ШЫМКЕНТТІҢ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ: ӨНІМДІЛІК ПЕН ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАРДЫҢ ӨСІМІ

Заң Мәселе Саясат Уақыт Экономика
6 Views

Бүгін Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Тоғай Жәнібек саланың даму қорытындылары мен алдағы жоспарлар туралы мәлімдеді.

Оның айтуынша, 2025 жылы Шымкент қаласының ауыл шаруашылығы саласында тұрақты өсім байқалған. Жалпы ауыл шаруашылығы өнімі көлемі жоспардан асып, 58,2 млрд теңгеге жеткен. 2026 жылы да оң динамика сақталып, жалпы өнім көлемі 59,1 млрд теңге деңгейінде болады деп болжанып отыр.

Биыл қала аумағында 21,1 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілген. Алдын ала есеп бойынша 81 мың тонна өнім жинау жоспарлануда. Егіс алқаптарының құрылымы мынадай:

– дәнді дақылдар – 6,4 мың гектар;

– майлы дақылдар – 3,0 мың гектар;

– көкөніс және бақша дақылдары – 1,8 мың гектар;

– мал азықтық дақылдар – 9,9 мың гектар.

Мал шаруашылығы саласында да өсім бар. Атап айтқанда, ет өндірісі 7,6 мың тоннаны, сүт өндірісі 70,2 мың тоннаны, ал жұмыртқа өндірісі 242,6 млн дананы құраған. 2026 жылы бұл көрсеткіштерді одан әрі ұлғайту жоспарланып отыр.

Импортты алмастыру және инвестициялық жобаларды жүзеге асыру бағытында бірқатар маңызды бастамалар қолға алынған. 2025 жылы жаңа сүт өңдеу кәсіпорындары іске қосылып, қолданыстағы өндірістер кеңейтілген. Сонымен қатар, Alsera KZ компаниясының 40 гектарлық жылыжай кешені пайдалануға беріліп, алғашқы өнім алынған.

Мәртөбе тұрғын алабында Fabe-Agro компаниясының 144 гектар аумақта орналасатын жаңа жылыжай кешенінің құрылысы басталды. Жоба аясында жылына 36 мың тоннаға дейін көкөніс өнімін өндіру жоспарланып отыр. Сондай-ақ 1 000 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген.

Қалада аграрлық салаға тартылған инвестициялар көлемі артып, негізгі капиталға салынған қаржы өсімі қамтамасыз етілуде. Бұл ауыл шаруашылығы өндірісін жаңғыртуға және өңдеуші сектордың дамуына қосымша серпін беріп отыр.

АЗЫҚ-ТҮЛІК ҚАУІПСІЗДІГІ ЖӘНЕ ВЕТЕРИНАРЛЫҚ ТҰРАҚТЫЛЫҚ

2025 жылы қалада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру және халықты сапалы өніммен қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілді. Азық-түлік тауарларының тізімі 31 атауға дейін кеңейтіліп, олардың баға өсуін болдырмау үшін сауда желілері мен өндірушілермен келісім-шарттар жасалды.

Халыққа қолжетімділікті арттыру мақсатында 16 «Бақша» әлеуметтік павильоны ашылып, қаланың әртүрлі аудандарында аптасына тұрақты азық-түлік жәрмеңкелері ұйымдастырылды. 2025 жылы 353 жәрмеңке өткізілсе, 2026 жылдың басынан бері 55 өткізілді.

Бағаны қадағалау шаралары аясында кәсіпкерлік субъектілердің қызметі талданып, шекті сауда үстемесін асыра пайдалану фактілері бойынша әкімшілік жауаптылыққа тартылды. Сонымен қатар, нарықтағы делдалдық әрекеттер анықталып, шектелді.

Ветеринарлық іс-шаралар да белсенді жүргізілді: 10 түрлі жұқпалы ауруға қарсы 1,19 млн вакцина егілді, 227 776 қан сынамасы алынып зерттелді. Энзоотиялық ауруларға қарсы көктем және күз айларында малдарға өңдеу жүргізілді, сондай-ақ парктер, гүлзарлар, өзен жағалаулары мен қоқыс алаңдары залалсыздандырылды.
Қала аумағында 48 мыңға жуық қаңғыбас ит пен мысық ауланып, стерилизация жүргізілді. Жыл басынан бері 7 мың бас ит ауланған.

Аталған шаралар тұрғындарды сапалы азық-түлікпен қамтамасыз ету, санитарлық тұрақтылықты сақтау және мал шаруашылығы эпизоотиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.