АТАҚТЫ БИЛЕРДЕН АЛАР ӨНЕГЕ МОЛ

Қоғам
1 129 Views

Тұңғыш Елбасымыздың «Болашаққа бағдар, рухани жаңғыру» бағдарламасын іскеасыру және Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының төрағасының еліміздегі сотжүйесін одан әрі дамыту бойынша ұсынған «Сот жүйесінің жеті түйіні», яғни жетібасым бағыттың бірі – татуласу рәсімдерін сотқа дейін кеңінен қолдану мақсатындаСоттар жергілікті ардагерлер ұйымдарымен бірлесіп республика бойынша Билеркеңестерін («Дәнекер» қанатқақты жобасы негізінде) құру жұмыстарын нәтижелі жүргізуде.

Қарағанды облысында да облыстық соттың бастамасымен ардагерлер ұйымдарының және жергілікті атқарушы биліктің көмегімен 22 ауыл мен қалада Билер кеңесі құрылып, өз жұмысын бастады. Билер кеңесінің мүшелігіне өмірлік тәжірибесі мол және салт-дәстүр, елдің арасында абыройлы, жергілікті халықтың құрметіне бөленген ардагерлер өтті. Билер кеңесіне мүшелікке үміткер азаматтар жергілікті ардагерлер кеңесінің төралқа отырысында талқыланып, бекітілді және оларға арнайы куәліктер берілді. Билер кеңесі мүшелері өз келісімдері бойынша медиатор тізіміне қосу үшін тиісті құжаттары жергілікті әкімдіктерге жолданды.Билер кеңесінің жұмысы кеңінен насихатталып, бұқаралық ақпарат құралдарында түсірілімдер мен мақалалар жарияланды. Орталық елді мекендерде арнайы жасалған жарнамалық билбордтар ілінді. Қазіргі таңда Билер кеңесі отбасылық, қаржылық, жер мен малға қатысты дауларды бітімгершілікпен шешуде.

Билер кеңесінің әрбір мүшесі мен медиаторлар бітімгершілікте жақсы нәтижеге жету үшін атақты билердің бізге қалдырған өнеге-сабақтарын біліп, насихаттап, дауды шешуде негізге алып жүргені абзал.

Бірінші тұжырым – нағыз қазақ билері. Халықтың өзі мойындаған, өзі таңдаған билері. Ар соты деңгейіне көтеріле білген, бірегей сот жүйесінің негізін қалаушы азаматтар. Олар мемлекеттік сайлау жолымен тағайындалған билерден анағұрлым биік тұрған. Сондықтан да бүгінгі сот саласында істеп жүрген азаматтар мен судьяларға сол билеріміздің өмірі, олардың айтқан сөздері,істеген тірліктері, әрекеттері үлгі-өнеге болуы керек. «Өткендер мен өткелдер» тақырыбында ерекше өнегелік орны бар тұрғыдан терең зерттелуге тиіс дүние – әлбетте, қазақ билері құрған сот жүйесі. Тарихи құндылықтарды түсіне біліп, оның ерекше бағалы қасиеттерін түсінбей тұрып, бүгінгі құндылықтарды қастерлеу, сонымен қатар ертеңгі дұрыс жолды болжау мүмкін емес екені нақты шындық. Ешбір халық өз тарихына атүсті қарамайтын себебі де сондықтан. Өткен кезеңдерді немқұрайлылықпен аттап өту қылығы, дәстүрлі құқықтағы ұлттық мүддені жұртта қалдырары сөзсіз.

Мәселен, өркениеттің тұғыры жан-жақты зерттелген адамзаттың өмір жолы, жинаған тәжірибесі негізінде қалыптасса, бүгінгі сот саласы орындығының мығым болуы кешегі билер сотының қоғамдағы рөлін анықтауда дер едік. Олардың басшылыққа алған күшті қағидаттарын зерттеп біліп, дұрыс бағыттарын түрлендіре іс жүзіне асырып, әлсіз, құнсыз бөлігін сылып тастауда деп білген жөн. «Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен» тұжырымын іске асыра білу – күн тәртібіндегі міндет. Осы тұрғыдан алғанда «алтын ғасыр» заманындағы билер сотының өнегелі сабақтары бүгінгі заңгерлерге ауадай қажет.

Көне заманнан көшпелі өркениеттің адамзат тарихындағы орнын анықтаушы көрсеткіштің бірі–ауыз әдебиеті болса, билер сотында сөз құдіреті – оның негізі болды десек, қателеспейміз. Әлбетте, замана талабына сай жазбаша ой қорыту сөз қадірін төмендетіп тұрғанымен, тарих екпіні күнделікті өмірімізде, өнерімізде әлі де мәнін жоғалта қоймаған. Бұған дәлел – халқымыз сүйіп тыңдайтын ақындар айтысы. «Түгел сөздің түбі бір, түп атасы – Майқы би» деген аталы сөздің өзі-ақ билер сотындағы сөз құдіретінің, оның қоғамдағы алатын орнын айрықша көрсетіп берді емес пе. «Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні бар» дегендей, бабаларымыз жүйелі сөзге бас иіп, сөзге тоқтаған. Қазақ билері негізінен ақыл мен парасаттың кемеңгері болып қана қоймай, қарасөзбен қазан қайнатар қасиет иеленген данагөйлер еді. Әлбетте, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып берілген бұл қасиеттің негізі әкенің ағзасы мен ананың ақ сүтімен келетінін халық жақсы түсінген. Сондықтан болар, жер шалғайлығына қарамай, жақсымен құда болу мәселесіне үлкен мән берген және ондай қатынас негізсіз де болмаған.

Солтүстік Қазақстан өңіріндегі аты аңызға айналған Күлеке батырды әкесі Ташкентте тұратын Төле бидің қызына үйлендірген, екі жақсы да дүниеге қазақ еліне даңқы жайылған Шал ақын өмірге келді деген дерек – соның бір белгісі. Саясаткер ағамыз Өмірбек Байгелдінің «Ананың сүтімен бітпеген ақыл, тананың сүтімен келе қоймас» деген сөзі де соны меңзейді.

Екінші тұжырым – билер тек қана билік иесі ғана емес, кемеңгер ақыл иелері болған. Олардың көсемдігі даналығына сай болған. Қоғам өміріндегі адамгершілік, азаматтық, сыйластық, достық, тағы басқа құндылықтардың мызғымастығын дәріптеген, оның діңгегін, сөлін бір ауыз сөзбен жеткізе білген бабаларымыздың айтқан сөздерін бүгін қайталағанда жүйкеңді шымырлатпай қоймайды.

Сырым Датұлының:

«Алтын да тас,

Тас та тас.

Алтын бірақ, басқа тас.

Алтынға алтын жолықса,

Алтынды алтын тастамас», –

деп сөз маржанын тізіп айтқан пікірі адами қатынастың негізі, өмірдің ережесімен теңестіруге болатын ойды көрсетсе керек.

Сөздің қадірін білген билер де шешендік өнерлерін дау шешу, билік айту барысында кеңінен қолданған.

Үшінші тұжырым – Адам құқығын қорғау жолында өткірлік пен өжеттіліктің үлгісін іс-әрекеттерімен көрсете білген. Билік міндеттерін әділ және адал атқарып, ешбір әміршіл режимге бас иіп бағынбаған, тәуелсіз бола білген. Себебі, қазақ билері мемлекет тарапынан сайланбаған немесе тағайындалмаған. Қазақ билері – халық, қоғам өзі мойындаған билік өкілдері болған. Сондықтан, олар ар заңын бәрінен де жоғары қойған. Әділетті билер – ар соты деңгейіне көтерілген бірегей сот жүйесінің негізін қалаушылар. Дау шешуге келгенде әкімдерден сескенуді білмеген, нағыз халық өкілдері болған. Сондықтан, билердің мемлекеттік сайлау жолымен іріктеген билік иелерінен анағұрлым биік тұрғаны бүгінгі сот жүйесінің өкілдері үшін үлгі боларлық нақты сабақ алудың бір үлгісі осы.

Меркі өңірінде өмір сүрген өзі батыр, өзі би Сыпатай батыр да көрегендігімен, шешендігімен ерекшеленген ардақты әрі әруақты тұлға.

«Сөз келгенде сөйлеспейтін

кім едің,

Дау туғанда билетпейтін

кім едің?

Ел басқарар ақылың мен

түрің жоқ,

Мәмбетәлі деген әкім

сен бе едің?

Айтқан сөзім жүйелі,

Жүрген жерім киелі

Сыпатайың мен едім»,–

деген сөз тіркесінің өзінде қаншама күш бар екенін анық сезінесің. Міне, дәл осылай біздің судьяларда адам құқығын қорғауда өжеттілік, қайсарлық, батырлық таныта білуі керек. Әлбетте, неше түрлі заман бар. Сот бүгінде күні саяси биліктің бір тармағының саясатын іске асырушы билік болғанымен де біздің судьялардан адам құқығын қорғайтын сәт туғанда олардан жүректілік пен өжеттілікті, қайсарлықты талап етуімізге толық хақылымыз.

Төртінші тұжырым – тазалық. Тазалық билердің бойындағы ең асыл қасиет болған. Заманына лайықты әр қоғамның талабы болатындықтан, парақорлықты әшкерелеу, сонымен қатар тазалықты, әділеттілікті дәріптеу тәсілдері де үнемі қатар жүреді. Бүгінгідей сыбайластықпен, жең ұшынан жалғасушылыққа қарсы күрес сол кезеңдерде де болғанының дәлелі ретінде билердің бір-біріне берген бағасына қарап болжай аламыз. Сол кездерде көтерілген мәселелердің, айтылған сөздердің мәні мен мағынасы бүгінгі күнде де өзінің маңыздылығын жоғалтқан жоқ. «Тура биде тума жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген сөз тіркесі қазіргі сот саласының өкілдеріне де тиісті, өзгермейтін принциптік қағида. Аталған тұжырымның бір көрінісі ретінде ел аузында қалған мына бір тарихи деректі айтсақ артық етпес.

Сыпатай датқа өмірден өткенде Сиқымбай би жоқтау айтқан деседі. Ел аузынан бізге жеткен сол жоқтаудың жұрнағының өзінен қаншама терең ойды көруге болады.

«Жанжал даудың түйінін

Қазы боп әділ шешсе де

Адамнан пара алмаған.

Өлімнің құнын кешсе де

Қара қылды қақ жарған.

Төле би мен Майқыдай

Сыпатай бауырым өттің-ау

Тура жолдан тайқымай.

Бесінші тұжырым – ол күшті мен әлсіздің арасындағы мәңгілік қарсыластық кезінде билердің алар орны. Әлсізді күштіден қорғау керек екенін өркениетті сот жүйесі жақсы түсіне білген. Билер әлсізді қорғауды міндетім деп санаған. Бүгінгі сот жүйесінде бұл мәселе бар. Сондықтан да сот тәжірибесінде қолданылып жүрген қағидалар екені даусыз.Мұның дәлелі ретінде Жамансарт бидің сөздерінен үзінді келтірсек болар.

Сиқымбай бидің ұлы Жамансарт би де қарасөзден маржан терген тұлға болыпты.1905 жылы Жамансарт би қаза болар алдында айтқан өсиет сөзінен ел есінде қалған үзінділерді келтірейік:

«Бері келші Бектенім (болыс інісі),

Енді білді Жамансарт,

Бұл дүниеден өтпегін.

Терезем тең деп Өмірбек (ру аты),

Әбдірахман баламның,

Маңдайынан шертпеген.

Бірге туған Жаманақ (інісі),

Жолбарыс жатқан тоғайсың

Жөндеп баққың халқыңды,

Жемейді ешкім ақыңды.

Жаманды жаман демекші,

Жаманның ақысын жемекші.

Менің сөзім тәбәрік,

Неге айтты демеші», – депті.

Өзі жығылып, ашынып тұрған әлсіздің құқығын әділеттілікпен қорғай білу – би бабалардан бүгінгі соттарға жеткен қасиетті міндет.

Ұрпақ тәрбиелеу мәселесі билердің көңілінен тыс қалып қоймаған. Бөлтірік шешеннің:

«Алдындағы ағаның етегін баспа, жолын қу,

Артыңдағы ініңнің бетін қақпа, белін бу», – деген ел ішінде мақал болып кеткен сөз тіркесінің қаншалықты терең тәрбиелік мәні бар.

Билік жолына түскен жастардың атақты билерден бата сұрау рәсімінің де тәрбиелік мәні зор. Бұл рәсімге елдің ұлағатты билерінің үлкен мән беруі – соның айғағы.Осы тәрбиелік мәні бар салтты жандандырып, жаңадан тағайындалған судьялардың елімізге белгілі, құрметті ардагер судьяларымыздан көпшілік алдында бата алуын ұйымдастыру – өнегелі іс деп санар едім. Сөз соңында айтарымыз: халқымыздың атақты билерінің биліктері мен өмір жолдарын зерттеп, тани білсек және олардың биліктерінің қазіргі қоғам мүддесіне сәйкес келетінін нақты дауларды шешуде қолдана білсек, бүгінгі заман талабы: тараптар арасындағы дауды азайту, бітімге келтіру жұмысы да өз жемісін береді деп сенеміз.

Тотай ЕРІМБЕТОВ,

Қарағанды облыстық сотының судьясы

P.S. Мақала жазуда заң ғылымының докторы Мұсабек Әлімбековтің ғылыми еңбектері пайдаланылды.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *