ҒҰЛАМА-НАМЕ ФЕНОМЕНІ

Таным
1 284 Views

Шынжыр балақ, шұбар төс Ырғызбайым, Тоқбақ жалды торайғыр Көтібағым, Әрі де кетпес, бері де кетпес Топайым — деп, құдіретті Кеңгірбай бидің ұрпағы, асылдың сынығы, менің тоқсаннан асып марқұм болған нағашы әжемнің күнделікті айтып отыратын зікірі десем де артық кетпеспін. Себебі таңнын атысымен, күннің батысымен әжемнен еститін әңгіме еді. Оны қоя тұрайық, мен үшін Мемлекеттік Әнұран деген не десеңіздер, бұны да айтайын, бұлбұл дауыс иесі Қарақат Әбілдинаның орындауында шырқалып жүрген «Бүлдірген» әні. Иә, бұл менің балалық шағымның естеліктерінің жартысы да емес. Бастауыш оқушысына жазғы үш айлық демалыс кезінде жиырма томдық, алып асқар М.Әуезовтың «Абай жолын» оқытып қойған кезде, Қарауылдан тезірек Семейге қашу жолын ойластырып отыратынмын. Есімде қалғаны, Республикамыздың тұңғыш Президенті, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қолдауымен өткен, үлкен бәйге шаптырып, қалың жұрт жиналған, қазан мен самаурын қайнап, ән мен жыр төгілген ұлы Абайдың 150 жылдық мерейтойын атап өткен кезең. Шіркін-ай, мұндай тойды көрген де арманда, көрмеген де арманда. Содан бері жыл сайын қыс айында жаңа жылда келетін Аяз атаны емес, жазда келетін Абай атаның туған күнін күтетін болдық. Сөйтіп, Хакім Абайдың ең алғашқы жаттаған өлеңім «Әсемпаз болма әрнеге» атты шумақтан басталып, өлеңдері, қара сөздері, өсиет өнегелері жадымызға сіңіп, Абай атындағы мектеп-лицейдіде бітіріп, үлкен сапарға аттандым. Өздеріңіз түсінгендей біздің әулет Шыңғыстау бөктерінде өсіп-өніп қана қоймай, өмірлік образымызда, сана-сезіміміз, күре тамырымызға дейін тіпті құлақтан кіріп бойымыздан таралған – Абай болған.

«Ғылым таппай мақтанба» – демекші, жүрек әмірімен ғылым жолына түсіп, бұл кірпіш дүниеде күреске түскен жан мен тән пәлсапасына бас сұқтым…

Биылғы жыл басқа жылдардан ерекше болмақ, себебі Абай Құнанбайұлының туғанына азды-көпті 175 жыл толады. Осыған орай, Мемлекетіміздің президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты өте салиқалы мақаласы жарық көрді. Мақала мазмұнының толықтығы соншалықты, тіпті әрбір қазақтың көкірегінде жатқан барша толғау көрініс тапқандай. Президентіміздің әлемдік саяси аренадағы беделінің мықты екені күмәнсіз, сол себепті бұл мақаланың әлемнің бірнеше тіліне аударылатыны сөзсіз, осы арқылы саяси элиталардан бастап, шет елдегі қандас бауырларымызға дейін жетіп, Абайдың рөлін тағы бір айқындай еске салып кетеді. Бұл қайта рухани жаңғыру іспеттес. Бүгінгі таңда дүбірлі мереке қарсаңында, еліміздің түпкір-түпкірінде Абайды насихаттау, бағалау мәдени іс-шаралары атқарылуда. Мұндай шаралар қатарында – өз басым феномен ұғымына балаған «Ғұлама-Наме» шығармасына сүйіндік болып өткізілетін дәріс. Бұл кітаптың және дәрістің авторы еліміздің астанасы Нұр-Сұлтан қаласының қақ төрінде орналасқан қара шаңырақ Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-де шәкірттер тәрбиелеп жүрген философия ғылымының докторы, профессор, ҚР ҰҒФ академигі, Абайтанушы Ғарифолла Есім ұстаз. Ең алғашқы рет бұл лекциямен таныстырған Ғарифолла Есім ұстаздың мақтан тұтар шәкірттерінің бірі философия ғылымының докторы, бүгінде Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-де, философия кафедрасының доценті Айгүл Өмірбекқызы Тұрсынбаева. «Ғұлама-Наме» дегеніміз не? Данышпан Шәкәрім «Үш анық» атты астарлы ақиқат мұрасын қалдырса, бұл кітаптағы дөп түсіп жазылған Хакім Абай, Данышпан Шәкәрім, Кемеңгер Мұхтар үш алыпты «Үш аныққа» балап теңер едім. Міне, кітап үш анық жайлы және бұл трилогияның ішінен, бірі білсе екіншісі білмес, ғұламамыз Анахарсистен бастап батыстың философ ойшылдарының мұра-құндылықтарымен танысасыз. Нағыз Абай әлемі қайнаған өмірден келе тұра, Айгүл Өмірбекқызы Есім ұстаздың дәрісін оқыған кезде, төбе шашым тік тұрып, жан дүнием түршігіп, сана-сезімім төңкеріліп, жүрегім кеудемнен ұшып кететіндей халде отырамын. Неге десеңіздер, жылдар бойы Абай жайлы біліп келгенім, немесе білемін деген ойым мүлде 360 градусқа өзгерді. Осы күнге дейін білгенімнен білмегенім көп екенін және білгенімнің өзін түп-тамырына дейін танымағаным анықталды. Алдыңызда нәзік жанды, раушан гүлінің үлбіреген жапырағындай, жібек матасының үлпілдегеніндей құлаққа жағымды дауысымен Айгүл ханымның уысынан, Абайдың әрбір өлеңіне, әр өлеңнің тіркесіне, сөзіне, тіпті үтір-нүктесіне дейін талдау жасаған кезде, орысша айтқанда «перезагрузка», яғни «Кім жүрер тіршілікке көңіл бермей, Бақи қоймас фәнидің мінін көрмей» – демекші, осы күнге дейін атқарған іс- харекетіңізге, амалдарыңызға, өмір сүрген образыңызға, айтқан әр сөзіңіз есіңізге түсіп, бұл жалғанда мен кіммін, не үшін келдім және қайда барамын деген сауалдар туып, бүгінгі күнге дейін сүрген өміріңіз төңкеріліп түседі де, тағы да Ұлы Абайдың айтқаны «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деп тәубе-шүкірге келесіз. Осы орайда, Ғарифолла ұстаздың «Абайды әрбір 10 жыл сайын оқып тұру қажет, себебі әр жаңа жас сайын Абайды басқаша, одан да тереңірек тани бастайсың» – деп айтқаны, тасқа таңба салынғандай жарық дүние сыйлайды. Күнделікті өмірде Ағартушы Абайдың нақылдарын қолдайбайтын адам жоқ шығар. Алайда, ауызекі тілде, карабайыр күнімізде жиі-жиі айтылатын Абайдың сөздері үйреншікті дүние болып қалғандай, сондықтан сөздің айтар ойы, жеткізер мазмұны қандай деп толғанбаймыз да… Абай айтқандай «Алла мінсіз әуелден, пайғамбар хақ…» Алланың адамзатқа берген аманаттарының бірі – тіл. Әбу Хурайрадан (р.ъ.) риуаят етілген хадисте пайғамбарымыз (с.ъ.с.) былай деген:

«Расында пенде өзі мән бермей айтқан Раббысына ұнамды бір сөзі үшін Аллаһ оның дәрежесін көтереді. Және де ол мән бермей Аллаһтың ашуын келтіретін бір нәрсе айтқаны үшін Аллаһ оны тозақтық етеді». (Бұхари) Міне осыдан, мен білген Абай тілі және Ғарифолла Есім ұстаздың өмірлік рухани азығы болған Абайтану әлемінің сипаты мен үшін жаңа туылған жұлдыздай. Мәселен, Абайдың 45 қара сөзіне қаншалықты мән беріп оқыдыңыз, әрине қарапайым халық, оның ішінде жастарға түсіну кейде қиынырақ, дегенмен, «Ғұлама-Наме» дәрісінің арқасында, әсіресе мұғалім Айгүл Өмірбекқызының «Өлең сөздің патшасы, сөз сарасы» дегендей, әр сөйлемнің, арабша жазылған сөздің жасырын тұрған түп-нұсқасын жүректен жүрекке жеткізген кезде, сәбиге анасының шәйнап берген асымен тең. Менің айтпағым, ғалымдар, ұстаздар қауымы емес жалпы қарапайым халық, жас буын әсіресе тарыдай болып мектеп табалдырығын аттап келетін оқушыларға «Абайтану», ал университет қабырғасында «Ғұлама-Наме» дәрістері оқытылса нұр үстіне нұр болар еді. Себебі, Абай өсиеттерінде өмірлік қағидалар жатыр. Отбасы институты, ата мен ананың, әйел адам мен ер адамның, ағайын-туысқан қатынасы, ұстаз-шәкірт қатынасы, өзін-өзі тану және табиғат, адам тіршілігінің болмысы түсінігі мұхиттың жетпес түбіндей, өйткені харекетіміздің барлығы қарым-қатынас арқылы жүзеге асады. Тіпті, жаны жоқ затқа да пенденің қатынасы, ниеті болады, ал қарым-қатынас деген сөздің өзі «карма», яки карма-қатынас әр амалыңа себеп беру, есеп беру заңдылығы. Хакім Абайдың сөзімен айтатын болсам замана, шаруа, мінез күнде өзгерсе де, адамзат өлсе орны қара жер болатынын ұмытпай, ғашықтық пен құмарлық екі жол екенін түсінсе, сонда ғана көк тұман – алдындағы келер заманның қандай болатынына қарамастан, үш сүюі болады қашанда имани гүл. Бұл дегеніміз – мектеп қабырғасында келер ұрпақтың тәрбиесі нақты ғылымдармен шектелмей, кезінде рухани білім берген медреселер секілді, өмірлік азық болатын білім беру қажет. Бұл азықты тек Алла және біздің ата- бабаларымыздың қалдырып кеткен өсиеттері ғана бере алады. Сондықтан, «Абайтану» немесе «Ғұлама-Наме» дәрістерін сәбидің тілі шыққаннан бастап ауадай қажет етіп сіңдіру абзал. Он үште отау иесі демекші, он үш жасында ұл-қыздарымыздың бойынан дана Абайдың 17-қара сөзіндегі іспетті ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек дарыса, ұлағатты ұстазымыз әл-Фараби айтқандай «мадани хауани», яки мәдениетті адам болмысына лайықты, қазақ атты ұлы халықтың мәңгі жасағаны болар.

Бұрындары Абайды ұлы немесе ағартушы, ойшыл деген тіркестерді жиі қолданатын, бүгінде Абай дегенде көбінесе Хакім деген сөз тіркесі қолданыста. Әрине, Хакім Абай деп жиі естімесек те жоққа шығаруға болмайды, алайда соңғы жылдары профессор Ғарифолла Есім ұстаздың насихаттауының арқасында, Хакім Абай тұрақты сөз тіркесіне айналды.

Данышпан Абай жайлы дүние жүзінде жырлаған ғалымдар, философтар, филологтар, лингвистер қаншама. Оның бәрі өз халқының құндылықтарымен үндестік тауып, өз елінің ғұламаларының еңбегімен сабақтастықта екеніне көз жеткізуде. Абай араб, парсы, түркі тілдес, тіпті, батыс елдерінің, шығыс пен батыстың көпірі десек артық емес. Қазіргі таңда ақынның толық адам образы үлкен манифестке айналғандай. ХХІ ғасырдың актуалды мәселелерінің бірі – ақ пен қараның күресі, бір жағынан жаңа заман рахаты, екінші жағынан сол рахаттың зардабы логотерапияға әкеп тірейді. Сонау кездегі құтты мекен іздеген Қорқыт ата өсиеті, субстанция мен акциденция деп ізденген ғұламамыз әл-Фараби, Яссауидың «Диуани Хикметі», Жүсіп Баласағұнның «Құтты білігінің» төрт тағаны, Шәкәрімнің бес сауалы осының бәрі Абайдың толық адам идеясымен теңбе-тең тұстас. Бұл тақырыпты жас ғалым буын өкілдерінің ішінен академик Ғарифолла Есім ұстаздың ерекше дарынды шәкірті, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-ің аға оқытушысы, PHD доктор Рауан Амантайұлы Кемербайдың Абай пәлсапасының толық дүниесін, керемет, ашық алаңға салып зерттеген жұмыстарының бірі және бұл зерттеулерді «Ғұлама-Наме» дәрісінде аудиторияға жеткізген кезде, Абайды танып, зерттеуге құлшынып шығатын студенттер көбеймесе, азаймайды. Мұндай игі шара қоғамның ұлттық, рухани құндылықтарын оятатыны хақ. Міне, сондықтан мен үшін «Ғұлама-Наме» дәрісі қазақ санасын оятатын, қазақ қоғамын жаңғыртатын феномен. Рухани, мәдени құндылықтардың мекені болатын асыл мұра. Егер де әр қазақ Хакім Абайды жәй ғана оқып-біліп емес, өзіме жаңалық болып жүрегімнің түбінен орын алған секілді. Бүгінгі жас – «Бриллиант ұрпаққа» арқау болып, ата-заң мәртебесіндей, Президентіміздің саяси реформалары сынды дәрежеде болса және мұны өмірлік ұстаным ретінде әр қазақ пайдаланса, онда ата-бабаларымыздың түн ұйқыларын төрт бөліп, ұрпақ үшін сияларын тауысқан еңбектерінің жемісі ретінде әруақтар бір аунап шығар. Сөзімді, ойымды қорытындылай келе, «Әр сөзіңе абай бол, әр сөзіңде Абай бол» дегім келеді. Қазақ халқының тұғыры биік, төл мерекесі – Абайдың 175 жылдық мерейтойы құтты болсын!

Гульнара НАЙЗАБАЕВА,

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-ң

Мәдениеттану мамандығының докторанты.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *