Шымкентте сапасыз протез үшін өтемақы өндірілді

Заң Сот істері Қоғам
34 Views

Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотында мүгедектігі бар жергілікті тұрғынның қоғамдық бірлестікке қарсы материалдық залалды және моральдық зиянды өтеу туралы талап арызы қаралды.

Соттың хабарлауынша, талапкер II топтағы мүгедек болып табылады және 12 жылдан астам уақыт бойы жауапкерден протездеу қызметін алып келген. 2025 жылы оған негізгі және қосымша протездер берілген. Алайда екі ай ішінде бұл бұйымдар жарамсыз күйге түскен.

Сот талқылауы барысында берілген техникалық оңалту құралдарының сапа талаптарына сәйкес келмейтіні анықталды. Іс материалдарына сәйкес, сапасыз протездер талапкердің денсаулығына зиян келтіріп, қозғалуына қиындық туғызған және физикалық жайсыздық тудырған.

Сот талап арызды ішінара қанағаттандырды. Сапалы протез сатып алу қажеттілігі ескеріліп, жауапкерден 1 064 000 теңге мөлшерінде материалдық залал өндірілді.

Сонымен қатар талапкердің бастан өткерген моральдық күйзелістері назарға алынып, 1 000 000 теңге көлемінде моральдық зиян өтемақысы тағайындалды.

Сот шешімі заңды күшіне белгіленген тәртіппен енеді.