МӘМС пакетінде балаларға қандай медициналық көмек көрсетіледі?

Денсаулық Қоғам
334 Views

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры үнемі Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы, @SaqtandyryBot телеграм-бот және 1406 байланыс орталығы арқылы балаларға медициналық көмек көрсету тәртібі бойынша жүздеген сұрақтар алады. Жиі қойылатын сұрақтар бойынша біздің жауаптарымыз.

— Балаларға міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналарын төлеуім керек пе?

— Жоқ, 18 жасқа дейінгі балалар жеңілдікті санатқа жатады, олар үшін мемлекет МӘМС үшін аударымдар жасайды. Сондықтан медициналық сақтандыру пакетіндегі медициналық көмек балаларға толық көлемде қолжетімді.

— Балаларға арналған стоматологиялық қызметтер МӘМС пакетіне кіреді ме? Жалпы қандай қызметтерді тегін алуға болатындығын көрсете аласыз ба?

— 18 жасқа дейінгі балаларға стоматологиялық көмек шұғыл және жоспарлы түрде тегін көрсетіледі. Медициналық сақтандырудың стоматологиялық қызметтер пакетіне мыналар кіреді:

— тісті жансыздандыру және жұлу;

— пломба салу;

— абсцесстерді ашу;

— пульпит, периодонтитті емдеу;

— гипоплазия, флюороз кезінде тістің анатомиялық пішінін толық функционалдық қалпына келтіру;

— еріндер мен тілдердің пластикасы;

— рентгенография;

— ортодонтиялық қызметтер: жақ-бет аймағының туа біткен патологиялары және таңдайдың бөлінуі (қасқырдың аузы) болған кезде.

Стоматологиялық көмек алу үшін емханаға да, стоматологиялық клиникаға да жүгіне аласыз. Бұл ретте, стоматологиялық қызмет көрсететін клиника Қордың әлеуетті жеткізушісі болуы тиіс және әлеуетті жеткізушісі тізімінде болуы маңызды.

Стоматологиялық қызметтерді жеткізушілердің тізімін қордың сайтынан көруге болады https://fms.kz/kz/zakupki/postavshchiki-kdu-uslug/.

— Қандай жағдайларда балалар құрғақ сүт қоспаларымен тегін қамтамасыз етіледі?

Бір жасқа дейінгі балалар үшін бейімделгіш құрғақ қоспалар тіркелген жеріндегі емханаларда мынадай жағдайларда беріледі:

— емшектегі нәрестені асырап алу;

— анасында АИТВ инфекциясының немесе туберкулездің белсенді түрінің, жіті психикалық аурулардың, туа біткен және пайда болған жүрек ақауларының, жүрек-қантамыр жүйесінің декомпенсациясымен ілесе жүретін аурулардың, эндокриндік және аллергиялық аурулардың ауыр түрлерінің болуы;

— балада туа біткен лактаза жеткіліксіздігінің, галактоземияның, фенилкетонурияның, «үйеңкі шәрбаты» ауруының болуы»;

— ананың цитостатикалық, радиоактивті, тиреоидты, психотроптық және есірткі дәрілік препараттарды қабылдауы;

— бірнеше баланың дүниеге келуі және емшек сүтінің жетіспеушілігі;

— әйелдің күндізгі оқу нысанында оқуы;

— әйелдің стационарда емделуде болуы.

Ананың жағдайына байланысты оған тек жасанды және аралас тамақтандыру тағайындалуы мүмкін. Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету тізбесімен толығырақ мына сілтеме бойынша танысуға болады: Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 09 қаңтардағы № ҚР ДСМ-1/2020 бұйрығы.

— Созылмалы аурулары бар балаларға қандай оңалту шаралары қарастырылған?

— Созылмалы аурулары бар балалар мен жасөспірімдер жылына екі-үш рет тұрақты медициналық оңалтудан өте алады. Бұл асқынулардың алдын алу үшін емханаларда динамикалық бақылау кезінде жасалады.

Үшінші кезеңді оңалтуды пациенттің ауруына байланысты емхананың медицина қызметкерлерінің жолдамасы бойынша емханаларда, күндізгі және тәулік бойы жұмыс істейтін стационарларда, оңалту орталықтарында және үйдегі стационарларда жүргізеді.

2020 жылы балаларға арналған 58 мың оңалту іс-шаралары жүргізілді, оның жартысынан көбі созылмалы аурулар кезінде өткізілді.

— Спорттық секцияларға жазылмас бұрын ЭКГ, жүрек ультрадыбысын тегін алуға және балаға кардиологтың қорытындысын алуға бола ма?

— Әрине. Ол үшін тіркелген жері бойынша учаскелік дәрігердің/педиатрдың қабылдауына жазылу, консультация кезінде жүгіну себебін көрсету қажет. Дәрігер кардиологқа жолдама береді және ол спортқа қарсы көрсеткіштерді болдырмау үшін қажетті шараларды тағайындайды.

Динара ЖҰМАДІЛОВА,

Шымкент қалалық балалар

клиникалық аурухана бас дәрігері

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *