ШЫМКЕНТТІҢ ИДЕОЛОГИЯСЫ БІР ҚАДАМ АРТҚА, БІР ҚАДАМ АЛҒА… ШАТҚАЯҚТАП ТҰР

Саясат
526 Views

Шымкенттің идеологиясын басқаруға сырттан беделді жігіттер келгенде халықтың қуанғаны, көп үміт күткені рас. Өйткені «сырттан келді» деген жәй ғана аты болмаса Шыңғыс Мұқан, Мәди Манатбек, Сәкен Майғазиевтер осы оңтүстігімізде туылып, ауасын жұтып, балалық бал дәурен шағын өткізген, кейін қай-қайсысы да ат жалын тартып мініп, қалың елге дүркіреп танылған сыйлы да, бір бастарына атақ-даңқы жетерлік сайдың тасындай азаматтар еді.

«Жас Алашта» бозбала шағынан қаламы шыңдалып, өткір-өткір ой айтқан, елдің көкейіндегіні дөп көтерген, кейін батыс облыстардың бірінде әкім орынбасары, одан алпауыт Америкада білімін жетілдірген Шыңғыстың идеология саласында тәжірибесі жоқ деп айта алмайсыз. Шыңғыс «замәкімдікке» келді де, Шымкенттің руханияты мен мәдениетіне тың бастамалар ендіргісі келді ме, бірінен кейін бірі республикалық деңгейдегі танымал тұлғаларды қызметке шақыра бастады. Опера және балет театрын Майра Мұхамедқызына, Түркістан сарайын Сәкен Майғазиевке, ішкі саясат және жастар ісі жөніндегі басқарманы Мәди Манатбекке сеніп тапсырды.

Хош… Сонымен мәдениет сарайының тізгінін жаңадан қолға ала берген Сәкеннің дауы бір дүрлігіп басылғанмен, «Наурызды» тойлауға бөлінген 500 миллионның жыры бүгінге дейін бітер емес. Сәкен қол қойды, бітті, дабыраға ілікті де кетті. «Мәдениеттегілер» істі жабу үшін антикорға 80 миллион пара ұсынып, ұсталды деген ресми ақпарат жылтың етті де, сиырқұйымшақтанып ол да жоқ болды. Жұрт әліптің артын бағып әлі отыр. Бұл мемлекеттік іс шара болған соң, ол жердегі қол қоятын басшы С.Майғазиев болсын, мейлі басқа болсын, басқарма басшысы (Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы — ред.) Ханзада Есенова болсын күндердің күні мемлекет қаржысына жауап беретін сәт туады ғой… Бәлкім бұл Сәкен секілді дүйім елге таныс тұлға болғасын бұл іс көптің көзіне түсіп, кездейсоқ «ашылып қалуының» себебі ме екен?.. Бәлкім бұған дейін де, бұдан кейін қаншама қаржы осылай желге ұшып келе жатқан болар. Қалай дегенмен, бұл да мәдениет саласының бюджеті майшелпекке айналып кеткенін ұғындырады. Бұл біздің идеология саласының бүгінгі бет-бейнесін көрсетеді.

Ақыры Шымкенттің идеологиясы тақырыпқа тамызық болып тұр ғой, әрі қарай қаузайық. Айтатын әңгіме мұнымен бітпес. Ішкі саясат басқармасын қолға алған Мәди Манатбек телевизияда өзіндік орны бар, шоқтығы биік тележурналистердің бірі. Шымкент республика бойынша бұқаралық ақпарат құралдары ең көп тіркелген, телеарналары мен газет басылымдары, ақпараттық порталдары бірімен-бірі жарыса қыз-қыз қайнап жұмыс істеп келе жатқан аймақ. Бұл жағынан басқа өңірлер сөз таластыра алмайды. Әрине, жергілікті журналистер қауымы Мәди Манатбекті шікірейген шенеунік емес, бәз баяғы өз әріптесіміз деп қабылдады бастапқыда. Алайда, Мәдидің бүйрегі бұрыла қойған жоқ. Не жиын басында төбе көрсетпейді, не келелі мәселе шешпейді, бұрынғы басшылардай әлеуметтік желіде болсын, кәсіби өмірде болсын жорналшылармен қоян-қолтық араласа кетпейді. Бәлкім, оның «кабинет адамы» болып қалуына карантин себеп болған шығар, кім білсін. Әйтеуір сақ, әрі саяқ.

Бірақ… Бұған дейін Шымкенттің имиджін жапа-тармағай қызу еңбекпен жасап келе жатқан жергілікті БАҚ өкілдерін ысырып тастап, мемлекеттік тапсырысты республикалық басылымдарға шүлен таратқандай «үлестіріп» жібергенін көзіміз көріп отыр. Біреу емес, екеуі емес, бақандай 50-ден аса бұқаралық ақпарат құралдарымен «бір көз» арқылы келісім-шарт түзген. Барлығы дерлік Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында орналасқан медиа ұжымдар.

Жарайды, бұл медиа нарықтағы медиа кеңістік. Конкурста кім жеңімпаз атанады, мемлекеттік тапсырысты сол орындайды. Әйтсе де, әлгі нұр-сұлтандықтар мен алматылықтардың конкурссыз-ақ, біз көзді қысып «бір көзден» алуы қаншалықты заңды? Бұл керісінше заңды белден басуы, бармақ басты, көз қысты емес пе? Шымкентте қаншама медиаұжым бар, солармен санасқысы келмеуі, көзге ілмеуі Мәдидің азаматтығына, кәсібилігіне сын емес пе?

Бұл жөнінде әлеуметтік желіде талай әріптесіміз мұңын айтты, кейбірі астарлап айтты, кейбірі ойындағысын ашық айтты. Дегенмен, шыққан нәтижені көре алмай тұрмыз. Мұны да мемлекет қаржысына қол сұққандық деп білеміз.

Мұның бәрі шын мәнінде идеология саласында болып жатқан олқылықтар. Кәні, Шымкенттің оң имиджі? Іргедегі Түркістанды алайықшы. Түркістан түрленіп, күннен күнге түлеп келеді. Қаншалықты жылдамдықпен дамып жатқанын біліп отырсыздар. Туризмі жанданды, күннен-күнге инфрақұрылымы еселеп ілгерілеп барады. Шымкент Түркістанның жанында баяулап қалғандай. Шыңғыс алыстан ат терлетіп адам іздемей, осындағы жергілікті кадрлармен жұмыс істей беруі керек пе еді? Түркістан «жұлдыздарсыз-ақ» көшін түзеп алды. Мәселе кадрдың іскерлігінде, көшбасшылығында. Қала басшысы Әйтеновтің командасындағы мемлекеттік қызметкерлер сенімге селкеу түсіргендей. Мұрат Әйтеновтің жаңа мегаполис үшін осы уақытқа дейін атқарған шаруаларын жоққа шығара алмаймыз. Бірақ идеология жұмыстарын ақсатып алғанын да жасырып қала алмаймыз. Идеология жөнінен орынбасары Шыңғыс Мұқанның әкім міндеттеген үдеден шыға алмағаны өкінішті. Ішкі саясат басқармасының басшысы Мәди Манатбек өз еркімен қызметтен босап кетті. Қаншама шу көтерілді. Кетпеске амалы қалмады. Алайда жүзін жарық қылып, азамат ретінде басын тік көтеріп кетуі керек еді. Жалпы кадр мәселесі бәрін шешеді деген рас қой. Абыройың мен мерейің де кадрдың іскерлігі мен білім-біліктілігінен… Осы тұста әкім командасы шабаданын жинап кетуге ыңғайланатын кез келген секілді.

Әділ ҚЫРАН

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *