ШЫН ЖҮРЕКТЕН ШЫҚҚАН СӨЗ

Әдебиет
662 Views

Жамбыл жайлы қайраткер тұлғалардың ой-пікірлері

Жамбыл – ақыл-ойдың алғыры, өзгеге ұқсамайтын дара, оқшау бет-бейнесімен аса зор құбылыс. Оның бір өзі әрі эпик ақын, әрі айтыс ақыны, әрі азаматтық әуеннің де ақыны.

М. О. Әуезов

академик

* * *

Жамбыл – жүз жасаған адам, соның 85 жылы ақындықпен өтті. Ол әлеуметтік және жеке өміріндегі сөзінің көбін өлеңмен сөйлеген кісі.

С. Мұқанов

академик

* * *

Жамбыл өмірге жымия қарап, сынай өскен ақын еді. Оның ойлы көздерінің түбінде, қашан да бір сықақ ұшқыны тұратын!

Ғ. Мүсірепов

академик

* * *

Жамбыл өлеңдерінің сұлулығы мен күші – оның бейнелілік (образды) сипатында.

Сұлтанғали Садырбайұлы

профессор

* * *

Батыс Альпінің жүрегінен қазақ халқының және жаңа адам баласының жыршысы, Қазақстан даласының жүрегі Жамбылға туысқандық сәлем жолдаймын.

Ромен Роллан

француз жазушысы

* * *

Жамбыл өзінің жауынгерлік жырларымен күрескерлерді жігерлендіріп келеді.

Мартин Андерсен Нексе

дат жазушысы

* * *

Жамбыл, Сізді көріп, таңғажайып жырларыңызды тыңдағанда шын бақытқа кенелдім. Сіздің жоғары шабытпен айтылған жырларыңызда біздің ұлы істеріміздің жалынды көрінісі бар.

Демьян Бедный

* * *

Жамбыл дарынының құдіреттілігі сол, ол бірден адамды өзіне тартып алады да, соңынан жетелеп жүре береді.

Қаныш Сәтбаев

академик

* * *

Жамбыл қай заманда болса да шындықты батыл айта білді. Сол үшін халқы оны жақсы көреді.

Тұрар Рысқұлов

* * *

Қазақ халқының жарық жұлдызындай ақыны Жамбылға Индия халқынан бауырластық сәлем. Ол бақытты қазақ халқының өмірін терең, толғана жырлаумен, өз заманының ұлы ақыны болып қалды.

Рабиндранат Тагор

Индия жазушысы

* * *

Жамбыл жырлары теңіз түбінде шашылып жатқан маржан сықылды. Оны жинап алып, халқының қолына беру – біздің әрқайсымыздың азаматтық борышымыз.

Сәкен Сейфуллин

* * *

Алатаудың асқақ жыршысы Жамбыл шығармаларының күштілігі: өз заманының шындығын тебірене, терең жырлауында. Сондықтан да Жамбыл өз замандастарының қай-қайсысынан да биік тұрады. Ол Алатаудың биік шыңы сықылды, әрқашан да алыстан жарқырап көрінеді.

Ораз Жандосов

* * *

Жамбыл жырлары Бұғымүйіз, Бесмойнақ жайлауларының гүліндей алуан түрлі. Қош иісі күншілік жерден аңқып тұрады. Ақын жырын тыңдаған сайын көк жайлауға шыққандай әсер аласың.

Ілияс Жансүгіров

* * *

Жамбыл қазақ халқы сияқты өте бақытты ақын. Ұлы Жамбыл сықылды ақыны бар халық – шын бақытты халық.

Фаиз Ахмат Фаиз

Пакистан ақыны

* * *

Жамбылдың туған халқының өмірін жүз жыл талмай жырлауы да ерлік.

Родригес Рамон

Кубаның мәдениет қайраткері

* * *

Біз Жамбылдың өмірі мен шығармаларына таңдана отырып, елімізге мақтана айтып барамыз. Жамбыл туған халқына қызмет етудің біздің Бельгия үшін де теңдесі жоқ үлгісі.

Гастон Стоиц

Бельгия ақыны

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *