ШЫМКЕНТТІКТЕР БЕЙБІТІМЕН МАҚТАНАДЫ

Спорт
1 086 Views

Тәуелсіз Қазақстанымызда спорт саласы айрықша қарқынмен дамып келеді. Әсіресе балуандарымыз бен боксшыларымыздың табыстары ауыз толтырып айтарлықтай. Құрлық, Әлем чемпионаттары мен Халықаралық жарыстарда, төртжылдықтың басты бәсекесі саналатын Олимпиада ойындарында алтыннан олжа салып жүрген саңлақтарымыз қаншама! Бұрыннан аты шыққан әуесқой былғары қолғап шеберлерімізбен бірге бүгінгі таңда кәсіпқой боксшыларымыз да шаршы алаңдағы өздерінің тамаша өнерімен төрткүл әлемді мойындатып жүр. «Қазақ жұдырығы» деген ұғым қалыптасқан…

Әлемге танымал спорт саңлақтарының бірі әрі бірегейі даңқты жерлесіміз, қос салмақ дәрежесіндегі Әлем чемпионы Бейбіт Шүменов екені баршаға аян.

Біздің газетіміз Бейбіт туралы аз жазып жүрген жоқ. Тек биылдың өзінде «Бейбіт – бүгінгінің батыры» ( «Әділет. Рухани жаңғыру» газеті, № 2-3, қаңтар, 2018 ж), «Ел намысы – ер намысы» («Әділет. Рухани жаңғыру» газеті, №4, ақпан, 2018 ж) деген тақырыппен материалдар жарық көрді. Оларда мұхиттың арғы жағында жүрген Оңтүстіктің отты оғланының жетістіктері жайында баяндаумен қатар елім, жерім деп аянбай тер төгіп жүрген белгілі былғары қолғап шеберіне орынды сый-құрмет жасалмай жүргенін де тілге тиек еткен болатынбыз. Міне, біздің осы дабылымыз құзырлы органдардың құлағына жеткенін есіткенде бір марқайып қалдық.

Таяуда Бейбіт Шүменовтің өңір, қала берді ел алдында сіңірген ерекше еңбегі еленіп, оған жаңадан құрылған «Түркістан облысының Құрметті азаматы» деген жоғары атақ берілді. Қазақстандық ақпарат құралдары қос салмақ дәрежесіндегі бірегей Әлем чемпионы Бейбіт Шүменовке (17-2, 11 КО) бұл жоғары атақтың берілгенін бүкіл әлемге таратты.

Шешім облыстық мәслихат депутаттарының бірауыздан дауыс беруімен қабылданған.

Сөз орайы келгенде, Бейбіт Шүменов шырайлы Шымкент шаһарының төл перзенті екенін тілге тиек ете кетейік. Сүйікті қаламыз республикалық мәртебе иеленіп, ірі мегаполиске айналып отыр. Ал облыс атауының «Түркістан» деп өзгертілуі көне де мәңгі жас, «Екінші Мекке» атанған киелі шаһардың шырайын одан әрі аша түсері сөзсіз. Міне, осындай шат-шадыман шақта Бейбіт бауырымызға лайықты атақ берілуі біздің бәрімізді де марқайтып отыр.

Сайын Сарыарқаның төріндегі, қос құрлықтың (Еуразияның) жүрегіндегі ару қала – елордамыз Астананың 20 жылдық мерейтойы жақындап келеді. Тойға лайықты тарту-таралғымен бару халқымыздың қанында бар ізгі қасиеттердің бірі екені белгілі. Осы орайда Бейбіт бауырымыз да Елорда тойын толағай табыспен атап өтуді өзінің алдына игі мақсат етіп қойғаны қандай ғанибет. Жақын күндері жерлесіміз Астанада түріктің әлемге танымал атақты боксшысы Хизни Алтункаямен (30-1, 17 КО) қолғап түйістіреді. Бұл сайыс 7 шілде күні өткізіледі. Онда WBA (Regular) тұжырымы бойынша бірінші ауыр салмақтағы Әлем чемпионының белбеуі сарапқа салынатын болады. Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов бұрыннан Бейбіттің жанкүйері. Енді ол өзі бас болып қала тұрғындары мен қонақтарын жерлесімізге жанкүйерлік жасауға үндеп отыр. Еліміздің барлық тұрғындарын кәсіпқой бокста қарсылас шыдатпай жүрген Бейбіт Шүменовті қолдауға шақырамыз.

Бейбіт бауырымызға бұл жауапты сында тек қана жеңіс тілейміз! Оның бұл жеңісі Астана тойына тамаша тарту боларына сенеміз. Абыройың асқақтап, беделің биіктеп, табысың тасқындай берсін дегіміз келеді.

Қуанышбек БОТАБЕК.

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *