Қазақстанда дропперлік үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді: Қарағандыда студенттерге қатысты алғашқы үкім шықты

Заң Қоғам
17 Views

2025 жылғы 16 қыркүйектен бастап Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі 232-1-баппен толықтырылып, дропперлік үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді.

Дропперлік деп өз банк шотына, төлем картасына немесе сәйкестендіру құралдарына үшінші тұлғаларға заңсыз қол жеткізуді ұсыну, сондай-ақ оларды ақшалай сыйақы не өзге де мүліктік пайда үшін пайдалануға беру түсініледі.

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, дропперлік интернет-алаяқтық схемаларындағы негізгі буындардың бірі болып табылады. Қылмыскерлер дропперлердің шоттары арқылы жымқырылған қаражатты қолма-қол ақшаға айналдырып, аударып, сол арқылы оларды іздестіру мен жәбірленушілерге қайтаруды қиындатады.

Қарағанды қаласының Қазыбек би ауданының прокуратурасы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 232-1-бабының 1-бөлігімен көзделген қылмыстық теріс қылық жасаған екі тұлғаға қатысты мемлекеттік айыптауды қолдады.

Сот алдында ақшалай сыйақы үшін өздерінің банк шоттарын үшінші тұлғаларға пайдалануға берген студенттер жауапқа тартылды. Сот отырысында сотталушылар кінәларын толық мойындап, жасаған әрекеттеріне өкінетіндерін білдірді. Олардың кінәсі ұсынылған дәлелдемелер жиынтығымен дәлелденді.

Істі қарау қорытындысы бойынша сот айыптау үкімін шығарып, сотталушыларды кінәлі деп танып, айыппұл түріндегі жаза тағайындады. Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Прокуратура азаматтарды банк карталарын, шоттарын және жеке деректерін бөгде тұлғаларға, тіпті «уақытша» немесе «қосымша табыс» деген желеумен берудің қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертеді.