тіркелген. Өкінішке орай, барлық көрсеткіштер кемудің орнына көбейіп отырғаны қоғамның әрбір мүшесін терең ойландыруы тиіс.

– Сонда не істеуіміз керек?

– Бұл санаттағы қылмыстар негізінен жәбірленушінің ата-анасы мен оларды алмастырушы адамдар тарапынан бақылау мен қадағалаудың жеткіліксіздігінен орын алатыны ақиқат. Кәмелетке толмағандар арасындағы ерте жүктіліктің, түсік тастау оқиғаларының алдын алу жолында бүкіл қоғам болып күресетін кезең келді. Бұл үшін білім, денсаулық сақтау салаларының қызметкерлері, ата-аналар комитеті, үкіметтік емес ұйымдар, ауыл билері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері ұйымдасқан түрде насихат жұмыстарын жандандырғаны жөн дейміз.

Бүгінде облысымыздағы 905 мектепте психолог, әлеуметтанушы, мейірбике қызмет істейді. Өкінішке орай, кәмелетке толмағандармен жұмыс жүргізетін инспекторлар жетіспейді. Бұл үшін кәмелетке толмағандардың құқықбұзушылық жасау себептерін кәмелетке толмағандар жөніндегі комиссияның, полиция, сот-тергеу, прокурорлық қадағалау органдарының қызметін жетілдірген жөн. Осы мақсатта барлық құқық қорғау, мемлекеттік басқару органдарының балалар мен жасөспірімдер мәселелерімен айналысатын жастар және қоғамдық ұйымдардың өзара ықпалдастық қызметін үйлестіру жөнінде кешенді шараларды әзірлеу қажеттігі туындап отыр.

Қорыта келгенде, ақын Һәм хакім Абай айтқандай, «Адамның жақсы болуы – тегінде емес, тәрбиесінде, ақылында, өнер, білімінде. Адамға үш алуан адамнан мінез жұғады: ата-анадан, ұстазынан, досынан. Әсіресе олардың қайсысын жақсы көрсе, содан көп жұғады», – деген даналық сөзін ескеретін болсақ, отбасы, мектеп, қала берді бүкіл қоғам болып бұл қатерлі дертпен батыл күресе білуіміз керек. Соның арқасында жас ұрпақтың білімді, тәлім-тәрбиелі, ұлтжанды, бәсекеге барынша қабілетті болып өсері сөзсіз. Бұлардың бәрі әсіресе биылғы аталып отырған Жастар жылында аса маңызды. Біз өз тарапымыздан қауіпсіздік шараларын күшейте беретін боламыз.

– Әсерлі әңгімеңізге рақмет! Қиын да жауапты жұмыстарыңызға табыс тілейміз!

Сұхбаттасқан Ә. ҚАҢТАРБЕК.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *