ТҰҢҒЫШҚА ТИІСПЕУ… ЕЛБАСЫ ОТБАСЫНА ҚАТЫСТЫ ТҰСЫ ӨЗГЕРСІН!

Билік Саясат
428 Views

«Осыдан 22 жыл бұрын – 2000 жылы 23 шілдеде «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті –Елбасы туралы» конституциялық заң қабылданған болатын. Бүгінде жұрт арасындаосы заңды өзгерту керек деп пікір айтушылар бар. Тіпті бұрынғы президентНұрсұлтан Назарбаевты осы заңмен қорғалатын «тиіспеушілік мәртебесінен» айырутуралы петиция да жазылған. 19 қаңтардағы мәлімет бойынша, оған қол қойғандар 2мыңға жуықтапты.

Аталған заң Елбасы Н. Назарбаевқа қандай мүмкіндіктер береді? Жалпы, онда не жазылған, алдымен осыны түсіндіріп өтейік.

Бұл конституциялық заң бойынша, Елбасы Қазақстан президенті болған кезде және Қазақстанның Тұңғыш президенті мәртебесін алғаннан кейін де жасаған әрекеттері үшін жауапқа тартылмайды. Заңда: «Оны ұстауға, қамаққа алуға, тінтуге, одан жауап алуға не жеке басын жете тексеруге, күзетпен ұстауға болмайды», – делінген. Сонымен қатар, Елбасы мен онымен бірге тұратын отбасы мүшелеріне тиесілі барлық жеке мүлікке, атап айтқанда, тұрғын және қызметтік үй-жайлар, қызметтік көлік, байланыс құралдары, хаттар, құжаттарға тиісуге және шектеу қоюға болмайды. Тиіспеушілік Қазақстан Тұңғыш президентінің – Елбасының қорына және ол құрған өзге де заңды тұлғаларға тиесілі мүлікке де қолданылады. Н. Назарбаев пен онымен бірге тұратын отбасы мүшелеріне тиесілі банк шоттарының құпиялығына және оған қол сұқпау мәселесі де конституциялық заңмен кепілдік берілген.

Сондай-ақ Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентін – Елбасын күзету мемлекеттік күзет қызметінің тиісті бөлімшесіне жүктелген. Тұрақты немесе уақытша болатын жерлерінде өмір бойы мемлекеттік күзетпен қамтамасыз етіледі. Оның отбасы мүшелеріне де дәл осылай мемлекеттік күзет беріледі.

Осы заңмен Н. Назарбаевқа өмір бойы президенттік, үкіметтік байланыспен және жергілікті атқару органдарында, мемлекеттік органдар мен ұйымдарда бар басқа да байланыс түрлерін тегін пайдалануға құқық берілген. Ол байланыс қызметтерін кезектен тыс ала алады. Өз өкілеттігін орындауды тоқтатса да, пошта және телеграф жөнелтімдері үкімет дәрежесінде жіберіледі.

Конституциялық заңның 11-бабы бойынша, өкілеттігін тоқтатқаннан кейін де Н. Назарбаев ай сайын Қазақстан Республикасы президентінің лауазымдық жалақысының 80 проценті мөлшерінде зейнетақы алып тұрады. Қазақстан президентінің жалақысы өскен сайын оның да зейнетақысы соған сай көтеріліп отырады. Ал Назарбаев қайтыс болған жағдайда отбасының әрбір мүшесіне өмір бойы ең төменгі зейнетақының 10 еселенген мөлшеріне тең сомада ай сайынғы жәрдемақы төленеді. Тұңғыш президент пен онымен бірге тұратын отбасы мүшелерінде өмір бойы тегін медициналық қызмет алу мен санаторий-курорттық емделу құқығы бар.

Аталған конституциялық заңның 7-бабы бойынша, Нұрсұлтан Назарбаевтың меншігіне қызметтік пәтер мен мемлекеттік саяжай беріледі. Елбасыныңүй-жайларын күзету, жеке кітапханасы мен жеке мұрағатын сақтау, қорын толықтырумен ұстау, басқа да толып жатқан шығындар республикалық бюджет қаражатыесебінен жүзеге асырылады. Осылай, конституциялық заң бойынша, Н. Назарбаев пеноның отбасына тұрғын үй, медициналық, санаторий-курорттық, көліктік және өзгеде қызмет көрсетуді уәкілетті мемлекеттік органдар қамтамасыз етеді.

Міне, петицияға қол қоюшылар осы заңға өзгеріс керек деген пікірде, яғни кезінде ел билігін 30 жылға жуық басқарған бұрынғы Президент пен оның отбасына мұнша артықшылық беру дұрыс емес деп санайды. Қалай дегенмен, Н.Назарбаев ел тарихында Тұңғыш Президент ретінде қалатыны сөзсіз. Оның Елбасы статусы да сақталады, қош делік, бірақ «Тұңғыш Президент» туралы Заңда көрсетілген оның отбасы мүшелерін де жәрдемақы, күзет, көлікпен қамтамасыз ету, ұдайы мемлекеттің қамқорында болу деген тұсын мүлде алып тастау керек деп санаймыз. Мемлекет қамқорлығынсыз күн көре алмайтындай, олар елдегі халықтың басым көпшілігі сияқты кедейшілік деңгейінде тұрған жоқ, керісінше ірі бизнестері мен алпауыт компанияларды құлағын ұстап отырған алып қожайындар екені белгілі.

«Еркін демократиялық қоғам құрғысы келетін Қазақстанда мұндай артықшылықтарға жол беруге болмайды деп санаймыз. Бұған қоса, Назарбаев отбасы мен туыстарының табыс көзі күмәнді. Мұның барлығы заңды және объективті зерттелуі тиіс, алайда бұл жоғарыда аталған заңға қайшы. Аталған заңның күшін жоюды талап етеміз» делінген петицияда.

Әйтсе де халық үні халық қалаулыларының құлағына жете ме? Кезінде өздері мақұлдаған заңды өздері жоққа шығарып, жоя ала ма, ол жағы әзірге белгісіз. Күмәнді деуге де болады. Себебі Н. Назарбаевтың биліктегі ықпалы әлсірегенмен, Қазақстан үкіметі мен Парламент құрамы сол баяғы «біріншінің бар айтқанына бас шұлғи беретін» қалыпта емес пе?

…Бет қатталып жатқанда «Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті – Елбасы туралы» конституциялық заңға өзгеріс енгізіледі деген хабар тарады. Бірақ ол біз – халық күткен өзгеріс емес, басқа: тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқы ассамблеясы мен Қауіпсіздік кеңесіне өмір бойына төрағалық ету нормасы жойылады. Яғни осы жылдан бастап Қауіпсіздік кеңесін Президент Қ. Тоқаев басқарады. Ал Елбасыға берілген мәңгі бақи мемлекет есебінен қамтамасыз етіліп, оған қоса қаржыландырылып отыратын артықшылықтар жайлы халық қалаулылары ауыз ашқан жоқ.

Мысал келтіре кетейік: АҚШ-тың бұрынғы президенті Джордж Буштың ай сайынғы зейнетақысы 15 942 долларды құрайды. Оған қосымша 30 500 доллар көлемінде жәрдемақысы бар.

Кеңес Одағының президенті болған Михаил Горбачевтің зейнетақысы айына шамамен 13 866 доллар. Ал Ресей президентіне келер болсақ, зейнеткерлікке шыққаннан кейін оның президенті қызметтегі жалақысының төрттен үш бөлігін алады.

Украинаның бұрынғы президенті Леонид Кучма үкіметтен қызметшілері, жеке аспазшысы және күзетшілері бар лайықты саяжай алды. Соныменбірге, зейнеткерлікке шыққан президенттің зейнетақысының мөлшері өте қарапайым:айына 1376 доллар.

Қысқасы, қай елмен салыстырсаңыз да Қазақстанның бұрынғы ел басшысына берілген мүмкіндік басқа елдермен салыстырғанда… озық 30 емес, қарыштап дамыған 3 елдің ең біріншісінікі сияқты…

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *