ШЫМКЕНТТІҢ КЕШЕНДІ ЖОСПАРЫ ҚАБЫЛДАНДЫ

Қоғам
1 002 Views

Қазақстан Республикасы Үкіметінің күні кеше өткенотырысында Шымкент қаласын дамытудың 2023 жылға дейінгі кешенді жоспары қабылданды.

«Шымкент – Қазақстанның өнеркәсіптік, сауда-саттық және мәдени орталықтарының бірі саналатыны белгілі. Қала халқының саны бір миллионға жеткен кезде Елбасы Жарлығымен Шымкентке республикалық маңызы бар қала мәртебесі берілді. Осыған байланысты Үкімет пен қала әкімдігіне Шымкентті дамыту мен құрылыс салудың 2023 жылға дейінгі кешенді жоспарын әзірлеп, бекіту тапсырылған болатын», – деп еске салды Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Асқар Мамин. Осы арада Үкімет басшысы қаланы одан әрі дамыту мақсатында бірқатар маңызды қадамдарға тоқталды. Біріншіден, инвестициялық және экспорттық әлеуетті арттыру қажеттігі аталды. Шымкент қаласын дамыту жоспарын жүзеге асыру инвестициялар көлемін бес жылда 1 трлн. теңгеге дейін жеткізуге мүмкіндік береді. Екіншіден, көлік және инженерлік инфрақұрылымды одан әрі дамытуға қатысты келесі жылы әуежайдың және жолаушылар терминалының құрылысы, теміржол вокзалын жаңғырту жұмыстары аяқталуы тиіс. «Тұрғын үй құрылысын дамытуды жалғастыру қажет. Осы ретте тұрғын үй құрылысын Халықаралық стандарттар бойынша жүргізетін инвесторлардың тәжірибесін пайдалану керек. Тек «Шымкент Сити» жобасын іске асыру нәтижесінде 1,5 млн. шаршы метр тұрғын үй салынады. Жалпы, кешенді жоспар бойынша тұрғын үй құрылысының көлемі кезең-кезеңмен 500 мың шаршы метрден 1 млн. шаршы метрге дейін артып, баспанамен қамтамасыз ету бір тұрғынға 30 шаршы метр деңгейге дейін жеткізіледі. Осыған орай Ұлттық экономика министрлігіне «Шымкент Сити» арнайы экономикалық аймақты құру жөніндегі ұсынысын қарастыруды тапсырамын», – деді Премьер-министр. «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы басшыларының шешімімен Шымкент қаласы 2020 жылы Мәдени астана болып жарияланды. Бұл мәртебе қаланың одан әрі дамуына серпін береді. Осы ретте қала әкімдігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірге тиімді шаралар жоспарын дайындауды жүктеймін», – деді ол. Жалпы, аталған жоспарды іске асыру арқасында 2023 жылға қарай шаһардағы жалпы өңірлік өнімді 3,5 трлн. теңгеге жеткізуге мүмкіндігі болады.

Үкімет отырысында Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Рахматоллаұлы Әбдірахымов 2023 жылға дейін шаһарды дамытудың кешенді жоспарын таныстырды.

«Кешенді жоспар қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті орталық мемлекеттік органдармен келісіліп, 2019 жылғы 29 сәуірде Республикалық бюджеттік комиссия отырысында қолдау тапты. Жоспар 10 бағыттан және 89 жобадан тұрады. Бюджетке жүктемені азайту үшін жеке инвестицияларға және мемлекеттік-жекешелік жобаларға басымдық берілді», – деді қала әкімі.

Атап айтқанда, кешенді жоспарды іске асыруға 1 трлн. 284 млрд. теңге қажет болса, оның 836 млрд. теңгесі немесе 65 пайызы жеке инвесторлар есебінен жүзеге асырылмақ. «Республикалық бюджет есебінен 299 млрд. теңге, жергілікті бюджеттен 81 млрд. теңге және 68 млрд. теңге мемлекеттік-жекешелік әріптестік арқылы қамтылмақ», – деді ол. Қала әкімінің сөзіне қарағанда, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту бағытында 30 жоба жүзеге асырылады. Нәтижесінде, 2023 жылы ауызсумен қамту 93-тен 98 пайызға, кәріз жүйелері 49-дан 75 пайызға, сапалы электр желісімен қамту 91-ден 96 пайызға, газбен қамту 92-ден 98 пайызға жетеді.

Шымкентті дамытудың кешенді жоспары аясында 2023 жылға қарай жалпы өңірлік өнім 3,5 трлн. теңгеге жетіп, 175 пайызға өседі. Өнеркәсіп көлемі екі есеге өсіп, 60 мыңнан астам жұмыс орны құрылады. Үкімет отырысында Шымкент қаласының әкімі Ғ.Р. Әбдірахымов осылай мәлім етті.

Тұрғын үй құрылысын дамыту бағытына тоқталған әкім «Бас жоспарға сәйкес әкімшілік әрі іскерлік «Шымкент Сити», «Тұран» шағын аудандарындағы, Қошқар ата өзенінің жағалауы көпқабатты тұрғын үйлер салу үшін анықталған. Кешенді жоспар аясында аталған аймақтарға инженерлік жүйелер тартылуда және 2023 жылға дейін 20 794 пәтерлі 319 көп қабатты тұрғынүй салынады», – деді. Қала әкімінің сөзіне қарағанда, қаладағы демографиялық өсімге байланысты жыл сайын оқушылар саны 10 мыңға артады. Бүгінгі таңда 19 мектептің үш ауысымға өту қауіпі бар. Осыған байланысты 23 500 орындық 15 мектеп салу қарастырылған. Сонымен қатар жекеменшік мектептер санын арттыру көзделген. «Спорт саласында үш жобаны іске асырамыз. Бұл өз кезегінде спортпен айналысушылар санын 30 пайызға арттыруға жол ашады. Мұнымен қоса мемлекеттік-жекешелік әріптестік арқылы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы орталық стадион қайта құрудан өтеді. Нәтижесінде, стадион төртінші категориялы UEFA талаптарына сәйкес болады», – деді әкім. Бұдан бөлек денсаулық сақтауды дамыту аясында жеке инвестициялар есебінен 1000 орындық көпбейінді аурухана салу жоспарланған. Бұдан бұрын хабарланғандай, Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов 2023 жылға дейін шаһарды дамытудың кешенді жоспарын таныстырды. Қазақстан Республикасы Үкіметінің отырысында кешенді жоспары қабылданды.

Непалдық миллиардер Шымкентте аквапарк салады. Бұл туралы Үкімет отырысынан кейін тілшілерге берген сұхбатында Шымкент қаласының әкімі Ғ.Р. Әбдірахымов мәлім етті.

«Егер де аквапаркке тоқталсақ, бұл жоба бойынша жұмыстар басталды. Инвесторларды іздестіру кезінде Шымкентке Непалдан миллиардер келді. Ол біздегі осы жобаға қызығушылық танытып отыр. Қазіргі кезде оның компаниясы Дубайдағы аквапарктің жобалаушыларымен келіссөздер жүргізіп жатыр. Олар өздерінің командасымен 13 шілде күні Шымкентке келіп, үш күн бойы жобаны пысықтайды. Біз 100 гектар жерді бөлдік, ол жерде тиісті коммуникациялар бар», – деді ол. Қала әкімінің сөзіне қарағанда, аталған непалдық азамат Түркістан облысының Қазығұрт ауданында тағы бір жобаны іске асыруға қатыспақ, яғни макарон өндіру бойынша кәсіпорынды ашу жұмыстарына кірісуге ниетті. «Жалпы, жобаның құны 100 млн долларды құрап отыр. Оны іске қосуға екі жыл уақыт керек болады», – деді Ғ.Р. Әбдірахымов.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *