Биылғы жазда екінші Президентіміздің билікке келгеніне 2 жыл толғанына байланысты біраз мәселелер қайнаған қоғамдық пікірдің ортасында жүрді. Қазіргі әлеуметтік-экономикалық және саяси-идеологиялық ахуалда алдағы уақытта да тілге тиек бола беретін түрі бар. Осыған байланысты көкейдегі бір-екі сұрақпен қоғамдық проблемаларды көптен бері тұжырымдап, жариялап жүрген Оңтүстік Қазақстан медициналық академиясының доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Сапарбек САХОВҚА жолыққан едік…
— Өткен 2019 жылғы еліміздегі Президент сайлауының барысында Сіз бізге әлі де Президенттік билік жүйесі қажет деген ойды бір сұхбатыңызда айтқан едіңіз…
— Иә. Есімде. Аталмыш түрдегі жоғарғы билік жүйесі қажет дегенмін. Бүгінгі таңда ең лайықты үміткер Қасым-Жомарт Тоқаев деген ойымды да ешкімнен жасырған емеспін.
— Онан бері екі жылдан аса уақыт өтті. Бес жылға сайланған лауазымдық мерзім үшін бұл аз уақыт емес сияқты…
— Мен өткендегі ойымнан қазір де қайтқан жоқпын. Қайта кезінде қателеспегеніме көзім айқын жетті. Себеп сол сайлаудағы «екінші үміткердің» кейіннен фиаскоға ұшырағанында ғана емес. Сайланған екінші Президентіміздің жаңа ғасырдың екінші және үшінші онжылдықтарының өларасында болашақ дамуымызға база болатындай әжептеуір өзгерістерге қол жеткізуінде. Бұл ойды дәлелдеп жатудың, немесе, бәрін тізіп жатудың қажеті шамалы. Жаңалықтарға құлақ асатындар үшін бұл таныс дүние. Әрине, дүйім халықтың тіршілігіне оң өзгерістер тезірек келсе екен деген саналық импульс әр азаматта бар. Десек те, ашық та, жасырын да, қарсыласқан мүдделер тартысы орын алған жағдайда оң өзгерістерге қол жеткізу оңай емес. Әсіресе, «құда да риза, құдағи да риза» әдісімен.
— Осы тұста соңғы уақытта қоғамдық пікірді шайқалтқан дүкендер мен базарлардағы ауылшаруашылық тауарларына деген бағаның шарықтауы туралы не айтасыз?
— Бүткіл халықтың ызасын туғызатын, биліктегілердің мазасын қашыратын, мұндай көріністер жалпы тұрғыда болсын, жеке категорияда болсын, өзінен өзі, кездейсоқ болмайды. Бұл — осы бағыттағы шешімдер өзегінің (агросаясаттың) ел мақсатына, даму талаптарына сәйкестігі толыққанды еместігінің белгісі. Тарихи даму заңдарына сүйенсек, бұл патшалық Ресейдегі «помещиктік жер иеленудің», дамуы әрқашан алда жүрген Батыста, тағы да осыларға ілескен елдерде, «латифундистік жер иелену» деп аталатын меншіктік қатынастың өмірі әлдеқашан феодализммен бірге келмеске кеткенін еске түсіреді.
Тарих, несіне тарих, егер оны біліп, оның даму заңдарын есте ұстамасақ. Кезінде табиғат тың, тұрғындар саны аз, тамақ өндіру мәдениеті қарапайымдау замандарда помещиктер де, латифундистер де, басқа да ірі жер иеленушілер де, өздерінің «тарихи функцияларын» ойдағыдай ақтамады. Түгелге жуық елдерде сирек кездеспейтін тақыр кедейшілік, аштық осының дәлелі. Кейіннен, әлемдік тарих көрсеткендей, тұрғындар саны өсіп, қоғамдық өмір талаптары күрделілене бастаған тұста, жер меншігіне байланысты проблемалар тап күресі үдеген елдерде антогонистік дәрежеге дейін жетті. ХҮІІ ғасырда Англияда көтерілген халық сол кездегі королі мен дінбасысын дарға тартып жіберді. ХҮІІІ-ғасырда Францияда өткен революция нәтижесінде ел монархының және басқа да феодалдардың басы гильиотинамен шабылды. Әрине, байлықтың басы болып табылатын Жерден айырылу өте қиын, бірақ шаруаға аштан өлу қаупі одан да қиын емес пе?
Жер-ананың өмір беруші нәрін әділетті де тиімді пайдаланбау — өз тарихымызда да қаралы замандарға алып келген. Патшалы Ресейде феодалдық тәртіптен іріп-шіріген жер қатынасы ХХ ғасырдың басында үш орыс революциясының «Жер – шаруаларға!» деген ұранмен түбінде жеңгенін, нәтижесінде өз елін титықтатқан монарх жанұясымен қоса атылғанын, барша сауатты жандар біледі. Содан небәрі 10 жылдан сәл аса уақыттан соң, большевиктік кеңес елінің шаруалардан жерді бір мезетте толық тартып алуы — ешқандай соғыссыз-ақ қара халықтың қынадай қырғынға ұшырағанының себебі болды. Қазақстанда 3-4 млн., Ресей мен Украинаның әрқайсысында 6 млн. адамды ресми дерек бойынша аштық алып кетті. Міне, саған феодалдық болсын, мемлекеттік болсын, ірі жер иелену тәртібінің нәтижесі! Міне, негізінде жер проблемасы орын алған революция және оның трагедиялық нәтижесі!
Кейіннен кеңестік кезеңде бұл тарихи проблема жарым-жартылай шешілді. Сталин мен Хрущевтың тұсында жер формалды түрде болса да колхоз-совхоздарға «мәңгілік» меншікке берілді. Осы «меншік» тәртібінің өзі халықты тойғыза қоймаса да, аштықтан сақтады. Олардан кейін үкімет басшысы Косыгиннің, ауылшаруашылық министрі Полянскийдің ықпалы бар тұста селолықтарға 40, қалаға жақын жерлерде 30, қалалықтарға 5-6 соттықтан аталмыш қайраткерлердің бастамасымен үйіргелік, саяжайлық учаскелер берілген соң, күрек ұстауға ерінбегендердің қарындары тойғандай болды.
Десек те, бұл кезде жер меншігі мен оны үлгілі пайдалануды шешкен елдер жеткізбестей алға кетіп қалған еді…
Азық-түлік қымбатшылығы мен басқа да жер мәселесі көзге жиі көріне бермегеннен, бүгінгі күні, қуанышымызға орай, бізде әлемдік кәрі тарихтағыдай «революциялық ситуация» кернеп тұрған жоқ. Зұлматтың небір түрін бастан кешкен қазаққа алдымызда ондай тарихи тағдырды қайталаудан сақтасын! Сондықтан да, адамзаттың даму заңдылықтары бойынша қоғамдағы қарама-қайшылықтар шегіне жетсе, уақтылы өз шешілуін таппаса, кәрі тарих қандай зұлматтар болатынын көрсетті. Осыны естен шығармауымыз қажет!
— Осы айтқандарыңыз тарихи және теориялық тұрғыдан ақиқат деп ойлаймын. Бірақ, бүгінгі тақырыбымызға, қазіргі мемлекет басшымыздың міндет-мақсаттарына тікелей қатысы бар ма?
— Бар болғанда қандай! Бүгінгі қазақ қоғамында пайда болуы мүмкін ымырасыз қайшылықтарды уақтылы шешуге, бізге тікелей теріс әсері тиетін жақын шетелдердегі осындай құбылыстарды білуге, ескеруге, мейлінше жұмсарту шараларын ұйымдастыруға бірінші кезекте Президентіміз болмаса, енді кім міндетті? Сол себепті бұл кісі билікке сайланған соң, алғашқы ұсыныстары мен талаптарының бірі шетжұрттықтарға Жерді бермеу, сатпау, тіпті жалға да бермеу болды. Бүгінде заң енді ғана, екі жылдан соң, қабылданды. Мұндай маңыздағы құқықтық шешімді даярлап, оның идеологиялық мәнін сараптап, «қол көтеретіндерді» мүдделер қымқиғаштықтарынан шулатпай, тұрақты режимде мақұлдату – уақыт талап ететін оңай емес шаруа болса керек.
Айтылмыш жер мәселесінде Қ.Ж. Тоқаевтың тағы бір қара халықты жақсылықтан үміттендірген әрекеті — жерді жекелеп алып, мақсатымен пайдаланбағандардан кері қайтару. Мұнан кейін ондайларға жер бермеу.
Айта берсе, бұл мәселе көп азаматтарды толғандырады. Бір тұрғынына шаққанда әлемде ең жері көп мемлекетпіз. Тау да бар, жазық та бар. Өзен де бар, көл де бар. Кеңестен қалған азды-көпті, озық-қалық игеру тәжірибесі бар. Сүйте тұра, жер асты табиғи байлығының сыртқа бергеннен қалғанының едеуір бөлігіне әлемнің әр бұрышынан «імпәртнай» тамақ өнімін сатып алуға мәжбүрміз.
Жұмыр жерде тамағына керектің бәрін өзі өндіретін ел болмаса керек. Десек те, мүмкіндігі мен қажеттілігінің арасы «жүгірсе ит өлетіндер» некен-саяқ шығар. Есесіне небір азды-көпті жерінің қызығын біз сияқты көш соңындағылардың сілекейін ағыза көріп отырған елдер де жеткілікті. Әлемдік тіршіліктің алға жылжуын өткендегі қызмет тәжірибесінен жақсы білетін іс-қимылдағы Президентіміздің үлгілі агросаясатқа бет бұрғаны ешкімді бейжай қалдырмайтын шығар.
Осы тұста жерге деген меншік және оны жоғары тиімділікпен пайдалану мәселесіндегі ең күрделі ерекшелік, оны озық әлемдік тәжірибемен сәйкестендіру ісі, ең қиынның қиыны екенін де білуіміз керек. Мысалы, АҚШ-ты алайық. Өткен ғасырдың 70 – 80- жылдарының өзінде-ақ халқының 11 пайызы ғана селолық жерде тұрды. Оның 9 пайызы тікелей агрокәсіппен айланысты. Сүйте тұра өз халқының бәрін және бүткіл әлемнің ширек бөлігін азық-түліктің негізгі кампонентімен қамтамасыз етті. «Құпиясы»: озық технология, кәсіби компетенция, жер қатынасын тиімді пайдалану және тағы с.с. шаралар. Ірі меншіктік жер иелену әлдеқашан артта қалған. «Ең бастысы мына жер менің жеке меншігім, байлығым» — деген адами мүдде менталитеттің шешуші қыры емес, біздегідей. Шешушісі: «Мына жер менің тек күн көріс құралым. Пайдасы көңіл көншітпесе, онда құтылуым керек». Мұндай құқықтық және моральдық жағдайда шектен тыс көп жерді қолға түсіріп алған «ірі жер иеленуші» агроеңбектің жоғары тиімділігін қамтамасыз ете алмаса, заңды төлемдер өрмегінен қашатыны белгілі.
Алманияда да сол сияқты. Тек жерде еңбек ететіндердің пайызы сәл жоғары – 11. Басқа да ауылшаруашылық еңбектің өнімділігі жоғары елдерде өндіріс пен оны пайдаланудың ерекшелігі бар болғанымен, оны ұйымдастырудың негізгі үрдісі бірдей.
Оның үстіне билігі халқына тәуелді көптеген елдерде жекелеген азаматтарға белгілі ауқымдағы жер беру, несие беру, нәтижесіне қарай субсидия беру – жұмыссыздыққа қарсы шараның бір түрі. Бізде де Қасым-Жомарт Кемелұлының екпінімен енді қабылданған жер заңнамасында ауылдардың айналасындағы жайылымдық жерлерді қайтарып, тұрғындардың мал ұстап, оны көбейтуге жағдай жасау әрекеті — біртіндеп «помещиктеріміз» бен латифундистерімізді ауылшаруашылықтың даму заңдарымен «таныстырудың» басы деп түсінсек болатын сияқты. Бүгінде үні шықпай кеткен өткендегі «самозанятыйларымыз» да бұрынғының жұрнағы, алдағының бір сегменті болатын шығар.
Тек әкім-қараларға құдай ынсап берсе болғаны. Ауылды дамытудағы үміт қарапайым қара қазақ болғанымен, ірі жер иеленушілердің не өзі, не қамқоршысы осы шенеуніктер емес пе? «Заңдастырылған» феодалдық меншіктің құндылығы мен жаратушының құдіретімен «бұйырған» байлығынан кім жеп-жеңіл айырыла салсын? Құдекең сабыр беріп, халықтың жерін, ата-баба мұрасын, заң аясында, тап күресінсіз, сол тіршілікпен тікелей айналысатындарға «ешқандай революциясыз», тыныш қайтару бұйырсын. Бұл тұста да, Қ.Тоқаевтың ауыл әкімдерін сол округ тұрғындарының сайлауы арқылы анықтау құқығын қолдауы — басты маңызға ие. Ауылшаруашылық жерлерін әлемдік тиімді әдіске сәйкес пайдалануға қол жеткізуде шешуші роль осы әкімдер мен оларға халықтың сеніміне тікелей байланысты.
Елімізде халық саны өсу үстінде. Агломерация үдерісі жалғасып, ауылдықтардың «жақсы өмір» іздеп, жұмыссыздық пен баспанасыздықты көбейтіп, қалаға ойысуы (урбанизация) жалғасуда. Бұл – мемлекет басшысынан жауапкершілікті, ұтқыр да сенімді саясатты талап ететін проблема.
Өкінішке орай, жаңа экономикалық-әлеуметтік формацияға өту барысында обьективті себептермен туындаған басқа да күрделі проблемалар көп болып тұр. Оның ішінде айтылмыш ауыл шаруашылығына да байланысты. Ұлы Маркстың терең оймен өте қысқа айтқаны бар: «Адамға ең алдымен тамақ, киім, баспана, тағы біраз нәрсе керек…». Ол деген капиталистік қатынастар феодализм тұсындағы қол жеткен ауыл шаруашылығы арқылы ең алдымен тамақ өнеркәсібін, жеңіл өнеркәсіпті және негізі баспана болатын құрылысты бірінші кезекте дамыту, осылардан пайда болған еркін капиталды әрі қарай, сұранысқа байланысты салаларға бағыттау маңызды деген ой. Адамзаттың тарихи-экономикалық даму заңдылықтарының өзі осыны анық көрсетті.
Біз қандай «ерекшелікті» бастан кештік? Біріншіден, ірі жер иелену қатынастарын толығымен тәмәмдап, дағдарысқа тірелген феодализмнен емес, белгілі бір дәрежеде дамуға қол жеткізген социалистік қатынастан әрекетімізді бастадық. Маркстың әлгі айтқаны сөз жүзінде мойындалып, оның коммунизм «еркін тауар өндірушілер ассоциациясы» дегеніне де былқ етпей, «қырып-жойып, атып-асып», «социализм» деп ат қойып, айдар таққан, «социальный», қазақша айтқанда «әлеуметтік» қоғамға шалажансар келетін формациядан шықтық. Екіншіден, бодандығымызды пайдаланып, ұлы ғұлама айтқан тамақ, киім, баспанаға бірінші кезекте көңіл бөлмей, жеріміздің табиғи байлығын метрополияның активі үшін шетке айдаған елден шықтық. Егер өткен ғасырдың 80-90-шы жылдарының өларасында «марксизм-ленинизм» әлеуметтік идеялары шын мәнінде ескеріліп, ең болмағанда «еврокоммунизм» идеясындағыдай, қазіргі Швеция, Дания, Нидерландыдағыдай, жер нағыз шаруалардың күнкөріс құралы болып, тамақ, киім және баспана мәселелері даму үрдістеріне лайық болғанда, — ондай қоғамдық тәртіпке қарсы ең болмағанда бір есуас табылар ма еді!?…
Үшіншіден, керісінше, «социализмнен капитализмге» өту, Қазақстан сияқты ерекшелігі шашетектен ел үшін практикалық та, теориялық та, тәжірибе әлемде жоқ еді. Отто фон Бисмарктың «ақылды басқаның тәжірибесіне сүйенеді» деген қағидасы бізге арналмаған еді. Сондықтан, белгісіздікпен негізінен Ресейдің тыныс-тіршілігін қайталай бердік. Айырмамыз жеткілікті… Бірақ, не істеуіміз керек еді!?? Сол кезде дамуы еселене бастаған Қытай ма? Мүмкін емес. Коммунистік партияны белгілі күнәлары үшін қарғап, балағаттап, жаппай ысырып тастадық. Оның үстіне бүткіл тарихта «қазақ» пен «қытай» бірі біріне еш жағынан ұқсаған емес…
Шығыс па? Құдай сақтасын! Терлемей келетін «дәмді халал тамақ» пен «атқамінерліктен» үміттенген «арапқұлдар» қанша жерден мессиандық идеямен, снобизм рухымен, жұмақпен қызықтырып, дозақпен қорқытқанымен, қазіргі қазақ негізінен «ондай балалықты» әлдеқашан артқа тастаған. Оның үстіне олардың жұмыр жерге тарап жатқан «жаңалықтарынан» хабардар.
Сонда қалғаны Еуропа, өркениетті елдер ме? Адамзат көшінің алдына шығып кеткеніне көп болған, ғылымпаз, жаңашыл елдерге үлкен өтпелі дәуірсіз жақындау қайда! Оның үстіне ол елдер сапалы өндіріс заттарын және жоғары еңбек өнімділігін, бай айырбас тәжірибесін пайдаланып, басқаның еңбегін өз пайдасына жаратудың шебері…
Міне, сондықтан, қалыптасқан өрмекшінің торындай тіршілік ерекшеліктерінен қолайлы шығу жолын сипалап іздеп, «урамыз» да аз емес, «әттегенайымыз» да жетіп асатын жағдайда, алдасақ өзімізді өзіміз алдап, мақтансақ өзімізге өзіміз мақтанып, бүгінгі күнге де жеттік. Ең басты құндылығымыз – Тәуелсіздігіміз — қолымызда, ең басты байлығымыз атадан жеткен Жеріміз орнында, ең басты сенеріміз – Азаматтарымыз — жанымызда! Енді ХХI ғасырдың басындағы қоғамдық және ұлттық, идеологиялық және рухани бірлігі жарасқан елдер сияқты өркениет бағытын бетке алуымыз керек. Барлық негізгі мақсаттар алда. Этатизм, лаицизм, секуляризация үрдістері мен үдерістерін пассионарлық сана-сезіммен ескеруіміз керек. Іс-қимылдағы мемлекет басшымыздың үндеулері, сөздері, әсіресе осы жылдағы бастамалары соған бастайды. Саналы азаматтарымызды соған шақырады. Бізге алдағы болашағымызды баянды ету үшін әлі де Президенттік билік жүйесі қажет!
Басты түйін: соңғы Президент сайлауындағы сайлаушылардың қорытынды шешімі – халық өз мүддесін, мақсатын, болашағын жазбай ажырата алатынының айқын дәлелі. Іргетасы үлкен сеніммен құйылған, қабырғасы, қатайтатын тұстары болса да, көтерілген, ал, төбесін көңілдегідей жауып алуға мүмкіндігіміз жеткілікті. Қоғамдық үйіміздің құрылысын соңғы тарихи сын іспетті сайлауда әлемді де білетін, саясатты да көрген, басшылық тәжірибесінен де кенде емес, сенім ұялататын тұлғаға тапсырдық деп ойлаймын. Бұл таңдау иесімен қатар шаппақ түгелі, ат шаптырым артта ілесуді табиғат бұйыртпаған басқа үміткерлерді жалған эмоциямен төбемізге кездейсоқ көтермегенімізге қанағаттанайық.
— Жақсы. Екі жылдан енді аса берген, тарихи мазмұны биік болғай деп үміттенген, сайлау ізімен қазіргі Жер проблемасын біраз қозғадық. Ол арқылы қазіргі Президентімізге деген сеніміміз қатайғандай болды. Десек те, елдің даму үдерісінде маңызы қозғалған тақырыптан бір де кем емес басқа да үрдістер бар ғой…
— Әрине. Сіздің айтайын дегеніңіз жалпы экономикадағы өнеркәсіп, оған байланысты инфраструктуралар, ғылым мен білім және тағы сол сияқты бірі бірінсіз алға нәтижелі жылжу мүмкін емес мәселелер ғой! Жоғарыда жалпы дамудың негізгі ұстындары болатын этатизм, лаицизм, секурялизация үрдістерін атап кеттік емес пе? Осыларға вестернизацияның да бізге ұтымды қырларын қоссақ артықтық етпейді. «Секурялизация» — дегеніңізді, соңғы отызжылдықта Ата заңның зайырлылық талабын толыққанды орындамағандықтан, жүзеге асыру қиынның қиыны болайын де тұр.
Қанша көлемді десек те, бір сұхбаттың, не мақаланың көлемінде аталмыш проблемаларды шамаң келгенше қамтудың өзі мүмкін емес. Тек, Сіздің тіке сұрағыңызға байланысты соңғы күндердегі, Қасым-Жомарт Кемелұлының көпшілікке ұнайтын, орындалған жағдайда болашақ дамуға катализатор болатын, екі тапсырмасын есіңізге салайын. Біріншісі, азаматтарымызға меншік үлесін сатуды жолға қою. Постиндустриальды қоғамда мұндай бір жағынан антимонополистік мазмұндағы, екінші жағынан меншік иелері сегментін кеңейте түсетін прогрессивті шара. Студент кезімізде-ақ ертеде ағайларымыз айтатын, баспа өнімінен оқитынбыз, Англияда монополияға қарсы заңмен бір өндіріс орны үлесінің тек 29 пайызын иеленуге болады деп. Мейлі жеке тұлға, мейлі заңды тұлға болсын. Қалғаны – басқалардың меншігі. Біздердегідей «қабілеті мен мүмкіндігі әлем өндірісін игеруге» жететіндер амал жоқ қаржысы мен күшінің артығын басқа өндіріс орындарына салады. Біздің жағдайда бірде оңайлықпен үлестенуі де қиын. Бірде «сүйекке таласқандай» жағдай орын алуы да мүмкін. Тек өтпелі мерзімде. Бұл – рыноктық экономиканың талабы. Елде азды-көпті меншік иелері неғұрлым көп болған сайын, оның саяси-психологиялық және әлеуметтік-құқықтық әлеуеті соғұрлым тұрақты болады.
Айтылмыш көпменшікті өндіріс орны түрлі себептермен дағдарысқа ұшырап, көптеген меншік иелері жұмыссыз, табыссыз қалатын жағдайға кезіксе, онда бұл зауыт, не фабрика рыноктағы бағасымен мемлекет меншігіне алынып, жұмысын жалғастыра береді. Уақтысы келіп, жұмысы өрге домалағаннан соң, қайтадан жекеге сатылады. Жапондарда да сондай екенін талай рет оқығаным бар еді. Ал, енді осындай рыноктық тәртіпті біздің жекешелендіріп алып, жүргізе алмай, темірі мен металын бұзып тиынға сатып, кадрларынан айырылып, ешқандай не қаржылық, не құқықтық жауапкершілікке тартылмай, ойнап, күліп жүрген «капиталистеріміздің» бизнес тәртібімен салыстыра қойыңыз! Демек, Тоқаев экономикалық саясатының, шамасы келсе, қызығы да, шыжығы да алда. Екі жыл бұрын бағы жауыр аттай болса да шауып, Қосан боп кеткенде онан қазір не күтер едік? Бұл сұрақ мен үшін жауапсыз!
Екіншісі, кеше ғана мемлекет басшысы білім мен ғылым саласын кезекті рет меңдеп кеткен былық-шылықтан тазартып, еңбек ақысын көтеріп, жастарды топастандыру мен өтірікбіліктендіру үдерісіне қарсы шаралар легін тездету мен процедурасын оңтайландыруды тапсырды. Енді тек, қазақша айтқанда, әруақ-құдай қолдап, тозығы шыққан ескі уәзірлер жаңа басшының су жаңа тапсырмаларын орындауға қабілеті мен қалауы жетсе екен. Әйтпесе, бүгінгі күні орта білім жүйесі өркениетті деңгейге, биік кәсіби мақсатқа ұмтылыс пен прагматистік өмір салтына қол жеткізудің негізі, түп қазығы және жоғары орындары айтылмыш құндылықтарға жетудің басты құралы екенін ілуде бір сорлы болмаса, ұлттың бәрі біледі, бәрі түсінеді. Сонда да осы саланың мемлекеттік тетігін ұстағандар әзірге қанша әрекеттенгені көрінгенімен, талай жылдан бері қалыптасқан, нәтижесі ешкімді де қанағаттандырмайтын «статус-квоны» қозғалта алатын түрі жоқ. Мұндай ат төбеліндей ғана «бірінші басшылардың» мүддесіне сай «тәртіпті» сындыруға үлкендігі түйеден де биік қайраткерлердің, салмағы бұқадан да ауыр шенеуніктердің неліктен күштері жетпей жатыр екен!? Қоғамдық пікір не дейді? Жұрттың айтатыны «коррупция», «жемқорлық», «тамыр-таныстық», тағы да жаппай жауапсыздық. Мүмкін мен асырыңқырап жіберген шығармын? Ұзын құлақта, әлеуметтік желілерде қарсы күрестің небір түрлерін де көріп қоямыз. Енді ел Президенті оқу министріне келеңсіздіктерге қарсы күресте заңдарға қажетті өзгерістерді созбай ұсынуға мүмкіндік берген соң, жағдай ашық түрде түзеле бастар деп сенейік!
Тереңдеу талдауды шама жетіп, аманшылық болса, келесі мақалалар мен сұхбаттарда қозғай берерміз…!
— Үлкен рахмет. Келесі кездескенше күн жақсы!
Сұхбатты жүргізген
Құралай АХМЕТОВА