«РЕАЛ» – ҮЗДІКТЕРДІҢ ҮЗДІГІ!

Спорт
858 Views

Біріккен Араб Әмірліктерінің Абу-Даби және Эль-Айн қалаларында өткізілген футболдан клубтар арасындағы кезекті XV әлем чемпионаты мәреге жетті. Оған жеті команда қатысқан болатын. Жарыстың плей-офф кезеңінде алаң иелері, 2017/2018 жылдардағы Араб түбегі лигасының жеңімпазы – «Әл-Айн» клубы ОФК (Мұхиттар аралы футбол конфедерациясы) Чемпиондар лигасының жеңімпазы – жаңазеландиялық «Тим Веллингтонмен» кездесті. Ойынның негізгі және қосымша бөлімдері 3:3 есебімен тең аяқталды. Пенальтилер сериясында «Әл-Айн» 4:3 есебімен жеңіске жетті.

Ширек финалда олар КАФ (Африка) Чемпиондар лигасының жеңімпазы – тунистік «Эсперансты» 3:0 есебімен қапы қалдырды. АФК (Азия) Чемпиондар лигасының жеңімпазы – жапониялық Касима Ибаракидің «Касимо Антлерс» КОНКАКАФ Чемпиондар лигасының жеңімпазы – мексикалық «Гвадалахарадан» 3:2 есебімен басым түсті.

Бесінші орын үшін болған бәсекеде «Эсперанс» «Гвадалахарамен» кездесті. Ойынның негізгі және қосымша бөлімдері 1:1 есебімен тең аяқталды. Пенальтилер сериясында алдыңғысының жолы болды (6:5).

Жартылай финалда «Әл-Айн» клубы КОНМЕБОЛ Либертадорес кубогының жеңімпазы – аргентиналық Буэнос-Айрестің «Ривер Плейтпен» тоқайласты. Ойынның негізгі және қосымша бөлімдері 2:2 есебімен тең аяқталды. Пенальтилер сериясында алаң иелері 5:4 есебімен жеңіске жетті. УЕФА Чемпиондар лигасының жеңімпазы – испаниялық Мадридтің «Реалы» «Касима Антлерсті» 3:1 есебімен тізе бүктірді.

Үшінші орын үшін болған ойында аргентиналық «Ривер Плейт» жапониялық «Касимо Антлерсті» оңай ұтты. Олар қарсыластар қақпасына жауапсыз төрт доп соғумен ерекшеленді.

Шешуші ақтық финалдық сында Мадридтің «Реалы» «Әл-Айнды» 4:1 есебімен ұтып, үздіктердің үздігі атанды. Осылайша олар аталмыш кубокты төртінші рет жеңіп алып отыр. Мадридтік клуб бұған дейін 2014, 2016, 2017 жылдары иеленген болатын.

Сөз орайы келгенде футболдан клубтар арасында әлем чемпионаттарында Испанияның «Барселона» клубы үш рет (2009, 2011, 2015 жылдары), Бразилияның «Коринтиансы» екі рет (2000, 2012), «Сан-Паулусы» (2005), «Интернасьоналы» (2006), Италияның «Миланы» (2007),Ұлыбританияның «Манчестер Юнайтеді» (2008), Италияның «Интернационалесі» (2010), Германияның «Бавариясы» (2013) бір реттен топ жарғанын тілге тиек ете кетейік. Сұрмергендер көшін «реалдық» (бүгінде итальяндық Туринннің «Ювентусында» ойнайтын) Криштиану Роналду душ Сантуш Авейру (жеті доп) пен Гарет Бэйл (алты доп) бастап тұр.

Ә. КЕЛЕСҰЛЫ.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *